Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4205 0 пікір 3 Қараша, 2016 сағат 09:32

Төлебиде лимон өсіру шаруашылығы дамып келеді

Үндістан, Үнді Қытай, Оңтүстік Қытайда өсірілетін цитрусты жеміс - лимонды баптауды төлебилік шаруалар да меңгеріп келеді. Алғашында жүрексініп жүрген азаматтар ерекше жеміс түрін жылыжайларға егіп көріп, бүгінде төккен терінің нәтижесін көре бастады. Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Лимон баптаудың тәсілдерін меңгерген жергілікті азамат Ким Юрий Көксәйек елді мекенінде көлемі 0,07 га  жылыжайда лимон өсіруді қолға алған. Мұнда 400-ге жуық лимон көшеті отырғызылды. Шаруаның үміті ақталып, алғашқы өнім шыға бастаған соң, оны кәсіпке айналдыру идеясы өздігінен туындады.

Нақтырақ айтқанда, үш жыл бұрын егілген көшеттер биыл-ақ алғашқы нышандарын көрсете бастады.

Жеке кәсіпкер Юрий Алексеевич өз қаражатына салған бұл лимонарийдегі цитрусті жемісті баптау үшін асқан төзімділік қажет екенін айтады.

Осыған қарап, өзге де цитрустік жеміс-жидектер санатына жататын банан, киви сияқты тропикалық жемістерді еш қорықпастан жылыжайларда өсіруге болатын сияқты дейді ол.

Айта кетейік, биіктігі 3-6 метрге жететін лимон жемісінің үй жағдайындағы биіктігі 2 метрге дейін жетеді. Баяу өсіп, алғашқы жемісін 6-10 жылда бере бастайтын лимон ағашы 60 жылға дейін өседі.

 

Abai.kz

0 пікір