Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 4070 0 пікір 25 Қаңтар, 2017 сағат 11:24

ЖІЛІГІМДІ ШАҚСАҢДАР, ШЫНДЫҚ ШЫҒАДЫ

Бір жолы Жазушылар одағының бірінші қабатында, қызыл костемді Өтежан ақын Нұрғалиев ағаммен кездесіп қалдым. Аман-саулықтан соң (о кезде сыншы деген атым шықпаса да, әр түрлі жиындарда сирек те болса аты-жөнім айтылып қалатын), қашанда да тосын, аяқ асты сұрақ пен жауапқа әуес, сөзді кесіп айтуға бейім Өтежан ағам:

- Аманхан, шыныңды айтшы, мен мықтымын ба, Қадыр мықты ма? - дегені. Ондайда, жалпылама жауап беріп, тұйықтан шығып кетуді әжептеуір меңгеріп қалған басым "түлкі құйрыққа "салып-ақ бақтым. Болмады. Екеуінің де мықты екенін білемін."Екеуіңізде мықтысыздар" десем, бәрі бір Өтежан аға "өзін мықты" деуді күтіп тұр. Сондықтан, жауабыма қанағаттанбайды. Ал, Қадыр ағаны жығып бергім келмейді. Ол Өтеағаңнан мықтылықты қызғану емес, Қадыр ағаға деген ілтипатымды,құрметімді жер етпеу. Жеме - жемге келгенде шығармашылық принцип. Әйтпесе, "кім біліп, есітіп жатыр" деген оймен, Өтежан ағаның көңілін тауып, мәселеден оңай құтылып кетуге болады. О кісі жауапты күтіп тұр. Сонда да, сөзімнен танбай:

- Өтежан аға, екеуіңіздің шығармашылық, ақындық стилдеріңіз әр түрлі. Бір бірлеріңізге ұқсамайсыздар! Сондықтан, екеуіңіз де мықтысыздар ғой! - тұрып алдым. О кісі мені грузиннің меньшевигі Чехидзе дейтін. Ақыры, сөзімнен қайтпайтынымды білді ме, құрметті ағам:
- Біліп тұрмын, Қадырды қимайсың. Мен 6-7 жыл елге кеткен кезде, ол сендерді, жастарды жаулап алған. Мықтысына мықты ол, бірақ, менің жілігімді шақсаңдар, одан май шықпайды, шындық шығады, - деді де, әңгімені басқа тақырыпқа бұрды.

Со жылдары Өтежан ағаның "Соғыстың соңғы жазы" атты балладар жинағы шыққан кез. О кітаптың жарық көруі де қиын болды. Әр түрлі кедергілер көп кездесті. Қысқартылды. Өтежан аға соған қанағаттанбайтын.Қапаланатын. Оны сол қинайтын. Міне, достарым, жатқан жерлері жайлы болғыр ардақты, мен құрметтеген, мені жеккөрмеген ағаларыммен осындай да әзіл-қалжың, ойын-күлкіге баратынбыз.

Аманхан Әлім

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір