Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 5092 0 пікір 1 Қазан, 2016 сағат 16:09

ЭКСПО-ҒА ДАЙЫНБЫЗ...

Келесі жылы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі мен Универсиада ойындары Қазақстанға келетін туристер легін арттырмақ. Жалпы, елімізге жыл сайын ат басын тірейтін туристердің саны аз емес, тек қызмет көрсету мен туристерге ыңғайлы инфрақұрылымның нашарлығы сырттан келушілер санын тежейтіні қынжылтады. Десе де, 2017 жылы елімізде өтетін халықаралық маңызды жиындарға 300 мыңнан астам қонақ келеді деп болжануда.

Осы мақсатта арнайы турлар ұйымдастырылып, туристер легін орналастыратын қонақүй желісі де қамтылуда. Бірақ күткен қонақтардың барлығы келе ме? Мысалы, 2011 жылы Азиада ойындарына 10 мыңдай турист келеді деп жоспарланды. Оған Алматы мен Астана қалалары сақадай сай. Бірақ іс жүзінде шетелден келген туристер саны анағұрлым аз болғаны есте. Оны алдын ала жарнаманың кеш жасалуынан, Ақ Азиаданың қос қалада өтуінен болды деп түсіндірді. Қайткен күнде де, алдағы жылы кедергі болған осынау факторларды ескерген абзал.

Былтыр Қазақстанға 6,4 млн шетелдік келген. Оның 70 мыңы ғана туристер екен. Елімізге келетін туристердің басым бөлігі оңтүстік астанаға бас сұғады. Әлемдік туристік зерттеулерге назар салсақ, ТМД қалалары бойынша ең әдемі және туристік тартымдылығы жоғары қалалардың қатарына Алматы да еніп отыр.  2015 жылы Алматыда «Туризм және саяхат» – KITF 2015» XV қазақстандық Халықаралық туристік көрме ұйымдастырылған болатын. Осы жиын барысында Алматы қаласына келетін қонақтар санын 1 миллионға жеткізу жоспары қойылған еді.

Осы бағытта атқарылған жұмыстардың алды – елге визасыз кіру. Қазіргі таңда елімізге он шақты мемлекеттің азаматтары визасыз кіре алады, бұл көрсеткішті алдағы жылдары 26-ға жеткізу көзделген.

Отандастарымыз былтыр қайда демалды?

Биыл отандастарымыздың көбі жазғы демалыстарын ел ішінде өткізген. ЕnergyРrom мәліметтеріне сүйенсек, бірінші жартыжылдықта елімізде саяхаттаған туристердің саны 5,8 пайызға артып, ал шетелге шығатын саяхатшыларымыздың саны 18 пайызға кеміген екен.

Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, жыл басынан бері шетелге шыққан отандастарымыздың жалпы саны – 4,5 миллион адам. Ал 2015 жылдың осы уақытында 5,5 млн адам шекара асқан екен. Сарапшылар бұл көрсеткіштің кемуін теңгенің құлдырауы және елдегі табыс көзінің азаюымен байланыстырады. Сондықтан болар, қазақтың көркем жерлерін 2,1 миллион турист қана аралаған. Туристердің 73 пайызы, яғни 1,5 миллион адам жергілікті қонақүйлер мен пансионаттар қызметіне жүгінген. Ал 22 пайызы табиғи қорықтар, көркем жерлерді аралауды жөн көрген. Биылғы жылдың көрсеткіштерін 2015 жылмен салыстырсақ, туризм кластерінің дамығанын байқаймыз. Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылға дейін туризм саласын дамыту концепциясы өз жемісін беріп жатқан көрінеді. Осы концепция негізінде бес кластер белгіленген еді: Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан пен Батыс Қазақстан. Шығыс Қазақстан – экологиялық туризм орталығы ретінде қарастырылса, Алматы – тау туризмі, Алматы мен Астана қалалары – іскерлік туризм орталығы. Оңтүстік Қазақстан облысының территориясы – мәдени туризм, Батыс Қазақстан – мәдениет және жағажайлық туризм кластері ретінде белгілі болып отыр.

Қазақстанда отандық және шетелдік туристер демалатын орындар көбейіп келеді. Мысалы, туристерді жайғастыратын 2,5 мың орын бар. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 13,3 пайызға артық. Бір ерекшелігі, осынау туристер тоқтайтын орындардың (қонақүй, мотель, кемпинг, туристік база) көпшілігі – Шығыс Қазақстан облысында. Екінші орында Алматы облысы, үшінші орында – Ақмола облысы. Жалпы, елімізде 5 жұлдызды 20 қонақүй болса, оның алтауы Алматыда, бесеуі Астанада, төртеуі – Маңғыстау облысында. 2015 жылдыӊ 1 тоқсанында Германия, Франция, Жапония, Италия, Малайзия, Нидерланды, БАЭ, Ұлыбритания, Оӊтүстік Корея мен АҚШ-тан келген туристер легі 17 пайызға артқан.

ЭКСПО-2017 көрмесі қонақтарды қарсы алуға дайын

ЭКСПО-2017 көрмесі туристерді тартуда аса маңызды рөл атқармақшы. «Ел үшін ЭКСПО әкелетін мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, ең алдымен туризм тілге оралады. Шетелден 350 мыңға жуық қонақтарды күтеміз. Соңғы уақытта миландық ЭКСПО басшысы Джузеппе Саламен тығыз байланыста болдым. Оның айтуынша, Италия мен Миланның өзіне туристердің келу қарқыны көрмеден кейін елеулі артты. Италияның өзі туристер көп баратын ел болып табылады. Осындай жағдай Шанхайда да орын алды, ЭКСПО-дан кейін туристер көптеп келді. Мұның құпиясы неде? Менің ойымша, олар көрме беретін мүмкіндіктерді барынша дұрыс пайдалана алды деп ойлаймын», – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов. Биылғы жылдың маусым айында еліміз WTO-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ол ЭКСПО шеңберінде кемі 100 елден өкілдер қатыстырып, үлкен халықаралық туристік форум өткізу жоспарланған.

Тіпті, әлеуеті мықты туристік нысандары бар өңірлерде қарапайым халық өздерінің үлкен қаражат табуға мүмкіндігі бар екенін әлі де түсіне бермейді. Жуырда «Время» газетінде қызықты мақала шықты, онда біздің Байқоңырды американдық баламасы Канаверал бұғазымен салыстырды. «Аталмыш ғарыш айлағына жыл сайын 3 миллионға дейін туристер келеді екен. Есептеп көрсек, әр турист шамамен 1000 доллар қалдырса, онда Қызылорда облысында 3 миллион турист көміртегін игерумен салыстыруға келетіндей сала құра алатын еді. ЭКСПО – туризм әлеуетіне жол ашатын даңғыл болуы керек. Біздің Қызылорда облысындағы Байқоңырға осыншама турист келетін болса ше? Жалпы Байқоңыр әлеуеті облыстағы Құмкөл секілді басқа да барлық мұнай кен орындарынан да артық табыс беретін еді», – деп ойын бөлісті Есімов мырза.

Жыл басында «Тұран экспресс» жолаушы тасымалдау компаниясы ЭКСПО-2017 басшылығымен Байқоңырға тур ұйымдастыру туралы келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеді. Тур бағдарламасы бойынша Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз» зымыран тасығышын ұшыру сәтін бақылау, «Қорқыт ата» мемориалдық және «Байқоңыр» мұражай кешендерін аралау кіреді. Былтыр Байқоңырға 200-ден астам турист барып-қайтты. Байқоңыр ғарыш айлағына апару – пилоттық маршрут болатын, биыл маршрутты апта сайын шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді компания басшысы  Роман Ботабеков. Байқоңыр және Восточный ғарыш айлақтарында 40-тан астам оператор туризмді дамытатынын хабарлады. Олардың 6-ы Ресей аймақтарының, 7-уі Қазақстанның және 1-уі Өзбекстанның туристік операторлары.

Туризм – дағдарыс толқынын оңай еңсереді

Туризм дағдарыс толқыны келгенде кез келген мемлекетті құтқара алады. Сондықтан қазіргі таңда экономиканың ең орнықты секторы ретінде танылған. Халықаралық агенттіктердің мәліметіне жүгінсек, былтырғы жылы дамудың күрделі кезеңі болғанына қарамастан, бұл саланың өсімі әлемдік экономикада 4 пайызға жоғарылаған. Аталған көрсеткіш экономиканың кез келген секторы бойынша ең жоғарғы көрсеткіш деңгейінде. Мәселен, Испанияның ЖІӨ-нің 13 пайызын туризм құрайды. Еуропаның да бірқатар елдерінің экономикасына туризмнің пайдасы мол. Бірақ, биыл туристер Франциядағы қайғылы оқиғалардан соң қауіпсіздігі жоғары елдерді таңдап, жайлы өңірлерге қарай көше бастағаны да мәлім болды. Дегенмен біздің туристік агенттіктердің берген мәліметтеріне сүйенсек, елімізге былтыр бар-жоғы 70 мың ғана шетелдік турист келген. Бұл өте мардымсыз көрсеткіш.

«ЭКСПО-ның мүмкіндіктері, көрмеден кейінгі тиімділіктер туралы сөз болғанда туризм саласын дамытуға жіті назар аударуға тиіспіз. Біріншіден, Қазақстан тарихында мұндай ірі ауқымдағы шара болған емес. 100-ден аса мемлекет Астанаға келеді. Ол мемлекеттердің өкілдері ағымдағы жылдың қазан айынан келе бастаса, келесі жылдың қыркүйегіне дейін олар Астанада тұрады. Бұл ел тарихында болмаған жағдай. Осының өзі елімізді насихаттауға, жарнамалауға зор мүмкіндік», – деді А. Есімов.

Жалпы, ЭКСПО көрмесіне 300-400 мың шетелдік туристер келеді деп жоспарланған. Компания басшысының сөзіне қарағанда, жалпы Қазақстанға былтыр келген шетелдіктердің 90 пайызы – ТМД азаматтары, соның ішінде негізінен жақын көршілерден келетін іскер азаматтар, еңбек мигранттары. Пост кеңестік елдерден  Грузияның туризм саласы қарқынды дамып келеді. Ахметжан Есімовтің айтуынша, Грузия мемлекеттік туристік әкімшілік органын құрды, осы орган саланы аса табысты дамыту үстінде. 10 жыл бұрын Грузия Түркия мен Грекия елдеріне келетін туристерді тартып алады деп кім ойлаған? Бүгінгі таңда «New York Times»-тің өзі Грузияны 2015 жылы баруға ұсынылатын 50 елдер қатарына енгізді. Себебі, Грузия арнайы мемлекеттік орган – Ұлттық туристік әкімшілікті құрды. Бұл  осы саланың табысты дамуын жүзеге асырады. Халқының саны 5 миллионға жетпейтін ел, қазіргі уақытта жыл сайын 2 миллионға дейін туристер қабылдауда. «Мемлекет – ең жақсы ұйымдастырушы. Тағы да Грузияны мысалға келтірейін – бұл ел соңғы онжылдық ішінде осы салада үлкен қадам жасаған ел. Бұл мәселемен айналысатын, мемлекеттік құрылым – Ұлттық туризм әкімшілігі өзін өте тиімді құрылым ретінде көрсете білді. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады», – деді Есімов. Израиль, Хорватия, Филиппин, Үндістанда бұл министрліктер көптеген мәселелермен, айталық өз мемлекетін халықаралық ілгерілетуден бастап маман дайындаумен  айналысады. Басқа елдерде бұл жергілікті жағдайға қатысты агенттіктер немесе ұлттық компаниялар. Кәсіби мемлекеттік құрылымы жоқ туристік держава жоқ екені анық.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Abai.kz

0 пікір