Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Осы ғой енді... 4837 0 пікір 18 Тамыз, 2016 сағат 11:20

БАЛБҰЛАҒЫМЫЗ ТАР БҰЛАҚ БОЛЫП ШЫҚТЫ!

 

Денсаулық сақтау министрлігінің назарына!

 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға бет бұру жолын таңдаған еді. Қазір қазақстандық нарықтық экономиканы әлемнің көптеген елдері толық мойындады десе болады. Елімізге енген инвестиция көлемі жағынан еліміздің ТМД елдері арасынан бірінші орында тұруы соған дәлел. Бірақ әлемдегі орын алған дағдарыс Қазақстандағы нарықтық экономиканың әлсіз буындарын ашып беруде. Біріншіден, Қазақстан нарығы тек шикізат экспортына негізделіп, ел экономикасының басты көрсеткіші саналатын тұтыну тауарларын өндіруде кенже қалғаны анықталды. Екіншіден, жеңіл өнеркәсіп пен азық-түлік өндірісінде біздегі мемлекеттік қауіпсіздік деңгейі өте төмен екендігі белгілі болды. Не себептен? Себебі, шикізатқа баламалы өндірісті дамыту әділетті бәсекелестікке негізделген, мемлекет заңдарын қатаң басшылыққа алған жауапкершілікті нарық заңдары іске қосылғанда ғана мүмкін болатыны назардан тыс қалды. Оның орнын сыбайластыққа негізделген коррупциялық ережелер алмастырды. Бұл, әсіресе, мемлекетті басқару тетігін қолға алған шенеуніктер арасында өршіп тұр. Нәтижесінде ­ әрбір шенеунік өз жұмысын жеке пайдасын көздеу мақсатында  құру мүмкіндігіне ие болып шықты. Олар мемлекет заңдарын ысырып қойып,  әркімнің өз білгенін жасауға, мемлекеттік құрылымдарды өз мақсаттарына пайдалануға жол ашып алды. Олардың осы өктемдігі мемлекет экономикасның іргетасын шайқап, елімізде соңғы кездері жиі орын ала бастаған дағдарыстарға жетелеуде. Оған дәлел жеткілікті – күнделікті ақпарат көздерінде мемлекет қаржысын миллиондап-миллиардтап ұрлаған шенеуніктер қатары азаяр емес. Тіптен, кей жағдайда, жоғарыдағы сыбайластық қолдауға, басқаша айтқанда – «крышаға»  арқа сүйеп, мемлекеттің халықаралық беделіне тікелей әсер ететін жобалар да осындай жағдайға ұшырауда! Ал экономиканың негізін қалайтын шағын және орта бизнес шенеуніктер тарапынан ұйымдастырылатын тексерулер мен қысымның арқасында тұралап жатыр. Сөйтіп, өздерінің жауапқа тартылмайтынына сенімді шенеуніктер өктемдік жасап, бұл бизнес түрін «жем жейтін астауға» айналдыруға ұмтылатыны жасырын емес. Елбасы талай мәрте шағын және орта бизнесті қолдауға, тексеруді азайтуға,  тіптен, оған мараторий жариялау туралы шешім шығарса да – оны құлағына қыстырар шенеунік көрінбейді. Бұны, әрине, жеке бас жауапкершілігі  мемлекеттік мүддесінен үстем болғанда ғана мүмкін болатын құбылыс десе болады.

Осы мақаланың жазылуы да шағын және орта бизнеске байланысты туындап отыр.   2015 жылдың 24 тамызында №1-ші «Балбұлақ» Республикалық балаларды бейімдеу орталығы» Республикалық Мемлекеттік Комуналды Мекемесі  (РМКМ-тапсырыс беруші) мен «АстанаЭкспоИндустрия» ЖШС (мердігер) арасындағы шартқа отырды. Шартта мемлекеттік тапсырыспен Алматы қаласындағы Горная 440 адресінде орналасқан «Балбұлақ» РМКМ территориясын әрлеуге және  ғимараттарына жөндеуге сметалық құны 12 218 595 теңге болатын жұмысты жүргізу көрсетілген. Жұмыстың аяқталу мерзімі 30 күн болып белгіленді.

Аталған уақытта ЖШС тапсырылған жұмысты орындап, акт жасалынады. Алайда «Балбұлақ» РМКМ жұмыс сапасына риза болмағандықтан арада келіспеушілік туындайды. Тапсырыс беруші мен Мердігер  арасында сотқа жүгіну басталды...

26.10.2015 ж. өткен алғашқы сот отырысында Тапсырыс беруші жұмыс сапасына келіспей  актіде көрсетілген кемшіліктерді түзеуді  және орындалған жұмыс көлемін қайта қарауды талап етеді. Мердігер онымен толық келіседі.  Сөйтіп, сот шешімімен тәуелсіз эксперт тағайындалып, олар атқарылған жұмыс көлемі 11 239 685 теңге деп белгілейді.  Бұл шешімге екі жақ та қарсы болмайды. Бірақ, РМКМ «Балбұлақ» аталған сомаға келіскенімен, мердігердің еңбекақысын төлеуге асықпайды. ЖШС «АстанаЭкспоИндустрия» сот арқылы 11 239 685 теңге төлемін талап еткен сотта екі жақ келісімге келді. Шешім 2016 жылдың 23 маусымында күшіне енгеніне қарамастан, «Балбұлақ» мекемесі әлі күнге дейін тиесілі соманы мердігердің шотына аударуға асығар емес. Тіптен, талпыныс та жасаған жоқ. Не себептен екені мекеме басшысы Ахметов Назгүл Серікқызынан өзгеге түсініксіз болып отыр.

Жалпы, бұл мәселенің мемлекетіміз үшін қандай маңызы бар екенін -   реті келгенде айта кету керек сияқты. Бұдан мынадай мәселелер бой көтереді:

  1. Қазақстанда тендер мәселесі. Көп жағдайда тендер коррупция тетігіне айналған. Біздегі қалыптасқан жағдайда жұмыс беруші (тендер комиссиясы, мекеме басшылары) өздерін «мемлекеттік тапсырысты атқарушы менеджерлер» деп сезінбейді. Олар өзін «жұмыс беруші жарылқаушылармын» деп сезінеді. Жұмыссыздық пен қатаң бәсеке жағдайында  кез келген мердігер өз мүддесі үшін мекеме басшылары мен тендер комиссиясын «жарылқаушы» деп қабылдауға әзір. Ол аз болса - оларға «қызметі үшін» сыйақы беруге даяр.  Бірақ, мұндағы айналымдағы қаражат мемлекеттікі екендігімен ешкімнің ісі жоқ сияқты. Ешкім де қажет қаражатты жеке өз қалтасынан шығарып жатқан жоқ шығар!  Нәтижесінде Қарағандыдағыдай құлап қалған, Алматыдағыдай бір жағына жантайып қалған  үйлер пайда болды... Сөйтіп, тендердегі келеңсіздіктер мемлекеттің экнономикасына орасан шығын келтіріп, оған (экономикаға) шындап қауіп төндіре бастады десе болады...
  2. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген қаржының қомақты бөлігі қолды болса, мердігер арзан жұмыс күшін іздеуге мәжбүр. Ал, әрине, «арзаны» өзбек ағайындар мен қырғыз бауырлар болып шығады. Сөйтіп, жұмыс та соларға бұйырады. Соның арқасында жыл сайын елімізден миллиардтаған қаржы шетке кетуде. Ол экономиканы әлсіретуде. Қиыны − жұмыссыз азаматтарымыздың адами тұрғыда аза бастауы болып тұр... Ал, өзбек не қырғыз азаматы біздің елде кәсіби тұрғыдан кемелденуде, олардың баласы бүтін киім мен тояр тамаққа қол жеткізсе − біздің балалар көше кезіп, қарын тойғызу әрекетінде! Міне, мәселе түйіні қайда! Осының бәрі өз шенеуніктеріміздің қолымен жасалуда десек өтірік емес! Олар шағын және орта бизнесті қолдауды  «мемлекеттік маңызы бар шара» деп қабылдамаса − жағдай еш өзгермейтін сияқты.

Әрине, жоғарыдағы баяндалған жағдай бар жерде орын алып отыр демейміз. Нарық кезінде негізгі ұстаным «таза еңбек» болуы тиіс. Өкінішке орай,  адал еңбек еткен жұмысшылар, фирмалар маңдай тері ақысын әлі күнге ала алмайтын мысалдары көбейіп барады. Мына жағдай да соған сай келіп тұр. Ал фирманың заңды еңбекақысын төлемей «өзімбілемдікке» салып отырған «Балбұлақ» мекемесінің басшысы -  Ахметова Назгүл Серікқызы бұған не дер екен? Және де, «Балбұлақ» мекемесі Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекеме болғандықтан, біздің оларға да айтар өз уәжіміз бар, ол: «Сіздерде әр басшы қаржыны осылай «игерер» болса, онда министрлік пен министрдің қажеті бар ма?  Әлде, бізге тиесілі қаржы басқа бағытқа жұмасалып кетті ме? Сонда қалай болғаны?» деген..

Біз министрліктен осыны тексеруді, ақ-қарасын ажыратып беруді күтеміз.

Әбдрәшит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2029
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2464
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2043
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1590