Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Мәйекті 4195 0 пікір 2 Желтоқсан, 2016 сағат 09:37

КЕУДЕ СYЙЕКТІ КӨКТЕГЕН ЖЕБЕ

Зау заманның қара дауылы қара жер үстін тітірентіп, күлін аспанға шашқан дойыр сілкіністердің дүмпуі ызғарлы қыспен қосылып қараша халықты қалтыратты-ай кеп.

Еңсесі түсіп ел қалды, сүйекке толып жер қалды. Екі алыптың азғантай айқасы емес, екі елді қоса қаймықтыратын ұзақ жылғы азаптың шоғы болмақ. Көкірегін күйік кернеген оғландар ұйқы күлкі дегенді ұмытқан. Мына сұм заман сұқты көздердің ойыны болды-ау, – деген зарлаулар бұлтқа жұтылып жатты.

«Бұл дүниенің бәрі бейбітшіліктен садаға кетсін» деп ойлағандар да болды. Шынымен де жұмыр жер басқан тіршілік иесінің ішінде адам атты ойлау жүйесі дамыған пенденің ақыл-ойы шексіз. Азабы да, қуанышы да, қайғысы да қатар жүреді. Басқан жер, жұтқан ауасына да, ортақ бір ниеттілік болып, шын көзқарас қалыптасқанша жылдар жылжи бермекші.

Қара түнек аспанды торлап, құс бағытынан жаңылып ұшты. Әуе айналып жерге түскендей сәтте ауыл іргесінен және шу шықты. «Аттан, аттан!» – деген ұрандар күллі өлкені оятты.

Қарагер атына қамшы басып, толық қаруымен әзірленген Азамат Батырбайұлы жауға аттанды. Азамат жеке бас қамы үшін емес, бүкіл елінің арман-мақсатын, мұңын арқалап кетіп барады. Соңынан ергендер Нысана Мергенбайұлы, Уақыт Тағдырбайұлы, Ақниет Тілекбайұлы сынды ауылдың атқамінерлері еді. Ел шетіне іліне бастаған жойқын толқынның алдын бөгейтін батырлар өз-өзімен серттесіп, Жаратқанға сиынып, жау жасағымен шайқасып ұлы толқынға араласып кетті.

«Қара қылыш қанға бөккен күн», – деген осы екен. Өктем күш қай жақта болса, жеңістің жалауы сол жақта желбірейтіні даусыз. Келген жаудың топаны сирей бастады. Кірген жағын жапырып, Нысана батыр алда кетіп бара  жатқан. Жеке бас мүддесін көздеген Уақыт батыр өзінің ойынша, «Ертең менің ерлігім ауызға алынбайды», – деген сұм ниетпен Нысана батырды көздеп садағын тартып қалды. Нысана батыр атынан құлап жерге түсті.

Қарагер кісінеп топтан бос шыға бергенде және бір жебе жануардың кеудесіне қадалып, ол да омақасты. Жау әлдеқашан жеңілген. Бірақ, ішкі тайталас осылай жылдар салып жаңара берді. Бәлкім, бұл көрініс тарихпен бірге жасайтын секілді.

Қарагердің  кеудесіне қадалған жебе, о, тәйір-ай, биік мәуелі ағашқа айналып көктеп тұр. Сәмбі бұтақтарына түрлі-түсті құстар қонып, ұзақ сайрайтынды шығарды. Олардың сайраған дауысынан «Жалғандық, жалғандық» – деген үн бір сәт толастамайды. Дауыстар қашан өшер екен?!

Көгедай ШӘМЕРХАН 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2012
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2430
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2000
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1582