Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 6782 0 пікір 5 Қыркүйек, 2016 сағат 13:12

САҒАДИЕВТІҢ РЕФОРМАСЫ ҚҰТЗУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН CАРСАҢҒА САЛУДА

ҚР Білім және ғылым министрлігі тізгінін экс-министр  Бақытжан Жұмағұлов ұстап тұрған  2012 жылы еліміздегі жиырмадан астам жоғарғы оқу орынын біріктіру туралы бастама көтерілген еді. Кейін бұл бастаманы (кезекті реформаны десек те болады) Елбасының ұсынысы ретінде Елордадағы көп шенді қолдап, қазіргі министр Сағадаиевтің тұсында, яғни, 2015 жылы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Қазақ-британ техникалық университеті біріктірілді. Сол біріктірудің былық-шылығы енді әшкереленіп жатыр.

Жақында «Abai.kz» порталының редакциясына Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (әрі қарай - ҚҰТЗУ) бір топ оқытушылары мен қызметкерлері министрліктің бастамасы бойынша тағайындалған жаңа басшылық бұйрық шығарып  жатақханадан қуып жатқанын айтып, көмек сұрады.

Аталған оқу орнында дәріс беретін оқытушылардың айтуынша, жаңа басшылық мемлекет тарапынан ҚҰТЗУ-дің № 5 жатақханасынан кейбір оқытушыларды қуып жатқан көрінеді. Себебі жаңа басшылық педогогикалық құрам мен әкімшіліктің техникалық қызметкерлеріне арналған жатақхананың жарты бөлігіне студенттерді орналастырмақ болған. Мұнымен қоса белгісіз себептерге байланысты жатақхананың коммуналдық төлемақысын да күрт өсіріп жіберген.

Білім және ғылым министрлігі бастамасымен 2015 жылы Мемлекеттік мекеме саналып келген қос ЖОО – аяқ астынан Акционерлік қоғамға айналған. Ал № 5 жатақанада 15-20 жылдан бері тұрып келе жатқан, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлерге берілуі тиіс пәтер кезегінде 2003 жылдан бері тұрған ұстаздарды 2015 жылы ҚҰТЗУ-дың акционерлік қоғам болуына байланысты пәтер кезегінен алып тастаған. Осылайша БҒМ мен ректораттың реформасының кесірінен  жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар оқытушылар бір-ақ күнде пәтерсіз, жатақханасыз, сандалып қалған. 

Әзірге салып-ұрып, жатақханадан шығырмағанымен, ректорат тарапынан алғашқы ескертулер айтыла бастапты.

Жатақхана тұрғындарының (оқытушылар мен қызметкерлердің) сөзіне сенсек, олардың кейбіріне басшылық тарапынан жұмыстан шығаруды желеу етіп, қоқын-лоққы көрсету фактілері де болыпты.

Айдың күні аманында қаңғырып қалған ұстаздар жаңа ректордың атына бірнеше мәрте хат жазғанымен, әлі кездеспепті.

Луганская Сәуле, аға оқытушы болған:

-1996 жылдан бастап Қ.Сәтпаев атындағы ҚҰТЗУ-де жұмыс істеп келдім. Ал биыл 2016 жылдың 16 шілдесінде конкурстан өтпей қалдың деген жалаң себеппен мені жұмыстан шығарып жіберді. Конкурстан не себеппен  өтпей қалғаным да белгісіз, әйтеуір айтатындары «счетный комиссия солай есептеп шығарды» деген бір ауыз сөз. Мен өзімнің еңбек өтілімде бірде-бір рет ереже бұзған емеспін.

Мен дәл осы жатақханада 1996 жылдан бері тұрып келемін. 2008 жылдан бастап пәтер кезегіндемін. Рас, бізбен бірге кезекте тұрғандардың көбісі баспаналы болды. Ал менің кезегім әлі келмеген-ді. Былтыр сол кезектен де бізді алып тастады. Сөйтсек біз енді мемлекеттік қызметкер емес екенбіз. ҚҰТЗУ енді Акционерлік қоғам болып кеткен. Мен –жалғыз басты анамын. Екі қызым студент. Мені жұмыстан ғана емес, енді осы өзім 20 жылдан бері тұрып келе жатқан пәтерімнен де қуып шығармақ. Мен қайда барамын? Мемлекетіміздің ұстаздарға жасаған құрметі, жақсылығының соңы осы ма? Нендей себеппен мені жұмыстан шығарды? Мен енді шарасыздықтан еден жуушы болып жұмыс жасауға мәжбүрмін.

Әбдірасілова Жеңіскүл, аға оқытушы:

-Мені де белгісіз себептермен жатақханадан шығару туралы шешім қабылдапты. Мен бұл жерде 15 жылдан бері тұрып келемін. Жалғыз басты анамын қазір. 10 жылдан бері демікпе ауруымен диагностикалық орталықта есепте тұрамын. Маған қойылған талап мынау екен. «Неге Жеңіскүл 2 бөлме алған?» Мен 2015 жылдың тамыз айынан бастап заңды декреттік демалысымды алғанмын. Сосын анамды әкеліп қызымды бақтырып отырмын. Ал өзім күн көріс қамымен дүкенде сатушы болып қызмет етуге туралы келеді. Себебі жатақхананың ақшасын төлемесен тағы шық та шыққа салады.

Конкурс демекші, ҚҰТЗУ мен ҚБТУ-ды біріктіру кезінде екі университетке бір ректор бекітіліп, бұл міндет ҚБТУ ректоры Бейсембетов Ескендір Қалыбекұлына жүктелген еді.

Жаңа ректор ҚҰТЗУ-да жиі бой көрсетпегенімен  оның қолға алған  реформасы мұнда жүргізіліп жатқаны анық. Ректор конкурсты қандай тәалап ереже бойынша жүргізіп жатқанын өзі біледі. Ал біздің білетінгіміз, конкурстан көп тәжірбиелі педагогтардың өте алмағаны. Соның бірі ҚҰТЗУ-де Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау кафедрасының аға оқытушысы болған Нұрхаят Гарифқызы Хайрлиева.

Басшылық 53 жастағы Нұрхаят Гарифқызын ғылым кандидаты, доцент деген атақ-дәрежесіне қарамастан, зейнетке шығуына 5 жыл қалғанда жұмыстан шығарып жіберген. Осыдан соң өз-өзіне келе алмаған Нұрхаят Гарифқызы айтыс болыпты.

Редакциямызға келген ұстаздар жаңа басшылықпен кездесу кезінде белгілі болғандай, жұмыстан шығарылғандардың көбісі пара алды деген күдікке ілінгендігін, алайда ректормен кездесу кезінде проректор Хуршидам Илахунованың ұстаздардан пара алатындығы дәлелді түрде айтылғанымен Илахуноваға қатысты ешқандай шара қолданылмағанын айтады.

Іңкәрбаева Элимира, ҚҰТЗУ оқытушысы:

-Мен осы жатақханада отбасыммен тұрып келе жатқаныма 12 жыл болды. Ал ҚҰТЗУ-дегі еңбек өтілім: 14 жыл. Оның үстіне мен осы университеттің түлегімін. Мен жұмыс істеп келе жатқан уақыттың аралығында бізде бірнеше ректор ауысты. Ректорлар ауысқан сайын осы жатақхананың тұрғындары түртпекке ілінеді. Бізді қайта-қайта шақырып, жатақханадан қуалайды. Біз осыдан әбден шаршадық. Енді міне,  Бейсембетов мырза тіпті кейбір жатақхана тұрғындарын жатақханадан шығаруды бастап кетті. Біз осы университеттің ыстығы мен суығына шыдап, қиын-қыстау кездерде де жұмыс істеп келдік қой. Бұл жатақханада тұрғындардың жағдайы барлары баспана алып кетіп жатыр. Ал  жағдайлары жоқтары амалсыздан осы жерде тұрып жатыр. Осы жатақханада жалғыз басты аналар мен кемтар балалар бар. Балаларымыздың да жүректері ауырып зәрелері ұшып болды. Біәзге келіп  «мама, бізді шығарайын деп жатыр ма, не?» деп сұрағанда-ақ, ет жүрегіміз сыздап сала береді. Әр ректор келген сайын жатақхананың жамбаспұлы өседі. Егер пәтер алуға жағдайымыз келсе, біз бұл жерде бір минут та тұрмас едік қой. Барар жер, басар тауымыз жоқ болған соң, шарасызбыз.

Түйін сөз: Хош, жаңа ректор жаңа кадрларын әкелсін делік, БҒМ-ның бизнесмен министрі бұрыңғы кәсібіне бүйрегі бұрып, Мемлекеттік мекемені Акционерлік қоғамға айналдырсын делік. Бұдан ұтатын кім? Ұтылатын кім? Қарапайым оқытушылардың құқығын кім қорғайды? Айдың күні аманында далада қалған ол адамдардың жағдайы министр Ерлан Сағадиевті алаңдата ма? Әлде үйсіз-күйсіз жүрген, ендігі тұрып жатқан жатақханасынан да қысым көріп, қуылып жатқан ұстаздардың жанайқайына министр Ерлан Кенжеғалиұлының түкіргені бар ма?

ҚҰТЗУ қызметкерлеріне тиесілі № 5 жатақанада оқытушылар мен өзге де техникалық қызметкерлер 15-20 жылдан бері тұрып келе жатыр. 2003 жылдан бері Мемлекеттік пәтер кезегінде тұрған оларды БҒМ реформасының кесірінен тұрғын үй кезегінен алып тастаған.  2016 жылдың 26 шілдесіндегі жатақхана меңгерушісі С.Медетбековтың бұйрығымен  оқытушалырды жатақхананың бір бөлігіне көшіріп, қалған бөлігі студенттерге берілетіні айтылған. Екі-үш бөлмелі секциялар бар. Ол бөлмелердің әр қайсысы 12 шаршы метрді құрайды. Ал бұл бөлмелердің әрқайсысының коммуналдық төламақысы 18,000,00 теңге.  Тіпті, мұғалімдерді жатақхананың бір бөлігіне көшіру кезінде әлгі бөлмелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ҚҰТЗУ қызметкерлері өз қалталарынан шығын шығарған. Жөндеу жұмыстарының орташа есебі – 50,000,00 теңге болған. Осы күні жаңа ректордың атына хат жолдап, мәселені шешіп беруді сұраған 130 тұрғынның жанайқайын естір құлақ табылмай тұр. Егер БҒМ бұл мәселені өз қарауына алып, ұстаздардың құқығының тапталмауын қадағаламайтын болса, бұл былықты бастаған Сағадиевтің «саудасының» біткені. Ұстаз ең қадірлі мамандық дейміз-ау. Десек те, сол ұстаздарымыздың бірі сатушы, бірі еден жуушы, енді бірі таксиситке айналып кеткені қалай?  Ұстаздарымызды үйсіз-күйсіз далада қаңғыртып қойып, біздің БҒМ балаларға қандай білім бермек?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 339
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 173
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 180
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 180