Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Мәселенің мәні 4910 0 пікір 26 Тамыз, 2016 сағат 11:26

БАҚ-ТАҒЫ БАРЫМТАШЫЛАРҒА ҚАРСЫ КОАЛИЦИЯ ҚҰРЫЛДЫ

(сурет «Kapital.kz» порталынан алынды)

Жақында Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі бірқатар интернет БАҚ басшылары мен бас редакторлары авторлық құқықты қорғайтын әм контент ұрлығына қарсы ұжымдық келісімге қол қойып, коалиция құрды. БАҚ-тағы барымташыларға қарсы күш біріктіру рәсімі Алматыдағы «Достық үйінде» өтті. Оған «Abai.kz» порталы бастаған 13 сайттың редакторы қатысты. Сондай-ақ, ұжымдық келісімге қол қою жиынын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тікелей эфирде бақылап отырды.

Сонымен, ұжымдық келісімге келудің негізгі себебі – интернет БАҚ-та жиі орын алатын авторлық құқықтың бұзылуы, контент ұрлығы, авторлық контенттің жиі барымталануы болды.

Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі ақпараттық сайттарда авторлық контенттің рұқсатсыз алынуы, дереккөздерінің көрсетілмеуі қалыпты жағдайға айналып кеткені жасырын емес.

Оның жарқын бір көрінісі – «Defacto.kz» порталы мен «Nur.kz» арасындағы сот процессі. Солтүстік қазақстандық  «Defacto.kz» порталы авторлық материалдарын ұрлады деп «Nur.kz» порталын сотқа берген еді. 5 жылдың ішінде 542 авторлық материалды дереккөзін көрсетпестен жымқырып кетті деген шағымданушы тараптың арызын сот төрағасы қанағаттандырмаған еді. Сөйтсе, аталған басылым ұрланған материалдарды жариялаудан ешбір пайда таппапты-мыс.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, әрине. Десе де ұжымдық келісімге келудің жалғыз себебі бір бұл емес. Ақпараттық кеңістіктегі онлайн БАҚ-тардың жалған рейтинг ұйымдастыруы да көлденең  кедергілер тудыруда.

(сурет «Kapital.kz» порталынан алынды)

Бекжан Ыдырысов, «radiotochka.kz» порталының бас редакторы:

-Біз ұжымдық келісімге қол қоюға өзге де әріптестерімізді шақырдық. Алайда белгілі, белгісіз себептермен олар мұнда келе алмады. Осында отырған әріптестерімнің барлығы да осындай жағдайды бастарынан өткізген. Алайда ешқандай эффект болмады. Сондықтан біз ұрлықшы сайттармен осылайша күресуді жөн деп таптық. Бұл идея бір жыл бұрын қолға алынған еді.

(сурет «Kapital.kz» порталынан алынды)

Шавкат Сабиров, Қазақстанның Интернет Ассоциациясы, RadioMM.kz порталының директоры:   

-Жоғарыдағы жайттардан кейін түйгеніміз жалғыз: агрегаторлар өздерінің құқықтары үшін күреседі. Біреудің материалдарын ұрлағанымен қоймай, одан түскен бюджетті немесе трафикті бөліске салғысы келмейді.

Расында біздің ақпараттық кеңістікте агрегаторлар көп. Өздері контент жасамайды. Өзгенің еңбегін пайдаланып отыр. Сорақысы сол, кей сайттар дереккөзін көрсетпейді де. Бұл дегеніңіз – біреулер уақыт жұмсап, көз майын таусып еңбектенеді де, біреулері дайынға ие болып,  содан қыруар пайда тауып отыра береді деген сөз. Оған қоса Министрліктер жариялайтын тендер үшін жалған рейтинг жасап, түрлі алаяқтыққа барып жататын БАҚ-тар да аз емес. Мысалы, порнотрафиктер арқылы, түрлі әлеуметтік желілер арқылы т.с.с. рейтинг жасау науқаны басталып кеткелі қашан. Сондай-ақ, журналистика этикасының өрескел бұзылуы тағы бар. Мұнымен күресудің жалғыз жолы – ұжымдық келісім болып табылады. Ақпарат министрлігінің онлайн бақылауымен өткен жиында осы және өзге де мәселелер талқыланды.

Ал қазіргі таңда аталған келісімге қол қойған 13 сайттың редакторлары интернеттегі плагиатшылармен бірлесіп күресуге келісті.

Ұжымдық келісімге қол қойғандар:

Abai.kz

Radiotochka.kz

Kapital.kz

Informburo.kz

Газета «Время»

RadioMM.kz

Газета Central Asia Monitor

Szh.kz

JasQazaq.kz

KazakhstanToday Media Group (KT.kz)

Алдағы уақытта «Zonakz.net», «Defacto.kz» және «Караван» газеттері колалицияға қосылуға ниет білдірді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар