Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Міне, әңгіме! 5879 0 пікір 4 Желтоқсан, 2016 сағат 09:37

ҚЫТАЙҒА ҚЫЗ БЕРЕМІЗ, КИНО АРҚЫЛЫ...

Жақында «Қазақфильм» АҚ мен «Батыс Қытай фильм» корпорациясы бірлесіп, «Махаббат өткелдері» атты романтикалық комедия жанрында фильм түсірмек. Қытайға тиген қазақстандық қыз, фильмнің сценарисі әрі бас кейіпкердің прототипі София Ұшырованың айтуынша, туынды, романтикалық комедия жанрындағы фильм болмақ. Онда, қазақстандық заңгер қызбен қытайлық кәсіпкер жігіт арасындағы махаббат хикаясы баяндалады деген ақпарат БАҚ-ты шулатты.

 ...Әлқисса, Астана қаласының он жылдығына орай  Астана төріндегі Бейбiтшiлiк пен келiсiм сарайында өткен К.Байсейiтова атындағы ұлттық опера және балет театры ұжымының елорда күнiне тартуы –  «Астана» мюзиклiнiң премьерасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, бас қала туралы туындыны тамашалады. Сонымен, жарнамасы жер жарған мюзиклдегі оқиға барысына келсек: Екінші дүниежүзілік соғыста «сәбеттерге» тұтқынға түскен жапон жігіті азып-тозып, қорлық көріп , аш-жалаңаш жүргенінде қазақ әйелі қолынан келген көмегін аямай,  көмектеседі. Сол жапон тұтқыннан босап еліне барған соң, қазақтарды ұмыта алмай шет тілдер институтында оқитын немере қызы Асамиға «қалайда Қазақстанға бар» деп аманаттайды...

Астана аэропортында жолаушыларды қарсы алып, шығарып салып жүргендер. Шетелдік қонақтар. Бұл көріністердің барлығы би өнері арқылы жеткізіледі. Дәрігер жігіт Арман бала күнгі досы Сержанмен шүйіркелесіп  тұрғанда ұшақтан түскен жапон қызы Асами көзіне оттай басылып, есі кетіп, бір көргеннен ғашық болады. Асамиді ұшақтан Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жапон кәсіпкері Тамура қарсы алып тұр.Тамура да Асамиға ғашық.  Арманға тығырықтан шығуға орыс жігіті көмектеседі де, жапон жігітін «алдап -соғып» соңында орыстың қызына үйлендіріп, ал, Арман Асамиға үйленеді. Мұндай күлдібадам сценарийді сонау Санкт-Петербургтан Ю. Александров деген режиссерді  шақыртып шығындалмаса да,  кез-келген қазақ-ақ жазып беретін еді.

«Ирония любви» сияқты интернационалистік шығарма жазуға қазақ жазушылары алдына жан салмайды емес пе? «Ирония любви» фильмінде қазақтың бай жігітінің «аузын ұрып» қазақ қызын өзге ұлт жігігітінің қойнына салып берсек, бұл мюзиклда бай жапон жігітінің «аузын ұрып» қазақ жігітінің қойнына жапон қызын салып бердік. Айырмашылығы осы ғана. Мюзикл жанрын  өткен ғасырдың елуінші жылдары Америкада кімнің ойлап тапқаны белгісіз. «Астана» мюзиклінің дүниеге келуіне Америкада тұрып жатқан композитор Алмас Серкебаев  себепкер болыпты. Оны сахналауға астаналық опера театрының симфониялық оркестрінің, атап айтқанда, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхидинов көмектескен. «Астана» мюзиклі лирикалық комедиясының  қоюшы режиссері ресейлік Ю. Александровтың қиялынан туған туындысы екен. Оның Қазақстанға қаншалықты қатысы бар?  Алғашқы әні мен соңғы әні ғана қазақша күлдібадам шығарманы «ах» деп көретіндей, соншалықты не көрініпті? Ресей театрынан орыс әртістерінің алғашқы әні мен соңғы әні ғана орысша,  қалғаны қытайша, өзбекше, қазақша  өнер туындысын көрер ме едіңіз?  Жеңіл желпі өнер туындысын өзге елдің қаңсығын таңсық қылып,  елді шулатып,  керемет өнер деп  мақтауға сөз таппаған кейбір баспасөз құралдары «Қазақстан өнерінде керемет төңкеріс» жаңалық қатарына қосып үлгерді. Елбасы мен бүкіл қазақ зиялылары қатысқан мюзиклде қалай болса солай киінген, сөз саптаулары тұрпайы түрменің «жаргон» тілімен сөйлеген, сезімсіз махаббат,  мағынасы таяз көше оқиғаларын көрсетті десе болады...

Сол кездерде Мәжілістегі кезекті Үкімет сағатында: «Мемлекеттік мәдени және ақпараттық саясаттың іске асырылу барысы туралы»   тақырыбында, мәжіліс депутаты Нұрлан Өнербайдың  9 минутта «Келін» бастаған «азғын» фильмдердің тоғызынан үзінді көрсеткенде Мәжіліс қабырғасы теңселіп, күңіреніп кетті. Үзіндіні ғимарат дәлізіндегі экраннан көрген мәжіліс қызметкері, өрімдей жас қыздың көзінен жас сорғалап тұрды.

Иә, есі дұрыс жандардың күңіренетіндей бар еді. Қазақстанның «Бораттары» түсірген «анайы», «азғын» фильмдегі үзінді мәжілісте отырған кез-келген жанның ашу-ызасын туғызды. Бір түсініксіз жағдай, өзінің жасаған  баяндамасын ешкім мақтамай, ескерусіз қалғанына ашуланды ма,  депутаттардың әрбір сұрақтарына сол кездегі  Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатқыл  жауап беріп, Мемлекеттік тілдің дамуына қатысты, өнер мен мәдениет саласының өркендеуі туралы ойларын ортаға салған ол тарих, археология, этнография саласындағы көптеген жұмыстардың қорытындылары энциклопедиялық әдебиет түрінде, бірегей кітап сериялары негізінде жарық көргенін ауыз толтырып айтып шықты.

Әрине, қаншама жетістікке жетіп істеген  істері еленбей «қайдағы бір түкке тұрмайтын  фильмдерден» үзінді көрсеткен Өнербайды, «Өзің Алматы мәдениет департаментін басқарып отырғанда түсірілген фильмдерді менен сұрайсың, сол кезде тыйым салсаң өзің қайда болдың? Әрине тыйым сала алмайсың, өйткені біздің заң оған жол бермейді. Сондықтан менде тыйым сала алмаймын. Ал, «Келін» фильмін мемлекеттің бюджетіне «Қазақфильм» студиясы түсірген. Мен  одан  «алып бара жатқан» ештеңе көріп отырған жоқпын. Басталар кезінде титрге «біздің дәуірімізге дейін екінші ғасыр» деп жазылған, сондықтан қазаққа еш қатысы жоқ. Қалған фильмдерді көрмеппін» деп қоғамда ашу-ыза туғызған «Келін» фильмін ақтап, Нұрланды біраз жерге апарып тастады. Бұған ашуланған Нұрлан:

- «Келін» фильмінде қызды жөн-жоралғысымен басына сәукеле кигізіп, қазақтың дәстүрімен ұзатқан жоқ па» деп сөз таластырды. Оған қайтатын Мұхтар жоқ: «Мен де бір кісідей тарихты білемін. Бұл сақтарға, ғұндарға қатысты оқиға» деп жауап бергенде, Мәжіліс депутаты А. Смайыл мырза: «Қазақтар аспаннан салбырап түскен жоқ. Біз сол сақ, ғұндардың ұрпағымыз» деп шындықты алға сүйреді. Министрге депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға дөрекі жауап беріп отырғаны үшін жұқалап ескерту жасалып еді, министр: «Шалқайғанға шалқай ол құдайдың ұлы емес. Еңкейгенге еңкей ол әкеңнің құлы емес» деп мақалдатып жіберді де, ары қарай сол бетімен кете берді. Оның бұл қылығы залдағы отырғанның барлығына ерсі көрінді. Мәжіліс депутаты С.Ибрагимов: «Мұхтар бауырым, біріншіден, мұнда отырғандардың көпшілігі сенен жасы үлкен. Мәдениет министрі мәдениетті болуы тиіс. Екіншіден, мынадай сұмдық фильмдерді алып келіп, Н.Өнербай емес өзің көрсетіп: «Ұрпағымызды улап жатыр, мынаны тиятын заң шығарып беріңіздер» деп айту сенің орның еді.  Әрине, біз сені сыйлаймыз. Қазаққа жаны ашитын бір азаматы ретінде құрметтейміз. Ел үшін, қазақ үшін істеген еңбектеріңді көріп отырмыз» деп көпшікті қоя сөйлегенде, «Баяғыдан бері осылай сөйлемейсіңдер ме» дегендей көңілденіп сала берді де, «Артық кеткен жерім болса, айып етпеңіздер. 2010 жылдан бастап мұндай фильмнің түсіріліп, экраннан көрсетілмейтініне толық жауап бере аламын», деп еді. Бірақ, «КТК» телеарнасы дәл 16 желтоқсан - тәуелсіздік күні және қазақ жастары тәуелсіздік үшін қан кешкен 17 желтоқсан күні ел көретін кешкі 20.30-да «ыңырсыған» «Келін» фильмін тамашалатты. Елбасымыз айтқан «ұлттық идея, ұлттық мұрат, тәрбиелік мәні зор дүниелерге» пысқырып та қарамады. Не болды, осынша қазақы қауымның талабымен санаспай, намысын таптап?

...БАҚ туралы ҚР-ның 1999 жылғы 23 шілдедегі №451 заңның 3-ші бабының 3-інші тармағында:  «... Мемлекеттік тілдегі телевизиялық және радио бағдарламаларының әрқайсысының жергілікті уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетін ұзақтығы алты сағат болатын уақыт аралығындағы көлемі басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көмінен кем болмауға тиіс» делінген бұл сөйлемдер қазақ тілі мен қазақ халқына қарсы жазылған. НӨЛ сағатыңыз түнгі он екі, соған алты сағат қоссақ, таңғы алты емес пе? Тәуелсіз телеарналардың түнгі он екіден таңғы алтыға дейінгі аралықта бағдарламалардың қазақ тілінде беруін біз өзіміз заң жүзінде жазып беріп отырмыз. Оларды кінәлауға бола ма? Осы тармақта:  «...БАҚ-тың телевизиялық және радио бағдарламаларының мемлекеттік тілдегі апталық көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі  хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс» деп жазылған. Тағы да мемлекеттік тілді басқа тілдерге теңеп, жығып беріп отырмыз. Керісінше, «БАҚ-тың телевизиялық және радио бағдарламаларының басқа тілдердегі  хабарларының апталық жиынтық көлемі  елу пайыздан артық болмауы тиіс» деп жазылу керек еді. Мәселе кімнің ақшасына кино түсіріп, кімнің түсіргенінде емес, кімдердің көріп жатқанында. Көріп жатқан халық олардың жекеменшігі емес қой. Осы кезде мемлекет өз халқын қорғамай ма? Осы жөнінде айтып берсеңіз» деп Нұрлан министрді қайта сұрақтың астына алды. «Биыл біз заңға толықтырулар енгіздік. Ол  бірінші қаңтардан күшіне енеді. Заң бойынша  талаптарды күшейтеміз. «Келінді» көрсеткен «КТК» - тәуелсіз телеарна. Тәуелсіз телеарналар бізге бағынбайды» деп ақталды. Үнемі өзінің өткір сұрақтарымен шырылдап жүрген мәжіліс депутаты Гүлнәр  Сейтмағанбетова: - Қазақ жұртын қуантқан қазақ тіліндегі үш телеарналарда не көрсетеді? Шетелдердегі меншікті тілшілеріміз бола ма? Өйткені Ресейдің мүддесін ғана беретін жаңалықтарды қайталап көріп отырамыз. Қашан ашылатынын сіз маған нақты айтып бере аласыз ба? – деп  сұрақты төтесінен қойды. – Жоқ – деді министр, – Оның қашан ашылатынын ешкім де білмейді. Мен ашылады деп айтқан да емеспін. Биыл ма, келесі жылы ма белгісіз, – деп шорт кесіп, «болашақта болады ма, болмайды ма белгісіз» деп еді әлі белгісіз болып келеді. «Үш телеканал ашылады», деп жаһанға жар салған мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаевтың сөзі – дүрліккен жұртты тыныштандыру үшін айтылған «саяси ойын» болғаны ма? Қазір өзі де сөзі де жоғалды. Қазақ сол «бас ауруымен»  әлі келеді. Иә, көп ұзамай жезөкше «Келінде» Оскарға барды. Бірақ әлемдік жезөкшелердің қасында жезөкше «Келін» жіп есе алмай орынсыз қалды. Ұлттық құндылығымызды қорлау арқылы атақ-абырой алғысы келетіндердің жолы кесіліп еді. Осы неге қазақ атын жамылған режисерсымақтар қазақ қызын жаттың астына салып беруге құмар деген сұрақ мазалап жүр.

Енді халықтық «Нұр Отан» атанған партиясын  басқарған Мұқаң қазақ халқының атынан мына қытаймен бірлескен фильмге тиым сала алар ма екен.

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2062
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2490
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2092
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1605