Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алашорда 12996 0 пікір 20 Қаңтар, 2017 сағат 13:30

ОСПАН БАТЫР ТОҚА МОЛҚЫ БОЛАДЫ

Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы болған даңқты батыр Оспан Сіләмұлының шежірелік шығу тегіне қатысты "Орталық Қазақстан" газетінде (мақаланы жолдаушы солай деп көрсеткен) "Оспан батыр тоқа молқы болған" деген тақырыппен мақала жарық көріпті. Осы жария материалды редакцияға жолдапты. Біз сөз-сөйлемін өзгертпей оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бұл мақалақа қарсы әуж айтылған материалды қосымша жариялайтынымызды ескертеміз!

Abai.kz


Қазақ баласының тәуелсіздігі үшін ғазиз жанын шүберекке түйіп, бір өзі үш мемлекеттің әскеріне қарсы тұрған Оспан Сіләмұлының есімі қазақ баласы үшін қастерлі болса керек. Кешегі Кенесарыдан кейін қазақ баласының тәуелсіздігі үшін Оспандай жан алысып, жан беріскен  ханы да, қарашасы  да болмаған. Сүйек қаралығына қарамастан ондай ерлерін бабаларымыз «қарадан туып хан болған» деп аспандатады. Міне, Оспан бабамыз сондай хан, сондай тұлға.  Оны да кәдімгідей ақ киізге отырғызып үш мемлекеттің қазағы (Қытай, СССР (Қазақстан), Моңғолия) хан деп жариялаған.

Бүгінде қазақ баспасөзінде Оспан батыр жөнінде де жабық деп келген материалдар жариялана бастады. Батырдың рухына тәу етушілер көбейе түсуде. Оны ұлт батыры деп санайтын көтермелеушілер қарасы қоюланып отыр.

Осыған дейін Оспан батырдың сүйегі Керей деп келінді. Бүгінде оған күмәндәнушілер баршылық. Солардың қатарында өзіміз де бармыз.

1992 жылы елімізге Моңғолиядан қандастарымыз көшіп келе бастады. Тіпті, оларды атажұртына көшірісуге қазақстандықтар түгел атсалысты десек те болады. Сондай қазақтардың бірі – Иманқұл Жакин. Сол кезде ол Жезқазған облысының Ақадыр ауданына қарасты Ақшатау кен-байыту комбинатында жүргізуші болып істейтін. Қоныс аударушыларың алғашқы легі аталмыш комбинаттың Ақжал кенішіне орналастырылған. Соларды аман-есен жеткізген осы – Иманқұл бауырымыз. Ол екеуіміз бір мектепте оқығанбыз, сыныптаспыз. Сол жеткізді, қоныс аударушылар ішінде Шериаздан деген ақын бар екен, сондай-ақ атақты Оспан батырдың жақын қарындасы бар екен деген әңгімені.

Мұндайда бәріміздің де жабыла жүгіретініміз бар ғой.

Мен ол тұста аудандық «Ақадыр таңы» газетінің редакторы болатынмын. Екі өкпемізді ұстап біз де жеткенбіз. Алайда, алғаш рет болған соң ба, Оспан батыр жөнінде әңгіме қозғай қоймадық.

Кейінде Шериаздан ақынмен араластық. Оның шығармаларына газетімізден орын бердік. Келер жылы ол кісінің үйіне, ақындар Свет Оразаев, Айтақын Жексенбайұлы бар, барып құтты болсын айтыстық. Білгеніміз айтып отырған апамыз батырдың жанама қарындасы екен. Содан да дабыра қыла қоймадық.

Оның үстіне осы тәріздес біраз оқиғаларды қозғағанымызбен онымыз абырой әпере қоймағаны бар. Мәселен, күн көсем Ленинді ататын эсер Каплан өзіміздің Ортауда отырған екен. Оны жазуы жазғанымызбен соңынан өзімізді сүйреледі. Разлив күркесінде Лениннің алдында отыратын бала Мондо Тайвисто екен. Ол сол тұста Ақшатау комбинатында істеп, зейнеткерлікке шықты. Оның өмірбаянындағы осы бір түйткіл тұсты жазамыз деп тағы да тиісті орындардан таяқ жеп қалдық.

Осыменен Оспан батыр жөніндегі әңгімемізді ұмытқандай болып жүргенде сол кездегі Ақадыр кентінің әкімі Жұмағали Мағзиев хабарлассын. «Ой-бай, Төке, Ақадырға жетіңіз. Оспан батырдың келіні осында тұрады екен» деп. Бұл 2009 жыл.

 

Ақадыр кентінің бұрынғы әкімі Жұмағали Мағзиевтің (суретте) әңгімесі

Жұмағали Диарұлы бүгінде Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Осындағы бір колледждің директоры. Кезінде  Шет ауданында біраз лауазымды қызметтерде болған. Ендігі әңгімені Жұмекеңнің өзіне берейік.

– Ақадырда әкім болып жүріп жатқан кезім.

Жұмыс бөлмемде отыр едім, қабылдау бөлмемнен шу шықсын. Бұл не болды екен деп ойланғанымша болған жоқ, есігімді таяқпен ашып, жасы келіп қалған кейуана кіріп келе жатты. Кеудесінің көтеріңкілігі, адуындылығы бірден бетке ұрады. Сүйегі асыл екен деп ішімнен ойлап қоям. Орнымнан тұрып амандасқан мені орныма қайта отырғызды. Жүріп сөйлескен әңгімеде ақыл болмайды деп.

– Әй, балам! Сені Арғын Тоқа деп естимін. Осы рас па? – деді.

Мен баяғы рас деп, басымды изеп жатырмын.

– Шынымен Тоқамысың? – деп тағы сұрасын.

Мен тағы да басымды изеп жатырмын.

– Олай болса жап есігіңді, оңашалап сөйлесетін әңгімем бар, – деді.

Мен есікті жауып, орныма отырмақшы болып қасынан оза бергем.

– Тоқта! – деді апай, – енді дұрыстап амандасайық, мен – Тоқамын, апаң боламын, – десін.

Ішімнен ойлап қоям, Моңғолияда жүрген бұл не қылған Тоқа деп. Сөйтсем, таза Тоқа екен, шыққан жері де – Тоқа, барған жері де – Тоқа болып шықты.

Тоқсанның үстіне шығып, шау тартқанымен сөйлеген сөзі таза, екпіндеп сөйлеп отырды. Құлақ пен көз кетті дегенімен, жады тастай мықты екен. Біз сияқты анау кім еді, мынау кім еді деп маңымады. Өзінің шежіресін де еш мүдірмей таратып отырды.

Өзінің айтысы бойынша он-он екі жасында елден ығысуға мәжбүр болыпты. Бұл Кеңес Одағында күштеп ұжымдасу кезі. Содан 1992 жылы елге бір-ақ оралған.

Содан шегелеп айтқаны мынау болды.

– Аруағы разы болсын, Оспан батырдың  кім екенін айтатын уақыт жетті, оның ішінде Тоқа екенін, оның ішінде Молқы екенін кейінгі балалар білулері керек. Ел-жұрт ол кісіні Керей деп біледі. Шынында ол кісі – Тоқа! Саған айтар аманатым – осы.

Шынын айтсам мұндай әңгімені күтпеп едім. Өзім қатаралас баласы Құрметбекті күнде болмаса да көріп тұрамын. Жұмысының жүруіне көмектескен уақыттарым болды.

Одан кейінгі әңгіме белгілі. Іле Оспан батырдың Тоқа, оның ішінде Молқы екендігі жөнінде БАҚ беттерінде мақалалар шығып жатты.

 

Белгілі қаламгер Серғазы Әбдібековтың (суретте) әңгімесі

Серғазы бауырымыздың есімі Арқа жұртшылығына жақсы таныс. Ол кезінде Шет аудандық «Шет шұғыласында» редактор болып істеген.Өлке тарихына жетік те қаламгер. Содан да болар осында «Толағай» атты басылымды негіздеп, басшылық жасады. Бүгінде Шымкент қаласында тұрып жатыр.

– “Оспан батырдың келіні Ақадырда тұрады екен” деген сөз шығысымен іздеп бардық. Кәлимаш шешей Құрметбек деген баласының қолында екен. Келген шаруамызды айтқан соң оңалып отырған шешей: “Тоқсанның үшеуіне аяқ бастым. Құлағым мен көзімнен басқа әзірге кінәрат жоқ. Алланың мұнысына да шүкір” деп қойды. Тоқсаннан асса да сөзі ширақ. Сыры кетсе де сыны кетпеген, кешегі ата жұрттан ауа көшкенде Можан байдың қасындағы атасына сұрақ қойған немересі осы Кәлимаш шешеміз. Әңгімесін әріден бастады. “Ұлы әкем Можан әжептәуір мал біткен ауқатты адам еді. Жарықтық, 104 жасқа келіп қайтты. Менің әкем Қуанғаннан 7-8 бала болдық. Қазір көзі тірісі 3-4-еу-ақ. Екі сіңілім мен бір інім бар. Інімнің аты Жолбарыс. Туған жерді әкелеріміз тастай қашқанда мен 10-11-лердегі ойын баласы едім. “Басқа түссе - баспақшыл” демекші, басқа түскеннен кейін ауа көштік қой. Біз нені біліппіз. Қытайға барып паналадық. Не көрсек те елмен бірге көрдік қой. Шешемнің сүйегі Тоқа, оның ішінде Молқы еді. Мен бой жетіп, әркім-әркім сөз сала бастағанда шешем өзінің аталасы Зарқын деген кісінің Әбілқасым деген баласына беруді жөн санады. Бұлар да Тоқаның Молқысы болады. Сөйтіп, нағашы жұртыма келін болып түстім. Ауылдан келімді-кетімді кісі арылмайтын. Бір күні енем Күлән “Бүгін тентек қайным келеді” деп ерте тұрып қазан көтертті. Бұл кісінің “тентегі” кім болды екен деп мен де елеңдедім. Сәскеге қарай ауылға бір топ атты келіп түсті. Баяғының батырлары сияқты қару асынған топтың алдында орта бойлы, дембелше келген, дөңгелек сақал-мұртты адамға ерекше құрмет көрсетіліп жатты. Киіз үйдің жабығынан сығалап тұрған мені қонақтар үлкен үйге жайғасқан соң енем шақырды. Үлкен кісілер отырған үйге кіріп, сәлем жасадым. Төрде отырған манағы сақалды адам енеме қарап: “Жеңеше, келініңнің көрімдігі мойнымда” деп орнынан тұрып келіп маңдайымнан сүйіп: “Бақытты бол, айналайын” - деді. Енем: “Иә, тентегім, келінім осы” деп жатты. Ел аңыздай ғып айтатын Оспан батыр осы екен. Бұл менің Оспан батырды алғаш көруім еді. Одан кейін ауылға келіп жүргенде сан рет көрдік қой. Көзі өткір кісі болатын. Жүре келе білсем, батыр менің атам Зарқынмен немерелес екен. Дәкілден Сіләм, Қали туады. Сіләмнен Оспан, Қалидан Зарқын туады екен. Менің шалым Әбілқасым Зарқынның баласы. Сонда Оспан батыр маған бір жағы ата, бір жағы нағашы болып келеді. Енем Күлән Оспан қайнысын қатты сыйлаушы еді. Оспанның үлкен баласы Шердиманды да ауылға келіп жүргенде көрдім. Кейінде бізді Моңғолияның жеріне бастап барып, Шегіртай өзенінің бойына қоныстандырған да осы Оспан батыр ғой.
Шегіртай деген өзен бастауын Алтай тауларынан алатын үлкен өзен екен. Екі елдің, Қытай мен Моңғолияның арасын бөліп жатқан осы өзеннің бойын атажұртқа қайтқанша мекен еттік. Оспан батыр қол жинап, тауға бекінген кезде Қали атамның 6 ауылы, ішінде біз де бармыз, осы Шегіртайдың бойында қалатынбыз. Оспан батыр бала-шағаға кесірі тимесін деп солай істеді-ау деймін. Өзім 6-7 құрсақ көтердім, бәрі сол Шегіртайдың бойында өсіп, жетілді. Ұлдың үлкені қайтыс болған, мына Құрметбегімнің тілеуін тілеп отырмын. Қыздарым бар, келіп тұрады - деп әңгімесін аяқтаған Кәлимаш шешей сөз соңында: - Немерелерімнің алды тұрмыста, мына күшік солардікі - деп 2-3 жастағы жиен-шөбересін айналып-толғанып жатып, - Біреуі ойутын, - деп қалды. Бұрын естімеген бөтен сөзге елеңдей қалғанымызды аңғарған үй иесі Құрметбек:
– Апам өзін әлі Моңғолияда екенмін деп қалады кейде. “Ойутын” моңғолша студент деген сөз. Ұлым жоғарғы оқу орнында оқиды, студент, соны айтқаны ғой, – деп түсіндіріп жатыр. Құрметбек 1956 жылы туыпты. “Әкем Әбілқасым Ақыт қажының оқуын тауысыпты. Моңғолияда тұрғанымызда май зауытын басқарды. Өзіміз ата жұртқа 1992 жылы келдік. Елге қайтар кезден бірер жыл бұрын ауылға Халифа Алтай ағамыз келіп, мектеп ашқан. Қыздарым сол мектептен де шамалы уақыт білім алды” дейді Құрметбек. Өзі жол бойында жұмыс істейді екен. Дөңгеленген шаруасы бар.
Оспан батырдың көзін көрген Кәлимаш шешей жасаураған көзін жаулығының ұшымен сүртіп қойып бізге батасын берді. Біз де тоқсаннан асқан кейуанамен қимай қоштастық.

 

Оспан батырдың шөбересі Құрметбектің (суретте) әңгімесі

 Мен Моңғолияның Баян өлгейінде Шегіртай бригадасында 1956 жылы 22 қыркүйегінде дүниеге келіппін. Ол жақтағы бригада ұғымы осындағы бөлімшеге келеді. Бұрын застава болған. Қытаймен шекаралас.

Бұл жерге қоныс аударуымыз – 1942 жыл. Қали атамыз алты баласымен келіп қоныстанады. Оған дейін Үрімшіде тұрыппыз.

Ол жерде молқылар тұрды. Оның ішінде – Қошағы. Бұлар Керейдің молқылары. Молқылар өз ішінде төртке бөлінеді – Қошақ  Молқы, Құл Молқы, Қайып Молқы, Айтуған Молқы деп.

Менің нағашы әжемнің сүйегі – Тоқа болады. Ол кісі  қызы Кәлимашты (біздің анамыз) бойжеткен соң өзінің аталасы Зарқынның баласы Әбілқасымға (біздің әкеміз) қосады.

Осы жерде шежіремізді келтіре кетсек артық болмас. Тоқа Молқыдан – Есқұл, Байжігіт, Көкбөрі, Әуезқұл туады. Осы Әуезқұлдан  төртеу тарайды – Айтуған, Жантуған, Бөлтек, Таймас. Айтуғаннан – Дәкіл, Қали, Сіләм туады. Қалиден менің атам – Зарқын, Сіләмнан – Оспан тарайды. Зарқыннан менің әкем – Әбілқасым туады. Ал Оспаннан жеті ұл, жеті қыз тарайды. Зарқыннан менің атам Қалидан басқа тағы бес ұл туады – Қожақан, Әлхан, Темірхан, Қайсар, Смағұл. Қалиден Әбілқасым және екі қыз туады. Әкемнің қарындастары жастай шетінеген екен. Әбілқасымнан менен басқа Құмарбек деген ұл болған. Ол ағам қырық жасында бақилыққа өтті.

Қытайда тұрғандарында Зарқын мен Қожахан аталарымыз әлді тұрып, қысық көздерге есе бермей жүреді. Алайда аңдыған алмай қоймайды ғой. Сондағы дүнгендер қапысын тауып, екеуінің де көзін құртады. Осы өлім себеп болып, қоныс аударады.

Анам Кәлимаш 96 жасында 2011 жылы дүниеден озды.

Оспан атамыздың ұрпағы, жақын тумалары көрместі көрді, адам төзгісіз жапа шекті. Біз де қуғын-сүргінде жүрдік. Біз Оспанның ұрпағымыз, қанымыз деп айта алмадық. Өйткені бұл өмірімізге қауіпті еді.

Сонымен біз Тоқа боламыз, оның ішінде Молқымыз. Біз Керейдің емес, Арғынның Молқысымыз.

 

«Тоқа Молқы» қорының президенті Сапар Асқарұлының әңгімесі

 Сапар Асқарұлы жас та бас болып жүрегн інілеріміздің бірі. Ол бүгінде әкелерінің ізін жалғастырып, жер бетіне тарап кеткен Молқы атасының басын қоссам деп арамандайды.Сол жолда біраз шаруаны тындыырп та үлгерді. Ендігі әңгімені Сапардың өзіне берейік.

– Бүгінгі күні біліп отырғанымыздай Қытайда да, СССР-да да,  Моңғолияда да орасан зор зардапқа ұшыраған аталардың бірі біздің Молқы атамыз екен. Аз санды ата екенімізді жастайымыздан сезініп өстік. Өз әкем – Асқар Дүйсенбаев, Айтуған Салықов, Файзрахман көкелерім қашанда уһілеп отыратын. Сөйтсек сол аз санның өзін де басын қоса алмай шаршап отырады екен ғой. Өйткені біздің атамыз жер бетінде тарыдай шашырап орналасқан. Басты себебі сол баяғы – қудалау, ату, асу.

Сол әкелеріміз 1992 жылы осы Жаңаарқада басын қоса алды. Жастығымызға байланысты алқалы жиынның ішінде бола алмасақ та онда қандай әңгіменің қозғалғанын  ішіміз сезеді. Оның мысалын алыстан іздеп керегі жоқ. Мен білетін әкем осы Молқы атасының жоқшысы болды. Бір жерде бір Молқы баласы бар десе жер шалғайлығына қарамастан іздеп барып, тауып келетін. Тауып қана қоймай «үйіріне әкеп қосатын».

Сол тұста молқылардың шаңырақ саны отыздан аспапты. Қазірде өзіміздің өскеніміз бар, табылып қосылған молқымыз бар – екі жүз шаңырақтан асып отырмыз.

Аға ұрпақтарымыз өмірден өтті. Үңірейіп орындары қалды. Алайда жоқшылардың Рамазан, Наурызбай ағаларымыз сынды жаңа тұлғалары өсіп шықты. Солардың қатарында мен де тұрдым.

Басымызды қостық. Ең алдымен ата-бабаларымыздың атаусыз жатқан қорымдарын тауып, аяқ астынан жоғары қоршап, бастарына белгітастар орнаттық. Ең соңында Нарбақ өзенінің бойындағы ата-бабаларымыздың ұлы қорымына айтулы белгітас қойдық. Бабаларымызға арнап Қатым Құран түсіріп, аудан орталығында ас бердік.

Ақмола облысында, Балқаш қаласында тұрып жатқан туыстарымыз табылып, қатарымызды толтырды. Бір-бірімізбен жақын танысуымызға мүмкіндік алдық. Үлкендеріміз іште жатқан шерлерін тарқатысты.

Осы жиында бір бүйірімізде жүрген Оспан батыр жөніндегі түйткілімізді ортаға салдық. Ол бабамызды да үйіріне қосуға бәтуаластық. Батыр бабамызға бағыштап Қатым Құран түсірдік.

Жалпы, Оспан батырдың тегі Тоқа Молқы екендігі жөніндегі материалдар БАҚ беттерінде 2009 жылдан бері жарияланып келеді. Ғаламторға да шығып кетті. Алайда бірде бір адам  батыр бабамызды Тоқа Молқы емес деп айтқан жоқ...

Сөз жоқ, Оспан батыр қазақ баласына ортақ тұлға. Қазақ тарихында батыр бабамыз Керей елінің батыры деп мойындалып та қойды. Бұл да бір тарихи сананың кілтипаны. Дегенмен, тарихи шындықтан аттап өтуге де болмайды. Олай болса Арғын Тоқа Молқы ұрпақтарының бұл ізденісіне «Алла жарылқасын» дейміз. 

Төрехан МАЙБАС,  жазушы.

Қарағанды

Abai.kz

0 пікір