Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 4638 0 пікір 7 Маусым, 2016 сағат 08:26

ЖАНАЙҚАЙ

Кеше мен ортаншы ұлым Мухтар мен қызым Інжуді алып жұбайыммен бірге ем қабылдау үшін Оралдан отарбамен Алматыға қарай бет түзедім...

Бір қызығы, Орал Мен Ақтөбенің ортасында біз Ресейдің бір жерін кесіп өтеміз. Таяуда, биылғы жылдың 12 сәуірінде ғана мен осы жолмен Оралға қарай еркін өткенмін. Арада небәрі бір жарым айда мені шекарашылар ұстайтындай не өзгерді?..

Шыңғырлау бекетінде шекарашылар менің құжаттарымды тексеріп: «Сізге шетелге шығуға болмайды, мойынынызда айыппұл бар сияқты» деп, мені поездан түсіріп тастады.

Менің: «Мен Ресейге емес, Алматыға бара жатырмын ғой» деген сөзіме: «Жолшыбай Ресейдің ішіне кіріп-шығасыз, соған рұқсат жоқ» деген уәж айтты.
Арнайы хаттама да толтырды.

Бірақ, кейінірек атықталғанындай, интернеттегі шетелге шыға алмайтын азаматтардың тізімінде менің аты-жөнім жоқ болып шықты. Сонда бұл қандай бассыздық?!. Бұл бассыздыққа шекара әскерлері қызметінің басшысы жауап бере ала ма?..

Егер менің аты-жөнім шетелге шығуға тиым салынған азаматтардың арасында болмаса, Шыңғырлау бекетінде шекарашылары нендей дерекке сүйеніп, менің азаматтық құқымды шектеді?..

Сөйлей де, дұрыс жүре де алмайтын ұлым мен қызым, аяғы ауыр, айы-күні жақындаған жұбайым поезда қалды, жылап-сықтап...

Менің түсінбейтінім: балаларымды Қытайда емдету үшін қазақтың бай азаматтарынан көмек сұрап жүрген мені қасақана шығындатуға кім мүдделі?

Науқас балаларымды Қытайға емдету үшін жыл бойына тіртінектеп жинақтаған аз-маз қаражатымыз бен балалардың жәрдемақысынан жырып, мен Шығарлаудан Ақтөбе қаласына жедел жету үшін (шамамен 360 км) жол күресіне (такси) 40 мың теңге (салон) төлеуге мәжбүр болдым. Шекарашылардың қателіктері үшін мен неге шығындануым керек?!.

Бұл бассыздықты жасаушылар анадан туған ба, әлде, айуаннан шұбырған ба?!.

Сонымен, қыруар ақша төлеп, бала-шағамның артынан поезды қуып Ақтөбеге жетсем, полицейлер қалаға кіргізбей, атыс болып жатыр деп, тағы да біраз әуре-сарсаңға салды.

Жалпы, өз елімізде, туған жерімізде қадам басқан сайын тұсаулаған бассыздыққа жауапты басшы бар ма?..

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір