Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4023 0 пікір 16 Қыркүйек, 2016 сағат 12:33

ҚОҚЫСТЫ ҚАРАЖАТҚА АЙНАЛДЫРУ ҚИЫН ЕМЕС

Пластикалық бөтелке қалдықтарынан жаяулар жүретін жол плиткаларын жасауға болады. Мұндай материал сапалы және ұзақ уақытқа жарайды.

Жітіақаралық  жеке кәсіпкер Қайрат Мұқатов 2015 жылдың аяғында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге көлемінде грант ұтып алған. Өз қалтасынан 1,5 млн теңге қосып, кәсіпкер өндіріске қажет қондырғы сатып алған. Өндіріс орны «Қостанайлық минералдар» АҚ тау-кен ірі өнеркәсібі аумағында ашылды. Бұл өз кезегінде, шикізатқа қол жеткізу мәселесін шешуге сеп болған, себебі, комбинатта кенді ұсақтағаннан кейін қалатын құрылыс құмы артылып қалатын еді. Ал, пластик қоқысын – қолданылған бөтелкелерді кәсіпкер қатты тұрмыс қалдықтары полигондарынан, бояғыш заттарды  – облыс орталығынан алып келеді.

Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс технологиясы өте жеңіл екен. Осылайша, арнайы агрегат пластикті ұсақтап, сосын оны қыздырады, кейін құм және бояумен араластырады. Жасалған қоспа арнайы қалыптарға құйылып, нәтижесінде құрылыс материалы дайын болады. Материал өзінің беріктігімен, суға төзімділігімен және ұзақ уақыт пайдалануға жарамдылығымен ерекшеленеді.

«Полимер плиткасы 50 жылға дейін шыдас береді. Мен оның технологиясын егжей-тегжейлі зерттеп шықтым, сол себепті, бұл әдіс, қарапайым бетон материалдарымен салыстырғанда, жоғары сапалы бұйымдарды жасауға мүмкіндік беретініне сенімім мол.

Жобаны жүзеге асыруға Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы көмектесті.

«Мен грантқа қол жеткізгенше,  барлық заң мәселелері бойынша кеңес беріп, менімен бірге болды. Қазір филиалмен бірлесе отырып, өнімді өткізу нарығы мәселелері бойынша жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Қайрат Мұқатов. 

Жаңа өндіріс ауданда жаздың соңында іске қосылды, алайда бүгінгі күннің өзінде сұранысқа ие. Полимер плиткалары Жітіқара қаласындағы жағалауда қайта жөндеу жұмыстарын жүргізген уақытта қолданылыпты. Сондай-ақ, материалға облыстың жекеменшік құрылыс компаниялары қызығушылық танытуда. Кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мәселен, алдағы уақытта шатырларды жабуға арналған полимер жабынқышын жасап шығару көзделіп отыр екен. Кәсіпкер оның тұрғын үй құрылысында таптырмас құрал болатынына күмән келтірмейді.

Abai.kz

0 пікір