Сенбі, 18 Мамыр 2024
Қоғам 6774 0 пікір 7 Қараша, 2016 сағат 11:10

«QAZAQSTAN» ЕМЕС, «QAZAQYSTAN» ДЕЛІНІП ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК

Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» сөзінің ағылшын тілінде дұрыс жазылуы мәселесін көтеріп, ағылшын әліпбиіндегі «Qq» (кью) әрпін пайдалану жөн дей келе, «Kazakhstan-нан гөрі ағылшын тілінде «Qazaqstan» еліміздің ұлттық негізін дұрыс көрсетпек», – деген сөзінен кейін «Жас қазақ» газетінің 4 қараша күнгі санында Әуесбайдың Qanatының «Ребрендингтің басы болғай» деген мақаласы жариялады. Рас, біз басында «Ребрендинг» деп нені айтып отыр» деп оқыдық. Сөйтсек, мақаланың тоқетері «Qq» әрпін қазақ тілінің «қ» дыбысын таңбалау үшін қолданған дұрыс дегенді қолдаған ұсыныс екен. Ал «Ребрендинг» сөзі «бір елдің бетке ұстар таңбаларын (бренд) толықтай өзгертетін іс-шара» дегенді білдіреді екен. Шетелдік сөзді орынсыз тықпалап, қазақтың басын қатырғанша, қазақшалап жаза салмады ма деген ойға қалдық. Алайда бізді толғандырған басқа мәселе.

Қазақ жұртының есінде болар, 2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында Президентіміз: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген сөзінен кейін қазақ қоғамы біраз дүрліктіріп барып басылған болатын.

Араға біраз уақыт салып, бұл мәселе тағы да көтерілді. Оған Н.Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады», – деп латын графикасына көшудің маңыздылығы мен нақты мерзімін белгілеп берген сөзі себеп болып, жүзден аса жоба дайындалған еді. Қазіргі таңда бұл мәселе біраз саябырсып қалғанымен, ара-тұра сөз болып жатады. Бірақ біз күні бүгінге дейін әлі бір тоқтамға келіп, жобалық әліпбилердің біреуін осы қолайға жағады-ау деп жалпыхалықтық талқылаудан өткізген де, бекіткен де жоқпыз. Дегенмен сол жобалардың көшілігінде «қ» дыбысын «Qq» әрпімен таңбалау керек деп тапқандар баршылық, тіпті 1928 жылы қабылданып, 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданыста болған латынша қазақ жазуында да «қ» дыбысын «Qq» әрпімен таңбалаған.

Әліпби ауыстыру, шынында да, аса күрделі де маңызды реформа. Оны жүзеге асырған кезде қазақ тілінің жаңа емле ережесін, соның негізінде емле (орфография), айтылым (орфоэфия) сөздіктерін, морфологиялық, синтаксистік ішкі заңдылықтарын қайтадан жаңғырту қажет. Жаңа әліпбимен компьютерде жұмыс істеу (компьютер пернетақтасына қазақ әріптерінің қолданыс жиілігіне қарай тиімді орналастыру және т.б. мәселелер) де өз алдына жеке қарастыратын мәселе. Ол үшін ең алдымен қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесін айқындап алып, сосын оларды латынша әріптердің, яғни ағылшын тілінде қолданылатын әріптердің қайсысы қазақ дыбыстарына сәйкес келетінін нақтылап алу қажет. Бір қарағанда аса қиындық тудыра қоймайтындай көрінетін осы бір мәселе де бүгінде қиынның-қиынына айналып жүр. Өйткені ол нағыз филолог-фонетиктердің қарамағынан шығып кетіп, талай адамның «мен де білем» деген тақырыбына айналғаны қашан! Сол себептен де бізде ол (бәрі мойындаған латынша мінсіз әліпби құрастыру) әлі толық шешімін таба қойған жоқ. Осыны ескере отырып, мына бір мәселеге ерекше назар аударуымыз қажет сияқты.

Мәселен, осы уақытқа дейін де қазақтың төл әліпбиі қалыптасқан. Оны жасаған Ахмет Байтұрсынұлы еді. Сол әліпбидің негізінде жасалған қазақ тілінің 1928 жылғы латынша әліпбиінің де әріп таңбалары латынға негізделгеніне қарамастан, ұлттық сипатта болды.

А. Байтұрсынұлы түзген әліпбиді басшылыққа алып, бұрынғыдай (1928 жылғы сияқты) латыншаланған жаңа әліпби құрастырдық, ең дұрысы сол-ақ дейік. Бірақ әліпби құрастыру бір басқа, сол әліпбиді пайдаланып жазу бір басқа. Бір қарағанда қазақ дыбыстарын ғана таңбалайтын сол әліпбиді пайдаланып, қазақ тілі сөздерін жазуда еш қиындық туындамайтындай болып көрінеді. Алайда А. Байтұрсынұлы әліпбиінен мүлдем алшақтап, орыстық сипат алып кеткен, біздің қазіргі қолданып жүрген кирилше «орыс-қазақ» әліпбиіміз қазақ сөздерінің айтылымы (орфоэфиясы) мен емлесі (орфографиясы) арасына біраз ор қазып кетті. Осыны жаңа әліпби қабылдаған кезде қатаң ескермесек, бармағымызды тағы да шайнап қаларымыз ақиқат. Сондықтан да қазақ тілі төл дыбыстары мен олардың өзара тіркесімі мәселесіне арнайы тоқталар болсақ, бұл орайда, ең әулі, қазақ тілі табиғатына қатысты басты-басты заңдылықтарды анықтап, екшеп алғанымыз жөн болар. Біздің зерттеп-зерделеуімізше, олар – мыналар:

1. Қазақ тілінің әлемдік тілдердің барлығына ортақ дыбыстарымен қатар (а, б, г, д, ж, з, е, к, л, м, н, о, п, р, с, т) өз сөздерін дыбыстап айтуға арналған төл дыбыстары бар. Олардың дыбысталуы және тіркесуі (сөз жасауы) қазақ ұлтының дыбыс шығару мүшелерінің сан мыңдаған жыл бойы қалыптасқан артикуляциялық (дыбыс шығаруға ауыз-көмей мүшелерінің қатысуы, дыбыстардың жасалу орны) және акустикалық (дыбыс шығару кезінде демнің өкпеден шығу жолы мен қарқыны) заңдылықтарына негізделген;

2. Қазақ тілі дауысты дыбыстары жуан-жіңішке, еріндік-езулік болып жұптасып келеді. Сол себептен буын үндестігі (сингармонизм) – қазақ тілінің басты заңы болып есептеледі;

3. Қазақ тілі дауысты дыбыстарының ішінде «о» дыбысы түбір морфеманың (түбір сөздің) тек алғашқы буында ғана қолданылады. «Абырой», «арон», «жапон» т.б. деп жазып-айтып жүргеніміз қате. Басқа дауысты дыбыстар барлық буында айтылады, демек жазылуға тиіс. Бұл заңдылық, әсіресе күні бүгінге дейін «емлелік жасанды ережеге» қор болып, жазылуы мен айтылымы арасында үлкен айрмашылық пайда болған «ә» дыбысы мен еріндік ұ, ү, ө дауысты дыбыстарға және осы дыбыстар екінші-үшінші буындарда қолданылатын сөздердің (кіна-кінә, куа-күуә, кәусар-кәусәр, бұрын-бұрұн, бүгін-бүгүн т.б.) жазылуына тікелей қатысты.

4. Қазақ тілі бүкіл түркі тілі сияқты жалғамалы (агглюнативті) тілдер тобына жатады. Демек, түбір сөзден афикстік морфемалар арқылы туынды сөздің жасалуы және олардың түрлі грамматикалық мағыналарға ие болып түрленуі – оларға жалғанатын қосымшалардың (жалғау/жұрнақтардың) жуан түбірге жуан, жіңішке түбірге жіңішке жалғанып, үйлесіп келуі арқылы жүзеге асады.

5. Қазақ тілінің тағы бір өзіндік бір заңдылығы – еріндік дауысты дыбыстардың да үндестігі. Бұл заңдылық «қолдан жасалған» айтылым сөздігінде ғана ескерілмей, емле сөздігімізде де көрініс тауып, екі сөздіктің арасындағы айырмашылықты азайтуы керек [құлұн, түлкү, өлөң т.б.].

6. Қазақ тілінде еріндік о, ө, ұ, ү дауыстылары ғана өзінен кейін келетін қысаң «ы» мен «і» дауысты дыбыстарын еріндікке айналдырады деп «жасанды ереже» шығарғанша, олардың орнына жаңа емле ережемізде еріндік дауыстыларды жазуымыз керек. Бұл заңдылық әсіресе үнді дауыссыз дыбыс «у» дыбысына да тікелей қатысы бар. Өйткені қазақ тіліндегі «у» дауыссыз дыбысы – өзінің алдында да [оқұу, егүу т.б.], өзінен кейін де [ауұл, тәуүр т.б.] «ұ» мен «ү» еріндік дауыстыларының айтылуын талап ететін, қос еріннің сүйірленіп алға шығуынан жасалатын қос еріндік жуысыңқы дыбыс. Демек, жазған кезде, болашақ емле ережемізде осыны мұқият ескеруіміз керек.

7. Қазақ тілінің түбір морфемасы құрамында екі дауысты дыбыс қатар тұра (дыбыстала) алмайтыны сияқты екі түбір морфема біріккен кезде де екі дауысты дыбыс қатар тұра алмайды. Сондықтан оларды біріктіріп жазатын болсақ, біреуін түсіріп [қаларалық, сарарқа т.б.], не болмаса оларды тіркес сөз түрінде [қала аралық, сары арқа т.б.] ғана жазу керек.

8. Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, қазақ тілінің түбір сөздері мен туынды сөздері (сөз түрлендіруші жұрнақты сөздері) буын үндестігі заңына бағынып айтылады және жазылады.

9. Қазақ тілінің үнді дауыссыз дыбыстарынан «м» мен «н» ғана сөз басында қолданыла алады. Тек «Ң» үнді дауыссыз дыбысы ғана емес, сондай-ақ «р», «й», «у», «л» үнді дауыссыз дыбыстарынан да сөз басталмайды, демек олар жалаң түрде, яғни «ы», «і», «ұ», «ү» даусты дыбыстарынсыз айтылмайды [ырас (рас), ійт (ит), ыйба (иба), ұу (у), үуіл (уіл), ылақ (лақ), ілек (лек) т.б.]. Бұны да жазуда ескеру керек.

10. Қазақ тілі сөздері қос дауыссыздан басталмайды [ыстан (стан), ыстанс(ы)йа (станция), ыстақан (стакан), ыспорт (спорт), іспірт (спирт) т.б.].

11. Қазақ тілі сөздерінің соңында үнді мен қатаң дауыссыз дыбыстардың (й+т, л+т, н+т, р+т) тіркесімі бар болғанымен, сөз соңында екі дауыссыз дыбыс айтылмайды. Егер өзге тілдік сөздер «ст», «зд», «дж», «кс», «зм», «рс» т.б. дыбыс тіркесімімен аяқталса, қазақ тілінде олардың арасына «ы», «і» қысаң дауысты дыбыстары қосылып айтылады. Мысалы: министір, коледіж, кодекіс, экстремизім, курыс т.б. Неге екені түсініксіз, атам қазақтың «Халық айтса, калп айтпайды» деген мақалындағы «қалп» сөзінің соңы «л+п» дыбыс тіркесіміне аяқталады. Осы сөздің көне тілімізде «өтірік» деген мағынаны білдіргенін білмейтіндер «қалт» сөзімен алмастырып айтып жүр.

12. Сөз ішінде (түбір морфемада) бірдей екі дауыссыз дыбысты қосарлап айту қазақ тілінің табиғатына тән емес. Демек, «махаббат», «ләззат» деп жазып жүргендеріміз қазақ тілі заңдылығына қайшы. Олар сияқты сөздер «мақабат», «ләзәт» делініп жазылуы керек.

13. Қазақ тілінде «з», «ж» дыбыстарынан басқа ұяң дауыссыздар сөз соңында қолданылмайды. Оның өзінде «ж» дыбысымен «баж салығы», «тәж» деген екі сөз ғана айтылып-жазылады.

14. Қазақ тілінде сөз екпіні (екпінді буын) деген нәрсе жоқ, ол қазақ тілі сөздерінің лексикалық мағынасын өзгерте алмайды. Сол себептен екпін барлық буынға бірдей түседі және сөз құрамында дауысты дыбыстар екпінді, екпінсіз делініп ерекшеленбейді. Демек, орыс тіліндегі екпінсіз айтылатын дауысты дыбыстар орысша қалай екпінсіз айтылса, қазақша да солай айтылып-жазылуы керек. Мәселен, мамонт – мамынт, портал – партал, ректор – іректір, томография – тамағырап(ы)йа, трактор – тірәкт(і)р т.б.» делініп.

15. Орыс тіліндегі «и», «у», «ы» дыбыстары (институт, университет, мы, ты т.б.) осы әріптермен таңбаланып жүрген қазақ тілі дыбыстарына мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан орыс тілінің осы әріптермен келетін сөздерін қазақша жазғанда мұқият болуымыз керек. Тіпті біреулер «орыс тілі немесе басқа да шетел тілдерінен орысшаланып енген сөздерді «орыс орфографиясымен» жазу үшін оларды болашақ латыншаланатын әліпбиімізге енгізу керек» деп өрескел қателікке бой алдырып, шатасып жүр.

16. Қазақ тілі сөздерінің ішінде (ортанғы буындарда) үнді дауыссыздар өздерінен кейін келетін дауыссыздардың барлығымен тіркесе береді, солай болғанымен, біздің ойымызша, «қм», «рм», «сл», «мл», «см», «др», «хн», «қр» дыбыс тіркесімдерімен жазылып жүрген кейбір түп төркіні араб-парсылық «кірме» сөздердің (рақмет, құрмет, мемлекет, ислам, медресе, сахна, мақрұм, ресми, емле т.б.) аражігіне, тіліміздің өзіндік табиғи бітім-болмысын сақтау мақсатында ешқандай жазу үнемділігін ескермей-ақ, «ы/і» қысаң дауысты дыбыстарын жазып-айтуымыз қажет сияқты. Мәселен, «ырақымет», «құрымет», «мемілекет», ыйсылам», «медіресе», «сақына», «мақұрым», «іресім(і)й», «еміле» деп жазсақ, қазақ тілі айтылымына (орфоэфия) барынша жақындай түсетіні анық. Бұл қағиданың мақаламызға өзек болып отырған «Қазақстан» сөзінің жазылуына да қатысы бар.

Қазақ тілінің осұ аталған өзүндік ерекшеліктері мен табиғи заңдылықтары қазақ тілінің болашақ латынша әліпбиін қабылдап, еміле ережелерімізді жасаған кезде қатаң ескерілмесе, әліпби ауұстұрұудың түкке де қажеті жоқ. Сондықтан, ең әуөлі, А.Байтұрсынұлұ түстөп-түгөндеп кеткен «а, ә, б, ғ, г, д, е, ж, з, й, қ, к, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ұ, ү, ш, ы, і» дыбыс-әріптерін (28 әріп) басшылыққа алып, өзүміздің ұлттық әліпбиімізді құрастырұуұмыз керек, сосұн осұ әліпбиді және қазақ тілінің біз жоғарыда санамалап көрсөткен өзүндік ерекшеліктері мен табиғи заңдылықтарын басшылыққа ала отұрып, жазұуұмызды реттеген жөн. Сонда ғана «Қазақстан/Kazakhstan» сияқты орұс тілі орфографиясы бойұнша жазылып келген сөздөрдің қазақша дұрұс жазылұуұн реттей аламыз. А.Байтұрсынұлұ қағидасына жүгүнсек, «Қазақстан/Kazakhstan» сөзү «Қазақыстан/Qazaqystan» болұуұ керек. Түркү тілдес өзбөк, башқұрт т.б. халықтарда солай. Өзбөктер өз елінің атауұн «Узбекистон», бір қаласын «Гүлистон» деп кеңестік кезеңнің өзүнде-ақ дұрұс жазатын.

Бейбіт Жәлелұлы, ф.ғ.к., Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің доценті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2134
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2542
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2303
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1646