Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Қоғам 7043 0 пікір 30 Қаңтар, 2017 сағат 12:17

БИЛІКТІҢ БІРАЗ МӘСЕЛЕСІ "ТРАМПТЫҢ КӨМЕГІМЕН" ШЕШІЛЕТІН БОЛДЫ

Өткен аптада Ақорда жақта орын алған саяси өзгерістер туралы өз сайтымызда жаздық. Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасыр шегінде қалыптасқан президенттік билікті Үкімет пен Парламенттің құзырларына бөліп беріп, өзі «жоғарғы арбитр» болатынын айтты. Парламент пәрменсіз деуші едік. Енді пәрмен берілетін болды. Үкіметті тағайындайтын – Парламент болмақ. Ал Президент Назарбаев тек 2 министрді ғана тікелей өз әмірімен тағайындай алады-мыс. Телеарнадан тікелей эфирде өткен тоғыз минуттық жолдаудан кейін түрлі пікірлер айтылды.

Айтпақшы, Ресейде елші болып қызмет еткен идеолог Марат Тәжиннің елге оралуы мен Ақорда жақтағы бірсыпыра шенеуніктң кісенделуі – осы бір болатын саяси өзгерісті аңғартқан-ды. Назарбаевтың аяқ-асты жолдау жасауына не себеп болды? Қазақстанда билік транзиті басталды ма? Парламенттің қазіргі формасы қаншалықты дайын? Марат Тәжиннің орны неге әлі күнге бос тұр? Онда кім баруы мүмкін?

Біз қоғам қайраткері Әбдірәшит Бәкірұлымен сұхбаттасқан едік.

- Аға, әуелі, өткен аптадағы Президент Назарбаевтың жедел жолдауы туралы айтайықшы. Не түйдіңіз? Әлеуметтік желілерде айтылып жатқандай, бұл да кезекті  саяси қойылым емес пе?

- Осыған дейін біздегі мемлекеттік істер тек қана «Елбасының тапсыруымен» деп басталатын. Яғни, шенеуніктер істі бастамай жатып, әуел бастан барлық жауапкершілікті Президентке жүктей салуды дағдыға айналдырып алған-ды. Сөйтіп, мемлекет мүддесі жауапкершілігінен «құтылған» шенеуніктер  қызметін өздерінің корпоративтік мүддесіне қарай бұруға алдын ала жол салып алатын. Бұл, өз кезегінде, мемлекетті басқару ісін «командалық тәсілге», яғни, астыртын сыбайластыққа қарай алып келуге жағдай жасап отырды. Ал сыбайласқан жүйенің мақсаты өзімен шектелетіндіктен – көптеген мемлекеттік маңызды шаралар орта жолда қалып, мемлекетке орасан зиян тигізді.

- Олардың қатарында аяқсыз қалған ондаған бағдарламаларды қосуға болады...

- Миллиардтаған қаржы қолды болуда. Осының бәрі де «Елбасы тапсыруымен» деп жасалып жатқаны жасырын емес. Әрине, Елбасы «қаржыны игеріңдер» дегенде «оны ұрлаңдар» демеген шығар. Бірақ көп жағдайда «өкілеттілігі жауапкершілікпен ұштаспаған» жүйе өз білгенін жасап келді. Бір жағынан осы да себеп болды ма деймін.

- Президент Назарбаевтың бұл жолдауы туралы әлемдік БАҚ әр түрлі болжамдар айтуда. Әсіресе, міне-міне парламенттік жүйеден президенттікке ауысқалы отырған Түркия саясаткерлері мен ежелі қоңсы орыс саясаттанушылары, сарапшылары Наарбаев жолдауын белсенді талқылауда. Ресейліктер «Қазақстанда билік транзиті басталды ма?» деген мәселені сөз етуде... Сіз ше қалай? Өзбекстан секілді билік тізгінін ым-жымын шығармай тапсырудың тәсілі емес пе бұл?

- Бұл қазақстандықтар үшін емес, ресейліктер үшін айтылған сөз бе деймін. Әзірге оның ауылы алыс. Кез келген елде орын алуы мүмкін қайғылы оқиғадан (мысалы, кенеттен қайтыс болу, апат т.с.с)  туындайтын форс-мажорлық жағдайды «транзитке» жатқызуға болмайды. «Транзит» деп мемлекеттегі бұрынғы биліктің өз ықпалын сақтай отырып, өзіне тиімді бағыттағы жаңа билікті құруын айтамыз.  Көп жағдайда оны көрегендікті талап ететін саяси шеберлік түрі десе болады. Бірақ, Ресей саясатшыларының қайта-қайта «транзит» деп ашық айтуын – олар тарапынан біздің билікке толық ризалық жоқ екендігін  білдіретінін де ұмытпайық.

Парламент таратылуы керек пе? Әлде...

- Кешелі бері телеэкраннан, әртүрлі сайттардан депутаттар жарыса сөйлеп жатыр. Бәрінің айтатыны «Депутаттар жаңа талапты орындауға дайын!» деген сөз. Оларды тыңдап, балалық шақты есіме алып, біраз күлдім. Пионер кезімізде «Дайынсың ба?» дегенде «Әрқашанда дайынбыз!» деп салютті сарт еткізетінбіз...  Мұнда да солай болып тұр. Тіптен, біреуі де «Заң талқыланып жатыр. Оған түзетулер мен қосымшалар енгізілуі мүмкін. Заң талқыдан өтіп, қабылданған соң ғана қазіргі депутаттардың дайын-дайын еместігі сөз болады» деуге жарамады. Алдын ала – «бәріміз дайынбыз!» дейді. Бір қызығы кейбірі қыза-қыза «кез келген тапсырманы орындауға әзірміз» деп салды. Сонда ол «өкілеттікті алу» дегеннің қазіргідей «тапсырыспен» емес, өз шешімімен жұмыс істеу екендігін ұқпағаны ма? Сонда несімен дайын? Негізі, әрбір конституциялық өзгерістерден кейін жаңа парламенттің жұмысқа кіріскені абзал. Бірақ, Сайлау туралы заңды түбегейлі өзгертпейінше жаңа сайлау өткізудің де қажеті шамалы. Сондықтан, мен қазіргі үндеу билік тармақтары өкілеттігіне айтулы жаңалық енгізеді деп ойламаймын. Иә, бұл формасы жағынан сөзсіз демократиялық қадам. Бірақ мазмұнына үңілсек – бір ауыздан шешім қабылдайтын «бір партиялы» мәжіліс сол қалпында қала беретін сияқты. Әрине, үкімет те тез арада депутаттармен «тіл табысуды» үйреніп алатын болар деп ойлаймын.  Сондықтан ешқандай жаңа сайлау болмайды деп сеніммен айтуға болады.

- Биліктің басқару жүйесіне реформа жасалар алдында Марат Тәжиннің елге оралуы нені аңғартады?

- Бұл транзиттік кезге келе жатқанымыздың белгісі. Елімізде қазір Марат Тәжин деңгейіндей бір де бір саясаткер жоқ. Оның келуі осы кезеңдерде жасалуы тиіс саяси қадамдарды кезең-кезеңмен жүзеге асыру қажеттігінен туындаған. Президенттің өзі де осы мәселені айқын сезіне бастады десе болады.

Тәжиннің елшіліктегі орны бос қалды. Ол жаққа кім баруы мүмкін? Немесе Ресей тарабы біздің кандидаттарды қабылдамай жатқан жоқ па? (Әсіресе Ресей, АҚШ, Қытайға ең білікті елшілерді жіберу керек қой). 

- Тәжиннің орны бос қалмасы анық. Қазір АҚШ-тағы сайлаудан кейін әлемдегі геосаяси жағдай өзгеріске ұшырауы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Мәселен, сайлауалды бағдарламасында және инаугурация кезінде АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамп «Біз осыған дейін өзге елдердің экономикасын дамытуға, олардың жағдайын түзеуге триллиондаған доллар жұмсап келдік. Сол мезетте АҚШ-тың коммуникациялық жүйесі құлдыраумен болды. Экономикамызды әлсіретіп алдық. Бұдан былай біз әр долларды АҚШ мүддесіне жұмсаймыз. Өз экономикамызға жұмсайтын боламыз» деп мәлімдеді. Әрине, бұл әлемдегі арзан жұмыс күші бар елдерге өндірістерін орналастырп алған АҚШ олигархтарына ұнай қойған жоқ. Олар қатты қарсылық танытуда. Сонымен қатар Трамптың «мигранттарды қабылдамау, елдеріне қайтару» мәлімдемесінен кейін оған шет елдік мигранттардың арзан жұмыс күшін пайдаланып байып жатқан АҚШ бизнес өкілдері де қосылды. Қазір қатты текетірестік жағдай орнады. Мұны айтып отырған себебім – бұл жағдайдың Ресейдің геосаяси мақсаттарына сай келетіндігінен. Мәселенің қалай шешілері белгісіз, әрине. Бірақ АҚШ пен Ресей арасы біршама жақсара ма деген сенім бар. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одақта Ресейдің беделі одан әрі артады. Ендеше, бұл –  оның ықпалы Қазақстан мен басқа одақтас мемлекеттерде күшейе түсерін білдіреді деген сөз. Сөйтіп, АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленісті жағдайға «алаңдап» отырған біздің биліктің бірқатар түйткілді мәселелері өздігінен «Трамптың көмегімен» шешілгелі тұрған сыңайлы.

Тіптен, Трамппен байланысы бар деп жүрген бұрынғы қазақстандық үш олигархты да АҚШ-қа «аттандырудың» қажеті болмайтын сияқты...

Тәжиннің елге оралуы дәл осындай кезге тап келгендіктен, Ресей тарабы міндетті түрде өз талабын қояды. Дегенмен, сіздің сұрақтағы «білікті елші» дегенмен келіспеймін. Себебі, елші өз бетімен  саясат жүргізетін саяси тұлға қатарына жатпайды. Сондықтан, Қазақстанның билік жүйесіндегі тәжірибесі мол кез келген лауазымды тұлға елші болуына мүмкіндігі бар. Мысалы, «Егеменді Қазақстанды» ұзақ жыл басқарған, қазіргі мәжіліс депутаты – Сауытбек Абдрахманов. Кезінде Алтынбек Сәрсенбаев, одан кейін Жансейіт Түймебаев, Марат Тәжиндер болды ғой. Олардың бәрі де гуманитарлық білімі бар КазГУ-дің түлектері болатын. Мүмкін сол дәстүр сақталатын шығар.

- Көп рақмет, Әбдірәшит аға...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1696
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1652
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1381
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1314