Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3293 0 пікір 23 Тамыз, 2010 сағат 09:41

Көп ішінде бір жалғыз

«Қуанса күле алмайтын, Қайғырса жылай алмайтын», «қор елде туып, қор  болып өмір сүрген» жалғыз туралы ойлағанда, бүкіл ұлттың қасыреті - күдірейген жондарына қанат біткен пырағынан көз жазып, жапан далада тентіреп кеткен жолаушыны еске түсіреді. Г.Г.Маркестің сүйікті кейіпкерлері, Хосе Архадио Буэндио әулетінің пешенесіне жазылған ғасырлық жалғыздықтың улы тырнағы тамағыңа тақалғандай қорқынышты сезім иектей бастайды...

«Қуанса күле алмайтын, Қайғырса жылай алмайтын», «қор елде туып, қор  болып өмір сүрген» жалғыз туралы ойлағанда, бүкіл ұлттың қасыреті - күдірейген жондарына қанат біткен пырағынан көз жазып, жапан далада тентіреп кеткен жолаушыны еске түсіреді. Г.Г.Маркестің сүйікті кейіпкерлері, Хосе Архадио Буэндио әулетінің пешенесіне жазылған ғасырлық жалғыздықтың улы тырнағы тамағыңа тақалғандай қорқынышты сезім иектей бастайды...

Азан-қазан тіршіліктің күнделікті күйбеңі жаныңды жалықтыра бастағанда, «бір барып қайтайыншы сырлас жанға» деген ойдың жетегінде көне танысыңды іздеп, тартып кетесің. Көңіл-күйдің дәл сондай қалауымен досымның үйінде әңгімені сапырып, қазақ әдебиетінде бұрын-соңды екуміз ғана қалған шақта қайсыбір арнадан неміс драматургі, жазушы Патрик Зюскиндтың «Парфюмер» романы бойынша түсірілген киносын көрсетті. Әңгімені доғара тұрып, назарды экранға аудардық.  Лас орта. Тастанды бала. Сасық иіс мүңкіп мерез жайлаған тас қала... деміңді ішке тартып экранға телміргеннен басқа қайран жоқ. Иіс сезу түйсігі сұмдық жетілген тастанды баланың адами аңқымадан (адамға тән иіс-қоңыстан) жұрдай бөлекше жаралымы біздің танымды «адам ба, албасты маға»  алғашында-ақ табан тіретті. Өсе келе осы қасиетінің арқасында әтір саудегерлерінің шаруасын шалқытып, іскер балаға айналған «қалыпсыз адам» төбе шашымызды тік тұрғызды. Аңсарындағы иіс суды өрімдей қыздарды өлім құштырып, денесінің сөлінен әзірлейтін манияк кейіпкеріміз, Париж тұрғындарымен бірге бізді де суық үрейдің құшағында қалтыратты. Қарғыс пен нәлетке шырмалған тағдырының тезірек тәмамдалуын күткен мезгіл де келді. Париж алаңына жиналған жұрттың қуанышында шек жоқ. Мәртебелі дін басынана тартып, қала халқы күнаһар бастың допша домалауына мүлдем шек келтірмеген тәрізді. Асыға анталайды. Балғын қыздардың тәнінен кеңсірігін тескен иіс суын әлде қашан әзірлеп, өмір, өлім туралы түсінікті санасынан ысырып тастаған «нәпсі король» жаза алаңына аяқ басқан тұста бәрі өзгеріп сала берді. Жігіт қойнындағы ғажайып иіске шыдастық бере алмаған тобырдың «ол періште» дегенге ғана тілдері келіп, өз киімдерін өздері шешіп, небір ұятсыздықтар тапатал түсте «періштенің» көз алдында жасалды. Жұрттың соншалықты бейшаралығы, әлде нәпсі қанағатынан туған жалғыздықтың бейопалығы налытты ма, жігіт жанарын жуған жасты тиа алмады... Өлді.  Ешкім де ол туралы тебіреніп айтпайтын болды. Кино бітіп, шылым шегуге сыртқа беттедік. Бағанағы қызу әңгіменің алауы қайтқан. Салқын қоштасып, тұраржайыма көлік тоқтаттым. Жол бой іште басталған алақұйын арпалыстан арыла алмай, біртүрлі мағынасыздық иектеді. Жұрт та қызық кейде. Өздері сезінбеген, түйсінбеген дүниелерін жоққа шығаруға әуес. Жалпы, жалғыздық атаулы ең жоғарғы сана мен ең төменгі санаға тән мінездің қарама қайшылығы ма деп ойлайсың кейде.

Жалғыздық туралы классикалық ұғымның жетегінде мүлдем басқаша түсінікте өстік қой. Құдірет пен ақыл парасат иелеріне тән қасиет дегеннен өзге еш тыянаққа, еш ұғымға көңіл аударып көрмеппіз. Нәпсінің де «Парпюмердегідей» ұшына шыққан «ұлы жалғыздары» болатындығына енді енді көз жетіп, жан илана бастады. Еуропада бірнеше жыл тұрып келген танысым қатты жалғызсырағанын айтып келіп еді. Айтысына қарағанда пәтерін жалға берген қожайын апасы, күні-бойы терезе алдына келіп, үн-түнсіз теңізге телміргені ішін пыстырса керек. Анда-санда «апалап» мойнына асылатын немере-шөберелеріне де онша еміреніп, еңсесі көтерілмейді екен. «Кемпір жанарындағы зілмауыр жалғыздық, жалпы еуропалық жасы ұлғайған адамдарға тән психологиялық дерт» дегені есімде қалыпты танысымның. Бұл енді сана-сезімі жетілген халықта болатын ың-жыңсыз беймазалық шығар. Баяғыда құрдас, замандастарының бәрі о дүниелік болған атамның сырласындай болған Ақбоз аты өлгенде бүкіл ауылдың шаңын қағып, аяғынан тік тұрғызып еді марқұм. Содан кейін ешкімге жақкірісін ашпастан аттанып кете барды. Үрім-бұтағының ықылас-пейілін хайуандай місе тұтпаған сол шалдың мінезін күні-бүгін түсініп жетпедім.

Жалғыздықтың да алуан-алуан формалары, түрлі-түрлі түсінігі болады дегенім сол ғой. Тіпті кейде бүкіл халықтың «дерті»  бір адамның басына сиып,  күллі жұрттың «жалғызына» айналған «тұлға» туралы «сыр» шерту бақсының моласындай халге түскен Абай туралы айта салғандай «оңайға» түспейді. Сері Ақанның басынан шырылдап ұшқан Қараторғай - қайран дәурен де ойлантпаса керек ондай нәпсі корольдарын.   Бір жолы жапон жазушысы Коба Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» романын оқып отырып,  жалғыздық туралы қолымды кеш сермеп жеткен түсінігімнің алтын қазығына ат байладым. Аңызда бүй дейтін:

«Баяғыда бір қамал, оны күзететін бір сарбаз болыпты. Сонымен сарбаз үнемі жау шабуылын күтіп, қас қақпай әрқашан бәріне дайын тұрады. Күндердің күнінде сол күткен жаудың қарасы да көрінеді. Сарбаз, обалы не керек, сол сәтте-ақ белгі беретін кернейін аңыратады. Алайда, бір таңқаларлығы, арттағы негізгі күштен ешкім келмейді. Мұндай жағдайда жалғыз сарбаздың оп-оңай жеңілері белгілі ғой. Бір уақытта әлгі сарбаз жау қолының ешқандай қарсылыққа кездеспей, қақпадан, қабырғадан, үйлерден ауа тәрізді көктей өтіп бара жатқанын көреді... шын мәнінде жау қолы емес, қамал бос ауа болатын. Сарбаз байғұс өмір бойы жапан даладағы қураған ағаш тәрізді жападан-жалғыз құр елесті ғана күзетіпті...». Ал, не дейсіз ұлтын бек сүйетін адал сарбазым? Сағымға айналған жұртыңның зәулім-зәулім қабырғасын сылап тұрып, іш құса жалғыздықтың ащы өксігін сезінуден артық азап жоғы   есіңе түсті ме екен деші...

Бала кезімізде ауыл ақсақалдары гу-гу әңгіменің көрігін қыздырып, сұхбаттасқаны жіпсіз байлап алушы еді. Аңқиясың-ай келіп. Бұ дүниемен о дүние жайында айтылмайтын әфсана қалмайтын. «Ақырзаман таяғанда көктен тажал түседі, қолынан келмейтін құдірет жоқ, жұрт ақыл-есінен алжасып құдайын сол деп таниды». Санаңды қорқыныш жайлап, кәлиманы іштей неше кайталағаныңды өзіңде сезбей, зәрең зәр түбіне кетеді сол мезетте. Сөйтсек, жез тырнағын жеңіне жасырып күнде қасыңда жүретін тажал, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан» өзіміздің «жалғыздар» екен ғой. Қай ағым екені есімде жоқ, сондай бір діни сектаның адал мүриті, ауылдас жігіт «құдіретті көсеміне» таныстыруға өтініш жасап, жығыла жабысты. Ақырзаманның таяп қалғандығын, тажалдан аман қалудың бірден бір жолы «пірәдәрдің» ғұзіретінде екендігін айтып, «көрмеген көлден естімеген құстың дауысын естіртті». Өрмекші торындағы байқұс шыбындай мына хәлі бармасыма қоймады. Бардым. Үлкен залға әжептәуір адам жиналған.  Біреуді асыға күтетін тәрізді. Дәуде болса «пірәдәр-ау», есік ашылған кезде жұрттың көңіл-күйінде жасаған ілтипаттан бөлек, үрейге жақын сезім пайда болды.  Ұзынсонар сүйістерден кейін «көсем» тағына жайғасты. Жан-жағын уып жіберердей көз тастап, маған келгенде «мынауың кім» дегендей тесіле қарады. «Айналайын ағатай, адасып жүрген ботаңмын ғой» деген кейіпте төмен қарап отыру ғой біз пақырдікі. Ауылдас жігіттің ант ішіп, түп-түқиянымнан бастап таныстыруынан кейін сабасына түсті-ау сабазың, рухани азаттықа жеткізетін «ұлы кеңестеріне» көшті. Шығып кетудің жөні болмай отыруға тура келді. «Атар таңым атпастай, батар күнім батпастай»... Еміс-еміс есімде қалғаны сол баяғы жан шошыр жалғыздықтың талмаусырап жеткен аянышты үні. «Қазақтың көзінде Құдай жоқ, көздері Құдайды өлтірген...».

 

Ырысбек Дәбей

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2198
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2521
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1683