Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Билік 5731 1 пікір 14 Наурыз, 2017 сағат 14:06

«АСЫЛ АРНА» ҰСЫНАДЫ: «СЕРГЕЛДЕҢ»

Жат ағымға еріп, жаттың аузындағы уағызға ұйып адасқан жас жігіт пен оның айналасы туралы «Сергелдең» атты фильм экранға жол тартудың алдында тұр. Аталған фильмді елімізде діни-танымдық, сараптамалық және ақпараттық хабарлар тарататын «Асыл арна» арнасы түсіріпті. Драмалық әрі комедиялық жанрды қабат қамтыған фильмнің хронометражы – 1 сағат 57 минут. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің тапсырысы бойынша таспаланған фильмнің қоюшы режиссері Жандос Құсайынов дейтін азамат екен. Сценарийін тележурналист  Мұрат Есжан жазыпты. Идея авторы – әйгілі айтыс ақыны, «Асыл арна» арнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабек.

Басты рөлдерде – Алмат Сақатов (Асқар, журналист), Мақсат Сәбитов (Бейсенбай), Сафуан Шәймерден, Әйгерім Сәбитова, Сағындық Жұмаділ, Әлия Даниярова, Әсет Есжан ойнайды.

Фильм не туралы?

Жоғарыда бірер жолмен баяндап өткеніміздей, фильм жат ағымның соңына еріп адасқан Бейсенбай деген кейіпкердің басынан кешкендерін баян етеді. Бейсенбай – дінен хабары кем, діни кітаптардың бетін ашпаған, ата-баба дәстүрі мен халқының тарихынан мақұрым жас. Бітім болмысы осындай; дүмбілез, дүлей адамдарға ортақ – тип. Фильм басталғанда-ақ, ол көзінен от шашып, жүзінен зәр төгіп: «Біз – арыстандармыз, біз – нағыз дін таратушылармыз, бізден басқалар – жәһилдер», - деп жанындағыларға насихат соғып отырады. Ол фильмнің басынан бастап соңына дейін қалқайған қарасын көрсетпей отырып-ақ әмірін жүргізетін әлдебір ұстаз-шейхтің пәтуасымен, соның нұсқауымен ғана жүріп-тұрады. Тақуа діндардың жолын ұстанғысы келгенімен Бейсенбай өте қатал, өте дөрекі, тынымсыз  жан. Тысқа шығып қоқыс төгіп оралған зайыбына айқайлап берген ол жүкті әйелдің жерік асын әперуге де қасарысып қарсы шығады. Оның өзгелерге қоятын жалғыз сұрағы: дәлелің бар ма? Қапелімде дағдарып дәлел таба алмай қалғанның бәрін Бейсенбай жерге тыға жекиді, жәһил, яғни кәпір деуге дейін барады. Заң адамдарына, полиция қызметкерлеріне, тіпті, Конституцияға қарсы. «Конституцияны адам жазған, ол шариғат жолы емес» деп айтып та салады. Осылайша бетімен кетіп, көрінбейтін ұстазының пәтуасымен өмір сүріп жатқан Бейсенбайға журналист Асқар (актер Алмат Сақатов) жолығады. Бейсенбай қандай суық, қырыс адам болса, Асқар керісінше жайдарлы жігіт. Аңғалдығы да бір басына жетіп артылады. Сонысымен ол әр сөзінен, әр ісінен күлкі тудырып, езуіңді жиғызбайды. Режиссер, жалпы фильмді түсіру тобы Асқар бейнесін Бейсенбайға қарсы сәтті таба білген. Өйткені Асқар жүйкені жүндей түтіп, жаныңды жүдететін тіршілік тауқыметін көре жүрсе де (оның да әйелі әлдебір ағымның соңында кеткен, мектеп жасындағы баласын өзі бағып қалған, пәтерде тұрады, пәтер ақысын төлеуге ақшасы жоқ, үміт еткен қызметін басшысы «бет бояушы» қызға беріп қояды, ақырында жұмыстан шығып қалып, Бейсенбайлар туралы шытырман оқиғалы репортаж түсіруге келіседі) өмірден түңілмейді, алған бетінен қайтпайды. Керісінше, кәсібіне шын берілген алғыр журналистке тән қайсарлығымен көрерменді тәнті етеді. Фильмнің күлкі шақыратын тұсын тұтасымен ұстап тұрған да сол – журналист Асқар. Асқардың табандылығы мен аңғалдығын көрсете отырып режиссер діни ағымдармен әзілдесудің оңай-оспаққа түспесін де астарлап ескертетін секілді. Себебі, Асқар журналист адасқан Бейсенбайдың тілін табамын деп барып, басы айықпас пәлеге қала жаздайды. Сөйтіп соңында Бейсенбайдың тәубаға келуімен абақтыдан босап, ақталып, бостандыққа шығады. «Сергелдеңнің» оқиғасын тұтастай әңгімелеп беру біздің міндетіміз емес, оның үстіне көрерменге де бірдеңе қалдыруымыз керек дегендей, қысқасы, біз аталған фильмнен жат діни ағамдардың ел ішін ала тайдай бүлдіре алатын аса қауіпті күш екендігін көргендей болдық.

Фильмде не айтылды?

Фильмде көрерменді бей-жай қалдырмайтын екі көрініс бар. Біріншісінде, жат ағымның апанына  барып жығылған Бейсенбай қатты қысылып «Ахи бауырларынан» жәрдем сұрайды. Бірақ, тәтті жеп, тәтті сусын ішпесе, өліп кетуі мүмкін Бейсенбайға ахилері көмектеспейді, жоқты сылтау етіп, маңына жоламайды. Бейсенбайды қасында қапылып отырған Асқар құтқарып қалады. Онысымен қоймай, сауда дүкені бар танысын шақырып, Бейсенбайдың сусынға шөлін қандырып, есін жиғызады.

Екінші көріністе, бұзақылардың қолына түсіп, ақырында полициядан қашпақ болып жараланған Бейсенбайды қансырап жатқан жерінен шанаға ат жеккен адам тауып алып, жанына сауға береді. «Мынауыңның түрі қорқынышты екен, сақалды неме көрінеді» деген кемпіріне қария: «Қайткенде мұсылманның баласы ғой, көзім қиып далаға тастап кете алмадым?» деп жауап береді.

Кейіпкер Бейсенбайдың өмірінде кездескен осы екі оқиға оған ой салғанға ұқсайды. Бейсенбайға ғана емес, бұл көрініс барлық қазақ жасын ойландыруға тиіс. Өйткені, қазақтың досы – қазақ. Қазақтың басына күн туса, оған қол ұшын созатын қайдағы бір ахи-сахи емес, ата-баба жолындағы өз туысы, өзінің қазағы. Қазақтың мейрімінде, адамға жаны ашығыштығында шек жоқ. Шамасы, режиссер мен фильмді түсіру тобының, актерлар ұжымының айтпағы  да осы болса керек...

Фильм нені ескертті?

Жобаның авторы – Мұхамеджан Тазабектің сөзіне қарағанда, «Сергелдеңді» түсіру оңайға түспеген көрінеді. «Фильмнің сценарийі тиісті орындардың тарапынан бірнеше мәрте сүзгіден өтті, - дейді ол, - өйткені бұл діни экстремизм туралы кинокартина. Ал бұндай шығарманы таспалау омыртқадағы жұлынға ота жасаумен бірдей екен». Сондықтан да түсіру тобы комедия жанрын таңдапты. Комедия – күлдіріп отырып ойландыратын өнердегі керемет құбылыс. Күлкі демекші, «Сергелдеңде» алаяқтықпен айналысатын топтың үрейлі, әйтесе де күлкілі әрекеттері көрініс беріп қалады. Ол – бұзақы топтың басшысы Бугай бастап бәрі – Бейсенбай мен Асқарды экстремист, террорист деп түсінуінен туатын күлкі. Біреуі құмалақшы кемпір болып киініп, келесісі оны қорғап жүріп, «сақалдылармен» қақтығысып қалатын бугайлар олардың соңына түседі. Бірақ, сондағы мақсаттары не? «Сақалдыларды» сақалынан сүйреп заң, құқық қорғау орындарына тапсыру ма, әлде оларды бопсалап ақша алу ма? Сірә, соңғысы болса керек. Алайда, осы тұста безерген Бейсенбайдың басындағы хал де күлкілі жайттың бірі болып бітеді. Оның «ұстаз» деп, «шейх» деп жүргені де, ұстанған жолы да, адасуы да түк емес, көптің басында кездесуі мүмкін күлкілі кептің бірі болса керек дегендей көрерменді ойға қалдырады. Өйткені,  Бейсенбайдың шатынаған көзі мен шатты-бұтты сөзінен басқа алып бара жатқан әрекеті жоқ. Жағын орап қаулай өскен сақалы демесеңіз, оның әсіре-діншіл сойқанға сорпасы да қосылмайтындай біреу. «Құмалақшының» жаймасын теуіп, сіріңке қорабын жағып қашқан Бейсенбайдың соңынан біреулер: «Ойбай, жарды, өртеді!», - деп ышқынады. Расында, мына өмірде де осыған ұқсас жайттар кездесіп қалады ғой. Сақал қойып, сүннет қылғандарға теріс қарап, жек көретін көзқарас қазақ қоғамында да қылаң берді. Әрине, бұқара көпті бұндай байламға жеткізген ислам атын жамылған жат ағымдар, қараңғы күштер болса керек. Сондықтан түсіру тобы «сақалдының бәрі экстремист, терроршы емес» дегенді, байқаумызша, әзілмен астарлап ескерте кетуді де ұмытпаған сықылды. Әйтсе де фильм Бейсенбайдың журналист Асқармен қайтадан жолығып, камера алдында сөйлеген төмендегі сөзімен аяқталады:

Біз өзіміздің тәрбиемізде кеткен қателіктерді, мінезіміздегі жамандықтарды өмір бойы өзімізбен бірге алып жүреміз. Намаз оқыған соң да бұл мінезімізден бірден арыла кету оңай емес. Ислам - жаман емес. Ислам – кіршіксіз таза дін. Ислам - адамдар арасындағы қауіпсіздік пен сенім құндылығын бірінші орынға қояды. Ислам – ата-ананы қадірлеуге, туыстармен жақсы қарым-қатынаста болуға, жетім-жесірлерге пана болуға, басшыға бағынуға, заңға бағынуға шақырады. Ислам – бейбітшілік сөзінен шыққан. Ислам - жер бетіндегі ең әділ дін. Ислам - жаман емес, Исламды түсінбей, өз бойындағы жамандықтарын жеңе алмай жүрген кейбір жекелеген адамдар жаман. Мен осыны түсіндім. 

Сонымен, «Асыл арна» ұсынған «Сергелдеңді» көрейік: «Сергелдеңді» көргендер сергелдең халден арылсын.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1942
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2149
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1778
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1533