Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4138 0 пікір 20 Қыркүйек, 2016 сағат 14:39

КӘСІПКЕРЛЕР ЭКСПО-ДАН ПАЙДА ТАБА АЛА МА?

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында қазақстандық компаниялардың тізілімі жасалуда. Тізілімге енгізілген компаниялар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушы елдерге ұсынылады.

«Негізінде көрмеге қатысушы мемлекеттер бүгіннің өзінде бірқатар мәселелер бойынша өтініш білдіріп келе бастады.  Оларға біздің еліміздің аумағындағы түрлі салалар бойынша қолдау қажет болады, негізінен Астана қаласы бойынша. Сол себепті бұрын көрме өткізген елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, түрлі қызмет саласындағы компаниялардың тізілімін жасаудамыз», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ербол Шорманов. 

Бұл тізімде құрылыс секторының өкілдері басым, сондай-ақ, дизайнерлік компаниялар, шет тілдерінен тәржімалау қызметін ұсынатын фирмалар, мейрамханалар мен қонақ үйлер бар.

 «Қазір бұл тізілімде 42 отандық компания бар. Барлық дерлік компаниялар шағын және орта бизнес өкілдері. ЭКСПО-ға қатысушы барлық елдер өкілдері олардың қызметіне жүгініп, қандай да бір жұмыс түрін орындау үшін жалдай алады», – дейді Е.Шорманов.

Сонымен қатар тізілімге «беделіне нұқсан келмеген, ешқандай салықтық қарызы жоқ, түсініксіз оқиғаларға тап болмаған» компаниялар енгізіледі.

Іріктеу «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасының шеңберінде жүргізіледі. Іріктеуге қатысушыларға «Recommended by EXPO-2017» белгісі туралы куәлік пен Астана қаласының серіктесі деген дәреже беріледі.

Е.Шорманов ЭКСПО-2017 өткізілетін күндерде көрмеге қатысушылар мен қонақтарға қызмет көрсетуден қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдері таба алатын пайда мөлшері туралы сұраққа:  «Қазір ол туралы бірдеңе деу қиын, біз оны қатысушы мемлекеттер аталған қызмет түрлерін пайдаланатындығы туралы ресми түрде сауалнама жолдағаннан кейін анықтаймыз», – деп жауап берді Ербол Шорманов.

 «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушылар мердігерлерді өз беттерінше іздестірумен қатар, өздерінің ұлттық компанияларының өкілдерін Астанаға әкелуге толық құқылы.  «Алайда, ол кезде лицензияға байланысты бірқатар мәселе туындайды, мәселен, біздің аумағымызда құрылыс компанияларына лицензия беруге қатысты. Өйткені оған  байланысты өзіміздің заңнамалық базамыз бар», – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

«Компаниялардың тізілімін көптеген елдердің Қазақстанға алғаш рет келетіндігін, бірінші рет көрмеге қатысатындығын ескере отырып жасаудамыз», – деп атап өтті Е. Шорманов.

Оның айтуынша, мақұлданған мердігерлердің тізілімі жақында ұлттық компанияның сайтында жарияланады.

Айта кетерлігі, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы мемлекеттерді тарту бойынша жоспардың орындалғаны хабарланды. Жүзінші мемлекет болып Оңтүстік Африка Республикасы тіркелді.  ЭКСПО-ға қатысу туралы келіссөздер 2016 жылдың соңына дейін жалғасады.

Жанар Сердалина

Abai.kz

0 пікір