Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Мәйекті 5508 0 пікір 1 Тамыз, 2016 сағат 13:22

ТӨЛЕШЕВТЕН "ҰЛТ БАТЫРЫН" ЖАСАУ КІМГЕ ТИІМДІ?

(Коллаж "Рейтинг" порталынан алынды)

Биылғы жылдың бас тақырыптарының бірі – биліктің Жер реформасы туралы бастамасы болса, екіншісі – сақалдылардың сойқаны болғандығы нақ. Соның ішінде Ұлттың болашағы, мемлекеттің ертеңі үшін ең маңызды мәселе – қазақ жерін шетелдік шүрегейлерге жаппай (аукцион) сату мен ұзақ жылға жалға беру туралы билік бастамасына бүкіл «қазақ» бас көтерді. Билікке наразылығын айтты. Қазақстанның жер-жерінде бейбіт митингілер мен ауық-ауық акциялар ұйымдастырылды. Бірақ, бұл жолы да билік диалогқа келмеді. Істің соңы немен тынғаны тағы белгілі. Азаматтар ұсталды, қамалды, жазаға кесілді.

Енді арада аз ғана уақыт өткенде еліміздегі Ресей арнасы (Еуразия арнасы) бейбіт тұрғындарды әлдекімдерден 100 доллардан ақша алып, алаңға шықты деп айыптады. Ресми биліктің мәлімдемесі мен Еуразия арнасы жұрттың күлкісіне қалды. Ел ішін былай қойғанда әлемдік БАҚ әжуалап күлді.

Халық наразылығы, қазақ наразылығы өршіген үстіне өрши түскенде, Президент жедел мараторий жариялап, арнайы комиссия құрып берді. Бірақ, үзілді-кесілді сатылмайды деп айтуға қауқарсыздық көрсетті, рас.

Осыдан кейін-ақ, еліміздің құқық қорғау органдары халықтық дүмпулерге кінәліні анықтап, Елбасының алдына «протокол» көрсетуге асықты. Ұпай жинау үшін бе, әлде араларында араздық бар ма, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бір-бірін терістеуге көшті. Десе де екі органның да ортақ тапқан қылмыскері – бұрын-соңды ешкім есім-сойын "естімеген", Шымкенттегі сыра өндіруші магнат – Тоқтар Төлешев болды.

Алғашында есірткі саудасына, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы бар деп тұтқындалған Төлешевті енді Қазақстандағы митингілерді ұйымдастырушы, қаржыландырушы, билік бетін бұрмаған халықтың позициясын қолдаушы – «батырға»  телінді. Енді сұрақ?

Жыл басында қамауға алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша темір торға тоғытылған Тоқтар Төлешевтің төңкеріс жасамақ болғандығы қаншалықты қисынды? Қылмыстық іс саясиланып кеткен сыңайлы.

Мемлекеттің саяси идеологтарының ақсаған тұсы да осы болса керек, Төлешев тұрақсыздық туғызған наразылық шараларына қатысушылардың әрқайсысына 200 АҚШ долларынан үлестіруге уәде етіпті. Ал Атырауда митинг ұйымдастыру үшін Т. Аянов деген азаматқа 100 мың АҚШ долларын берген көрінеді. Қылмыстық іс саясиланып кетті дегенді осындай мәлімдемелерге қатысты айтып отырмыз.

Жә, біз Төлешевті судан-ақ, сүттен таза деуден аулақпыз. Мемлекеттің саяси идеологтары Төлешевтен "Ұлт батыры" прототипін сомдауға қанша әрекеттенгенімен, Төлешевтің қылмыс әлеміндегі «авторитеті» бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Т.Төлешевтің қылмыстық әрекеттерін құзырлы органдар әу бастан-ақ бақылауға ұстаған. ҰҚК өкілінің айтуынша, шымкенттік кәсіпкер өз қызметін есірткі, қару-жарақ саудасынан, рейдерлік және т.б. қылмыстардан түскен қаражатпен жүзеге асырған. Т. Төлешев «Братский круг» трансұлттық қылмыстық қауымдастығының қызметіне белсене араласып, осы ұйым өкілінің жұмысын қаржыландырған. Бұған айыпталушының «Братский круг» қауымдастығының көшбасшыларымен бірге түскен фотосуреттері дәлел бола алады.

Тергеуден мәлім болғаны, Т.Төлешевтің кәсіпорындарының күзет қызметінің базасында бақайшағына дейін қаруланған ұйымдасқан қылмыстық топ құрылған. Құрамында 90-нан астам әскери дайындықтан өткен сарбазы болған. Осы топ Т.Төлешевтің тікелей бұйрығымен адамдарды ұрлау, ұрып-соғу, өлтіру, қарақшылық, біреудің мүлкін қасақана жою сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстарды жүзеге асырған. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің таратқан мәлімдемесінде келтірілген деректер.

Айтпақшы, жаңағы әр бір шерушіге 200 доллар үлестірмек болған Төлешевтің өзі қарызға белшесінен батқандығын да құзырлы органдар растады. Т.Төлешевтің Г.Рахимов деген қылмыс әлемінің серкесіне 15 млн доллар қарыз болғаны да айтылуда. Бұдан бөлек екінші деңгейлі бірнеше банке қайтарылуы тиіс 200 млн доллардан астам ақша және бар...

Сондай өзі қарызға белшелеп, түрмеде отырған Төлешевке «Билікті басып алуға әрекет еткен,  Қазақстанның вице-президенті болуға ұмтылып, артынша мемлекетті басқарғысы келген» деген айып неге тағылды?. Қазақтың Макс Бокаев, Талғат Аян секілді еркін ойлы батыр азаматтарының ерлігін Төлешевке телудің астарында не бар? Билік жоқ әлде сыра корольін Ұлттың қаһарманына айналдырмақ па? 

Түйін: Әуелі, Төлешевтің басты айыбы – Қазақстандағы митингілерді қаржыландырғандығы болды (Рас, Мемлекетті басып алмақ болғаны тағы бар). Митингілер – билікке емес, оның Жерді сату туралы бастамасына қарсы ұйымдастырылған еді. Бұлай болса, халық түсінігінде Төлешев – Ұлт батыры болып шыға келмей ме?. Тіпті осы бір ғана факті (митингілерді қаржыландыру) Төлешевтің "жер үшін" жаны ауыратынын (бұлай болуы мүмкін емес) айғақтап жібермей ме?  Жер мәселесінде қазақ ұлты жеңіске жетсе, Төлешовшілер сол жеңісті иемденіп, лидерлерін қаһарман тануы да әбден мүмкін ғой. Демек жоғарыдағы идеологтар осы бір тұстан қателесті. Бұрын-соңды ешкім естіп, көрмеген (бүгінгіндей танымал емес еді) Төлешевтен бір-ақ күнде қаһарман жасау - сауатсыздық?

Екіншіден, Төлешев ұйымдастырды деген-мыс митингінің алдын-алу барысында (Алматыдағы митинг) алаңдарда жасырылған жарылғыш заттар мен жанармай құйылған бөтелкелер туралы ақпараттың шын-өтірігі тағы да жасырын қалды. Алматыдағы пәтерден табылған 5 миллион теңге мен қару-жарақ сақтағандардың да аты-жөндері аталмады. Біз құзырлы органдардан қанша рет сұрағанымызбен, мәлімет ала алмадық. Сондықтан, ұсталғандар кім? Қылмыстық іс қалай жүріп жатыр? Сот алды тергеу амалдарының қорытындысы қайда?. Мұның бірі де белгісіз?

Үшіншіден, Тоқтар Төлешевті танитындар оның жергілікті атақты, беделді азаматтардың  қуаныш, қайғысында да төбе көрсетпейтінін, көбіне ресейліктермен араласқанын айтады. Қазіргі ресейлік кейбір ақпарат құралдарында Төлешевті ақтап алатын мақалалар да жарияланып жатыр. Ендеше Тоқтар Төлешев кімнің тапсырысын орындаған? 

Билік осындай сансыз сұраққа жауап іздеткенше, ақиқатта ашып айтқаны дұрыс па деп ойлаймын. Себебі, сұраққа жауап берілмесе, күмән ұлғаяды. 

Қазір біздің мемлекеттің идеологтары күлкілі сценарийлер құрып, елді әдейі алдап, бүгінгі жүйеге деген сенімсіздікті орнықтыру үшін жұмыс жасап жатқандай көрінеді. 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1841
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1870
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1570
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1447