Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3844 0 пікір 8 Қыркүйек, 2010 сағат 07:40

Дүкен Мәсімханұлы. АЗАТТЫҒЫМ МЕН ҚАЗАҚТЫҒЫМ

Өткен жылы жазда, Үрімжідегі оқиғадан бірер ай бұрынырақ, кезінде Үрімжіде жақсы араласқан ұйғыр ақыны  Астанаға мені іздеп келіпті. Үйімде қонақ болды. Жата-жастана өткен-кеткенді, арғы-бергіні сапырдық. Ол осы сапарында Өзбекстанда, Қырғызда, Түрікменде, Әзербайжанда болыпты. Қазақстаннның Алматы қаласын, Алматы облысын, Оңтүстік Қазақстан облысын, Жамбыл облысын, Шығыс Қазақстан облысынар алапты. Көрген-білгенімен, байқаған-түйгенімен бөлісті. Қанша дегенмен ақын емес пе, оның үстіне «сырт көз сыншы» деген де бар, 1991 жылы азаттығын алған туысқан халықтарының  бүгінгі тірлігінен көп нәрсені аңғарыпты, тіпті біздің өзіміз байқай бермейтін талай жағдайды сезініпті. Аталған елдердің бүгінін сараптап, болашағын  межелеп ұзақ әңгіме айтты. Дегенмен Қазақстан туралы  ашылып-жарыла қоймады.  Қонағымды қайырмалап, қақпалап қайта-қайта  Қазақстан туралы әңгімеге алып келем, сырғақтап-тайғанақтап бірдеңе айтқан болады да, дереу сытылып басқа тақырыпқа кетіп қалады. Содан бір кезде тағатым таусылып Қазақстан туралы пікірін ашық сұрадым.

- шынымды айтсам ренжімейсің бе? - деді ол.

- маған шыныңды айтқаның керек! Неге ренжимін? - дедім.

- жоқ, мен сенің ұлтшыл екеніңді жақсы білем ғой, жүрегіңді ауыртып алармын,  айтпай-ақ қояйын, - дейді қонағым.

Өткен жылы жазда, Үрімжідегі оқиғадан бірер ай бұрынырақ, кезінде Үрімжіде жақсы араласқан ұйғыр ақыны  Астанаға мені іздеп келіпті. Үйімде қонақ болды. Жата-жастана өткен-кеткенді, арғы-бергіні сапырдық. Ол осы сапарында Өзбекстанда, Қырғызда, Түрікменде, Әзербайжанда болыпты. Қазақстаннның Алматы қаласын, Алматы облысын, Оңтүстік Қазақстан облысын, Жамбыл облысын, Шығыс Қазақстан облысынар алапты. Көрген-білгенімен, байқаған-түйгенімен бөлісті. Қанша дегенмен ақын емес пе, оның үстіне «сырт көз сыншы» деген де бар, 1991 жылы азаттығын алған туысқан халықтарының  бүгінгі тірлігінен көп нәрсені аңғарыпты, тіпті біздің өзіміз байқай бермейтін талай жағдайды сезініпті. Аталған елдердің бүгінін сараптап, болашағын  межелеп ұзақ әңгіме айтты. Дегенмен Қазақстан туралы  ашылып-жарыла қоймады.  Қонағымды қайырмалап, қақпалап қайта-қайта  Қазақстан туралы әңгімеге алып келем, сырғақтап-тайғанақтап бірдеңе айтқан болады да, дереу сытылып басқа тақырыпқа кетіп қалады. Содан бір кезде тағатым таусылып Қазақстан туралы пікірін ашық сұрадым.

- шынымды айтсам ренжімейсің бе? - деді ол.

- маған шыныңды айтқаның керек! Неге ренжимін? - дедім.

- жоқ, мен сенің ұлтшыл екеніңді жақсы білем ғой, жүрегіңді ауыртып алармын,  айтпай-ақ қояйын, - дейді қонағым.

Содан не керек, ары ырғасып, бері ырғасып ренжімейтініме де, «жүрегімнің ауырмайтынына да» сендірдім. Сонда барып   қонағым бүй деді:

- Сен қазаққа  қор болып кеткен қайран азаттық!

Естігім келіп отырғаны осы сөз екен! Қурап қалғыр қу құлақ естіді. Өлмегенім қара жер! Жердің тесігі болмай қалды!

Жиырманың о жақ, бұ жағындағы  тас шайнап, жалын бүркіп, от шашып,  алау атып жүрген кез. Туған халқымды ес кете, өртеніп, өліп-өшіп сүйетінім соншалық, оған  зәредей де шаң жуытпай, қазақты «анау-мынау» дегеннің жағасынан ойланбастан ала түсетінбіз. Сол кезде  Абай атамды оқып отырып, оның қазаққа қаратып айтқан «ауыр-ауыр» сөздері шымбайыма батып, тіпті намысыма тиіп, кейде «әй осы шал да...» деп ұнатпай да қалатынмын. Уақыт өте келе: «Абай атам ХІХ ғасырдағы қазақтың тірлігін айтып отырған жоқ па,   қазіргі қазақтың жағдайы жаман емес қой» деп жұбататынмын өзімді өзім. Дегенмен ұлы ақынның:

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып, - дегені қалай айтылған сөз екен деп, көбінде байыбына бара алмаушы едім. Кейін бұның да ащы ақиқат екеніне сан мәрте көз жетті ғой... Дегенмен бүгін міне ұйғыр досымның «арқасында» Абай атамның бұл сөзі тағы бір мәрте өте жанды, әсерлі, аянышты түрде дәлелденді. «Ренжіткен, жүрек ауыртқан» түк емес, тірідей жерлеп кетті! Азаттығымыздың қадірін білмеген қазақтығымызды айтып, табалап кетті!

Не деп ақталам?! Не деп  жалтарам?! Мәскеуді жамандайын ба? Орысты жамандайын ба? Немесе компартиядан көрейін бе? Жоқ әлде, Пекинді, Вашингтонды жазғырайын ба?  Байлығы жоқ  деп даламнан көрейін бе? Ұл таппадың деп анамнан көрейін бе?  Айтшы сен, кеудесінде жаны, бойында қаны бар қазақ баласы, не деп ақталуым керек еді?!  «Жібекті түте алмаған жүн қылады, жігітті күте алмаған құл қылады». Азаттықтың құнын білмей, қадір-қымбатына жетпей қор ғып отырғанымыз өтірік пе, түге?!  Иә, азат ел болуға лайық жұрт едік! Азат елдің оғландарындай алп-алп басып, алшаң-алшаң жүруге лайық ұл мен қыз едік!  Оған қазақ халқының елі де, жері де, рухани, материалдық шарт-жағдайы толық еді. Әттең, бөденей жорғалап, басымызға өзі келіп қонған бақ құсы - азаттықтың қадірін білмедің, қазақ баласы! Бармысың, армысың Алаш баласы?! Намысың  қайда жандағы?   Ерлігің қайда  қандағы?!

«Неменеге күйіп-пісті?», «неменеге түңілді?» дерсің. Негі күймеймін, неге түңілмеймін! Біздің уайым, бүгінгі қазақ қайғысы  саусақпен санарлық  қана  болса арман не?! Өкінішке орай, азаттығымызға сызат түсірген қазақтығымыз толып жатыр. Жүздеп, мыңдап саналады.

Демек енді ойланбасқа, оянбасқа болмайды жұртым! Уақыт өтіп барады. Енді кешігеміз! Тіпті кешіктік деуге де болады. Дегенмен «ештен кеш жақсы».  Ендігі жерде «шаңырағымызды көтеріп алайық, уығымызды шаншып алайық, босағамызды байлап алайық, бау-шуымызды сайлап алайық» дегеннің бәрі бос әңгіме. Бұл шаруаларды жүзеге асыруға бес жыл демей-ақ қояйын, он жыл былай жетер еді. Біздік тәуелсіз ел болғанымызға келер жылы жиырма жыл толады. Бес емес, он емес, он бес емес, табаны күректей ЖИЫРМА ЖЫЛ! Тәуелсіздіктің құрдастары отау иесі бола бастады. Осы жиырма жылда біз - қазақ елінің билігінде жүрген азаматтар, қалың зиялы қауым, жастар, ақсақал-қарасақалдар - қазақтың ұлттық мемлекетін қалыптастыра алдық па? Өкінішке орай, жоқ! Қазақтың ұлттық мемлекетін қалыптастыру былай тұрыпты, керісінше қазақтың  тілі далада қалды, рухы тапталды, қара қазақ азып-тозды, ұлт діни тұтастығынан айырылды, жері, байлығы тонауға түсті, ата-бабам ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қан кеше жүріп қорғап, не бір зұлмат заманнан бізге аман жеткізген қайран қазақ жері, оның асты мен үстіндегі байлық айдың-күннің аманында ит пен құсқа жем болды!  Храпунов, Машкевич, Ким, Миттал... дегендердің  қазақтың елі мен жерінен сонша байлықты күреп алуға қандай қақысы бар еді?! Қазақ халқы үшін, Қазақ елі үшін  кім еді олар?! Азат Қазақ елінде, өз жерінде қай қазақтың баласының қолы  осындай байлыққа жетіп жатыр?!  Қазақ сорлының баласы әрі кеткенде  әкім болғанына, министр болғанына, депутат болғанына мәз! Онда да қолы жеткені, бағы жанғаны, ебін тапқаны! Қалған қазақ «қаңғып келген шүрегейдің» құлы, малайы, егінші-малшысы, отыншы-сушысы! Ойланайық ағайын! Оянайық бауырлар!

Бұл ретте, әсіресе көбірек ойлансын, тезірек оянсын, кеудесінде шыбын жаны, бойында қазақтың қаны бар,  ел керек, жер керек, ұрпақ керек, ұрпақтың бақыты, келешегі  керек,  азаттық керек дейтін Алаш баласы, зиялы қауым, елдің ертеңгі қожасы жастар!  Себебі сіздер мен біздер еліміздегі қазіргі қалыптасқан жағдайға  көбірек кінәлі адамдармыз! Сіздердің намыссыз күлкі, қамсыз ұйқыларыңыздың арқасында тәуелсіздіктің жиырма жылында жеткен жеріміз осы болды.  Біздің ежелгі дағдымыз бойынша, әйтеу біреу кінәлі болу керек. Қазір де сол, бар кінәні билікке жауып, өзіміз сүттен ақ, судан таза кісі болып отырғанымыз. Әрине, мен бұл арада билікті ақтап алайын деп отырған жоқпын. Ол туралы әңгіме бөлек. Дегенмен, өткенде басқа бір басылым бетінде айтқан: «қазақта «сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» деген мақал бар. Халық та, оның билеушісі де солай. «Алма ағашынан алысқа түспейді»  дейді тағы да сол қазағың. Мақал «саба, піспек, сақал, іскек, алма, ағаш» туралы болып отырғанымен, бар құбылыс солай. Халқы билеушісіне, билеушісі халқына әмәнда сай, сәйкес болады. Әрине, «сай болайын» деп болмайды, тарихи, әлеуметтік, этникалық, генетиалық, сана-сезімдік, психологиялық, зерделік, бір ауыз сөзбен айтқанда, тарихи қалыптасқан ұлттық менталитет қай кезде болмасын, қазақ баласының бойында сақталады» деген пікірімізді осы арада тағы бір қайталай кеткім келіп отыр. Қысқасы билік қайдан шықты? қазақ халқының ішінен шықты. Билік төңіректеп жүргендердің дені (тіпті бәрі деуге де болады) кімдер? өзіңнің қазағың. Сонда біз кімге өкпелейміз?!

Иә, жауырды жаба тоқып қайтеміз, жалпы қазіргі қазақ баласының көбісінде намыс қалмаған, береке-бірлігіміз қожыраған, елдік сана-сезім, патриоттық рух өшуге айналған. Халқымыздың бойында ол қасиеттердің бұрын болғанына, әрине күмәніміз жоқ. Бірақ әрісі патшалы Ресейдің, берісі Кеңес одағының кезінде тәннен өтіп қанға, қаннан өтіп сүйекке сіңген құлдық санадан әлі арылған жоқпыз. Өйткені Ел саясатының жалпы мазмұнында, тінінде санамыздағы құлшылдыққа қарсы, бодандық психологияға қарсы үгіт-насихат, тәлім-тәрбие болған емес.  Сондықтан көбіміз өзімізді азат елдің азат азаматы ретінде, Қазақстандағы қожайын халықтың өкілі ретінде сезіне алған жоқпыз. Егер билік маңайдағы анаған-мынаған жалпаңдап, жалтақтап отырған болса, оның да бір ойлағаны, бір себебі бар шығар. Әлемдік саясаттың қитұрқысын, көрші елдің десі мен сесін біз қайдан білейік. Түптеп келгенде  біз секілді әлсіз мемлекеттің, кеше ғана біреудің құлдығынан шыққан елдің көрінгенге жалпаңдамай да әддісі жоқ. Грузин Президенті И.Саакашвили «Ресейге жалпаңдамаймын, жалтақтамаймын» деп еді, не болды әне?! Құдай оның бетін аулақ қылсын! «Орыс ойына келгенін істейді», «орыспен дос болсаң ай балтаң беліңде болсын» деген мақал атам қазақтың ойнап айтақан сөзі емес, екі-үш ғасырлық өмірінің қорытындысы. Демек, Ресей деген елмен тату көрші болып тұру оңай-оспақ шаруа емес. Өйткені Ресейді еурапдағы өркениеттің биігінде тұрған елдерімен мүлде салыстыруға болмайды.

Айтайын дегеніміз бұл емес еді. Мәселенің бәрі түптеп келгенде қазақтың өзінің намыссыздығында, тірі өлік, ездігінде жатыр.  Менің ұйғыр досым дұрыс айтады, қайран азаттық сорлы қазаққа қор боп кетті. Азаттық алдық, тәуелсіз ел болдық деп жұрт болып сілкінбедік, ел болып желпінбедік. «Баяғы жартас сол жартас қалпымыздан» бір өзгермедік.  Кеңестік кезең тұсындағының бәрін Мәскеуден, отаршылдық езгіден көрдік. Құлап қалған кеңес одағына жауып құтылғансыдық. Әрине, ол заманда өлдік-қырылдық, тартпаған азап, көрмеген қорлық қалмады. Мәскеудің әңгір таяғы өзгеден гөрі біздің басымызға бірнеше мәрте артығырақ тигенін де білеміз. Дегенмен сол Кеңес одағында отар болған біз ғана ма едік?! Неге Москва қазаққа істегенін өзгелерге істей алған жоқ?! Неге?! Ұйғыр халқында «бөзәкни бөзәк қылмысаң о дұнияда сориғи болұдұ» (қорды қорламасаң о дүниеде сұрағы болады) деген мақал бар. Сол айтқандай жуас түйені кімнің болса да жүндегісі келіп тұрады. Қазақы кеппен айтқанда «албасты да қабаққа қарап басады»!  Өзімізді өзіміз кейде «жуаспыз»  деп мақтаймыз, сонымен мақтанамыз! Жуас дегеннің баламасы «қор, ез, қортық, бейшара» деген сөз. Сондықтан бодан кезіміз болсын, азаттыққа жеткен кезіміз болсын, жер бетінде қазақты мазақтағысы, қорлағысы келмейтін адам көрген емеспін. Қыл аяғы америкалық жарымес Боратқа дейін айдай әлемнің алдында ит-сілікпемізді, масқарамызды шығарды. Мың жерден жарымес болса да, қорлауға төзетін, мазақтауға көнетін жер шарында тек қазақ деген ел бар екенін ту Америкада жатып ол да біліп алған. Оның біз туралы ойдан жасаған масқарасы мен қорлауына  санаулы адамдардың  ғана шамырқанғаны болмаса, қалың қазақ «мәу» деген жоқ. Мұрнын тартып қойып, бешбармағын жеп отыра берді.  Сондықтан да біздің жас ұрпақтың дені қазақ баласы болуды қаламайды, Алаш ұлы болуды армандамайды. Өйткені оған бәрі белгілі, бәрі түсінікті. Егер ол шынайы Қазақ (тілі, діні, ділі, рухы) болатын болса, пенде ретінде көп нәрседен құр қалады. Құры қалып қана қойса тағы жақсы ғой,  елге мазақ, жұртқа күлкі болады. Өзге емес тіпті өз бауыры - «жаңа қазақтардың» өзі оны «мамбет», «ауылбай», «казахбай» деп артын ашып тарқ-тарқ күледі. Табалайды. Сол үшін қазақ баласы әр қашан қолдан келсе қазақ болмауға тырысады. Соған барын, жанын, арын салады. Өзгеге сіңіп кетуден  түк те намыстанбайды, еш қашан арланбайды.  Өйткені өзгеге сіңіп кетудің ұяты мен намысы қазақ болып көретін қорлық пен намыстан әлде қайда жеңіл! Сондықтан қазақ баласының қолы жеткені  ойда орысқа, қырда қытайға сіңіп жатса, қалғаны қырғыз, ұйғыр, моңғұл, өзбек, тәжік, сығанның құшағына кіріп жатыр. Сөздің осы тұсында бір мысал, Алматы облысының ұйғыр ауданында ұйғыр азаматына күйеуге шыққан қазақ қыздары бар екен, балалары, әрине тап-таза ұйғыр, ұйғырша және орысша біледі. Мақұл, бала даусыз ұйғырдың баласы, оған өкпе жоқ. Ал олардың анасы - қазақтың қызы өз тілін баяғыда ұмытқан. Тек ұйғырша, орысша сөйлейді. Жарайды, «Қыз - жат жұрттық» деп өзімізді тағы да жұбатқан болдық.  Ал енді сол ауданда біраз ағамыз ұйғырдан қыз алыпты. Мына сұмдықты қараңыз, әлгі ағаларымыз да  қазақ тілін ұмытқан, балалары, әйелі (онсыз да)  бәрі ұйғыр. Сондай ағамыздың біріне: «Оу аға, бұныңыз не?» дедік, намыстан өртеніп өліп барамыз. Бірақ білдірмеуге тырыстық. «Әмді бұ йәрдә ұйғыр көп құ» дейді сабазың. Азат қазақ елінде,  қазақ облысында, қазақ ауданындағы («ұйғыр ауданы» деген әшейін жер аты ғой, аудан халқының дені қазақ) қазақтың тірлігі осы! Бұны аз десеңіз тағы бір мысал, менің бала кезімде ауылымызда бір  әжей болды, өзі қырғыздың қызы еді. Өткен ғасырдың 70-шы жылдарында 85 жасында дүниеден озды. Үлкендерден естуімше ол кісі біздің ауылға 15 жасында келін болып түсіпті, содан өлер-өлгенге дейін бір ауыз қазақша сөйлемей кетті. Мінеки, халқына адал ұрпақ деп сол кемпірді айт! Кейін біздің көршіміздің қызы бір қырғыз жігітімен қашып кетті. Оншақты жылдан соң, әлгі қарындасымызды аудан орталығынан кезіктіріп қалдым, қазақшасы баяғыда жоқ болыпты, қырғызша шүлдірлеп тұр. Жылайсың ба, күлесің бе?! Мұндай мысалдарды санап тауыса алмайсың!

Осылай, әлі күнге дейін орысты көрсек ойысып, қытайды көрсек қылымсып, моңғұлды көрсек маңырап тұратын себебіміз -  сол баяғы қағынан жеріген құландай, қазақ болудан қашу, өз ұлтымыздан жеріну. Тіпті бүгінде ұлт ретінде осынымыздың дұрыс емес екенін сезінуден де қалып барамыз! Етіміз өлген, көзіміз үйренен. Қазақтардың өз елінде өзге тілде шүлдірлеп-құлдырлап бара жатуы еш кімге де ерсі емес. Ерсі көріну былай тұрыпты, ол қазақ үшін мақтаныш! Үлкен жетістік! Ұлы жеңіс! Оған қой деп жатқан адам жоқ, керісінше «ура! вперёд!» деген ұран көбірек естіледі. Осынау ессіз, тексіз ұранға жастарымыздың желіккені соншалық, олардың көбісінің сана-сезімінде, ұғым-түсінігінде ұлтқа орын қалмай барады. Оған жастар, жеткіншек ұрпақты қалай кінәлаймыз?! Себебі  біз оларға өзіміздің де еш кімнен кем емес жұрт екенімізді, азат ел екенімізді әр баланың ойына, әр сәбидің бойына, жастарымыздың санасына сіңіре алған жоқпыз! Сонымен өзге жұртпен араласып бастасақ болды, санадағы құлдықтың әсері біздің еркімізді билеп кетеді. Соның салдарынан  бүгінгі қазақ баласының психологиясы,  негізгі ұстанымы -  өз қарным тоқ болса, өз жағдайым дұрыс болса болды. Қалғаның гүл болмасаң бүл бол!

Мынау елдегі қазақ тіліне деген немқұрайдылықтың өзі де біздің осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялап, оған ерекше статус бергенімізге жиырма жылдың жүзі болды.

Иә, тіпті Атазаңымызда да «мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп жазулы тұр. Бұл арада тәуелсіз, азат елдегі конституцияның (ата заң) рөлі мен маңызына анықтама беріп жату басы артық әңгіме болар. Ал қазақ тілінің нақты жағдайы Қазақстанда Ата заңымызда көрсетілген статусындағыдай құдіретке ие ме?!  Жоқ!  Олай дейтіміз, қайда болмасын, «мемлекеттік тіл» деген сол елдің бүкіл тірлігінің «күні қарап тұрған» тіл деген сөз. Ал біздің күллі тірлігіміздің күні, қазақ тіліне емес,   «көрші елдің тіліне  қарап» тұр. Қысқасы әлемде өзінің  мемлекеттік тілінде емес, бір жақтағы, өзге бір елдің тілінде тірлік кешіп отырған ел - ол біздің Қазақстан. Демек өз кониституциямыз өз елімізде орындалмай, орындалғанды қойып, ілікке де алынбай отыр деген сөз. Қазіргі Қазақ еліндегі қазақ тілі - қазақ ауылдарындағы кемпір-шалдардың, қазақ тілді ақын-жазушылардың шығармашылық кешінің, қазақы ортадағы той-томалақтың...ғана тілі.  Ал ҚАЗАҚ еліндегі (Ресей, Қытай, Франция, Иран, Сомали, Непал...т.б. елдерді айтып отырған жоқпын, ағайын!) ресми орындарда қазақ тілі босағадан әрі озбайды. Алысқа бармай-ақ қояйық, азаттық алдық деп жүрген  жиырма жылға таяу уақыттан бері мемлекеттік деңгейдегі ресми жиналыстардың бірде-бірі тап-таза қазақ тілінде өтпегені осы сөзіміздің дәлелі. Әрі кеткенде сөз басында «ардақты ағайын» деп залмен қысқаша амандасу, соңында «аман болайық, тыныш жүріңдер» деп қоштасу. Міне азат Қазақ еліндегі қазақ тілінің ресми жиналыстағы орны, сыйқы, кейпі осы!  Бір қызығы сөйлеуші де қазақ, залдағы тыңдап отырған шенді-шекпендінің, қасқа мен жайсаңның  кем дегенде, тоқсан пайызы қазақ!  Бірақ шамырқанған демей-ақ қояйын, селт еткен, «неге» деген пенде көрмейсің.  «Ертең жөнделер» деген үмітпен жиырма жылды артқа тастаппыз. Осы жиырма жылда бұл мәселе  айтудай айтылып, жазудай жазылып  келе жатыр, соның өзін де күн өткен сайын ілгері жылжудың орнына керісіне кетіп бара жатыр. Әрине, қазақ тілін көтеруге жыл сайын миллиарттаған қаржы бөлініп жатыр, қазақ мектептер салынып жатыр, қазақ тілін білгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің де саны жыл санап өсіп келеді... Дұрыс, әрине ол да керек. Бірақ, түптеп келгенде одан не пайда, егер бұл елде қазақ тілі тек тойда тост сөйлейтін ғана тіл болса;  егер  ақпараттардың қайнар бұлағы мемлекеттік тілде емес, өзге тілде болса; егер орыс тілін білмеген адам мемлекеттік қызметтің табалдырығын аттай алмаса; егер мелекеттік тілді жетік білетін өзге ұлт өкілдері  ілікке алынбаса;  егер жастарымыз бен жас-өспірімдеріміз ғылым-білімнің соңғы жетістіктерін мемлекеттік тілде ала алмаса! Оны айтасыз, қытайдан келген не бір қат мамандықтың иелері, өзіміздің бауырларымыз «Отан! Отан!» деп оттай жанып келіп еді, көбісі Қазақ елінде орыс тілін білмегені үшін қаңғып қалды.

Сондықтан  тіл деген марксизмшілдер айтқандай жай ғана «қарым-қатынас құралы» емес, ұлттың рухы, жаны, қаны-сөлі! Егер ол тіл бір елдің мемлекеттік тілі болатын болса, оның құдіреті бұрынғысынан мың есе арта түспек. Оған қосымша саяси, стратегиялық мән-мағна жүктеледі. Ұлты басқа азаматтардың санасына тілімізбен бірге сүйіспеншілік те, құрмет те дариды. Қазақ тілі үшін шыр-пыр болып, қазақ халқы үшін ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүрген Г.Белгер ағамыз бен Асылы Осман апамыз, егер қазақ тілін білмесе, қазақ халқын дәл қазіргідей сүйе алар ма еді?! Мүмкін сүйсе сүйер, бірақ қазақ тілінің қадір-қасиеті туралы көп ештеңе айта алмаған болар еді! Бұған Гер-ағамның қазақ тілі туралы: «Сонау XVIII-XIX ғ.ғ. жыраулардың, ақындардың өлең-жырлырын оқып отырып таң қаламын. Қазақ тілінің ауқымы қаншама десеңізші?! Күнделікті тұрмыста пайдаланудан шығып қалған сөздерді есептесек, қазір он миллион қазақ сөзі бар екен. Ондай сөздік қор немістерде де, орыстарда да, ағылшындарда да жоқ. Соны бірақ қазақтардың өздері де біле бермейді. Иә, депутаттарды қарасаңыз да, президенттің маңайында жүргендерді қарасаңыз да, бәрі де жиналыстарда орыс тілінде сөйлейді. Соған жұрт қарайды да "Е, осы қазақ тілінің болшақта қажеті жоқ шығар" деп ойлайды. Қызметте үлкен жетістікке жету үшін, бизнесте табыс табу үшін қазақ тілінің қажеті шамалы екен ғой, орыс тілін білсең, ағылшын тілін білсең жарайды екен ғой деп ойлайды. Тіпті ел басшысының өзі де шетелге іссапармен барған кезде орысша сөйлеп тұрады. Қазақстанның Президенті бола отырып,  мемлекеттік тілде емес, орысша сөйлеп тұрғанына таң қаласың» деген жүрекжарды толғанысы мен күйініші жақсы дәлел.

Сондықтан мемлекеттік тіл тәуелсіз елдің елтаңбасы, туы, әнұраны, атазаңы секілді ерекше қастерлі, саяси, стратегиялық мәні зор белгілерінің бірі. Қазақ тілі, ол - қазір жай ғана бір ұлттың тілі емес, бір мемлекеттің тілі. Демек, ол Қазақстан деген елдің ішкі тірлігінің тынысы ғана емес, сыртқы әлеммен де пікір алысатын құралымыз! Тәуелсіз ел ретінде өзгелерге көрсететін негізгі рәміздеріміздің бірі. Сондықтан мемлекеттік тілді жандандыру мен оны өз деңгейінде пайдалану еш қандай екінші бір елдің көңіліне келетін, ренішін қоздыратын шаруа емес. Керек болса, тәуелсіздікке құрмет  мемлекеттік тілге құрметтен, тәуелсіздікті нығайту  мемлекеттік тілді нығайтудан басталу керек. Өйткені тәуелсіздік деген ұлттың азаттығы. Ұлттың азаттығы деген сол ұлттың бүкіл құндылықтарының  есе-теңдікке жетуі, әлемдік кеңістікке шығуы деген сөз.

Сондықтан да  Тәуелсіздік деген тек жылы, тәтті, әдемі, қадірлі, құдіретті  сөз ғана емес, ұлт басына қонған бақ! Шеті-шегі, өлшемі, бағасы жоқ байлық!  Қарап отырсаңыз, жер бетіндегі (тарихта немесе бүгін) төгіліп жатқан қанның, ағып жатқан көз жастың дені осы азаттықпен  тікелей қатысты. Егер азаттық, тәуелсіздік ұлт үшін соншалық қадірлі, қастерлі, қажетті болмаса, жұрттың сол жолда қан төгіп, құрбан беріп несі бар?! Қазақ тарихындағы Кенесары, Махамбет, Исатай, Сырым, Саурық, Тазабек,  Есет, Ұзақ, Жәмеңкелердің отаршылдыққа қарсы соғыстары, Алаш арыстарының ұлт-азаттыққа деген ұмтылысы, күресі;  Кешегі желтоқсан  көтерілісіндегі жастардың төгілген қаны, аққан көз жасы... бәрі, бәрі де азаттық үшін айқас, тәуелсіздік үшін күрес болатын. Меніңше, біз тәуелсіздіктің құнын, қадірін онша бағалай алмай жүрсек, оған себеп -  азаттық бізге 1991 жылы еш қандай күрессіз, қан төгіссіз, құрбандықсыз келді. Тіпті біздің жұрттың ішінде азаттықтың ауламызға «өз аяғымен кіріп келгеніне» қуанғандарлан гөрі, КСРО-ның құлап қалғанына налығандар көбірек болды. Міне осы «көпшілік» қауым жиырма жыл бойы өз ұрпағына артта қалған «комунизм»  туралы «жоқтау жырын» ғана айтумен болды. Ал билік басындағылар жалпы ел тұрғындарына отарсыздану,  жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруге мән бермеді. Осыдан барып ойласаңыз, бүгінгі тәуелсіздіктің, азаттықтықтың, Отанның құнының, қадір-қасиетінің неге арзандап кеткен себебін оп-оңай түсінесіз. Нанбасаңыз, қазір ауылды жерге барып, көнекөз қарияларға Кеңес одағына, Сталинге, Брежневке шүбә келтіретін әңгіме айтып көріңізші, ит қосып қумаса маған келіңіз. Осыдан кейін біздің қазаққа тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, азаттықтың құны туралы сөз қозғаудың қандай мән-мағнасы бар деп ойлайсыз.

Жалпы қай кезде, қай елде болмасын, білім мен тәрбие адам үшін құстың екі қанаты секілді. Біз бала бақшада, мектепте, жоғары оқу орнында бүлдіршіндерге, жас ұрпаққа өз деңгейінде тәрбие бере алып жатқан жоқпыз. Балабақшада балаларға киіз үйдің модельін көрсетумен, мектептерде «қыз сынын» өткізумен, жоғары оқу орындарында  «Жас отан» деп жар салумен жас ұрпақтың бойына, сана-сезіміне отаншылдық, ұлтжандылық, елдік сүйіспеншілік  сіңіре аламыз ба? Күні бүгінге дейін жалпы жас ұрпақтың тәрбиесімен қазақ елінде еш кім айналысып жатқан жоқ. Себебі балабақшадағы, мектептегі, жоғары оқу орнындағы тәрбиенің сыйқы жаңағы. Бұған да жалаң билік емес, қазақтың осы салада жүрген ұстаздары да кінәлі. Мәселен, Өзбекстанда, тағдыр тәлкегімен балалар үйіне түскен, ұлты басқа тастанды баланы өзбек етіп шығару үшін ондағы тәрбиешілер, еш кімнің нұсқауынсыз-ақ жанын, барын салады. Атын өзбекше қояды, тілін өзбекше шығарады. Қысқасы, қаны басқа біреуден «жә» деген өзбек жасап шығады. Бізде ше?  Мектепке барған «тарыдай» қазақтың баласы «таудай» орыс болып шығады.

«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты, жығылғанның үстіне жұдырықтап». Тілім, дінім, ділім, ұрпағымның тәрбиесі, ұл-қызымның ертеңі... деп жүргеніміз жай сөз, ойыншық болып қалды! Енді міне бар бақытың, зор байлығың, аспандағы айың, көгіңдегі күнің - Азаттыққа қауіп төнді!!! Қауіптің басы сол, кешегі  - Ресей, Беларуспен бірігіп кеден одағына кіргеніміз! Ол неге қауіп дейсіз бе? Себебі оның әрі жағында біртұтас экономикалық аймақтың (экономикалық одақ) құлағы қылтиып тұр. Оның артынан әрине, ортақ валютаның шеті жылтиып тұр... Сосын ортақ эконмиканы қорғайтын ортақ әскер... Сосын азаттықтан айырылмай нең қалды  Алаш баласы?!

Жоғарыдағы атқа мінерлер, билік төңірегінде жүргендер, жалпақшешей  экономистер,  кедендік одақтың экономикалық тиімділігін дәлелдеумен әлек. Ол әрине, кімге болса да түсінікті теория. Бірақ ел асқан таудың бәрі, жұрт жүрген соқпақтың бәрі бізді бақытқа бастап барады десек қателесеміз.  Себебі кедендік одақ саяси, әлеуметтік, экономикалық, әскери әлеуеті қарайлас, терезесі тең, өркениетті елдер арасында пайда өзара пайда беруі мүмкін. Ал біз кімбіз? Ресей кім? Қай тауарымыз өтпей, қай кәсіпорнымыз қаңтарылып қалып еді?! Есесіне ендігі жерде Ресейге біздің астығымыз бен мұнаймыз, өзге де шикізаттарымыз су тегін ағылайын деп тұрған жоқ па?! Яғни өзіміздегі бағамен осы жерден алған астық пен мұнайды Ресей мен Беларус бізге кеден салығы үшін бір тиын  төлемей күндіз-түні тасый бастайды. Ал біз Ресейден не аламыз?  Бүгінге дейін өзіміз аграрлық мемлекет бола тұра, ұялмай-қызармай Ресейдің ет-сүт өнімдерін алып  келдік. Егер өзіміздегіні ұқсата алған болсақ, жиырма жылдан бері осы аграрлық саладағы өндіріс орындарын аяқтан тұрғызып алған болсақ, Ресейің бар, басқаң бар, жер шарының біраз елі  ауыл-шаруашылық өнімдерін керісінше бізден алатын  еді. Ендігі жерде Ресейден кеден салығынсыз кірген нан, ет-сүт өнімдері біздегі азық-түлік өндіретін шала-жансар кәсіпорындардың күлін көкке бірақ ұшырғалы тұр. Демек, бұдан былай тапқан-таянғанымыз Ресей кәсіпкерлерінің таңдайына бұйырмақ. Иә, Ресейден алмауға болмайтын бір-ақ тауар бар, ол - әскери қару-жарақ. Оның өзін күнде алып жатқан жоқпыз. Одан өзге Ресейде не бар? Информациологиялық технологияның отаны Жапония мен АҚШ. Одан қалса  Қытай, Оңтүстік Корея. Жеңілөнеркәсіптің отаны Қытай мен Жапония. Көлік-транспорт өнімдерінің отаны Германия, Жапония, АҚШ. Тері киімдердің отаны - Түркия. Аяқ киімнің отаны - Италия. Әтір-мәтірдің отаны -Франция. Жеміс-жидектің отаны- Өзбекстан. Ал орыстың арағын өзімізде де қатырып шығарып,  өкіртіп ішіп жатырмыз...

«Жаман айтпай жақсы жоқ».  Ертең бодандықтың шүңетіне шырғалап тарта бастағанда, кім бізбен есептесіп, біз кіммен  жұлқысқандаймыз?! «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным» дегендей, Ресеймен одақ болып неміз бар еді?! Жоқ, әлде орыспен одақ болып көрмеп пе едің, тоймап па едің Сен қазақ?! Немесе құлдықты сағынып, арқамыз қышып бара жатыр ма?! Әйтпесе, не бұл?! Ғарыштағы қаңғып кеткен «Қазсат» үшін санап берген неше миллиондаған долларымызды өндіре алмай, «Байқоңырдың» аренда ақысын бірде алып, бірде ала алмай отырған Ресеймен одақ болып, мұртымыз майланады дегенге өз басым сене алмаймын. Сондықтан түптің-түбінде азаттығымызға қауіп төндіретін, болашағы бұлыңғыр кез-келген  «май шелпектен» айналып өткеніміз дұрыс. Қашанда «күлшелі бала сүйкімді». Бізбен кімнің болса да дос, одақ, әріптес, ағайын, тамыр, құда-жұрат, ака-ұка, кардеш болуға құштар екені беп-белгілі. Оның себебін бізге кілең сқаяқ, тіс қаққан империялар: «иә сенің күлшең үлкен, сенің күлшең дәмді болғандықтан» деп шынын айтушы ма еді?! Керісінше «қазақ халқы қонақжай», «Қазақстан - Орта Азияның лидері»,  «Қазақстан сенімді әріптес», «Астана деген әлемде жоқ әйбәт қала», «салиқалы саясаттарыңыз, кешенді заңдарыңыз бар» деп әндетіп, өлеңдетіп келеді. Барсаң кернейлетіп-сырнайлатып қарсы алады. Жатып жастық, иіліп төсек болады. Кекілімізден сыйпайды, арқамыздан қағады! Бұның бәрі түптеп келгенде кәмпит қабығына оралған апиын! Алдау-арбау. Шырға. Тұзақ! Әрине, біз еш қашан да, Қазақстанның халықаралық аренаға шыққанын, әлемдік қауымдастықтан өз орнын ала отырып, кез-келген мемлекетпен бейбіт, қатар өмір сүргенін, барыс-келіс, сауда-саттық жасағанын  теріске шығармаймыз. Бұл арада сөз Қазақстанның  тағдыры мен мүддесіне көлеңке түсіретін кез-келген  экономикалық  айла-шарғыдан аулақ болу туралы болып отыр. Яғни, қарным ашса ашсын, азаттығым аман болсын! Байымасақ байымайық, бодан болмайық!

Сондықтан халықаралық заңдарды басшылыққа ала отырып, бұл одақтан тез арада бас тарту керек.  Себебі бұл басы ашық - ақылдаспай жасалған, терең сарапталмай істелген қателік. Аңғармай, сараптамай қателік жіберіп алудың  оқасы жоқ, қателіктің көкесі оны түзетпеу! Демек, билікті жағалап жүрген азаматтар, үкімет мүшелері уақыт оздырмай, атышулы одақтан шығып, еліміздің бұрынғы «Кеден кодексін» қалпына келтіргені жөн. Бұны бір біз ғана емес дұйым жұрт, күллі зиялы қауым сұрап отыр.

Ел тағдыры мен ұлт болашағына төніп тұрған  кесапат пен қауіптің бастау көзі - міне осындай мәңгүрттік пен құлдық сана!

Алаш жұртының көзі ашық, санасы ояу ұл-қыздары!

Біз билікке қарап, үкіметке қарап, оппозицияға қарап, қол қусырып отыра бермейік. Олар да өз деңгейінде өз шаруасын жасай жатар. «Үмітсіз шайтан» деген ағайын! Ал біз елдегі  санасы азат, ойы озық, ұлтжанды, мемлекетшіл барлық қазақ баласын ұлттың бойындағы әлгіндей кесір-кесапатпен күресуге жұмылдырсақ деймін. Сөйтіп жатпай-тұрмай қазақ баласының бойына ұлттық рух, елдік сана, ұлтжандылық, патриоттық сезім ұялатумен айналыссақ деген ойым бар. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралының барлық түрін пайдаланайық. Әсіресе электронды  БАҚ-тың құлағын ұстап отырған бауырларымыз да ойланса, оянса сауап болар еді. Бала бақшалардың тәрбиешілерімен, мектеп мұғалімдерімен жұмыс істейік. Мәселенің бәрі сол балабақшамыз бен мектебіміздегі тәрбие жұмысында болып тұр.

Ардақты, қалам ұстаған, сөз ұстаған ағайын! Бір мезгіл өлеңдеріңізді, роман, әңгімелеріңізді доғара тұрыңыздар. Қазір оларыңызды  онсыз да ешкім оқып жарытып жатқан жоқ. Мына заман осылай кете беретін болса,  онымыздың ертең мүле еш кімге керегі болмай қалады. Сіздер жақсы білесіздер, кез-келген тарихи кезеңнің өз сыйпаты, өз міндеті болдады. Қазіргі қазақ қоғамындағы тарихи кезең Сіздерден қазақ ұлтының рухын оятуды, азат отанның іргесін бекемдеумен айналысуды,  жас ұрпақ санасына отаншылық дәнін егуді талап етіп отыр. Қытайдың классик жазушысы Лу Шүннің жиырма томдық шығармалар жинағының  үш-төрт томы ғана әдеби шығарма. Қалғаны тұтастай көсемсөз бен аударма. ХХ ғасыр басында дәлірек айтқанда 1911 жылы Цинь империясы құлады.   Сол кезден бастап әдебиет әлеміне араласқан жазушы соңғы демі біткенше (1936) қолынан қаламын тастамады десек, ол шығармашылық уақытының денін туған халқының бойындағы  құлдық санамен күресуге арнады. Әрине, жалғыз Лу Шүн емес, сол тұстағы қытай қаламгерлерінің дені көсемсөз арқылы қытай халқының рухын оятып, сана-сезімін құлдық түсініктен арылтуға қам жасады. Қытай қаламгерлерінің бұл еңбегі, әрине, далаға кеткен жоқ, ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдарында қытайға Жапония басқыншылық жасап кіргенде қытайдың әскері өз алдына, қарапайым хылқының еңбектеген сәбиінен еңкейген кәрісіне дейін сойыл көтеріп «отан қорғауға» шықты. Егер Лу Шүн бастаған қытай жазушылары егер,  Цинь империясы құлай салып, ұлттың рухын оятып, халық бойындағы құлдық санамен күреспегенде, бүгінгі алып Қытай болар ма еді, болмас па еді, бір құдайдың өзі біледі!

Сондықтан Ел боламыз десек, ұлт рухын оятып, құлдық санамен күресейік! «Бесігімізді түзейік» жұртым!

Азаттығымыз қазақтығымызға айбын берсін, қазақтығымыз азаттығымызға айдын болсын!

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ Ақын, аудармашы. Филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ аймақтану кафедрасының профессоры

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 522
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 277
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 300
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 300