Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Қоғам 6561 0 пікір 31 Тамыз, 2016 сағат 09:58

443-ТІҢ АШЫҚ ХАТЫНА ОРАЙ...

2016 жылғы 18 тамызда sayasat.kz сайты «Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы жақын арада ауысуы мүмкін» деген хабар таратты, жаңадан басшы болуы ықтимал кандидаттарды атады. Мұны өзге де электронды БАҚ хабарлап жатты. Олардың айтуынша, «одақты үзіліссіз 19 жыл басқарған Нұрлан Оразалин жақын арада өз орнын босатып,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретіндегі міндеттерімен дұрыстап шұғылданбақ», сөйтіп барлық асыл уақытын осы жұмысқа арнауды жоспарлап отырған көрінеді. 

Алайда содан бір апта өткенде «Қазақ әдебиеті» мұны теріске шығарды. Газеттің 26 тамыздағы санында жарияланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Ашық хат басқа сыр айтады. Хат соңына 443 жазушының аты-жөні тіркеліпті (олардың дені мәселенің мән-жайынан хабарсыздығы, ұйымдастырушылар бұлардың баршасын тізіміне сырттай қоса салғаны шүбәсіз).  

Ашық хатта мынандай сөздер бар: «...Сіздің атыңызға ұйымның бір топ мүшесі «болмағанды болды» етіп арыз жазған болатын («Жас Алаш» газеті, 26 мамыр, 2016 жыл). Естуімізше, аталмыш газетте жарық көрген сол арыз арнайы тіркеуден өтіп, Президент әкімшілігінде қаралып жатқан көрінеді». Байқағандарыңыздай, «ұйымның бір топ мүшесі» аталған газетте жария еткен Ашық хатты 443 жайсаң «арыз» деп бағаланған... Міне, сол «арызда айтылған «жаптым жала, жақтым күйе» алыпқашпа сөздер бұған дейін де бірнеше рет айтылып, жазылған болатын. «Жазушылар одағының шаруашылығына  байланысты есепшоттары құпия жүргізіледі» деген жазушылардың бұған дейінгі арызы бойынша Жазушылар одағын прокуратура, салық және қаржы полициясы бірнеше ай тексеріп, заңсыздық орын алмағанын көрсеткен» екен. Бірақ сол «тексеруге» «арызданушылар» қатыстырылды ма, «деректердің өз дәлелін таппағанына» олардың көзі жеткізілді ме, әлде «заңсыздық орын алмаған» деген тұжырым олардың сыртынан жасалды ма, бұл жағы ашып айтылмапты. Одан әрі осы 443: «Бір кездері белгілі бір топтың ұйымдасуымен заңсыздық орын алып, Жазушылар одағының ғимараты «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете жаздағаны жазушылардың есінде. Қанша соттың табалдырығы тозды» деп, іс жүзінде мәселенің тонын айналдырып баян етеді. Әділін айтқанда, ғимараттың «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете жаздағанына» басты кінә қазіргі басшылықтың мойнында. Өйткені, бір кездері, 90-шы жылдардың ортасында, өтпелі кезеңде қалыптасқан қиын ахуалдан шығу орайында күллі мүлік Әдеби қор құзырына қаратылып, жазушылардың экономикалық тіршілігін дағдарысқа тіреген коммерсанттарды одақ үйінен шығарып жіберу мәселесі төтесінен қойылған. Сол шақта билікке келген осы басшылық өз қызметін Әдеби қорды заңды тұлға ретінде мойындамаудан бастаған болатын. Заңдылық біткенді белден басып, жойған. Сөйтіп, басты талапкер жойылғандықтан, тиісінше, одақ ғимаратынан мәжбүр ету жолымен шығарылудан аман қалып, қайта күшіне кірген коммерсанттармен еріксіз жаңа келісімшарт жасаған. Содан бастап, үкіметтен көмек алғанша «қанша соттың табалдырығын тоздырған» осы басшылық еді. Кемшілікті мойынға ала білуге де атап айтарлықтай арлылық, адал да батыл жүрек керек...  

Алайда ондай батылдық танытпайтын, 443 қаламгер атынан Ашық хат ұйымдастырып отырған, өздерін билік сеніміне  бекем енгенбіз деп санайтын аз ғана топ өздерінің «жеңімпаздықпен» осынша уақытқа созылып келе жатқан мамыражай күнкөрісінен қайткенде ажырамауды армандайды. «Жазушылар одағының 2012 жылғы қыркүйекте өткен Құрылтайында сайланған басқарма, басқарманың құзіретін жүзеге асырушы хатшылық өзіне тиесілі міндетін  ойдағыдай атқарып келеді» дейді. Бірақ осы өкілетті шығармашылық ұйым қазіргі әдеби ағым тамырын қалай ұстап отыр, оның жай-күйін, әдебиетшілердің Отанымыздың, ұлтымыздың мүддесін көздеген еңбектерін тани ма, бұл зәруліктер басқармада неге талқыланбай жүр, жалпы, ондай іс жайында тіс жармайды.  Ұйым басқармасының бүгінгі таңдағы үш тілділік, тарихты оқытуға шектеу қою, жер-суды саудаға салу сынды өзекті мәселелерге ұжым болып үн қатпағаны баршаға мәлім.  Сөйте тұра, ешқандай дәлел-дәйексіз: «Аса күрделі кезеңде Өзіңіздің тікелей ұйғарымыңызбен шығармашылық ұйымның басшылығына неше дүркін сайлауға түскен Нұрлан Оразалин осы кезеңде Одақ жұмысын қалыпты жүргізіп келеді» деп түйіп, «Жазушылар ұйымының жұмысы, өздері бекіткен Жарғысына сай, демократиялық, құқықтық негізде жүргізіліп отыр» деп бағалайтындарын хабарлайды.  

Қызығы түйінінде: «Республика жұртшылығы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын қызу атап жатқан кезеңде қалың қаламгерлер қауымын дүрліктіріп, кезектен тыс Құрылтай өткізудің еш негізі жоқ деп ойлаймыз. Арызға қол қойған 15 қаламгердің пікірі ұйымға мүше 770-тің пікірі емес… Сондықтан Қазақстан Жазушыларының кезекті ХV Құрылтайы Жарғы талабына сай, 2017 жылдың қыркүйегінде өз мерзімінде өткені жөн деп санаймыз» дейді. Бұдан бұрын, ешкімнен сұрамай-ақ, кезекті съездерді жарғылық мерзімінен үш, екі, бір жылға дейін кешіктіргендерін ұмыт қалдырып, 443-тің үлкен кісіге ашық хат жазғандағы мақсаты «құрылтайдың өз мерзімінде өткені жөн» екенін айту болып шықты. Яғни хатты ұйымдастырған белсенді топ «арызға қол қойған 15 қаламгердің» «арызының» негізгі мәнін өз көздегендеріне қарай осылай бұрмалапты.  

Алайда, электронды БАҚ хабарлағандай жәйт рас болса, егер Президент әкімшілігі тарапынан шынымен де «15 қаламгердің» Ашық хатына құлақ асқан  пікір шыққан болса, онда одақ төрағасын ауыстыру үшін «кезектен тыс Құрылтай өткізудің» еш қажеті жоқ. «770-тің» атынан сөйлеп 443-тің хатын ұйымдастырған белсенді топ есіне алсын: бұл үшін «Жазушылар ұйымының жұмысы өздері бекіткен Жарғысына сай, демократиялық, құқықтық негізде жүргізілсе» болғаны. Иә, аталмыш хатты ұйымдастырушылар естеріне түсірсін, Жарғы бойынша жазушылардың «2012 жылғы қыркүйекте өткен Құрылтайы» басқарма құрамын сайлады, ал басқарма қазіргі басшыны сайлады. Демек, тап сол басқарма 2012 жылы сайлаған басшысына алғысын айтып, оны жаңа басшымен алмастыра алады. Жаңа басшы не басқарма мүшелері ішінен, не, кооптация жасау жолымен, өзге одақ мүшелері қатарынан сайлануы мүмкін. Сондай жолмен, Жарғыға сәйкес түрде, балама кандидатуралар арасынан ашық, әділ таңдалып, одаққа мүлдем жаңа басшы келуі ықтимал. Солай сайланған басшы «құрылтайдың өз мерзімінде өткені жөн» болмағын есте ұстап, жазушылардың 2017 жылы өтуге тиіс кезекті съезін дайындауды басқаруға кірісуі тиіс. Бұлай етуді жұмыстың «демократиялық, құқықтық негізде жүргізілуін» қалайтын  443 те  қолдауы керек. Сонда осы уақытқа дейін орын алып келе жатқан алалаушылықты, алауыздықты доғаруға, жазушылардың ынтымағын арттыруға, одақ ісін әділ ұйымдастыруға негіз жасалады. Ал Жазушылар одағы өзінің ешқандай астыртын әрекеттер жетегінде кете бермейтін, шын мәніндегі демократияшыл ұйым екенін дәлелдейді.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ 

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 379
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 198
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 212
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 210