Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Өзгелер 6407 0 пікір 2 Қыркүйек, 2016 сағат 10:42

БАҚ: КАРИМОВ САМАРҚАНДА ЖЕРЛЕНЕДІ

Өзбекстанның Самарқан қаласында Президент Ислам Каримовті жерлеу рәсіміне қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы өзбекстандық «Ферғана», «Озодлиқ радиосы» және «Өзбекстан халықтық қозғалысы» сайттары хабарлады.

«Өзбекстан Лидерінің қазасы туралы әлі күнге ресми хабарланған жоқ. Біздің болжамымыз бойынша Президенттің қазасы туралы жұма күні ресми хабарланады. Ал сенбі күні 78 жастағы Ислам Каримовтың денесі жер қойнына тапсырылады»,-деп жазады «Ферғана» агенттігі. Басылымның мәліметтеріне сүйенсек, марқұмның денесі тиелген ұшақ күні бұрын Ташкенттен ұшып шыққан екен.

АгенттіктіҢ хабарлауынша Өзбекстан Президентінің денесі Самарқандағы бейітке, анасы мен бауырларының қасына жерленеді.

Өз кезегінде «Азаттықтың» Өзбекстандағы қызметі Премьер-министр Шавкат Мирзияевтың Самарқанға келгендігін хабарлады. Қала көшелерінде көлік жүрістері тоқтатылған және көшелерде мыңдаған жұмысшылар тазалық жұмыстарын жүргізуде.

Осының алдында Өзбекстан Республикасы министрлер кабинетінде 78 жастағы Ислам Каримовтың денсаулығы қалыпты екенін және біраз уақыт ауруханада болатынын айтқан еді.

Ал 29-тамыз күні «Ферғана» агенттігі Каримовтың қазасы туралы ақпарат таратты. Дәл сол күні ресейлік «Интерфакс» және «РИА Новости» агенттіктері Каримовтың дін аман екенін хабарлады.

Ал кеше Өзбекстан жұртшылығы егемендіктің 25 жылдығын тойлады. Өзбекстан Республикасы Президентінің сайтында Ислам Каримовтың құттықтау хаты жарияланды.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

0 пікір