Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4265 0 пікір 28 Қазан, 2016 сағат 15:20

ОҚО әкімі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың жетекшілерін қабылдады

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңес төрағасы Муса Йылдызбен кездесті. Басқосуға аталған оқу орнының Президенті Уәлихан Әбдібеков пен университеттің бірінші Вице президенті Мехмет Куталмыш та қатысты.

Кездесуде тараптар бауырлас елдердің ынтымақтастығы туралы әңгіме өрбітіп, бұл жұмыстарды одан әрі дамыту жайын сөз етті.

Қос мемлекеттің білім, ғылым, медицина, кәсіпкерлік сынды көптеген салаларда бірлескен жобалар жасауы қажеттігіне тоқталған мәртебелі меймандарға, өз кезегінде, аймақ басшысы алғысын білдіріп, қонақжай Оңтүстік өңірі туыстық қатынасқа қашанда дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ, бүгін  Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында  ақын, драматург, композитор, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбыл атындағы халықаралық, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері Исраил Сапарбайдың «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» поэзиялық жүздесуі өтті.

Жүздесуде, арнайы дайындалған театралды қойылым аясында Исраил Сапарбайдың поэзиясымен қатар, сөзіне жазылған «Ностальгия», «Айналдым», «Жүрекке жүрек тіл қатар», «Тырналар», «Ананы аңсау», «Аялашы жүрегімді», «Сағындым ғой», «Мені есіңе ал аяулым» әндері орындалды.

Ақын 70-ке тарта ән мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сығай серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.

Абай ақпарат

0 пікір