Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Қоғам 12685 0 пікір 1 Қыркүйек, 2016 сағат 12:16

ТӨРЕЛЕРГЕ «СҰЛТАН» АТАҒЫ БЕЙРЕСМИ ТҮРДЕ БЕРІЛЕТІН БОЛДЫ

Редакциядан: Елімізде нәсілдік, ұлттық немесе ру-тектік артықшылыққа тиым салынған. Осыны ескере келе төмендегі жазбаның жауапкершілігін автордың өзіне қалдырғанды жөн санаймыз. Мақала авторы өздерін Шыңғыс ұрпағы деп білетін қазақ ортасындағы бір қауым жұрттың, яғни, төрелердің баяғы «сұлтан» мәртебесін бейресми түрде қалпына келтіріп жатқанын хабарлайды.

Бисмилляһи Рахмани Рахим!

Иннәмәә әмруһуу изәәә әраадә шәй,ән әй-йақуулә ләһуу куң фәйәкуун.

Шын мәнінде, Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «Бол» деу, сонда ол бола қалады (Йа-Син сүресі, 82 аят).

Жаратқан Иеміз, Бір Аллаға шүкіршілік етейік! Адам таңғаларлық жай, Қазақ жерінде Ұлы Хандардың Ұлысы – Хан Шыңғыстың ұрпақтары – төрелердің сонша қуғын-сүргіннен кейін сақталып қалғаны! Олар қазіргі кезде өзінің тәуелсіз ел-жұртымен бірге саналы ұрпақ өсіріп, жаңа өмірдің мықтап қалыптасып, орнығуына барынша өз үлестерін қосуда.

Сондықтан, қазақ төрелерінің ата-бабаларынан қалған жалғыз мұра «Сұлтан» атағын заманымызға лайықтап, бейресми түрде қалпына келтіру жайында ұсыныс Аbai.kz ақпараттық порталында жарияланды. Ол ұсынысқа бірталай ел азаматтары өз пікірлерін, ашық білдірді. Айтылған пікірлер, барынша әртүрлі болды. Ол заңдылық, оған дау болмас.

Құрметті ағайындар, түсіністікпен қараңыздар, бұл бөліну емес, тек қана тарихи сананы қалпына келтіру ғана. Қалай болғанда, шынайы пікір – ойларын айтып, ұсыныс білдірген азаматтарға біздер, үлкен ризалықпен, алғысымызды айтамыз!

Біздерге жеткен тарихи деректерге сүйенер болсақ, кезінде елге деген құрметі ерекше, өз еңбектерінің арқасында атақ-даңқы жұртқа жайылған, Хан Шыңғыстың тікелей ұрпақтары – Шоқан, Наурызбай, Садық, Тезек, Дәулеткерей, Бақытжан, Әлихан т.б. көптеген сұлтандар, Қазақ халқының жадында мәңгілікке қалды! Осы Сұлтандардың ел-жұрт арасында атқарған еңбектері, іс-әрекеттері, мына біздерге, Қазақ төрелеріне үлгі болар ақиқат. Қазіргі кездегі төрелердің көбісі кедей, анау дейтін алпауыттар жоқ. Егер, осы алдағы 3-4 жылда ауқатты төрелер шығып жатса, немесе басқа да азаматтар, осы басталған рухани шараға демеушілік көрсетіп жатса, құба-құп дейміз. Барлық қаражат әртүрлі ұйымдастыру және тарихи зерттеу жұмыстарына жұмсалмақ.

Қазіргі Қазақ төрелері арасында біздерге үлгі болатын төрелер бар ма, бар болса олар кімдер деген сауал алдымыздан шығары сөзсіз. Осыған байланысты айтарымыз, әрине, ең бірінші орында тұрған, төрелердің бейресми бас Сұлтаны, бар елдің сүйіктісі, бәріміздің бетке ұстар беделдіміз – Сұлтан - Шот-Аман Уалихан дейміз! Шот-Аман Уалихан сияқты ел-жұртқа белгілі азаматтарға қарап, қазіргі жас сұлтандар бой түзеуі, ой түзуі қажет. Айта кететін жайт жас сұлтандар қандай үлгіде болу керек деген ой. Біздіңше, олар ел-жұртқа белгілі, білімді, ықпалды, жігерлі, сергек жандар болумен қатар, бойында «артық, арам ет жоқ» және өзінің Қазағының «құлы да, сұлтаны да» екенін мойындайтын, соған дайын және лайық азаматтар болуы керек. Оның ұрпақ тәрбиесіне тигізетін әсері сөзсіз деп ойлаймыз.

Рабби зидни ғилмән. О, Жаратқан Ием! Білімімді арттыр. (Таха сүресі 114-аят)

Қазақ төрелері атынан,

Дүние жүзілік Шыңғыс Хан Академиясының академигі, профессор

Сұлтан Аман Нұғманұлы Шотаев 

Abai.kz

0 пікір