Сенбі, 27 Сәуір 2024
Мәйекті 8489 0 пікір 20 Қаңтар, 2017 сағат 14:01

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДЕ 159 "КҮНКӨСЕМ" ҚАСҚАЙЫП ТҰР

Әруағы адасқан, тәнін жер қабылдамаған Владимир Ильич Лениннің ескерткіштері қазақ даласында күні бүгінге дейін самсап тұр. Дәлірек айтсақ, большевик көсемінің бақандай 159 ескерткіші бар, бізде.  Бұны «Tengrinews.kz» есептеп шығыпты.

Ленин атаны ұлықтауда Ақмола облысы алда тұр. Кулагин басқаратын өңірде Лениннің 49 ескертші анықталған. Ал Кереку өңірінде 44, Солтүстік Қазақстан облысында 24 тас тұғыр бар.

Бұл мақтаныш па, әлде отаршылдық санадан арыла алмаушылық па? Қазақстанның Егемендік алғанына биыл ширек ғасырдан асар уақыт толды. Өткен жылы тәуелсіздіктің 25 жылдығын бөркімізді аспанға атып атап өткіздік. 25 жылдыққа 25 мың адамға сөлкебай тағып, Тәуелсіздікті ұлықтадық. Хош. Сөйте тұра кешегі көсем, бүгінгі экспонат Владимир Лениннің ескерткіштері Тәуелсіз елдің қалаларында менмұндалап тұрғаны нені білдіреді.

Біз мәселенің ақ-қарасын білмек болып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне хабарластық.

«БАҚ-та жарияланған Владимир Лениннің ескерткіштері туралы мәліметке қатысты алдағы уақытта ресми жауап беретін боамыз», - деді министрліктегілер.

Ол ол ма, жақында белгілі болғандай Қазақстанда бүгінде Лениннің атыман аталатын 352 көше бар екен. Бұл анығында, геронтократиялық жүйеге негізделген биліктің ширек ғасырлық жұмысының жемісі. Немесе халық санасы азат болғанымен, билік ескі қоғам формациясынан әлі күнге арыла алмай келеді деген сөз.

Салыстырмалы түрде айта кетейік, былтыр Украина Радасы кеңестік кесір қоғаммен байланыстыратын барлық атауларға тыйым салды.  Украинаның ірі қалаларынан бастап, шалғайдағы ауылдарға дейін сәбеттік жүйемен байланысты барлық атаудың көзін жоюға, тіпті коммунистік партияның атауын да өзгертуге шешім қабылдады. Бұл декоммунизация деп аталды.  Нәтижесінде 300-ге жуық елді-мекен, 7 қала, 9 аудан атаулары өзгертілді. Қазір коммунистік сипаттағы 6100 көше атаулары өзгертілуде.

Расында «Күнкөсемге» күресіннен орын берген жалғыз ел Украина емес. Пост кеңестік елдердің бірсыпырасы ескі тастардан әлдеқашан арылған.

Ал бізде ше? Бізде жағдай былай. Сорақысы сол, Лениннің  ескерткіші елдің ең ірі мегаполисі Алматыда да бар. Жыл сайын Қазақстан коммунистері Сарыарқа кинотеатрының артындағы саяси қоқыс алаңына жиналып тұратыны тағы бар. Қазақстан коммунистерінің «қағбасы» іспетті сол тас тұғырды құлатуға құлықты жан жоқ, әлі. Байбек те, басқасы да.  Керісінше 2015 жылы коммунисиік партия өкілдері Лениннің ескерткішін Астанаға қайта қоюды сұрады. Әбүйір болғанда қызылдардың мақсаты жүзеге аспады.

Ең сорақысы сол, Алаштың астанасы саналатын Семейдегі Ленин көшесіне  Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның атын беруді біздің «Abai.kz» порталы бірнеше мәрте көтерді. Оған да «Ләм-мим» деген жан табылмады.

Арғы жағын өзіңіз ойлай беріңіз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір