Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4913 0 пікір 3 Қараша, 2016 сағат 12:16

АЛМАТЫ ҚАЛАЙ ҚАЗАҚЫЛАНДЫ?

Биыл білген жанға Қазақстан  үшін  маңызы зор елеулі екі екі оқиға: 1986 жылғы әйгілі Желтоқсанның 30 жылдығы мен  ғасырлар бойғы ата-баба арманының жүзеге асқан күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алғанына 25 жыл.

Осыған байланысты өз басымнан өткен төмендегі оқиғаларды рет-ретімен оқырман қауыммен бөліскім келді.

Соның біріншісі - ел тәуелсіздігі тұсындағы мемлекеттік тіл Қазақ Тілінің жағдайына байланысты.

Осы ширек ғасыр ішінде біздің мемлекеттік тілге кереметтей жағдай жасалып, қарыштап алға басып кетті десек, өтірік айтқан болар едік. Не нәрсенің де шынын айтқан дұрыс қой.

Өз басым, 1991- 1995 жылдары Алматы қалалық әкімдігінің «ұлтаралық қатынас және қоғамдық саяси ұйымдармен жұмыс» аты салақұлаш (қазіргі «ішкі саясат») деген бөлімінде мемлекеттік қызмет атқаруыма тура келгенін несіне жасырайын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кімге оңай тиді дейсің. Сол тұста ауылдардың күйісі кете бастап, жастар, әсіресе, қазақ жастарының жаппай қалалы жерлерге босып келе бастағанын және олардың қалалар маңында сол тұста бос жатқан жерлерді басып алып, тұрғын үйлер сала бастағанын ешкім жоққа шығара алмас.

Мен қызмет істеген жылдары бұл оқиға сол кездегі астанамыз Алматы қаласы маңында да кеңінен орын алған болатын.

Қазіргі «Шаңырақ», «Алтын бесік», «Таугүл», «Думан», т.б. ықшам аудандарының өмірге келуі аса күрделі жағдайда өтті.

Себебі, ауылдардан ағылған жастарымыз Алматы қаласының түбіндегі бос жатқан жерлерді өз беттерінше басып алып, ешқандай жоспарсыз, коммуналдық қызметсіз, қала әкімінің рұқсатынсыз (сол тұстағы қала әкімі марқұм Заманбек Нұрқаділов болатын)  әркім қалауынша қалаған жерлеріне тұрғын үйлер тұрғыза бастаған.

Біздің бөлім босып келген жастарымызды тізімге алып, кезекке қойып, ана басып алған жерлерін заңдастыруға бар күшімізді салдық. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып дегендей, басып алған жерлерді заңдастыруға, ешқандай тұрақты тіркемелері жоқ жастарымызға жер бөлудің ең тиімді жолдарын қарастырып, атқарған жұмыстарымыз өз алдына таусылмайтын бір хикая. Тоқ етерін айтқанда, біздің Алматы қалалық әкімдігі осы жылдар ішінде жалпы жиыны 12 мың адамға жер телімдерін бөліп беріп, олардың баспаналы болуларына жағдай жасауының өзі неге тұрады!

Бұл оқиға өз алдына бөлек бір әңгіме. Оны болашақтың еншісіне қалдыра тұрып, Алматы қаласы ішіндегі мемлекеттік тілге байланысты оқиғаларды ғана баяндайын.

Қала басшылығының ұсынысымен Алматыдағы ең басты көшелердің аттарын өзгерту туралы шешім шықты. Арнайы ономастикалық комиссия құрылды. Көше аттарын өзгерту ың-шыңсыз, еш қарсылықсыз өтті десем өтірік айтқан болар едім. Небір айтыс-тартысты, қиын жағдайларды бастан өткізе отырып, Алматыдағы ең басты деген 16 көшенің  атауын өзгерттік. Ол көшелердің басында: бұрынғы Коммунистік көшесін Абылай хан атына, Дзержинский көшесін шапырашты Наурызбай атына, Калинин көшесін Қабанбай, Киров көшесін Бөгенбай, т.б. көшелер атаулары өзгертілді.

Империялық саясат миларын улап тастаған бұрынғы большевиктер, қызыл коммунистер, өзге ұлт өкілдері біздің бұл әрекетімізді айыптап, көшелерге шығып, арыздар жазып, тіпті, Мәскеуден көмек сұраған тұстары да болды.

Күндіз-түні жасырын да, ашық та, күрестер жүріп жатты. Бастан небір оқиғалар өтті (бұларға өз естеліктерімде арнайы әрі толық тоқталғандығымнан әңгімені ұзаққа созбаймын). Рас, Алматының басты көшелеріне «Алаш» серкелері: Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Айымауыт, Мұхаметжан Тынышбай, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабай және ұлт қаһарманы Хан Кене есімдерін бере алмадық. Қарсылық күшейіп кеткен еді.

Ахмет Байтұрсынұлына көше беру де үлкен шайқаспен басталды. Аналар бергізгісі келмеді, біз табандап тұрып алдық.

..Бір күні өзгертілген көше атаулары жазылған темір тақтайшаларды қарап отырсам: «Ахмет Байтұрсынов көшесі» дегенді көзім шалып, «овты» алып тастағым келіп, өзіміздің мықтыларға барсам, олар:»қанша ақша шығарып мыналарды жаздырдық, енді оны өзгерте алмаймыз, Ахмет Байтұрсынұлы екенін жазбаша дәлелде» деп тұрып алды.

Жүгіріп сол кездегі Қазақстан жазушылар одағының төрағасы марқұм  Қалдарбек Найманбаевқа бардым, жағдайды түсіндірдім. Ол кісі келісімін беріп, сол тұстағы орынбасары жазушы Бейбіт Қойшыбайға тапсырды. Мен ол кісімен тез тіл табысып, ана қажетті құжатты жаздырып алып, әкімдікке әкеліп, ономостика комиссиясына талқылатып, үлкен айғай-шумен өз ұсынысымды әзер өткізгенім бар. Бұл қала көшелерін өзгертуге байланысты басымнан өткен бір ғана оқиға. Оның бәрін айта берсем, таңнан таңға созылар еді.

1999-2004 жылдары Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында қызмет істеу бақытына ие болдым, сол кездегі басқарма бастығы Бүркітбай Аяған болатын. Біздің жұмысымыз негізінен сол атынан көрініп тұрғандай ақпаратпен, ұлтаралық ақуалмен, мемлекетт тіл жағдайымен айналысу.

Бір кездері Парламент қабылдаған «Әкімшілік туралы кодексте» мемлекеттік тіл заңдарын орындамаған ақпарат құралдарын, басқа мемлекеттік мекемелерді сотқа беріп, оларға айыппұлдар төлетіп, керек болса, заңды қасақана бұзған лауазымды тұлғалар үстінен қылмыстық істер қозғау болатыны туралы бап бар екен. Бұл заңды орындату құқығы Алматы қалалық тіл басқармасына емес, біздің құқығымызға ғана берілгені де қызық  болып шықты.

Алматы қалалық прокуротурасымен бірлесе отырып, Алматыдағы барлық БАҚ атаулының «Тіл туралы» заңды өрескел бұзып отырғандарын анықтап, алдымен оларға ескертулер жасап едік, құлақтарына да қыстырар болмады. Сосын амалсыз заң бұзушыларды жаппай сотқа бере бастадық. Көбіне айыппұлдар салынды. Заңды орындағысы келмегендерге қайталап айыппұлдар төлетіп, күресті жалғастырдық. Бұл кезде де басымыздан небір оқиғалар өтті,  үстімізден жоғары жаққа жазылған арыздар қарша борады. Орыс тілді шенеуніктер бізді кінәлады. Бірақ біз оған қарамадық, күресімізді тоқтатпадық.

Осы арада өз басымнан өткен бір ғана оқиғаны айтайын.

...КТК телеарнасын тексергенімде олардың қасақана заң бұзып отырғаны анықталып, олар сотқа тартылып, айыппұлдар салынып, олар бізге ашық қарсы шығып, үстімізден арыз жазып, аудандық, қалалық соттар болып, әзер дегенде оларды жеңіп шыққан болатынмын. КТК-ның сол кездегі басшысы Клещенков деген күн сйын жұмысына Мәскеуден ұшып, кешке ұшып қайтатынын, өзі Ресейдің де, Қазақстанның да азаматы екені анықталып, оның ісін сотқа бердім. Ол қашып, Германияға, сосын Гондурасқа барып, солардың  азаматтықтарын қабылдап, Қазақстанға ашық қарсы шығып, мінез көрсетіп жатты. Бірақ, оның онысынан түк те шықпады, ақыры сол Клещенков жұмбақ жағдайда көз жұмды...

Тоқ етерін айтқанда біз: «Хабар», «КТК», «НТК», «31», «Шахар», «Алматы», т.б. телеарналар мен радиолар: ХИТ ФЕМ, «Русская радио», т.б. әуе толқындарындағы ақпарат құралдарын сотқа беруімізге тура келді. Аталмыш телеарналар мен радиолар түбінде заң талаптарын орындай бастаған. Қазір олар бұрынғы мемлекеттік тіл туралы заңды орындамауды  әдеттеріне айналдырғаны да жалған емес. Бұлардың барлығын айта берсең, ұзақ әңгіме.

Айтпақшы, Алматы қаласы көшелеріндегі жарнамаларды тексеріп, олардың мемлекеттік тілді бұзып отырғанын анықтап, үстінен акты жасатып, оларды сотқа берген мен болдым. Нағыз қарсылық осы арада басталды. Сөйтсем, ана жарнамалардың иесі бір мықтының қызы екен. Сол заңды орындамас үшін: «Жұмаш Кенебай, маған тиісті, айналдырды, ақша сұрады» деген жаламен менің үстімнен арыз жазып, мені сотқа бермек болды.

Сол тұста мені ашық қолдаған Мереке Құлкенов  бас редакторы болып саналатын «Ана тілі» газеті болды.  Осы газеттің Мырзан Кенжебай деген тілшісі: «Билік Жұмаш Көкбөріге қысым жасап жатыр» деп «Ана тілі» газетінің бірінші бетіне менің суретім мен мақала басқаны, ақпарат министрлігінің кейбір шенеуніктерінің, Алматы қаласының  сол кездегі әкімі Харапуновтың орынбасарларының менің соңынан шырақ алып түскені, бітпейтін бәлеге қалғаным, ана «мықтының» қызын әзер орнынан алдырғаным, айыппұл салдырғаным, ақыры өзімнің де амалсыз қызметтен кетуге мәжбүр балғаным, бұл да бір таусылмайтын хикая...

Амандық болса, қалғанын алдағы уақытта оқи жасарсыздар...

Жұмаш Кенебай, ақын, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері

Abai.kz

0 пікір