Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 4904 0 пікір 30 Тамыз, 2016 сағат 11:17

ХОДЖЕНТТЕ «ШЫМКЕНТ» ШАҒЫН АУДАНЫ БОЙ КӨТЕРДІ

Бүгінде біздің көк байрақты еліміз - Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің мерейтойлы 25 жылдығын тойлауға жан-жақты дайындығына қызу кірісіп жатқаны мәлім. Қоғам өмірінің сан-саласын қамтыған осынау ұлағатты істің ел мүддесі, елдігіміздің қуаты, әлбетте халықаралық мәртебесінің үстем болуы үшін маңызы ешқандай талас тудырмаса керек. Биылғы жыл сондай-ақ кешегі одақтас республикалардың, қазіргі егемен елдердің барлығында дерлік мерейтойлы кезең болып отырғаны белгілі. Сондықтан бауырлас мемлекеттер бір-бірінің қуаныштарын бөлісіп, торқалы тойларына ортақтасып жатуын түсіністікпен қабылдағанымыз абзал.

Осы орайда Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігі Оңтүстік Қазақстан облысының Әкімдігімен бірлесіп, Душанбе және Ходжент қалаларында ү.ж. 25-26 тамызда бірқатар ресми һәм мәдени, салтанатты іс-шараларды өткізді.

Тарқатып айтар болсақ, 25 тамызда Тәжікстандағы  Елшіміз Нұрлан Сейтімовтың қатысып қолдауымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков бастаған делегацияның, Шымкент қаласы және Тәжікстанның Соғди облысы, Ходжент қаласының басшылықтарының келіссөздері, сонымен бірге делегация құрамына енген бизнес өкілдерінің іскерлік кездесулері жүзеге асырылды.

Тәжік ағайындар біздің елімізге деген достығы мен құрметінің белгісі ретінде Ходжент қаласында жаңадан бой көтерген шағын аудан бөлігіне «Шымкент» атауын беріп, оның ашылу рәсімі шын ниетті көтеріңкі көңіл күйде  өткізілді. Осылайша, Шымкент-Ходжент қалаларының бауырластық мәртебесі бұрынғыдан да беки түскендігінің куәсі болдық. Қазақстандық делегация Соғди облысының өнеркәсіп орындарымен, қаланың білім мекемелері, қоғамдық ұйымдары, сондай-ақ әлеуметтік нысандарымен танысты, әрі тәжірибе алмасты. Екі тараптың бизнес топтары арасында жүргізілген келіссөздер кезінде іскерлік байланыстарды жандандыру, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі арттыру мүмкіндіктері де тиянақты талқыланды.

Ходженттегі берекелі кездесулер аяқталған соң келесі күні, яғни 26 тамызда қазақстандық делегация толық құрамда Душанбе қаласына келіп, ел астанасында С.Айни атындағы Мемлекеттік Опера және балет театрында  ОҚО өнер шеберлерінің салтанатты концерті жоғары деңгейде өткендігін айрықша атап өтуге тұрарлық. Облыстық филармонияның елуден асқан мүшелерін қамтыған отандық өнер майталмандарының ұлттық, әсіресе әйгілі тұлғалар мен халық әндерімізді, күмбірлеген күйлерді төгілтумен бірге әлемдік классикалық туындыларды, соның ішінде тәжік тілінде шырқаған әндері мен билері зәулім залдағы жастар мен үлкендердің қарасы бірдей көрінген көрермендер тарапынан зор ықыласпен қабыл алынды. Әсіресе егде жандардың жанарындағы жастары шекараларды мойындамайтын өнер құдыретінің тағы бір айқын айғағындай мойындатқаны қапысыз. Осынау Памир төріндегі қазақ өнері мерекесіне Тәжікстанның жоғары билік өкілдері, мемлекеттік органдарының басшылық құрамы, сондай-ақ осы елде орналасқан шетелдік дипломатиялық корпустың лауазым иелері шақырылып, ынта-тілектерімен қатысқандығын айтар едік.

Дүниежүзіне тараған қандас туыстарымыздың тағы бір тармағы бүгінде бауырлас тәжік елінде тұрып, өзге ұлыстармен қатар Саминова Зәуре қарындасымыздың басшылығымен «Бәйтерек» Қазақ ұлттық қоғамдық бірлестігінің жұмысын үзбей жүргізіп келеді екен. Міне, осы ұйымға Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы дайындалған сегіз қанатты киіз үй жасау-жабдығымен, ұлттық үлгідегі киімдер, музыкалық аспаптар және кітапханасына бірнеше томдық жинақтар мен кітаптар сыйға тартылып, мұндағы қандастарымызды мәдени, рухани тұрғыда бір сілкінтіп, атамекен атынан қолдау мақсатында зор маңызға ие болды.

Ерекше әсем безендірілген сегіз қанатты ақшаңқаң киіз үй ішіндегі барлық жасау-жабдығымен алдымен ел астанасы Душанбе қаласының қақ төрінде орналасқан театр ғимараты алдына тігіліп, мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтарының, шетелдік дипломаттардың  еркін көріп тамашалауы үшін назарына ұсынылып, олардың тарапынан айрықша қызығушылық туғызғандығы аңғарылды.

Бауырлас екі елдің Тәуелсіздігінің мерейтойына орай ұйымдастырылған кең көлемді іс-шаралардың нәтижесі, ең алдымен, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жандандыру мүддесіне бағыттала отырып, соның ішінде аймақаралық ресми байланыстарды нығайту арқылы өзара пайдалы іскерлік, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен жолдарын кеңейту мақсатында тиімді екендігін тағы бір байқатқандығын айту лазым.

Ал бүгінде белгілі себептермен бір-бірінен алшақтаңқырап кеткен қарапайым халық өкілдері, әсіресе жастардың қазақ мәдениетіне, өнеріне деген құштарлығы мен айрықша ықыласы бауырлас ұлттар мен ұлыстар арасын жақындастыра түсудің қандай да болмасын қадамдары түбінде ізгілік қағидаттарының баршасынан биік тұруы тиістігін паш еткені қапысыз.

 

Мұхтар Кәрібай

Душанбе

Abai.kz    

 

0 пікір