Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3053 0 пікір 4 Қазан, 2016 сағат 10:25

ОҚО альпинистері «Тәуелсіздік шыңын» бағындырды

Оңтүстік Қазақстанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс-шара аясында өткізілген тау шыңын бағындыру фестивалі өз мәресіне жетті.

ОҚО әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған 3 күндік шараға 27 альпинист қатысып, 4100 метрлік шыңды бағындырды. Бұл жолғы фестивальдің ерекшелігі сол, шараға шет елдік қонақтар да қатысып, фестиваль халықаралық сипатқа ие болды.

Ауа райының күрт өзгеруіне қарамай тауға өрмелеген спортшылар «Тәуелсіздік шыңына» шығып, көк туымызды желбіретті.

Фестивалдің басты мақсаттарының бірі де осы болатын.

Егемендіктің ширек ғасырлық мерекесінде салауатты өмір салтын қалыптастырып, табиғатты аялауға шақырған қатысушылар дәстүрге айналған шараның келесі жылы да жалғасын тауып, үміткерлердің саны артатынына сенімдері мол екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, оңтүстікқазақстандық белсенділер осыдан бірнеше күн бұрын дәл осы «Тәуелсіздік» шыңын бағындырған болатын.
Ол кезде іс-шараға қатысушылар Өгем тау жотасының шығысы жағында орналасқан «Тәуелсіздік» шыңын бағындырумен қатар, суретшілердің сайысына да қатысты. Арнайы жол көрсетушілермен тауға шыққан жастар 2200 метр биіктікті бағындырып, өз алдарына рекорд жаңартты.
Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс-шара акциясы аясында ОҚО-ның Отырар ауданында жергілікті тұрғындардың қатысуымен марафон болып өткен болатын. «Дені сау ұлт – Тәуелсіздік тірегі» атты бұқаралық жүгіруге 100-ден астам аудан тұрғыны қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлестерін қосқан еді.
Бұдан бөлек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ОҚО-да биыл «25 жылда – 25 мектеп» акциясы да өтті.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

0 пікір