Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3243 0 пікір 5 Қыркүйек, 2016 сағат 15:31

«Оңтүстік» ИА кәсіпорындары 77 млрд. теңгенің өнімін өндірді

Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Оңтүстік» индустриалды аймақ (ИА) дерекциясының директоры Мұхтар Тұрабеков мәлім етті деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Оның айтуынша, - деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі, - 2016 жылдың алғашқы жарты жылдығында мұндағы жалпы өндіріс көлемі 10,1 млрд. теңге қаржыны құрап, ондағы кәсіпорындардың бюджетке келтірген пайдасының жалпы сомасы 740 млн. теңге болған. Ал индустриалды аймақ ашылған 6 жылдағы кәсіпорындардың мемлекет қазынасына қосқан үлесі 5,3 млрд. теңгені құрап отыр.

«Басқарушы компанияның 2016 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша электр қуаты, су сату және инженерлік қызмет арқылы 34,4 млн. теңге пайда тапты. Сөйтіп табыс өткен 2015 жылмен салыстырғанда 68 пайызға өсті», - деді М.Тұрабеков.

Баспасөз жиынында индустриалды аймақ басшысы облыстағы барлық индустриалды аймақтарда құны 186 млрд. теңгені құрайтын 160 инвестициялық жобаның 11976 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергенін айтып, оның ішінде, 80 жоба облысымыздың аудандары мен қалаларында орналасқанын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда  ОҚО-да 160 жобаның 52-і жүзеге асқан болса («Оңтүстік» ИА-да 39 жоба және аудандарда 13 жоба), қалған 108 жоба алдағы екі жыл ішінде іске қосылмақ.

Осы жылдың соңына дейін 24 жобаны іске қосу жоспарланса («Оңтүстік» ИА-да 17 жоба, қалалар және аудандарда 7 жоба), 2017 жылы – 84 жобаны («Оңтүстік» ИА-да 24 жоба, қалалар және аудандарда 60 жоба) жүзеге асыру көзделген.

Осылайша, екі жыл ішінде, ашылған 108 жоба шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысында 8079 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 151,8 млрд. теңге инвестиция экономика айналымына тартылады деп күтілуде.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар