Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4618 0 пікір 1 Қараша, 2016 сағат 10:15

ОҚО-да бос мәслихат депутаттарының орнына халық қалаулылары сайланды

Оңтүстік Қазақстанда облыстық және Түркістан қалалық мәслихаттарынан шығып қалған депутаттардың орнына халық қалаулыларын сайлау науқаны 30 қазан күні аяқталып, жеңімпаз депутаттардың есімі белгілі болды. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев хабарлады.

«Кеше, 30 қазан күні өткен сайлау қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттығына Мақтарал ауданы №25 облыстық сайлау округі бойынша 93,7 пайыз басымдықпен (23695 дауыс) Джамалов Бауыржан Салдарұлы жеңіп шықса, Түркістан қалалық мәслихаттығына Түркістан қаласы №13 қалалық сайлау округі бойынша Мустапаев Ержан Хабибуллаұлы 91,3 пайыз дауыспен (4913 дауыс) басым түсті. Қосымша айтарым, сайлауға дайындық пен оны өткізу барысында сайлаушылар мен сенімді өкілдер, жалпы сол жердегі тұрғындар тарапынан сайлау комиссияларына арыз-шағымдар түскен жоқ. Сайлау ҚР сайлау туралы талаптарының заңына сай өткізілді», - деді Ә.Өмірәлиев.

Баспасөз мәслихатында Ә.Кәденұлы жаңадан сайланған депутаттардың өмірбаянына қысқаша тоқталды. Айтуынша, облыстық мәслихат депутаты болып сайланған Джамалов Бауыржан Салдарұлы 1971 жылы туған. Шымкент қаласының тұрғыны «Жалтырбұлақ» АҚ директорлары кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып табылады. Ал Түркістандағы сайлауда айқын дауыспен басым болған Мустапаев Ержан Хабибуллаұлы 1981 жылы туған. Жүйнек ауылдық округ әкімінің кеңесшісі болған. Халық қалаулысы Түркістан қаласы, Қызыл жол елді мекенінде тұрады.

Жалпы, кешегі өткен сайлауда облыстық мәслихат депутаттығы бойынша 25 мыңнан астам сайлаушылардың арасында 3 үміткер бақ сынасса, Түркістан қалалық мәслихатына 6,5 мыңнан астам сайлаушылардың ішінде 4 кандидат сынға түсті.

Abai.kz 

0 пікір