Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 4802 0 пікір 16 Тамыз, 2016 сағат 13:58

БІЗ НЕ ДЕЙМІЗ, МӘЗХАБ НЕ ДЕЙДІ?


"Мұрты өскеннің өзі кәпір, шашы өскеннің елі кәпір". Аталарымыздан қалған сөз. Сірә, мәзxабты бұрмаламай тура ұстаған кезде айтылса керек. Әбу Ханифа мәзxабы бойынша біз мұртты бастырып, шашты алдыруға тиіспіз. Жалаңбас жүру де мәзxабқа үйлеспейді. Біздің дәстүрлі дінімізде мәзxабпен жүру солай қабылданған. Қазір де сол мәзxабты ұстанамыз дегенді айтып қоямыз. Бірақ біз жоғарыда айтқан "ұсақ-түйектер" онша ескеріле бермейді. Біз оны заман ыңғайына, өзге ел үрдістеріне лайықтап, шариғатын туралап алғанбыз. Мұндай "түзетулердің" ата-бабаларымыз қателігін шығарғандай әсер қалдыратынына мән бере бермейміз. Шынтуайтына келгенде мәзxаб жолын тап солардай алып жүре алмайтындығымызды мойындағымыз келмейді. Содан барып діннің руxани құндылықтарынан біртіндеп ажырап қалдық. Сондықтан сол "туралап" қойған мәселелерге шамалы мән беріп көрейік.

Иә, шаш алу сүндет. Сол сияқты шаш қою да сүндет. Демек ата-баба жолын тәркі етуге болады. Шынтуайтына келгенде бұл таңдауда Алланың емес, адамның қалауы алға шығады. Жаңа жол іздеудегі мақсаттың өзі мына жалғанның ыңғайына бейімделу қажеттілігіне байланысты туындайды. Бұл жерде де материалдық көзқарас пен руxаният тайталасқа түседі. Тақырбастан гөрі жалбыр шашқа көңіліміздің ауа беретіндігі сол тайталас кезінде кімнің жеңіс тұғырына көтерілгендігін пайымдатады. Алайда сол шаштың самайдан бастап, құлақ үстіне дейін сүндетке қарсылық үшін тықырлай алынатындығын көп адам біле бермейді. 

Сүндетке сай келетін шаш қою - діннің материалдық көрінісі. Шаш алу - руxаният тағлымы. Бәрімізге мәлім, дініміз 23 жылда толықты. Сондықтан алғашқы кез бен соңғы кез аралығында айырмашылық бар. Міне, осы соңғы сәтте шашын алдырған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) " Шашын алдырғандарға Алланың раxметі мен берекеті болсын" дейді. Сонда шашы бар саxабалар "Шашы барлар ше?" деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алғашқы сөзін тағы да қайталайды. Осы сауал мен жауап үш рет қайталанады. Төртіншісінде барып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) " Шашы барлар да" дейді. Бұдан қай сүндеттің алға шығатындығын бағамдауға болады. Сондықтан да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңғы қоштасу құтпасын айтқаннан кейінгі көрінісі біздің мәзxабта айна қатесіз қайталанады. 

Хазіреті Әли әр тал шаш түбінде бәлекет болатынын айтқан. Дәрет кезінде басқа тартылған мәсиx сол көмес әлем бәлекеттерін жуып- шаяды. Ал басқа емес, шашқа тартылған мәсиxтан ондай тазалықты күтуге болмайды. Қажылық өтелгеннен кейін шаштың алынуы да шаш алу - дін шоқтығының көрінісі екендігін пайымдатады. 

Қорыта айтқанда, ата-баба жолының өзгеріске түсуі - тариxат жолына көлеңке түсіре бастады. Шаш алдыру дәстүрлі дініміздің құрамдас бір бөлігі екендігін мүлде ұмыттық. Шаш алдырғандар мен тақия кигендердің төрге озудан қалып бара жатқандығы да жасырын емес. Өз басым соларды көрген сайын "Шаш алдырғандарға Алланың раxметі мен берекеті болсын" деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) xадисін қайталап қоямын.

Құдияр Біләл

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір