Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Өзіңе сен 12343 1 пікір 10 Наурыз, 2017 сағат 09:32

ӘКЕНІҢ ДӘУЛЕТІ БАЛАҒА ДӘУЛЕТ БОЛА МА?

Қазақта «әкенің дәулеті балаға дәулет болмайды» деген сөз бар. Расында, осы сөз қаншалықты жөн сөз?! Біздің пайымдауымыз бойынша осы нақыл сөздің өзін бірнеше қырынан қарап көруге болады. Біріншіде, мұнда тәрбие мәселесі жатыр. Екіншіден, оның ұрпақтар сабақтастығына да қатысы бар. Үшіншіден, әкенің құты өзімен кетеді деген тікелей түсінік те байқалады. Осылардың ішінде көбіне үшінші түсінік түріне қатысты бір жақты басымдық беріп жіберген сияқтымыз. Егер әкенің құты өзімен кетеді деп қысқа қайырып пайымдасақ ол да қате сияқты. Себебі, қазақта жеті атасынан әрі асып келе жатқан дәулетті әулеттер болды. Енді оларға барлығына да ерекше қасиет қонды деуге тағы келмес. Бұл жердегі кілтипан - әке мен баланың арасындағы ұрпақтар сабақтастығы мен тәрбие мәселесінде жатқан сияқты.

Бірінші тәрбиелік тұрғысына мән берсек. Әке дәулетті кезінде баласына «маған сенбе, бұл дәулет саған байлық бола ма, болмай ма?!» деген ойдың сарынында бай баласын өз сабасына түсіріп, есер болма, есті бол дегендей ниетте айтылса керек. Бұл сөз әке дәулетіне сенбей өз тіршілігінді өзің жаса дегенге саяды.

Екінші түрі ұрпақтар сабақтастығындағы бір кілтипанның бар екендігін көрсетеді. Дәулетті адамның баласы көбіне әке байлығын еселеп табумен емес, шашумен әуре болады. Жасында қызық қуып дүниенің қалай келетініне мән берместен, қалай кетіретін жолдарын меңгерген болады. Ал оның сол кездері қызыққа толы көңіл көтеруге айналасы толы достары да аз болмайтыны анық.

Ұрпақтар арасындағы буын алмасу проблемасына қатысты әдебиетте «жоғалған ұрпақ» деген түсінік пайда болды. Бұл түсініктің шығуына басты себеп: аға буынды алмастыратын жас буынның өмірге деген құштарлығының аздығы, олардың жұмыс жасауға деген ынтызарлығының төмендігінен болса керек. Бұл үрдіс бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде соғысқа қатысқан жастардың соғыстан кейін жұмысқа құлықсыздығы мен олардың ішкілікке салынғандығына байланысты зерттеулердің нәтижесінде осы тұжырым шықты.

Ал осыған ұқсас жайтті әлеуметтанушы ғалымдар жетпісінші жылдары Америкада болған жастардың арасындағы әртүрлі субмәдени топтардың қалыптасуынан көрген еді. Аталған жылдары АҚШ-та жастар арасында шашын шамадан тыс өсірген, қоғамдық нормаларда қалыптасқан киім киюмен жүріп тұру ережелеріне атүсті қарайтын топ жастар арасында қалыптасты. Сол жастардың басым бөлігі АҚШ-тың ең бақуатты тобы болып саналатын заңгер, банкир, бизнесмендердің  балалары болып шыққандығы үлкен проблемалық мәселеге айналды. Осыны әлеуметтанушылар зерттей келе аға буынның жасаған құндылықтары жастарға берілмегенде осындай келенсіздіктердің болатынын дәлелдеді. Соның нәтижесінде әлеуметтендіру деген ғылымда жаңа сала пайда болды.  

«Әкесі бай болып, баласы құр қол қарап отыратын болса, немересі тақыр кедей болады» дейді екен жапондар. Бұл сөзден бір ұрпақтың бойындағы әрекетсіздікт келер буынға  үлкен соққы болып тиетіндігі айқын білініп тұр.

Ұрпақтар арасындағы әкенің орнын баласы басып, ісін жалғастыруға қатысты мәселе бүгінгі күні де маңыздылығын жоймай отыр. Франция, Италия, Түркия сияқты елдерде іскерлік саладағы ұрпақтардың алмасуы мен сабақтастығы ондаған ұрпақтар буыннан әріге кеткен болса, біздің ел сияқты посткеңестік елдерде бизнесмендердің қоғамда қалыптасқанына жиырма жылдан енді асты. Ондаған ұрпақ буыны іскерлік салада бір-біріне мұрагерлік институты мен дәстүрі әлде қайда толық қалыптасқан елдердің өзінде проблемалық мәселе ретінде қарастырады. Ал біздің ел үшін бұл мәселе алдағы онжылдықта өткір сұрақ ретінде қойылуы мүмкін. Батыс елдерінде атадан-балаға мұра болып келе жатқан байлықты игеруге қатысты олардың басты қалыптастырған ісіне баланы бала күнінен өзі айналысатын ісіне баулып, сол туралы барынша көп ақпарат береді екен. Осындай жағдайда әкенің ісін бала жалғастырып кету ықтималдылығы көбірек болатындығын айтады.

Ал балалардың әке ісін жалғастырмай қиындықтарға тап болып жатқан жағдайларға ғалымдар былайша тоқталады. Бала күнінде ата-анасы баланы сурет салуға, түрлі аң-жануарларды танып білуге арналған үйірмелер, ән айтуға баулу, одан қалды көбіне спорт, тауда шанғы тебу сияқты істерге көп мән беріп соған қатыстырып, әкесі өзінің жасайтын бизнесімен баласын мүлдем таныстырмайды. Бала күнінен әкесінің немен айналысатындығын білмеген бала өскенде іске қызықпайтын, көбіне балалық кездегі қиялына беріліп суретші немесе әнші болуды қалап тұрады. Осылай ол өскенде балалық өмірдің шеңберінде қалып қою жағдайында болады. Бала күнінен өмірдің тек рахатын көріп өскен бала жұмыс істеп тер төгуге емес, керісінше сол рахатын одан әрі жалғастырғысы келеді. Міне, осы кезде әке мен бала арасындағы түсініспеушілік туындауына себеп болады.

Адамның ақыл-ойы жетілмей артта қалып қалуын ғылымда инфантилизм дейді. Инфантилизм - латын тілінен аударғанда «балалық» деген сөз. Жоғарыда айтып өткендей балалық қиялдың шеңберінде қалып қоюына қатысты айтылады. Бұндай адамдар физикалық тұрғыдан сау, он екі мүшесі аман-есен болып келеді. Тек ақыли тұрғыдан сол бұрынғы балалықтың қызығынан шыққысы келмейтіндігіне қатысты. Тек өмірден балалық дәурен уақыттағыдай ләззат ала берсем, уайымсыз-қамсыз, бойыма жауапкершілік алмасам деген ойда өмір сүреді. Неміс социологы, психолог Карл Густаф Юнг бұл «балалық» ауру турасында: «инфант адамдар жас бала сияқты өзінің де, өзгенің де жағдайын терең түсінуге қабілетсіз болады. Оларға ең бастысы - өз қызығушылықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады» дейді.

Бұл мәселеге немістің әйгілі бизнес-тренері Бодо Шефер өз зерттеулерінде былай тоқталыпты. Бай отбасылардың мұраға қалған байлығының 70%-ы екі ұрпақтан кейін толықтай дәулетін жоғалтады екен. Мұның мәнісі ата-аналары мұра қалдырғанда ақшамен бірге, өздерінің бойларындағы қасиеттерді және білімді ұрпағының бойына сіңдіре алмағаннан орын алады. Тек 30% бай адамдар өздерінің мұрагерлеріне мол дәулетпен бірге, оны табу мен дұрыс басқарудың ұрпақтарына үйретіп кетуінен әке дәулетіне бала ие болып қалады деген ойды білдіреді (Бодо Шефер. Путь к финансовой независимости).

Сондықтан мамандар егерде ата-анасы өз істерін баласы жалғастырғанын қалаған болса, айналысатын істеріне қатысты көбірек ақпараттандырып оның өмір арнасын сол кезден бұрғаны дұрыс дейді. Бала күнінде болсын, ер жете бастаған шағында болсын, ақша бергенде ол ақшаның қайдан келгенін дұрыстап түсіндіре отырған орынды. Баласы ер жете бастағаннан бастап әкесі оған көбірек бизнесіне қатысты кейбір істердің шет жағасына араластырып маңызды деген жауапкершілікті талап ететін нәрселерді бере бастап, дайындағаны дұрыс дейді. Жасынан әке ісімен танысып өсе келе оның қыр-сырын тез игеріп алуға толықтай мүмкіндікті иеленеді.

Енді өзіміздің қазақ қоғамына оралайық. Жоғарыдағы мәтелдің негізгі сыры осы ұрпақтар арасындағы проблемалық мәселеге қатысты айтылғандығында деп пайымдауға болады. Қазақта «он үште - отау иесі» деген сөзді осы жаста бала өз ісіне жауап бере алатын ақылы толысатындығына қатысты айтылса керек. Себебі, қазақтың кейбір билерінің осындай бала күнінде ауызы дуалы ақсақалдары шешімін таппаған мәселелерге төрелігін айтып ел есінде, тарих беттерінде қалған тұлғалар жетіп артылады. Құнанбай Абайды Семейден он екі жасында алғызып сол кезде тобықты руының билерінің жиынына қатыстырғанында үлкен мән жатыр. Құнанбайдың ұлы Абай Алты Алашты аузына қаратқан тұлға болды. Сол Құнанбай әулеті тобықтының билігін қолынан жүз елу жыл шығармай билеген қаракөктің тұқымы ретінде баршаға аян. Міне, осы әулеттің сырының бірі осында жатыр. Баланы жас демей артынан ізін басатын тұлға ретінде тәрбиелеудің бір кілті. Айтылған ойларды саралай келе баланы он екі, он үш жасынан өзінің айналысатын бизнес түріне араластыруға болады деп толықтай айта аламыз. Басында айналысатын ісінің негізгі мазмұнымен таныстырудан бастап, оған сол салаға деген бағыт-бағдарды мектепті бітірер кезінде немесе диплом алар кезінде емес, ес кіргеннен бағыт бере берген жөн деп айта аламыз.

«Әкенің дәулеті балаға дәулет болмайды», «әкенің малы балаға мал болмайды» дегенге қайта оралар болсақ, былай: біздің өзіміздің арғы тарихымызда да жеті атасының бақ пен дәулеті басынан таймай келе жатқан әулеттер қазақта көп болған, жиырма сегізінші жылғы кәмпескеге дейін келген. Онда әке байлығы балаға байлық болады. «Қаракөктің ұрпағы» деген қазақы ұғымда жеті атасынан бері байлық пен билікті уыстарында ұстаған текті әулеттерге қатысты айтылатын ұғым. Бүгінгі танда биліктің  ұрпақтан-ұрпаққа берілуі, яғни әкеден балаға берілудің мағынасы өзгеріп, оның қоғамда, осы ғасырымызда жағымсыз жағы көбірек сипат алуда. Бірақ қоғамда іскерлік салада осылай берілуді дұрыс нәрсе ретінде бағаланады. Бизнесмендердің арасында осындай іргелі әулеттер пайда болып жатса, бір кездегі Маман байдың әулетіндей халыққа пайдалы болып жатса, оған ел тек қуанады. Кезінде "каракөктің тұқымы" деген сияқты алдағы кезеңде уақыт өтуімен бізде де қайтадан сондай іргелі әулеттер қалыптасуы мүмкін.

Десе де, әкесінің құты өзімен кететіне қатысты деректер мен соған ұқсас ертеден келе жатқан әңгімелер баршылық, оны да толықтай жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мұны үлкен масштаб тұрғысынан алып қарауға келмейді. Халқымызда «әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деп ұрпақтар сабақтастығына қатысты айтылған нақыл бар.

Бизнесін ұрпағына мұраға қалдырғысы келетін отандық іскер азаматтар үшінде бұл сұрақ өте маңызды болып саналады. Сондықтан біз осындай кезде өткен тарихымызда кейбір байқамай келе жатқан Құнанбай мен Абай мысалы сияқты мәселелерге мән берсек, кейбір күрделі сұрақтарға жауап ала аламыз. Батыс елдерінде болсын, көрші Ресейде де қазіргі таңда «балалар - бизнесте» деген түрлі жобалар болып жатыр. Мұндай жобалардың басты мақсаты жоғарыда айтылған проблемаларды шешуді көздеген болса, екіншіден бала күнінен бизнес пен іскерлік саланың қыр-сырына теориялық тұрғыдан білім беру арқылы баланың іскерлік танымдық сананы қалыптастыруды көздеуде. Енді осыларды бізге енгізсек қаншалықты дұрыс болады дегенге келсек. Біздің пайымдауымызша Батыс елдерінен жалаң көшірме ретінде еңгізсек пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Сондықтан, ұлттық менталитет тұрғысынан да қарастыра отырып, балаларға арналған әдістемелік негіздемесін жасаған орынды сияқты. Ол үшін алдымен қазақ қоғамындағы іскерлік-танымдық-тарихи сананы барынша ашып қарастырып алсақ, әдістемені жасау қиынға соқпаған болар еді.

«Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деген әкесінің дәулетіне ие бола алмай қалып, айырылып қалған кісіге және әкеден мұра қалмаған жанға жұбату үшін айтылғандай. Дүниелік игіліктен де жоғары қазақы гумандықтылықтың бірі табиғатпен жақындастық тұрғысынан айтылған сияқты көрінеді. Әрине, адам артынан көп ағаш егіп, бір баласы үшін емес, барша адамзат үшін игі іс жасап кеткені де қазіргі экологиялық мәселелер өршіген уақытта өзектілігін жоймайтын нәрсе. Исламдағы дін ғалымдары да ақырет болып жатса да ағаш егудің абзалдығын айтып кеткен өсиетке толы сөздері баршылық.

Жоғарыдағы аталы сөзге мағыналас, синонимдес мына бір сөз де бар. «Атаңнан бота қалғанша, бата қалсын. Бота - бір жұттық. Бата - мың күндік» дейді. Аталған сөздің мәніне үңіле қарар болсақ, Джорж С.Клейсоннің «Ежелгі Бабылдағы ең бай адам» кітабында бас кейіпкер Бабылдың (Вавилон)  атақты байы баласын кәсіп ету үшін басқа қалаға жібереді. Баласына керуен толы байлық пен өзінің ақыл-кеңесі бар өсиетін бірге береді. Атақты байдың баласы әр кәсіптің басын шалып жүріп бар байлықтан айырылып қалады. Сол кезде әкесінің қолына берген өсиетті оқуға кіріседі. Онда ақшаны қалай жұмсауы, ақшаны табу жолдарымен қоса сақтау, көбейту туралы ақыл-кеңестері айтылған екен. Соны басшылыққа алып, еңбек етіп көп уақыт өтпестен байып шыға келеді. Кейін Бабылға келгенде әкесіне басынан өткен жайттың барын айтып баян етеді. Біз қарастырып отырған тақырыпта осыған мағыналас. Ал жоғарыдағы мақалымыз кітаптағы оймен бір жерден шыққандай. Атадан құр қалған мал даулет болса, онда ол құрып кету мүмкіндігі жоғары. Ал, атадан ботадан гөрі батаны абзал санауына келсек. Бата деген ұлттық танымызда бір жағынан дұға ретінде үлкен рухани үстін ретінде байқалса, келесі қырынан балаға айтылған өсиет, ақыл-кеңес, аманат ретінде қарастырылады. Атадан қалған дәулетті ұрпағы иеленіп одан әрі сол дәулетін еселу үшін де «әке көрген - оқ жанар» дегендей әкенің бойындағы қабілетті өз бойына сініре білу керектігін білдіреді.

Руслан Ахмағанбетов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2245
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2602
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2577
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1687