Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Ақмылтық 4699 0 пікір 10 Шілде, 2017 сағат 10:41

СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНДЕГІ СЫРТТАН

Біз бүгін оқырманға ҚР Сыртқы істер министрлігінде 1992 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан, Қазақстанның Қырғызстандағы, Әзербайжандағы, Өзбекстандағы елшіліктерінде консул, сондай-ақ саяси бөлімнің жауапты қызметкері болған, қазіргі уақытта еліміздің  Тәжікстандағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі болып жүрген бір азамат турасында әңгімелемекпіз. Ол 1992 жылы Сыртқы істер министрлігіне қызметке тұрғанда 25 жаста екен. Содан бері ширек ғасыр өтіпті. Қазақстанның шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына да ширек ғасыр болыпты.

Мұхтар Кәрібай. Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторларының бірі Мұхтар Кәрібайдың есім-сойын оқырман қауымға таныстырып,  айтып жатудың қажеті шамалы болуы мүмкін. Өйткені бұл азамат ұлы хакімнің атын иеленген сайтымыз  ғаламтор әлемінде қызметін бастағалы бері үзбей жазып, үнемі белсенділік танытып келеді. Ойы сергек, ұстанымы берік, білімі кемел автордың алғашқы мақалаларының өзі-ақ оқырманды жалт қаратып, қызу пікір талқысына түсіп кеткен. Бізде, Құдая тәуба, жазары көп жан жетіп-артылады. Кәсіби журналист, көсемсөзші ғана емес, тарихшылар мен әлеуметтанушылар, саясаттанушылар мен дінтанушылар тегіс  жазарман ағайынға есеп. Жаңа медия, яғни, ғаламтор бетіндегі тұрпаты бөлек БАҚ пен әлеуметтік желілер кейінгі бірер жылда азаматтық журналистиканы қалыптастырып, қоғамдық мәселелер төңірегінде ойлана білетін оғыландардың қарасын көбейте түсуде. Бұл – сөз жоқ,  жақсы нышан. Айтары бар елдің, талап-тілегі бар елдің –ертеңі де бар. Екпеттеген экономика ептеп бойын түзей жатар, қисық – түзелер, қыңыр – келеге келер, ең қауіптісі – ұлттық мұраттардың ұмытылуы мен ұмытылып бара жатқан ұлы құндылықтарға тұтас ұлттың үнсіз қарап тұруы болса керек. Қазір қазақ баласы үлкен ой үстінде. Ал ой түптің түбінде пәрменді әрекетке ұласады. Бұған күмәніңіз болмасын.  Ұлт ұландары демін ішіне тартып, әлдебір кезеңді күтіп тұрған осынау  дүбірлі дүниенің  маңдай алдында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұхтар Кәрібай да жүр.

Мұхтар Ахатұлы – кәсіби диполмат. Осыдан бірер күн бұрын ғана ердің ерен жасы – елуді алған Мұхтардың былайғы өмірін көпшіліктің біле беремуі бек мүмкін. Сондықтан бізге дипломат-авторымыздың жұртқа беймәлім қырларын ептеп әңгімелеуге тура келеді.

...Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай жұрты «дін – апиын» аталған заманда бір адамның тақуалығына таң қалып жүрді. Ол адам Жаратқан хақтың «жағасына жармасқандар» білгенін істеп, елдің үрейі мен иманын қашырған Құдайсыз қорқынышты қоғамда құлшылығынан танбады. Бір сөзбен айтқанда, дін үшін күрескен бұрынғы ғұлама-ахундардың, қари-молдалардың, имамдардың  жолын тайсалмай жалғастыра берді. Иә, ол адам Мұхтардың әкесі Ахат ақсақал еді. 1967 жылы 18 ақпанда дүние есігін ашқан сәби сондай ғазиз әкенің тәлім-тәрбиесін, өнегелі істерін көріп өсті.

Мектепті үздік бітірген Мұхтар Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде оқып, аталған оқу орнын тәмамдаған соң 1998 - 2000 жылдары ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын аяқтады.

Ол әр жылдары: 1991 жылы – Мароккода, 1994 жылы  – Сирияда, 1999 жылы  – Иранда, 2000 жылы – Мысырда, 2005 жылы – Малайзияда дипломатиялық, саяси, тілдік курстарда білімін жетілдірді.

Мұхтар Кәрібай ҚР Сыртқы істер министрлігінде 1992 жылдан бері қызмет атқарады. Қазақстанның Қырғызстандағы, Әзербайжандағы, Өзбекстандағы елшіліктерінде консул, сондай-ақ саяси бөлімнің жауапты қызметкері болды, қазіргі уақытта еліміздің  Тәжікстандағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі.

2007-2010 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың кеңесшісі болды.

Мұхтар Кәрібай 1992 жылы Сыртқы істер министрлігіне қызметке тұрғанда 25 жаста екен. Содан бері ширек ғасыр өтіпті. Қазақстанның шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына да ширек ғасыр болыпты. Осы жылдар аралығында қазақ дипломатиясы да есейді, кемелденуге бет алды. Ресей сияқты ызалы елмен қатар отырып бұрын-соңды әріптестік қарым-қатынаста болмаған мемлекеттермен байланыс орнату, тілдесу Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында оңайға түспесе керек. Өйткені өзін қотиын мінез қожайын сезінетін Кремль Қазақстанның әр қадамын қалт жібермей қадағалап, қайсыбір тұста тобықтан қағып жіберуге де дайын отырды. Қазір де: «Өз еркің өзіңде, не істесең де өзің біл», - деп отырған Ресей жоқ, әйтсе де, қазақ дипломаттары қиыннан қиыстырып жол тауып келе жатқанын ішіміз сезеді. Қайсыбір тұста қазақ дипломатиясының озықтығы, байыптылығы көрініп те қалады. Қазақ  елшілігіне байыптылық, ұстамдылық Қасым-Жомарт Кемелұлының табиғатынан дарыған сияқты. Сондықтан біз қазақ дипломатиясын қашанда сырбаз қалпынан айнымайтын Қасым-Жомарттың өзіне  ұқсатамыз. Мұхтар сол Қаскеңнің – Қасым-Жомарт Тоқаевтың төл шәкірті. Әдетте бұл саланың адамдары «ішімдегіні біл» дегендей томаға-тұйық жүреді. Олардан жанып тұрған мәселеге орай жарытып жарты ауыз сөз сұрап алудың өзі қиын. Бұл енді Сыртқы істер министрлігіндегі азаматтардың әсіре сақтығын білдірсе керек. Бірақ,  әсіре сақтықтан азаматтық ұстаным биік тұратын сәттер болады. Басқа елшілерді білмедік, тап сол азаматтық ұстаным  мәселесінде Мұхтар Кәрібайдың кәріне (қаһарына) мінетін кездеріне көптен куәміз. Ондай кезде Мұхаң аянып қалмайды, айтарын астарлап, кейде тұпасынан тура тартып, ашық айтып, жаза береді. Содан ғой біз  оны сыртынан  «Сыртқы істер министрлігіндегі сырттан» десеміз!

Былтырғы көктем. Қазақ халқы жердің жекеменшікке өтуі мен шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы табандасқан күреске шықты. Билік те шеңгелін жазып, қару асынған сақшыларды көбейтіп, «құлақтар», «көздер», «иісшіл танаулар» көше-көшені кезіп кетті. Еркін ойлы, емен рухты азаматтар болмаса, ел танитын, елге белгілі «ерлердің» дені етігінің басына қарап қалды. Ал, бұл кезде Abai.kz- тің беті «айқай боран» еді. Бір күні Сыртқы істер министрлігінде лауазымды қызмет атқаратын Мұхтар Кәрібайдан мақала келді. «Тозақ оттары жымыңдайды». Классик жазушымыз Төлен Әбдіктің атақты повесі. «Апырай, Мұхаң повесть туралы не айтпақ екен, бұл –  заманында бағасын алып қойған шығарма еді ғой» деп мақаланы оқуға кірістік. Міне, керемет! Бұл қалай біздің ойымызға келмеген?!. Күнделікті жазу-сызудан алыс ауылдағы мемлекеттік шенеунік «Тозақ отттарына» орала отырып, жерін алпауыттардан қорғауға шыққан халық тағдырын безбенге тартыпты. Повесттегі оқиғаларды тарата келіп, «кең байтақ жеріңде Араку тайпасының халін кешкендей болдың-ау, сорлы жұртым» дегенді емеурінмен аңғартыпты. Қорғансыз елді басынып, тасынған биліктегі бетсіздерді де аямай шенеп: «Осындайда біздің өз жерінде, өз халқының ішінде жүрсе де ел, жұрт, тіл, Жер, дәстүр, сана туралы қаншама шырылдаған шындықтар айтылып жатса да, бетінің бір тамыры да бүлк етпейтін, сұрқай жүзінен зәр шашып тұратын талайсыз пенделердің бейшаралығы мен сорлылығы еріксіз еске түседі» деп жазды. Қызметтік этика, лауазымдық міндет, шенуніктік тізгін бар деген қырық сылтаумен авторымыз үнсіз қалса да,  оны сол кезде ешкім кінәламайтын еді, алайда, ол төзе алмады: айтарын – айтты, жазарын – жазды, ақырында көптің тілегі әм тегуіріні Президентке де ой салып, жерді жалға беру мен сатуға мораторий жарияланды. Қарақан басыңа көлеңке түспеуін тілеп, көнтерлі тірлігіңді күйттеп өлгеннен көппен көргенің ұлы той емес пе? Біздіңше Мұхаң сол «тойдың» адамы, ұлтының – ұлы, халқының – азаматы, елінің – елшісі. Бұдан артық бақыт, байлық бар ма екен?

«Үнсіз қалмайды» дегеннен шығады. Әлдебір мінәйі істі сылтау қылып, ҚР Сыртқы істер минситрлігі кәсіби дипломат Бабыр Дәуренбекті Сириядағы елшілік қызметінен кері шақырып алғанда, Мұхтар Кәрібай әріптесіне рух беріп, барша тілектес қауымның атынан  «Парыз бен Қарызды» жазды (http://abai.kz/post/view?id=3642)  Қасындағы жолдасының басына әлдеқайдан бұлт үйіріліп, қадамын қалт басса, қашып жоғалатын шенеуніктердің қалпына бақпай, қасқайып мінез көрсеткен Кәрібай Мұхтарға сонда оқырман да, біз де кезекті рет қол соққан едік. Бұның сыртында ол оқырманға қаншама ой саларлық дүние ұсынды. Өйткені, Мұхтар – Міржақып Дулаттардың рухындағы азамат. «Оқығаныңды, білгеніңді елге үйрет, елге айт» деп өсиет еткен алашордашылардың ізімен ол да алыс-жақын елден көргенін, ойға түйгенін еліне жеткізуге асығады. «Болсашы шіркіндердің бәрі осындай» демекші, елшілік миссиядағы азаматтарымыздың бәрі Мұхтар Кәрібайдай болса бар ғой, қазақтың дүниетанымы, көңіл көкжиегі, әлем туралы түсінігі байи түсер еді. Өкінішке қарай, елшіліктегі қызметкерлер тұлғалық деңгейге ұмтылмайды, «барып кел, шауып кел», «көріп кел, айтып кел» дейтін қатардағы орындаушы деңгейінде қалады.

Мұхтарға оралайық. Abai.kz сайтынан «Соңғы самурай» дейтін Онода атты Жапон жауынгері туралы мақала оқыған Мұхаң Онода мен «Қараш-Қараш» оқиғасындағы Бақтығұл арасынан тағдырластық тауып, керемет баллада жазып тастады (http://old.abai.kz/content/mykhtar-keribai-songy-samurai) Ол сондай-ақ Abai.kz сайтында жарияланған,  одан бұрын мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалаларын топтастырып «Дүбірлі дүние» атты ктіп шығарды. Іскерлік, әдеби, әсіресе дипломатиялық саладағы мемлекеттік тіл ерекшелігін жоғары кәсіби деңгейде меңгерген білікті маман ретінде ҚР Сыртқы істер министрінің жалпы редакциясымен 2006 жылы жарық көрген «Қазақша-орысша дипломатиялық сөздік-анықтамалықты» шығаруға тікелей атсалысты, сондай-ақ жеке авторлықта «Дипломатиялық хат алмасу (үлгілер)» 2008 ж., «Құттықтау хаттар» (үлгілер) 2013 ж., көмекші құралдарын шығарды. Бұл күндері ол қазақ халқының кемеңгер перзенті, классик жазушы, ұлы ғалым, қоғам қайраткері  Мұхтар Әуезовтың ерте кезеңдегі шығармаларының саяси-әлеуметтік мәнін зерттеуге отырды.

Қазақ «жиырма бес» дейтін жасты ерекше көрген. Аялаған, әнге қосқан. Жігіттік жастың туы – жиырма бес деп білген. Сөйтіп, «Жиырма бес екі айналып келмес саған» деп қоштасқан. Алайда, жиырма бес айналып келеді. Жиырма бес араға жиырма бес жылды қалдырып6 ақылдың толысқан, ойдың көші ұзаған кемел шақ –  елу жаста қайта оралады. Бірақ оны сезінетіндер бар да, сезінбейтіндер және бар. Біздің Мұхаң жиырма бестің жігерімен елудің есігін ашқан жігіттердің сойынан болса керек. Біз оған: «Еліңе қызмет етуден шаршама да, қажыма. Таудай талабың басыңдағы бағыңмен бірге биіктей берсін» дейміз.

Құрметпен,

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы  

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2020
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2437
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2022
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587