Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Қазақ жері 6009 0 пікір 2 Қыркүйек, 2016 сағат 08:48

ҚАЛМАХАНБЕТ МҰҚАМЕТҚАЛИ. КИІК ОТЫ

Сол бір жылдары біздің совхоздың шопандары орталықтан 180 шақырым қашықтықтағы Ақбастау атты жайлауды жайлайтын. Бұл Ақбастау дегеніңіз Шыңғыстаудың сілемдерімен ұштасатын, омырауын арша жапқан ақ тастардың шоғыры еді. Қойнауы қазыналы, бір кездері ашық әдіспен алтын өндірген, қазір қайта іске қосылған Құсмұрын кен орыны да осы Ақбастаудың бір кереметі болатын. Мамырдың соңына ала, мыңғырған қойдың маңыраған дауысы даланы тұндырып, Ақбастауға қарай салқар көш басталады.

Бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданында қойдың санынан жаңылысатын шаруашылықтар көп еді. Біздің Шоқан Уәлиханов атындағы совхоз да солардың қатарынан-ды. Ақбастауға тіз қатар болып қой айдаған көштің шаңы 10-15 күнге созылатын. Қозы жас, төлдің өкпесі өшеді деп, арба аяңмен жылжитын ек. Әлгі 180 шақырымды қона – түнеп, 4-5 тәулікте әзер жүріп өтетінбіз.

Сонда деймін де, әкеміздің қолғанаты болып жүрген біздің жасымыз ары кеткенде 6-8 жастың арасы екен. Отарды өзі қайырып, оның сыртындағы сиыр мен жылқыны да шашау шығармайтын ағамыздың да жасы сол он бес – он алтыларда ғана-ау… Енді ойлайсың, не деген еңбекқұмарлық деп. Қазір ғой, сегіз жасар ұлды дүкенге нанға жұмсап, балконнан қарауыл қоятын заман.

Жасөспірім үшін бәрі қызық еді, асай- мүсей артылған, көрпе-көншек тиелген, қала берді жолай туып қалған қозы-лақты бақыртып тағы салып беретін ырдуан арбаның тізгінін ұстап қалқиып келе жататын едік. Ақбастауға жету үшін сол кездері «Алғабас» аталған совхоздың аумағын басып өтетінбіз. Қазір ол ауылдық округке өзінің ежелгі атауы қайтарылған, Малгелді деп аталады. Совет одағында алға баспаған шаруа бертінгі нарық заманында қайдан оңсын... Жастар қалаға ауған, екі-үш сиырдың емшегі мен он шақты уақ жандықтың тұяғын баққан кәрі құртаң. Жә, осы «Алғабастан» аса бере, Абайдың өзі тошала салдырған, кейін Шәкәрім дүниені тәрк етіп қос тігіп жататын Шақпақты тауының кіреберіс ауызын жанай өтетін едік. Осы тұста болуы тиіс, жыл сайын бір әдемі оқиға орын алатын. Дағанды атты табаны сортаң, күн ыси бере көлшік-көлшік қара суға айналатын өзеннің сағасы-ау…

Шақпақтының бауырынан шаңытып тағы бір салқар «көш» құлайтын. Кәдімгі, табиғи процесс енді. Тұмсығын желге беріп, қысқа құлағын жымырайтып алып, әй бір, шұбап келетін-ді. Киік деген жануарымыз осы-тұғын. Отарлы қойды дүр еткізе үркітіп, қақ жарып өтіп  болғанша қызықтап, қарап қалатынбыз. Сол киіктер көші шұбалаңқы жолдармен жүріп өтіп, біз жайлайтын Ақбастаудың етегіне барып тоқтайтын сияқты  көрінеді енді. Тек, табиғи маршрут арқылы, аялдайтын арнайы табиғи бекеттерді аралап келе ме екен. Мүмкін, сол замандағы киік баласының саны шынымен көп болды ма, әйтеуір, шопан құдығының маңынан сарша тамыз түскенше киік ізі суымайтын еді.

…Киік өрісіне көз салған адам, ирек-ирек жайылым ізіне жолығар еді. Әсілі, үй жануарлары адами болмысқа әбден сіңісіп, тепе-теңдік пен тәртіп деген нәрседен жұрдай болатынға ұқсайды. Мәселен, ең момын түлік саналатын қой баласының өрістегі азықтану сәтін бақыласаңыз, бір қомағайлық пен талғамсыздықты, тіпті ысырапты аңғарасыз. Рас, сізге күлкілі болуы мүмкін, бірақ солай. Оның жанында жабайы киіктің жайлымында бір реттілік байқалады. Инстинкт! Бәрібір, жер төсіндегі жалғыз түп жусан қалса да, киелі жануар оны ұқыппен үзіп жеп, тамырымен қопара жұлмас еді. Өз байқауымызда, киіктер тобымен жайылымға шыққанымен, аузына іліккен шөпті талғамай жұта беретіндерден емес. Ретімен, доға тәрізді тізбекпен жайылып жүргенін талай көрдік. Құнжыңдаған құралайы мен қалқиып тұратын құлжасына дейін шеп құрап тұрғандай әсер беретін. Ірі денелі, ересек киіктер доға тәріздес шеңбердің алғы шебі мен қосқаптал шетінде екі рет еңкейсе, үш рет үн тыңдайтындай еді. Ал, шашыраңқы шеңбердің орта тұсында, әлбетте, жас төлдер жайылатын. Ұққан адамға, бұл бір стратегиялық қорғаныс сияқты. Сырттан келетін кез-келген қатерге отардағы әлді, белді киіктер алдымен қарсы шығады. Егер топты киік дүр етіп үріксе, жөнеп бара жатқан қара-құраның ішінен құралайды таппай қаласыз. Өйткені, манағы қос қапталдағы ірі топ шашау шыққан бірлі-жарлы ұсақ басты қыспақтап, үйірмен қосыла шабуға мәжбүр етеді. Ұрпақ өрбіту мен оның амандығын тілеу адамзатқа ғана тән емес екен, бақсаңыз. Ал, даланы емін еркін жайлайтын киік баласының түйсігі тым аяулы сияқты ма, қалай? Әсілінде, ғылымның өзі жабайы жануарлардың өмір сүру қағидаттарының жыртқыш аңдарға қарағанда ерекше сырға толы екендігін жасырмайды. Оның ішінде түз сақтайтын төрт аяқтылардың жөні бір бөлек. Адамзат баласына зәредей қиянаты жоқ жануарларлардың жаратылысында біздің ғылым түсіндіріп бере алмайтын ерекшелік бары анық.

Біз мұны кейін, балалық әсерден ажырай бастағанда барып ұғып, адам мен жануардың арасында бастапқы байланыстың барына қызыға бердік. Бұл әсіресе, өздерін көшпелілердің ұрпағы, көне түркілік нанымның жоқшысы ретінде сезінетін далалық өркениет өкілінің барлығын қызықтыратын нәрсе болса керек-ті. Жалпы, тамырлы тарихынан күштеп ажыратылған немесе шежіресін өзі жазбаған ұлттар түпкі ақиқатты… мифология мен фольклордан іздейді. Өтірік пе? Кері әсерлі тұспал емес, әшейінгі сөз: мүмкін қазақ қазір мақтанып жүргеніміздей қасқыртекті емес, киік бауырынан өрбіген болса ше?.. Кейде, көмекке әдебиет келеді. Оралхан Бөкейдегі, Шыңғыс Айтматовтағы Бұғы – Ана (Ене) образы кездейсоқтық па? Халық ұғымындағы «Кісікиік» танымы ше?

…Киік баласының талғампаздығы деп айтып қалдық қой, соның мысалын мынадан көрдік: Шопан ата баласы жылқы, сиыр жайылып, жүріп өткен жерлердің шөбін талғамай жей береді. Тек, әлгі киік отары қой бір рет болсын оттап кеткен жайылымға қайтып бас қоймайтын. Нақтысында, әкеміз солай дейтін еді. Сол себептен бе екен, «анау, анау тұстарға қой түсірмеңдер, құралай марқайғанша соны тұрсын…» деп қамшысын батыс жақтағы жайылымға қарай білеп қоятыны. Оның сыртында киіз үйден жарты шақырымдай қашықтықта тұратын артезиан құдықтың су құяр астауын жуғызатыны бар еді. Сөйтсек, күндіз мал бас қойған науаға түн ауа киіктер де сусап келеді екен ғой. Жарықтықтар, қойдың шайыр мүңкіген иісінен жеріп, су да іші алмай, дымқылдың иісін қиып кете алмай, түнімен иттердің ұйқысын қашырар еді… Құс ұйқылы қойшыда ит үріп, жылқы іш тартса не жан қалсын, осының бәрін іштей бағып жатады да.

 «Биыл киік ерте көшті…» деп отырды бір жылы әкеміз таңғы шай үстінде. Табиғаттың тамырын бағатын адамға бұл да бір шартты белгі сияқты екен. Киік оты ерте қайтқан жылы шөп тез қурап, малдың қоңдануы да қиындай береді екен. Кездейсоқтық па, сол жылы қыстан малдың дені көтерем болып шыққаны және бар.  «Киік малы жершіл келеді…» дейтін тағы әкеміз. Ұрғашы киіктер ұрпағын жарық дүниеге әкелу үшін міндетті түрде алдыңғы төлін туған аймаққа ауып барады екен. Қайбір жылдары қар көбесі сөгілмей, көктем кешіккен кезде Арқадан Шығысқа қарай  көшкен киіктің көктайғаққа ұрынып қырылғаны туралы хабар естігенбіз. Ол кезде ақпаратқа қол жетімділік қазіргідей емес, ұмытпасақ, Павлодар облысының аумағында болса керек осы оқиға. Енді ұққанымыздай, шамамен берісі Ақмола, Қостанай өлкесінде, арысы Ақтөбе, Атырау алқабында қыстап шыққан киік отарларының төлдеу науқанын өткеру үшін орталық – шығысқа қарай жөңкілуі болса керек. Киіктің жершілдігі дегенге бір мысал осы болар.

Алғы сөзімізде, киік оты ерте қайтқан жылы қыс қабағы қату болып, мал баласына жайсыз тиетінін айттық. Жазылмаған дала заңына салсақ, солай. Жануарлар әлемін бақылаушылар мен синоптиктердің осыған ұқсас өз уәждері тағы бар. Киік шөптің қатып, құнарсыздана бастайтынын мақұлықтардың ішінен бірінші сезетін аң болса керек. Сондай-ақ, жер асты суының жүлгесінен қашатынын да, артынан қуаңшылық қаупі туатынын да түйсікпен ұғынады-ау. 1988 жылдары ма екен, біздің сол жайлауда жаңбыр тамбай, шөп сарғайып кетіп еді. Негізінде, түні салқын келетін климатта шөп басы дымданып, ол таңға қарай шыққа айналып тұрар еді. Ерін ұшымен жайылатын жануарларға бұл кәдімгідей таңдай жібітерлік нәр ғой. Сол жылы жайлауда киік болмады. Есесіне, қасқыр көбейіп кеткен-ді. Демек, жануарлардың жөңкіле көшуі жергілікті мекендегі жыртқыштардың қорексіз қалуына, сол арқылы табиғи баланстың бұзылуына әкеледі екен-ау…

Әсілінде, күн райын бағамдау мен табиғи катаклизмдерге бейімделуді о бастан-ақ көшпелі мәдениеттің өкілдері біліп, алдын алып отырған ғой. Осы үрдістің жалғасуы мен жақсы нәтижесі түркілердің ғасырларға жалғасқан үстемдік құруынан білінбей ме? Бабаларымыздың асу бермес асқарларды, тыншу бермес теңіздерді, құс шыдамас шөлдерді асып, кешіп, басып өту арқылы жұмыр жердің түгелге жуығын жаулап алуына соғыс өнерін жетік меңгеруі ғана емес, табиғаттың тілін таба білгендігі де арқау болса керек-ті. Бір мысал, Шыңғысхан өз жорықтарында жауырыншы, жұлдызшы, тамыршы сияқты ерекше қабілет иелерін бірге алып жүрген, солардың дені табиғаттың тілін білетін адамдар болған. Жаңылыспасақ, Калашников те болуы керек, ғылым үшін әлі анықталмаған бір ғажайып айтылатын еді. «Шыңғысханның ақ бұлты» деген атаумен жеке шығарма да жазылған болуы керек.

Айтпақшы, киіктер неге ұрпақ өрбітер кезде жазық далаға маңады? Осы сұрақ әлі де мазалайды. Парадоксалды сұрақ тағы бар: неліктен көшпелі өркениеттің белгілері жазық далалардағы көне қорымдардан жиі табылады екен? Осы жазық далада аспан әлеміне бастайтын бір тылсым сыр көмулі жатса ше? Бірде, дүниежүзіндегі ғарыш айлақтары жайлы рефератқа дайындалып отырып, космодромдардың негізінен ашық далада орналасатындығына дәлел тапқанбыз. Міне, Байқоңырды алайық! Жер кіндігі деп атайтын бұл айлақтың орналасуын картадан қарап алуыңызға болады…

Бір деректерден тапқанымыздай, осы жазықтан ұшқан ғарыш зымырандары атмосфера қабатына жеткенше тағы да ашық дала үстімен әуелейді екен. Елең еткізерлігі, біз сөз етіп отырған киік жануарының негізгі өсіп өнетін, қыстайтын аумағы да осы ғарыш кемелері ұшатын маршрут астында қалып жатады екен. Өкініштісі, көкке жетпей жарылып жатқан зымырандардың да құлайтын жері Қарағанды мен Қызылорданың аумағындағы айтақыр дала ғой. Оны айтасыз, ғарыш стансасынан оралған ғарышкерлер неге Жезқазғанның жазығына қонады? Кездейсоқтық па?

Киікке оралайық. Бұ жануарлардың арғы тегін антилоптық түрге апарып тірейді екен шежіре. Демек, жер бетінде адамзатпен бірге жасап келе жатқан бағзы тұяқты тұқым, біздің тілеушіміз де шығар. Тіпті, қазір провослав мәдениетіне толық жұтылып болған Қалмақ әулетінде бір кездері тұяқтылардың осы түріне табыну ырымы болған екен. Буддалық наныммен шатысатын бұл түсінік бойынша Ақ Елік Ене бейнесіндегі құдай адамзаттың асыраушы әрі жебеушісі-мыс. Ерте кездері Еуропада да елік пен арқар жыртылып айырылған екен дейді тағы бір дерек. Қазір емге таппайсыз. Әрине, қорғалатын қорықтардан басқа жерден. Өкініштісі, табиғаттағы бұл түрдің жойылуы Азияда да қарқынды жүруде. Әзірге Қазақстан мен Өзбекстан аумағы мен Моңғол жерінде, ішінара орыс топырағында ғана табиғи өсім сақталып отыр екен.

…Жазғы жайлауда той да жиі болатын. Коммунизмнің қызыл суын етігімен кешіп өткен біздің әкелеріміздің апта аралатып қонақ шақыруы, ат шаптырып, көкпар тартуы – ұлттық дәстүрді де ұлықтау болған екен ғой. Әкеміздің тойдан оралуы қызық еді. Есік пен төрдей, өзі «Ақалтеке» деп әлдеқандай көретін, қылаң атты шоқырақтатып, өрістегі бізге соға кететін-ді. Біздің баққанымыз қой болса да, тосқанымыз дорбадағы тәттілер ғой. Ал, шүйкедай ғана шалға айналған әкей ыңылдап бір әуен іздейді:

...Желбір жекен,

Желіп жүрген жайлауда, біз бір бөкен-ай…

Өмір жайлауынан бөкендей желіп өткен киік-ғұмырлы жаңдардың да рухына дұға етіп жүрелікші...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1399
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1232
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 988
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1064