Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Мәйекті 5060 0 пікір 17 Қаңтар, 2017 сағат 11:26

ДОМАЛАП КЕЛЕМІН...

Азып-тозып кеттім, тура «Қаңбақ шал» ертегісінідегі  қаңбақ шал болдым.  Шал дегенде, шалқамнан түсіп жатқан тым кәрі де емеспін, жетпістен  жын қуғандай жүгіріп келе жатқандаймын. Аузым кермек, жүгіріп келе жатып, түкіріп келе жатқандаймын, түкіріп келе жатып, түнеріп келе жатқандаймын... Шенеунік деген атым бар, мейлі, мені тоқтатып алып атыңдар, үйден шыға бергенімде, ұйытқыған сондай суық, сондай ызғарлы жел тұрды да, мені қаңбақтай қалбалақтатып, домалата жөнелгені!

Жел тек арқа тұсымнан ғана тұрғандай, шыны керек, Құдай мені  дәл тұмсық­тан ұрғандай, домалап–домалап барып, сарт ете қалдым!  Көзімді ашсам, бағанаға басымды ұрыппын,  содан тәлтіректеп тұрыппын. Қарамағымда қыз­мет ететін бір жас жігіт бар еді, «Ассалаумағалейкум, аға! Тәуелсіздік мерекесімен ме...» дей бергенде, сондай ызғарлы, сондай суық жел алдымнан тұрды да, ебелектей елпеңдетіп, ұшырып әкеткені! Содан жалмауызға да жан керек, қарын ашқанда нан керек дегендей, аялдамада бутерброд жеп тұрған әйелді құшақтай алдым! Ұшып кетпейін деп. Ол болса, қорыққанынан жеп тұрғанын аузыма тыға салды да, тұра қашты, меніңше алты қырдан асты... Шашым жалбырап, денем қалтырап,  жеп жеңіл салмағымды да сезінбестен, тағы да ұша жөнелдім. Тіпті, бір көліктің астына түсе жаздадым.  Бағдаршамды қанша тырысып құшақтасам да, тек маған ғана тұрған сондай ызғарлы, сондай суық жел темірге ілінген шүберектей жалбыратып, аяғым аспанға көтерілді. МАЙ инспекторы келіп:

– Азамат, бағдаршамды  неге құшақтап  тұрсыз? – деп сұрады.

– Білмеймін.

– Ішіп алғаннан саумысыз?

– Сәлеметсің бе, інішек? – деп қолымда ұсына бергенмін, тағы дадомалап, ұша жөнелдім. Анаған да соғылдым, мынаған да соғылдым. Бір дүкендерге кіріп кетейін десем, екі қолымды алға созып, барынша ышқынғаныммен, сондай ызғарлы, сондай суық жел алдымнан жібермейді. Сөйтіп тұрғанда, бір елуді еңсерген кісі келіп:

– Не сұрап тұрсыз? –деп сұрады.

– Ештеңе.

– Екі қолыңызды алға созып, ышқынасыз келіп, ышқынасыз келіп...

 – Білмеймін...

Ол мені тани кетті.

– Ой, сіз Отанбай Сатқанбайұлы емессіз бе? 1986 жылы желтоқсаншыларды желпіне қудалаған? Өрімдей жас қыздарды аязды күндері айдалаға апарып, аттырған? Мені соттатқан? Тфу, бетің құрысын! Қалай ғана жер басып жүрсің? Қалай ғана әлі күнге дейін  шенеунік болып жүрсің? – деді де, бетіме түкірді. Оның түкірігі бір түйір мұз болып қатып, алдыма тық етіп түсті... Артынша қаңбақтай қаңғалақтап, ұша жөнелдім, ұшарымды жел, қонарымды сай білгендей... Таныстарым мен сәл аялдағанда, жан-жағымнан қоршап, аяқтарын ақырын басып,  енді ұстай бергенде... Құдайым–ай, жел тұра кетіп, ұшыра жөнеледі! Қайда барарымды, қайда қаларымды, кім білсін?  Әлі домалап жүрмін! Көмектесіңдерші, кешіріңдерші, о, жас ұрпақ!

Мұхтар Шерім

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2196
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2515
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1682