Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Дін 5066 0 пікір 25 Шілде, 2016 сағат 11:20

МЕШІТ МӘСЕЛЕСІ: АЛЛА АДАМҒА ӨМІРДІ НЕ ҮШІН БЕРДІ?

Фото: old.muftyat.kz

Ғылым мен білім ғана қоғамды алға сүйрейді. Мешіт жастарды оған үндеп жатқан жоқ. Мысалы, сол жастармен қазіргі қоғам туралы, мәдениетімізді, ортамызды, әлеуметтік жағдайымызды, ауылды, өндірісті қалай дамыту туралы әңгімелесу қиын. Бірден дін тақырыбына ауысады...
Әрине, діни тақырып нақты дәлелдеуді қажет етпейтін, демагогияға жақын болып келеді. Имандылық, тозақ пен жұмақ... және басқа діни сұрақтарды талқылау адам миына наркотик сияқты сіңсе - одан ажырау қиын. Осылайша қоғамда, әсіресе, жастар арасында күрделі ғылыми-конструкциялық ойдан қашатын "ой жалқаулығы" жаппай белең алуда. Себебі, мұнда (дін тақырыбы) қиялға, қиялмен өмір сүруге кеңінен жол ашылады. Қиялдың аты қиял, сөйтіп, нақты жағдайдағы сәтсіздіктер сайын құтқарушыға жалбарыныш үдей түседі. "Өмірді өзгерту өз қолымда. Оған маңдай тер төгу, білімді жетілдіру, шындықты дұрыс бағалау, жігерлері болу деген талпынысты "Құдай береді" деген сенім алмастыруда! Бұл өз арада үлгі болып, бұқаралық сипатқа ие бола бастады.
...Мұндайда барлық жамандықтың көзі болып отырған әділетсіздіктерге, тоғышарлыққа, жағымпаздыққа және т.б. толып жатқан жағымсыз бейшара құбылыстарға қарсы күресу жоққа тән болады. Табанды күрес орнына оны "қарғап-сілеу" ғана қалады. Күрестің түрі әрекетке, қоғамды ізгілікке қарай жұмылдыруға ұласпайды.Тек, "бір жазасы болар", "орны тозақ" деп қарғаумен, теріс батамен шектелу белең алады. 
Ал нақты өмірде өздері сол жамандықтың кесірінен туындап жатқан "тозақ өмірін" төзімділікпен жалғастыра береді...
Сондықтан, қазіргі кезде Мешіт Аллаға қалай жағу керек дегенде, ол үшін ораза-намаз және т.б. дін артибуттар қажет деп қана емес - өмірде оқумен, біліммен қарулану, сол арқылы өзіңе де, өзгеге де жақсылық жасауға қол ұзарату, кәсіп игеру, өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеу, әр адамның өз халқымен бақытты боларын, сондықтан оның салты мен дәстүрін, ана тілді қастерлеуді және т.б. уағыздауды алдыңғы қатарға шығаруы керек! 
"О дүние" адам үшін бастапқы емес, соңғы шеп (өмір қорытындысы)" делініп - өмір мен өлімнің аражігі айрылуы тиіс!

Алланың бұйрығы -"Саған берген қысқа ғұмырды мағыналы, адамға пайдалы сүр - еңбектен, ізден, жаңалық аш! О дүние қақпасында осы әрекетіңе қарап күтіп аламын деген!" деп жастарға көбірек айту керек...

Өйтпесе, Алла адамды несіне жаратқан?
Біздің мешіт осы сұрақтан аулақ кетіп барады...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір