Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 3927 0 пікір 13 Қаңтар, 2017 сағат 11:56

АҚТӨБЕДЕГІ АТЫС. РАҚЫМШЫЛЫҚҚА КІМДЕР ІЛІКТІ?

Ақтөбеде тағы да атыс болды. Қаңтардың 12-сі күні түнде полиция қызметкерлеріне белгісіз біреу  оқ жаудырған,- деп хабарлайды «nur.kz» порталы.

Оқиға Ақтөбе қаласының Богословка ауылына апаратын үлкен жолда болған. Полиция қызметкерлері күдікті мінген көлікті тоқтату кезінде қарсылық көрсетіп, оқ жаудырыпты. Атыс кезінде көлік ішіндегі бір адам көз жұмған. Әзірге нақты қанша адамның ұсталғандығы туралы ресми ақпарат тараған жоқ Дегенмен, ұсталған азаматтардың дәстүрлі емес діни ағым өкілдері екендігі туралы сыбыс тарады.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше ғана Ақтөбедегі содырлардың сойқаны кезінде сыбайластық танытқан азаматтарға рақымшылық жасалатыны хабарланған еді. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досованың мәлімдеуінше, жаздағы лаңкестік оқиға кезінде құрықталған 9 содыр мен олардың 19 сыбайласы сот үкімімен келіспеген. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Мемлекет басшысының бұйрығымен рақымшылық жасау туралы шешімге сүйенген содырлардың сыбайластарына рақымшылық жасалатын көрінеді.

Илиада ханымның айтуынша, олар түрмеден толық босатылмағанымен, жаза мерзімі едәуір қысқартылған. Әйтсе де, сот алқасы бір апта бойы елді дүрліктіргендерді кешірген жоқ. Яғни сол кезде тірі қалған содырлардың 7-і өмір бойы түрмеде отырады. Қалған екеуі 20 және 22 жылды арқалаған болатын. Олардың жазасы да өзгеріссіз қалды. Ал қылмысты хабарламағаны үшін 4-5 жылдан жаза арқалаған 19 сотталушы рақымшылыққа ілінген.

Ой түрткі: Сонда ел ішін дүрліктерген лаңкестерге болысқандар да (көре тұра тиісті органдарға хабарламағандар мен содырлардың жалдап тұруына пәтерін бергендер туралы айтып отырмыз) рақымшылыққа ілікпек пе? Елбасы рақымшылық жасау туралы шешім шығарғанда, терроризммен байланысты ешбір қылмыскерге рақымшылық жасалмайды деген еді.

Ал күні бүгін күллі Қазақстанды дүрбелеңге түсірген міндетті уақытша тіркеу туралы заң да дәл осы жат ағымдағылардың жолын кесу үшін қабылданбады ма? Дәлірек айтсақ, Ішкі істер министрлігі ерсі заңды елге осылай деп түсіндірген еді. Парадокс.

Abai.kz

0 пікір