Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Билік 4155 0 пікір 15 Наурыз, 2017 сағат 09:37

ЖАРАТУШЫ – ЖАЛҒЫЗ, ДҮНИЕ – ОРТАҚ...

Бүгінгі таңда Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісім моделі бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынастың үлгісіне айналып отыр. Қазақстан Үкіметі конфессияаралық келісім моделін кемелдендіре түсу бағытында байыпты қадамдар жасап келеді. Олардың бірі ретінде 2016 жылдың 13 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуын атап көрсетуге болады. Аталмыш министрліктің бастамасымен елде конфессияаралық келісімді дамыту, азаматтық қоғамды өркендету мен жастар саясатын кемелдендіру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіле бастады. Олардың бастысы – Қазақстан Республикасының дін саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік саясатының тұжырымдамасының жобасы болып табылады. Алдағы уақытта аталмыш жоба Қазақстан азаматтарының назарына ұсынылмақ.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі мақсаты конфессияаралық келісімді сақтап дамыту болып табылатындығы белгілі. Бұл тақырыптың ұлттық мүдделердің қатарына кіретіндігін ескерер болсақ, аталмыш тұжырымдаманың жобасы діни және қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақ және жастар ұйымдары сияқты барлық азаматтық қоғам институттарының талқылауынан өтіп, олардың қолдауын табады деген үміттеміз. Тұжырымдама бірауыздан қабылданған жағдайда 2020 жылға дейінгі уақыт аралығы Қазақстандағы тек дін саласының ғана емес, жалпы азаматтық қоғамның даму тарихындағы елеулі дәуірдің басы әрі даму деңгейінің көрсеткіші болары анық.

Заманауи халықаралық қатынастардағы поляризация, келіспеушілік пен бөлінушілік адамзатқа әлі күнге дейін үлкен қатерін төндіріп отыр. Әртүрлілікке құрмет таныту қажеттілігін қанағаттандыру мақсатындағы бүгінгі қадамдардың саны мен сапасы алдымыздағы бірнеше онжылдық ішінде халықаралық қатынастарға бағыт-бағдар беретіндей ықпалға ие болатындығы даусыз. ХХ ғасырдың қарым-қатынас модельдерінің жарамсыз күй кешуінің салдарынан әлем бүгінгі жаңа заманда бірқатар өзгеше қатерлердің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр.

Терроризм, жаппай қырып-жою қаруларының таралуы, контрабанда және ұйымдасқан қылмыс аясы жаһандық сипатқа ие болып, оны жер жүзіне таратуды көздеп отырғандар бар. Жаһандану үдерісінің нәтижесінде ұлттардың өндірісі мен әл-ауқат деңгейі жақсара түсті. Дегенмен, ұлт байлығы әділетті түрде бөлінген және әлем қауіпсіздігі қамтамасыз етілген деп айту өте қиын. Баршаның қауіпсіздігі қамтамасыз етілмесе, бұл – «ешкімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген» деген сөз.

Мақсаты не болса о болсын, терроризм адамзатқа қарсы бағытталған қылмыс. Террористтің жақсысы-жаманы болмайды. Адамның бәрі жақсы, амалы ғана жаман болуы мүмкін. «Маса шағып мазаңды алса, масаны өлтірме, батпақты құрғат» демекші, террористерге қолдау танытатын демеушілердің жолын кесудің тәсілдерін кемелдендіру бүгінгі құзырлы органдардың басты міндеттерінің бірі болып отыр. Бұл төнген қатерді жеңу үшін Қазақстан азаматтары халықаралық ынтымақтастықтың бұрынғысынан да күшейе түсуіне, өркениеттердің одақтасу үдерісінің өз жалғасын табуына жан-жақты қолдау білдіруі абзал.

Өркениеттер одағының аясында бас қосқан мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар бүгінгі таңда демократия, адам құқықтары мен заңның үстемдігі сияқты адамзатты тату бірлікке бастайтын негізгі құндылықтарды мәдени әртүрлілігімізден жоғары қойып отыр. Сондықтан кез келген азаматтық қоғам институтының аталмыш бағыттағы бастамалары қолдау мен демеу тауып отыруы ұлттық мүддеге төнетін қатерлердің алдын алу ісіне көмектесері шүбә тудырмайды.

Сөз бостандығы мен діни сенімге құрмет таныту қағидаттарын бір-бірімен астастыра отырып дамыту бүгінгі таңның ең маңызды мәселелерінің бірі. Сөз бостандығы өркениетіміздің құрамдас бір бөлігі болуымен қатар басқа да еркіндіктеріміздің негізі. Алайда, біз сөз бостандығы мен жұртшылықтан бөлінушілік, тіпті зорлық-зомбылық қолдануға шақыратын арандатушы ұстанымдар арасындағы шекараның жойыла жаздағанының куәсі болып отырмыз.

Нәсілдік, тілдік және діни ерекшеліктерімізге қарамастан әлемдік құндылықтарға негізделген ортақ өркениетті байланыстарымызды сақтап қалу бүкіладамзаттық мәселе. Оның шешім жолы – адамдардың бірге бейбіт өмір сүруінің мүмкін екендігін, әртүрліліктің адамзат байлығы екендігін, қақтығысудың оңай, келісімге келудің қиын болатындығын айшықтап көрсететін тұжырымдамалардың қолға алынуы қажет.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең, ендеше, біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек», – деп айтқан болатын. Егер Елбасының аталмыш ойлары іс жүзінде жалғасын табар болса, Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің «Мәңгілік Ел» идеясының мызғымас тірегіне айналары сөзсіз.

Қоғамдық мәні бар қандай да бір идеяны қабылдау қашанда сұхбатты қажет етеді. Ешкім басқаға өз түсінігін мойындатуды, ешкім басқаны дәлме-дәл қайталауды көздемейді. Идея қоғам дамуының талаптарына сәйкес келсе ғана ортақ мақсат түрінде қабылданады. Сондай идеялардың қатарында азаматтық қоғам идеясы бар.

Азаматтық қоғам адам мен үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қолайлы жағдай жасайтын әлеуметтік тәртіптің бір түрі болып табылады. Адам үкіметтік емес ұйымдардың қызметі арқылы қоғам дамуына өз үлесін тигізу мүмкіндігіне ие. Азаматтық қоғам мемлекет пен азамат арасындағы сұхбаттың жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Мемлекетсіз азаматтық қоғамның өмір сүруі мүмкін емес. Мемлекет болмаса ретсіздік, төртіпсіздік, хаос, ұйымдаспағандық, ыдыраушылық жайлайды. Дамыған азаматтық қоғамсыз демократиялық, құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мүмкін емес. Демократиялық, құқықтық мемлекетсіз зорлық-зомбылық пен басыбайлылықтың үстемдігі орнайды. Азаматтық қоғам дамыған жағдайда жеке тұлғаның негiзгi құқықтары мен еркiндiктерi заң жүзiнде қамтамасыз етiлiп, саяси жағынан қорғалып, үйлесiмдi дaму бой көрсетеді. Ел дамыған демократиялық мемлекетке айналып, азаматтар өркендеген азаматтық қoғaмды құрайды.

Азаматтық қoғaмның қалыптасуы мен қарқынды даму процесi өз мақсат-мүдделерін жүзеге асыру мақсатында клубтарда, кәсiби одақтарда, әлеуметтiк қозғалыстарда epiктi түрде бас қосатын азаматтардың (үшiншi сектордың) іс-әрекеттеріне тікелей байланысты. Үшiншi сектор елдегi қоғамдық-саяси үдерістердің ары қарай демократиялануына оң ықпалын тигiзетін күш. Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің жаңғыруына үлесін қосып келе жатқан діни бірлестіктерді де осы үшінші секторға жататын азаматтық қоғам институттары ретінде қарастыратын уақыт келген сияқты.

Қазақстан Республикасы діни берлестіктер қызметінің қорғалуын қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі уақытта дамыған азаматтық қоғам құру идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Үкімет азаматтардың заңды мүдделерінің құқықтық жағынан қорғалуын күшейтіп, қоғамдық-саяси белсенділігін жан-жақты дамытуды көздеп келеді. Діни бірлестік қызметінің де азаматтық қоғам құру идеясы аясында жұмылдырылуы ел дамуына серпін берері анық. Дегенмен, діни бірлестіктердің азаматтық қоғам институттарынан бөлектетіліп қарастырылуы баршаға мәлім. Азаматтық қоғамның даму үдерісіне кедергі жасайтын факторлардың орын алмауы үшін Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына аталмыш мәселелердің шешім жолдарын қамтамасыз ететін баптарды енгізу жақын уақытта заман талабына айналуы мүмкін.

Қазақстанда азаматтық қоғамының дамуын, демократиялық және құқықтық мемлекеттің нығаюын қамтамасыз ете алатын басты мамандық иесі – ол құқықтанушы. Бүгінгі құқықтанушылардың басым көпшілігінің басты кемшілігі дін саласын меңгермегендігінде жатыр. «Дінтану» пәнінің жоғары оқу орындарында элективті, таңдамалы пән ретінде бекітілуі осының бір себебі ғана болуы мүмкін. Құқықтанушы мамандарды діннен, азаматтық қоғам үдерістерінің заңдылықтарынан және жастар мен жасөспірімдердің психологиясынан хабардар кәсіп иесі ретінде қалыптастыра алған жағдайда ғана этносаралық және конфессияаралық келісімнің сақталып, кемелдене түсуіне жан-жақты мүмкіндіктер жасауға болады. Білместіктің салдарынан дін саласында қылмыс жасаған адамды діннен хабары жоқ адамның құрықтауы, соттауы, жазалауы білместіктен туындаған қылмыстан да бетер қылмыс болып табылатындығын ұмытпағанымыз жөн. Сол себептен құқықтанушыларымыздың дін мәселелерін меңгеруі уақыт күттірмейтін мәселелердің бірі.

Құқықтанушыларымыздың өз саласындағы жоғары біліктілігі азаматтық қоғам институттарының қарқынды дамуының, ал азаматтық қоғам институттарының дамығандығы өз кезегінде конфессияаралық келісімнің сақталуының кепілі болып табылмақ.

Б.Баймаханов, Қазақстан Республикасы Діни істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1942
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2177
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1794
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1535