Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Дат 5543 0 пікір 29 Тамыз, 2016 сағат 11:56

ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛМЕЙТІНДЕР БИЛІКТЕН КЕТСІН!

Белгілі саясаткер Мұхтар Тайжан биліктегі мемлекеттік тілді менсінбейтін кейбір жоғарғы лауазым иелерінің биліктен кетуін талап етті. Бұл туралы «qazaquni.kz» порталы жазды.

Мұтар Тайжан, саясаткер:

-Елдің экономикасын бұлар тонап, бүлдіріп тастады. Енді олар экономиканы түзете алмайды. Мен бұны баяғыда түсіндім. Қандай сауатты маман болса да, жүректе ұлттық от жанып тұрмаса – істің бәрі бос, далбаса. Көкірегінде таза ниет жоқ болса, қайтесің?

Сондықтан, 1 қыркүйектен бастап – жаңа саяси маусымда – Үкімет пен Парламенттың  отырыстары тегіс мемлекеттік тілде - қазақ тілінде өту керек. Жеркомның отырыстары таза қазақ тілінде өтіп ақыры нәтижесін көрсетті. Өйткені қазақ тілі – ол демократия мен әділеттіліктің тілі. Қазақша сөйлеп тұрып қазақ халқына зиян тигізетін шешімді қабылдау қиын болады.

Соңғы 10-15 жылдың ішінде елдің демографиясы қағида тұрғысында өзгеріп кетті. Қазақстандықтар қазақ тілді халққа айналып үлгерді. Сол себептен қазақ тілін білмейтін Үкіметтің мүшелері және сондай парламент депутаттары орындарын өз еркімен босатып кету керек. Жаңа министрлер мен депутаттар президент сияқты қазақ тілінен емтихан тапсырсын. Болды, біз қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін пәрменді түрде талап ететін уақыт келді.

Бұл Үкімет пен Парламент Қазақстанның оккупациялық органдары болмаса, мемлекеттің тілінде сөйлесін. Ал сөйлесе алмайтындар кетсін, олардың кезі өтті. Заман өзгерді.

Abai.kz

0 пікір