Сәрсенбі, 22 Мамыр 2024
Мәйекті 3209 0 пікір 13 Наурыз, 2017 сағат 06:20

ВОКЗАЛ ТЕМІР ОРЫНДЫҚТАН ҚАШАН «АЗАТ» БОЛАДЫ?

Көкшетау қаласындағы салық мекемесіне  бір шаруамен барған едім. Кезек күткен адамдар отыратын  бөлмеге оздым. Осындағы жұқа қалыңтырдан жасаған темір орындықтар көзіме оттай басылды. Мен де келіп орындықтың біріне жайғастым. Жұп-жұмсақ, жып-жылы, отыра бергің келеді. Бір байқағаным, темір орындықтардың үстіне арнайы төсеніш төселген екен.

Осыдан бірер апта бұрын Өскеменге іс сапармен бара жатқанда, елорданың теміржол вокзалына аялдаған  оқиға ойыма оралды. Вокзалдың іші ығы-жығы халық, жолаушылар нөпірінің көптігінен аяқ алып жүрудің өзі қиын соғады.  Екінші қабатына көтерілгемін. Ондағы ойым пойызым келгенше азын-аулақ демалып алу еді. Қаз-қатар қойылған орындықтарға жақындадым. Көбі бос көрінді. Адамдар астыңғы қабатында сабылғанша осында келіп неге демалмайды  екен деген сауал да кес-кестеді.

Мұның да өзіндік сыры бар болып шықты. Бұрын бұған мән бермеген екенмін. Орындықты нұсқап: «Отырыңыз!» деп кішіпейілділік көрсеткен маған бір қарт адам  рахметін жаудырып, сосын: «Қарағым, мен осындай темір орындықтарды халық көп жүретін жерге орнатқан басшыларға қайран қаламын. Қарашы, темір орындықтардың үстінде еш жапсырма төсеніш жоқ. Анаған отырсаң, астыңнан өткен суық бүкіл денеңді қалшылдатады. Өздері отырмағасын, біз сияқты қарапайым адамдардың  қамын ойлап, солар бас қатыра қойсын ба?» деді.

Мен, шынымен, ойланып қалдым. Әлгі орындыққа өзім де отырып көріп едім. Темірдің ызғары әжептәуір ішке өтіп кетті. Теміржол мекемесінің басшылары ақша үнемдеп, осындай қаракетке неге барады  екен?! Бұл жаңағы қарт адамдарға қасақана жасаған қайырымсыздықтың бір көрінісі емес пе. Бәлкім, мұндай орындықтар Арқа сияқты қытымыр қысы алты ай бойы жататын өңірлерге арналып жасалмаған шығар-ау.

Жаз маусымын көз алдыма елестетіп көрдім. Шілденің шіңілтір ыстығында бұл орындықтар керісінше моншаның булану бөлмесіндегі көріністі алдыңнан көлбеңдетеді. Сонда осыған жаңағы мекемедегілердің ақылы жетпегені ме?!

Баяғы кеңес заманында адамдарды былай  әуре-сарсаңға салмас еді-ау. Бұл өткен тоталитарлық кезеңді аңсап отырғаннан емес. Қай қоғам болсын, ең басты қндылық – адам мүддесін бәрінен биік қоюы тиіс қой. Тәуелсіз ел болдық, қарапайым адамдарға да жасалатын жақсылық атаулы қайта көбейе түсуі керек еді. Қайда барсаң да «Қорқыттың көрі» алдыңнан шығады. Желдің өтінде қалған адамдарды аяйсың. Жаңағы темір орындықтың ызғары сияқты өмірдің суық лебі денеңді қариды.

Асты-үстіміз кен байлыққа  кенде болмай тұрғанда неге мұнша жұпыны өмір алдымызды орайды. Басқаны былай қойып, елорданың вокзалы шебердің қолынан шығып, ағаштан өрілген отырғышпен  емес, жалаңаш темір орындықтармен жайсыздық тудырғаны жақсылық болмаса керек. Әлде темір орындықтардың үстіне төсейтін жұмсақ төсеніштер біреудің құлқынына тығылды ма екен?! Қазір жемқорлық жайлап тұрған заманда оған таңқалуға да болмайды. Ал, теміржолдағылар Көкшетаудың салық мекемесінің өз клиенттеріне арнап темір орындықтарды жайғастырып, оны жайлы төсенішпен көмкергенін неге көрмейді екен деген ой да келді, маған.

Біреулер осындай ұсақ-түйекті де сөз еткен мені жазғыратын да болар. Бірақ, барлығы осындай ұсақ-түйектен басталатынын да ұмытпаған жөн. Егер еліміздің жүрегі – Астанамызда  жолаушыларға осылай ниет танытса, басқалар жайлы айтудың өзі қиын. Ертең  ЭКСПО көрмесін келетін шетелдік ағайындар мұны көрсе, не дейді. Жарапазан айтып, елу елдің қатарына қосылдық дегеніміз құрғақ сөз болып шықпай ма?! «Театр киім ілгіштен басталады» дейтін қағида тегін айтылмаған-ау. Елорданың теміржолы кенедей жабысқан темір орындықтарынан қашан арылар екен? Манағы қарапайым қазақтың қара шалын аяймын. Енді ол елорданың вокзалын сырт айналып өтетін шығар-ау.

Бақыт Смағұл, журналист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2250
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2604
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2586
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1691