Сенбі, 4 Мамыр 2024
Мәйекті 4397 0 пікір 21 Ақпан, 2017 сағат 13:28

БАУЫРЖАН БАЙБЕК ЕСЕП БЕРДІ. БІЗ НЕ ТҮЙДІК?

Алматыны өз басым үш бұтты ошаққа ұқсатамын. Ошақта қазан асулы, астында лапылдап от жанып жатыр. Сол бір оттың қызуы бір сәтке болсын бәсеңдемеуі тиіс. Жұмбақтамай-ақ қоялық, ошақтың бір аяғы – экономика. Алматы – қазақтың қаржылық орталығы, ел экономикасының жүрегі. Екінші аяғы – саясат. Түрлі саяси идеялардың сапырылысып, тоғыз жолдың торабы келіп түйнектелетін орталық. Үшінші аяқ – руханият. Қазақтың рухы, мәдениетінің бастау бұлағы – Алматы. Содан болар, айтылар сын да, асыра мақтау да – Алматыға тән. Алып мегополистің дұрыс жолда дамуы тек алматылықтардың ғана мүддесі емес, бүкіл қазақтың мүддесі.

 

Бұрын - Тасмағамбетов, кеше - Есімов, бүгін...

Кеше Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек есеп берді. Кім бермеген, кімнен қалмаған есеп дерсіз, бәлкім. Тасмағамбетовтің тұсында мұндай есеп кезінде халық бір серпіліп дүр ете түсуші еді. Әкімдік құрған сценарийдің быт-шыты шығып, тізгін халықтың ырқына көніп, бір жасап қалатынбыз. Шешен Тасмағамбетов шешіліп сала беретін. Ахметжанның тұсында «мал иесіне тартпаса – арамның» керімен әкім есебінің аяғына жем түскендей баяулап сала берген. Міңгір-міңгір, күңгір-күбір есептен ұйқылы-ояу, әңкі-тәңкі күйде тарқасатынбыз. Міне, соңғы жылдарда бұл үрдіс өзгерді. Тасмағамбетовтей жарқ-жұрқ еткен сценарийсіз қойылым қоймады деп Байбекке кінә тағу орынсыз. Бірақ, мақтауға кемшіл тіліміз жас әкімнің «жігіттігін» айтуға арланбауы керек деп ойлаймыз. Тасмағамбетов сөздің де, істің де адамы. Есімов... – (көп нүкте). Байбек сөзден гөрі іске мығым ұйымдастырушыдай көрінеді.

 

Көлеңкелі бизнеспен күрес

Байбекті мақтай отырып, қайрай да кету керек.  Мәселен, бір ғана «Оңай» жүйесін алайықшы. Елдің сынына қалған бұл жүйені енгізу арқылы әкімдіктің басынан қаншама сөз асыруға тура келді. «Ұра берсе, Құдай да өледі» деген тәмсілге сүйеніп, халық ұрып-ұрып «Оңайды» да жерлейтін күнге жақындады. Енді, Алматыда бірыңғай жол жүру билеттері қайта енгізілуі мүмкін. Сондай-ақ бірқатар санаттағы азаматтар автобустарда ақысыз жүретін болады. Ал студенттер мен көп балалы аналарға жеңілдіктер қарастырылмақ. Шаһар басшысы әзірге алматылықтардың «Оңай» жүйесіне көндіге тұру керектігін айтты. «Жалпы біз осы нарықтың ауқымын айқындау үшін біршама уақыт сұрадық. Бұған дейін бұл нарық ашық емес еді, яғни шығыстар мен кірістер қаншалықты екені белгісіз еді. Бүгінде нарық көлемі 19-20 млрд. теңге екенін байқап, шамамен 6-7 млрд. теңгені «көлеңкелі экономикадан» шығарамыз деп пайымдаудамыз» дейді Байбек.

«Оңайды» еңгізудің оңай болмағанын бәріңіз білесіз. Сөйте тұра осы жүйе қаншама көлеңкелі бизнестің бетін ашты. Алматыда жүйіткіген автобустардың тапқан табысы жеке қалталарға кетіп жатты. Яғни, жас әкім құрбандық беру арқылы Алматы секілді үлкен қаланың көлеңкелі табыс көздерін біртіндеп анықтау ісін бастап кетті. Бұл жекелеген кәсіпкерлерге тиімсіз болғанымен, халыққа, мемлекетке пайдалы іс.

Көлеңкелі бизнесті анықтау ісіне Бауыржан Байбек бел сыбана кірісіп кеткенін ақылы автотұрақтарды жаппай ашуынан да аңғаруға болады. Әкімнің айтуына қарағанда бір ғана көлік тұрағы айына 600 миллион теңге қаражат табады екен.  Ал бюджетке жылына оның тек 70 миллионы ғана жетіп отыр-мыс. Коғамдық көлік иелерінің 60 пайызы табысын жасырып келеді.

Бұдан нені аңғарасыз? Алматы қаласы – көлеңкелі бизнестің де орталығы. Онымен күрес, әрине тілге ғана жеңіл.

Десе де Бауыржан Байбек ақылы тұрақтардың тазалығын, жұмысының жүйелілігін естен шығармаса екен дейміз.

Енді қысқаша әкім айтқан мәселелерді атап өтсек...

 

Балабақша арзандайды

Алматыда балабақша бағасын бірден 20 мыңға төмендету жоспарланып отыр. Жеңілдік 17 мың баланы қамтиды.  «Алматыда тарихи қалыптасқан жағдай бойынша 5-6 жастағы балалар үшін мемлекет төлейді, 3-5 жастағыларға коммерциялық талаптарға сай ата-аналар толықтай төлейді. Бүгінде айлық есептік көрсеткіш артты. Ата-аналар 27 мың теңге төлеуде, іс жүзінде балабақшадағы бір орын 38 мың теңге» деді әкім.

 

Кішігірім дүңгіршектердің де «крышалары» бар

Әкім Алматыдағы кішігірім дүңгіршектердің мәселесін шешудің өзі оңай емес екенін сөз қылды. Сол дүңгіршектер үшін Астанадан қоңыраулар түседі. Байбек «олардың сөзін сөйлейтін өзіміздің әкімдікте де, жоғарғы жақта да адамдар бар. Біз тәртіп орнатамыз, коперативтерді де жөнге саламыз, басқасын да. Халық қолдаса болды» деді. Алматыда 800-дей пәтер иелері коперативі бар. Олардың бір жылдық жинаған қаржысы 7 миллиард теңгені құраған.

 

Алғабаста қисайған үйге қатысты қанша адам жазаланды?

Кездесу барысында былтыр Алғабастағы қисайған үй де сөз болды. Әкімдік қисайған үй оқиғасынан кейін 13 жобалаушы, 19 мердігер мекеме жазаланғанын, апта сайын құрылыс сапасын бақылап отырғандықтарын айтты.

 

Емханаларды жекешелендіру керек

«Кейбір деректер бойынша, мүмкіндігі бар адамдар ғана шетелде емделуге өзіне 500 млн долларға дейін қаражат жұмсай алады. Қалғандары қайда баруы керек?  Өлу керек пе? Сондықтан, біз жекешелендіруге өтуге тиіспіз. Жекешелендіру емханаларды дамытуға жекеменшік қаражат салуға, денсаулық сақтау нысандарын басқаруға әлемдік үздік тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Бұл бюджет шығысын төмендетіп, қызмет көрсету сапасын арттырады»,  - деді әкім.

 

Экология басты назарда

«Алматы халқының саны 1,5 есеге артуына байланысты жеңіл көлік саны 10 есеге өсті. Бұл қала тұрғындарының қазіргі жағдайының көрінісі. Барлығына белгілі, көлік қаладағы кептелісті арттырып қана қоймай, 80 пайыз түтін қалдығын шығарады. Ауаның ластану деңгейі жоғары, дегенмен төмендеу үдерісі де бар. «Қазгидромет» мәліметіне сүйенсек, 4 жылда ластану индексі 22 пайызға азайды. Энергетикалық нысандар шығаратын түтін үлесі 2016 жылы 8 пайызға азайды», — деді әкім.

2016 жылы токсиндер мен пайдаланылған газ түтіні бойынша бақылау күшейтілді. Экологиялық талаптарға сай емес көліктерден 136 млн теңге өндірілген.  Әкім экологиялық талаптарға сай емес көліктердің 67 пайызы өзге қаладан келген автомобильдердің үлесінде екенін айтты. Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, экологиялық таза қоғамдық көліктердің үлесі 60 пайызды құрап отыр.

«Экологиялық көлік түрлерін ендіріп жатырмыз. «Almaty Bike» жобасы аясында бүгінде 50 велобекет ашылды. 2018 жылы оның 5 есе көбейтеміз. Газдандыру да маңызды міндетіміз. Қаланың 95 пайызы газдандырылған. 2018 жылдың аяғына дейін толығымен газдандырылады», — деді Бауыржан Байбек.

 

Әл-Фарабиден жоғары биік үйлер салынбайды

Әкім Елбасы тапсырмасымен  Әл-Фараби көшесінен жоғары 12 метрден биік 3 қабатты үй салуға тыйым салынғанын еске сала кетті.

 

30 жол айырығын салуға 300 млрд теңге жұмсалды 

«Өздеріңіз білетіндей, көшедегі көлік кептелісі көптеген ірі мегаполистерде бар. Біз мұны жүйелі түрде шешуді көздеп, транспорттық реформаны бастадық. Елбасы тапсырмасымен соңғы 15 жылда 30 жол айырығын салуға 300 млрд теңге жұмсалды. 2018 жылы аяқталатын тағы екі жол айырығы негізгі көшелердегі кептелісті азайтады», – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, әкім «Алтын Орда» базары маңындағы жолды кеңейту жұмыстары биыл басталып, күрделі көлік мәселесін шешетінін айтты.

«Айналма жол Батыс Қытай мен Еуропа арасындағы логистикалық хаб ретінде Алматының экономикалық әлеуетін арттырады. Жобаға шамамен 350 млрд теңге инвестиция салынады деп жоспарланған. Бұл жаңадан мыңға жуық жұмыс орнын ашып, алматылық компанияларды жұмысқа тартады», – деді әкім.

 

Тау бөктеріне көлікпен баруға шектеу қойылады

Алматы әкімдігі тау бөктерлеріне көлікпен шығуға шектеу қою үшін қажетті шараларды қолданады..

Әкімнің айтуынша, "Шымбұлақта" көліктерге шектеу қойған соң жаяу жүргіншілердің саны көбейген. Сондай-ақ, ол курортқа 400 мыңнан аса туристің келетінін айтып өтті. "Біз таудың барлық бөктеріне біртіндеп көлікке шектеу қоя бастаймыз. Өкінішке қарай, адамдарға мүмкіндік берсең, олар үйдің екінші қабатына да көлікпен шығып, қоқыстарын да көлікпен шығарады. Мұндай әдеттен арылу керек, азаматтардың мәдениетін басқаша қалыптастыру керек” деді әкім.

Түйін орнына

Бауыржан Байбек мегаполис тұрғындарына осымен екінші рет есеп берді. Есеп кезінде полицейлердің көп болғаны, бірлі-жарым саяси белсенділердің ұсталғаны, Бауыржан Байбектің баяндамасы бітіп, сұрақ-жауап бөлімі басталғанда, барлық әлеуметтік желідегі тікелей хабар тарату лезде тоқтатылғаны – сынаушылардың көзіріне айналып отыр. Амал не, жоғарыда айтқан қаншама еңбек, қаншама жұмыс сол бір сындардың астында қалмауы керек еді.

Үш бұтты ошаққа асылған қазан дұрыс қайнауы үшін де мақтайтын жерде мақтап, даттайтын жерде даттау керек. Әл-әзір Байбек жарап тұр! 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1027
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 899
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 677
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 756