Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4320 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 06:32

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Ахаңның жары Бәдрисафа

Ол қайда жерленген немесе Қасқат ауылында көз жұмған Александра кім еді?
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргінде азап шеккендердің де, құрбаны болғандардың да басында алаштың ардақтысы, ірі ғалым және мемлекет қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов тұр. Ахмет атамыз абақтыға бес рет қамалған екен. Сонау қиырда жатқан Ар¬хангельск лагерінде аштық пен суықтан азап шекті, ауру тапты. Одан 1934 жылдың күзінде босанып келгесін де тыныштық бол¬ған жоқ. Қазақ зиялыларының басына дес бермес қара дауыл жа¬қындап қалған еді, тамырымен қопарған емендей алдымен Ахаңды ұшырып әкетті, ақыры атып тын¬ды. Сол саяси қуғын-сүргін құр¬бандарының әйелдері де ойранды жылдардың қайғы-қасіретін, шексіз әділетсіздігін күйеулерімен бірдей көрді.

Ол қайда жерленген немесе Қасқат ауылында көз жұмған Александра кім еді?
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргінде азап шеккендердің де, құрбаны болғандардың да басында алаштың ардақтысы, ірі ғалым және мемлекет қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов тұр. Ахмет атамыз абақтыға бес рет қамалған екен. Сонау қиырда жатқан Ар¬хангельск лагерінде аштық пен суықтан азап шекті, ауру тапты. Одан 1934 жылдың күзінде босанып келгесін де тыныштық бол¬ған жоқ. Қазақ зиялыларының басына дес бермес қара дауыл жа¬қындап қалған еді, тамырымен қопарған емендей алдымен Ахаңды ұшырып әкетті, ақыры атып тын¬ды. Сол саяси қуғын-сүргін құр¬бандарының әйелдері де ойранды жылдардың қайғы-қасіретін, шексіз әділетсіздігін күйеулерімен бірдей көрді.

Ахаң тартқан азаптан оның жары Бәдрисафа да тыс қал¬мады. Арыс ағамызбен қатар ол да Томға айдалды, аштық пен суық, жүректі суылдатқан қор¬қыныш, аштық бәрі қосылып, ақырында талма ауруға ұшы¬рады. Бірақ еліріп алған жендет саясат сонда да аңдып со¬ңынан қалмады. Осы кезге дейін оның да Ахаң сияқты сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Ахмет Бай¬тұрсыновтың туыстарының айтуына қарағанда, Ахаң соңғы рет ұсталып кеткен соң Бәд¬ри¬сафа Қостанайға келген. Бірақ қай жылы, қай жерде қайтыс болғаны, зиратының қайда екені туралы нақты дерек жоқ. Байтұрсынның Ахметтен үлкен Кәкіш деген бала¬сынан тарай¬тын Самырат Кәкішев “Ахаң туралы ақиқат” деген кіта¬бында Бәдрисафаның соғыс бас¬талған 1941 жылы қайтыс бол¬ғанын, 1970 жылы отбасымен Қос¬та¬найға келіп, оның төмпешік қана болып жатқан моласын көр¬генін айтады. Ал Ахмет ғұмыр¬на¬масын зерттеген жур¬на¬лист-жазушы Байтұрсын Ілияс “Алтын бесік” деген кіта¬бында Бәдри¬сафа¬ның шамамен 1943 жылы Қос¬танай ауданына қарасты Алек¬сандровка село¬сын¬дағы жүйке ауруына шал¬дыққандарды ұстайтын бақпаға барамын деп кеткенін, сол кеткеннен кейін туыстарының көрмегенін жазады және сонда көз жұмды деген болжам да айтады. Бірақ марқұм Байтұр¬сын аға кейін Бәдрисафаның ізіне іздеу салғанмен, архив¬тер¬ді ақтарғанмен қолға ұстайтын ешқандай құжат-дерек таппай¬ды. Ахмет Байтұрсынов атын¬дағы Қостанай мемлекеттік уни¬верситетіндегі Ахаң му¬зейін¬де тұрған суреттен басқа Бәдрисафаның артында қалған ештеңе жоқ. Жақында Қос¬та¬найда естілген бір дерек құлағымызды елең еткізді.
– Бәдрисафа шешеміздің зираты табылып қалар. Мең¬діқара ауданына қарасты Қас¬қат ауылындағы мұсылмандар бейітінің етегіне жерленген Александра өзіміздің Бәдри¬са¬фа шешеміз болуы әбден мүм¬кін, – деген Ахмет Байтұр¬сынов туған Ақкөлдің азаматы, Ахаңның батыр бабасы Үмбе¬тейден тараған ұрпақтың ше¬жіресін шертетін “Бабамыз бекзат данышпан” атты кітап шығарып, жұртшылықтың ілтипатына бөленген Ибрагим Ағытайұлы.
Сонау 1947 жылдан бері бұл әңгіме Қасқат ауылының сыр¬тына шықпаған екен. Алға¬шында ауыл адамдары айтуға қорықты, кейінгі жылдары ұмыт бола бастаған. Осыдан екі жыл бұрын көз жұмған Қарипа әже өзінің күйеу баласы, ақ¬көл¬дік, Ахаңмен жерлес, ағайын Абылай Жаулыбаевтың Ахмет Байтұрсынов туралы айтқан әңгімелерін қызығып тыңдайды екен. Ахаң туралы әңгіме тиегі ағытылғанда оның әйелінің орыс, аты Александра болғаны, әсіресе: “Келіннің руы кім?” деп қағытқан бір замандасына  Ахметтің:
“Есімі Александра Ивановна
Құдайдың ризамын қиғанына,
Бір кәпірді мұсылман қып сауаптасам,
Тұрмай ма он қазақтың иманына”,  – деген ел аузында қалған сөзі айтылмай қалмайды. Осындай¬да иманды болғыр Қарипа әже: “Есімхан қайнымның әкесінің үйінде бір Александра деген қуғындағы әйел жүріп еді”, деп айтып қалады екен. Ол Ибра¬гим ағайдың құлағына ша¬лынады ғой. Сонымен біз де осы әңгіменің соңына түстік. Сол Қарипа әжейдің Есімхан қайнысы –75 жастағы Есімхан Тұрлыбеков қария бүгінде Қостанай қаласында балалары¬ның қолында тұрады. Іздеп келгеніміз осы дерек болғаннан кейін алдымен атайдың сөзін бөлмей тыңдадық.
– 1945 жылдың аяғы ма екен, әлде 1946 жылдың басы ма екен, әйтеуір, қыс айында өзіміз Кәшу деп атап кеткен ағам, кәдімгі ақын, аудармашы Қасым Тоғызақов біздің үйге кешке, қас қарайып кеткенде жүдеп-жадаған орыс әйелін ертіп әкелді де менің шешеме қатты тапсырды. “Қапиза, бұл өз бетімен көшеде жүрген әйел емес, қуғында қашып жүр¬ген кісі, үлкен кісінің, өзіміздің ағамыздың әйелі. Осыны паналата тұрыңдар. Сенің етің тірі ғой, Қапиза, тек саған сеніп әкеліп отырмын. Біреу тиісіп немесе ұстап әкетіп жүрмесін, қазір аямай¬ды. Не айдап жібереді, не атып тастайды. Алда ептеп жеңілдік заман болса, жөнін табады ғой. Ешкім білмесін. Өзіңе сене¬мін”, деді де, өзі түнделетіп кетіп қалды. Қасым Тоғызақов өзіміздің ауылдың адамы, бізбен рулас ағайын болатын, сосын менің шешеммен наға¬шылы-жиендігі бар еді. Сол кезде ол Қостанайда газетте істейді деп еститінбіз. Өзінің де ай¬даудан келген кезі білем. Қа¬сым ертіп келген әйелдің атын Александра деп атаңдар деді. Сонымен шешем дереу монша жағып, Александраны суға түсіріп алды, тамақтан¬дырды.
Менің анам, расында, ер мінезді кісі еді. Өзі Нұрқан Ахметбековпен айтысқан Қа¬лидың Өтейінің апасы бола¬тын, ақындықтан да құралақан емес. Ауылдағы қартайып отыр¬ған шалдарды көзінше жоқтап, жылатып, былайғы жұртты күлдіретін. Қасымды сыйлағандықтан, әлгі әйелді екі сөзге келмей алып қалды. Әйт¬песе, соғыстан кейінгі жоқшы¬лықтан өзіміздің де ырғатылып, жетісіп отырмаған кезіміз. Заман да жаман, үйіне халық жауының әйелін паналатпақ түгілі бір кило бидайға соттап жіберетін уақыт қой. Мен сол кезде 12-ден 13-ке қараған баламын. Таңертең тұрысымен шешем маған: “Әй, жетпегір, Кәшудің келгені, Александра¬ны әкелгені туралы тісіңнен шықпасын, айдалып кетеміз!” деді. Қорқыныштан денем дірілдеді. Содан Александра қыстай, көктемде күн жылын¬ғанша үйде шешемнің қасында болды. Үйге қонақ келсе, жиын болса шешем оны жар¬тылай жерден қазылып, жартылай қыртыстан соғылған моншаға тығып тастайды. Байғұс талай рет моншаға қо¬нып шықты ғой. Күн жылы¬нып, өзенде су жүрген соң Александра жылқы¬ның құйрық қылынан үш қармақ жасап алды. Үйде тұрмайды, ертемен кетіп, кешке дейін өзен жаға¬сындағы талдардың арасында қармақ салып отырады. Мен баламын ғой, ілесіп жанынан қалмай¬мын. Мектепте жүр¬генде сабақ¬тан келемін де, Александраға жүгіремін, өзен жағалап жүріп тауып аламын.
– Александрамен не сөйле¬сетін едіңіздер?
– Ол кісі негізі өте аз сөй¬лейтін. Маған ештеңе айтпай¬тын, екеуміз үндемей жүріп қармақ саламыз. Қазақша біледі, бәрін де түсінеді. Менің шешем орысшаңды да қаты¬ра¬тын. Александра екеуі түнде күбірлесіп әңгімелесетін. Олар¬дың жанына жолап кетсем-ақ, шешем “жетпегірлеп” мені қуып жіберетін. Тек бір рет Александраның шешеме “Біз қуғындағы адамбыз ғой”, дегенін естіп қалдым. Ол кезде ауылда қайыршы көп болатын. Бірақ осы азып-тозып жүрген әйелге шешем көп қайыр¬шының бірі деп қараған жоқ. Екеуі моншаға бірге түсетін, өзенге таңертең шығарып жібереді, кешке күтіп алады. Өзінің Александрадан басқа тағы бір аты болды, шешем кейде сол атымен атайтын.
– Александраның сыртқы бейне-пішіні есіңізде ме?
– Ұзын емес, орта бойлы, көк көз, пісте мұрын, ақсары, мосқал әйел еді. Орта бойлы болғанмен сирақты, сұлуша-тын. Шашын желкесінен қысқа етіп қырқып қойған. Орамал тартқан жоқ, ұзын етекті белі¬нен бүрген көйлегі, көнетоз күртесі болды. Орамалды өзен¬ге барғанда тартып алатын.
1947 жылдың күзінде бір күні Александра кешке үйге келмей қалды. Оның сол күні өзенге барғаны не бармағаны есімде жоқ. Түнде үйге келмеді. Өзенді жағалап, ауылдың ма¬ңын айнала іздеп таппай қой¬дық. Ертеңіне түстен кейін балалармен ойнап жүріп, үйден 400-500 қадамдай жерде Мол¬да¬ғали деген атамыздың тастап кеткен ескі үйінде Александра¬ның өліп жатқан үстінен шық¬тық. Дереу апамды алып кел¬дік. Тышқан ба, құс па бір¬нәрсе көзін шұқып тастапты. Апам келіп бетіне үстіндегі күртесін жауып кетті. Ешкімге айтқан жоқ, кешке жұмыстан өгей әкем Төлеубайдың келуін күттік. Ертеңіне әкем сов¬хоз¬дың атын, арбасын әкелді де, соған екеулеп Александраның мәйітін салып, Ұзын Қыпшақ¬тың Науша руы бейітінің етек жағына бөлектеу жерге апарып бетін жасырдық. Әкем құмдақ жер болғанмен, тоңдап қалған топырақты тізеден ғана қаза алды. Қолындағы күрегі де кішкентай әлсіз еді, оның үстіне Колымада он алты жыл айдауда болып келген ол кісінің шамасы да осыған жеткен шығар. Байғұс әйелдің мәйіті ескі бұзылған үйде екі күн жатып қалды.
Есімхан атай әңгімесін осы¬лай аяқтады. Қыр басын¬да¬ғы мұсылман бейітінің етегін бір жылдары қардың суы орып кетіп, сүйектер ашылып қалып¬ты. Оны ауыл адамдары да кө¬реді. Есімхан қарияның сондай сүйектерді жинап, қайта жер¬ле¬ген кезі де болыпты. Әлі тың, сөзі анық ақсақал Александра¬ны жерлеген жерді көрсете аламын деп отыр.
Өзі де қуғын-сүргіннен арыл¬май жүрген Қасым Тоғы¬за¬қовтың көзсіз ерлік жасап, ауылына ертіп барып, паналат¬қан Александра кім болды екен? Есімхан қария ол кезде бала болса да, Қасым Тоғы¬за¬қовтың Александраны ертіп келгенде “Мені танитын әйел, үлкен кісінің, бір ағамыздың әйелі”, деген сөздерін есінде анық сақтапты. Және қария бір сөзінде Александраның тағы бір аты болғанын айтып еді.
– Сіз жаңа Александраның тағы бір аты болды дедіңіз ғой? – деп қайта сұрадық.
– Иә, Пелагея ма, Перия ма, әйтеуір шешем атайтын. Есімде анық қалмапты.
– Падриса деген атқа ұқ¬сайтын ба еді?
– Болса болар, ұқсайды. Әй¬теуір “П” әрпінен баста¬латын сияқты еді.
Самырат Кәкішев “Ахаң туралы ақиқат” деген кітабында Бәдрисафаны “Падрес апам” деп атайды. Және осы кіта¬бында: “Патша үкіметі тіркелу¬ге барғанымызда басқа ұлттың қызы деп оған некелесуіме рұқ¬сат бермеді. Сол уақытта Александра деген атын өзгер¬тіп, башқұрттың Падриса деген қызының атын алған. Содан кейін маған үйленуге рұқсат берді. Әйтпесе оның аты – Алек¬сандра”, – деп Ахаңның өзі айтқан әңгімесін де кел¬тіреді.
Бала кезде көрсе де, Бә¬дри¬сафаға қанық кісінің бірі – Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апай. Ол “Шындық шырағы” атты кітабында: “Ахаң¬ның бәйбішесі Бәдри¬сафа (Александра) жеңгейдің нәсілі – орыс. Тілі келсін-кел¬месін тек қазақша сөйлейтін. “Қ”-ны “К” деп айтатын, ме¬нің тәтемді “Міржакып кай¬ным, Ахмет жұбайын “төрем” дейтін. Бәдрисафа жеңгей ақ сары, көк көзді, қыр мұрынды, орта бойлы, толықтау денелі болатын”, деп жазды. Көз көр¬гендердің барлығы да Бәдриса¬фаны “ақсары, орта ойлы, көк көзді” деп сипаттайды. Есімхан атай да осылай дейді. Ал ол айт¬қан “пісте мұрын” мен Гүл¬нар апай айтқан “қыр мұрын¬ның” арасы алшақ ұғымдар емес.
Есімхан атайдың айтуын¬ша, үйінде болған қуғындағы Александраның бар сыры өзінің шешесі Қапиза әжейдің ішінде кетті. Ауыл әйелінің Александра туралы көрші-кө¬лемге, абысын-ажынға айтқаны не айтпағаны да әзірге бізге белгісіздеу. Өйткені, Қапиза әжей 1976 жылы қартайып қай¬тыс болған. Оның тұстастары да бұл өмірде жоқ. Ал Алек¬сандра туралы деректі бастап беріп кеткен Қарипа әжеміз де осыдан екі жыл бұрын дүние¬ден озып кетті. Ол кісі Бәдри¬сафаның мосқал болса да, сымбаттылығын айтып оты¬ра¬ды екен. Ауылдағы аяғы ұзын¬дау қыздарды “Александра” деп қағытатын көрінеді.
Есімхан атай: “Александра¬ның ауырғаны есімде жоқ, қалай ескі тамға кіріп өліп қалғанына таңқалдық”, дейді. Егер осы Александра Бәдри¬сафа болса, күн суықта жұпыны киіммен тоңғасын ескі талма ауруы қайталап соқты ма, кім білсін? Онсыз да жоқ-жұқана үйде өзін масыл сезініп, күндіз-түні “төресін” ойлай, қан жұтқан қайғысын көтере алмады ма екен? Қасым Тоғы¬зақов бұл туралы кейін біреуге айтты ма, жазды ма, жоқ па, ол жағы да әлі беймәлім. Қасқатта көз жұмған Александра Ахаңа аяулы жар ғана емес, дос, сырлас, қинал¬ғанда мұңдас болған Бәдрисафа шешеміздің тағ¬дырын зерттей түсуге шақырып тұр.

 

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.
«Егемен Қазақстан» газеті  30 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1530
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1394
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1144
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1158