Жұма, 26 Сәуір 2024
Күбіртке 8842 0 пікір 4 Наурыз, 2016 сағат 20:06

ОРЫС-КАЗАК ҰЙЫМДАРЫ ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСЫН ҚОРЛАЙТЫН ҚАРАР ҚАБЫЛДАДЫ

Орыс-казак ұйымдары қабылдаған қарар – қазақ халқының намысын қорлау, - деп жазады qamshy.kz басылымы.

Ақпан айында Қазақстандағы орыс, славян және казк ұйымдары үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда айтылған бірқатар мәселелер туралы жазған болатынбыз. Этникалық ұйымның ұстанымына қатысты қоғам мүшелері де қызу пікір таластыруда. Фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушысы Ерболат Қошқарбаев та орыс-славян һәм казак ұйымдары жиынында қабылданған, мемлекеттік органдар мен билік иелеріне қарата айтылған, конституция мен бірқатар заңнамаларға өзгеріс енгізуді қажет ететін 7 тармақтан тұратын қарарына қарсы жауап жазды. Ұлт тағдырына бей-жай қарамайтын қалың оқырман назарына Ерболат Қошқарбаевтың сол жауап мақаласын ұсынамыз.

7 ақпанда Орыс, казак, славян ұйымдарының Үйлестіру Кеңесінің III кезекті съезі өтіпті. Оған еліміздің әр өңірінен жиналған 30-дан астам қоғамдық бірлестіктердің делегаттары қатысыпты. Съезде сөйлеген делегаттар: О. Сүлейменов, П.Своик, М.Телегусов, Хасен Қожа-Ахметтердің бәрі дерлік қолдау ниетімен сөйлеген екен. Дегенмен Хасен Қожа-Ахметке риза болдым. Ол, славян деп қана айтпай, "славян-түркі" дей отырып, "Орыс тілі -Ежелгі түркі тілі" деп қойып қалыпты. Осы аттас кітабын қаржыландырғанын да атаманның есіне салуды ұмытпаған. Айтайын дегенім бұл емес, қарардың мазмұны.
Сонымен, съезд қорытындысында 7 тармақтан тұратын ҚАРАР қабылдапты. Сол қарардың кейбір тармақтары мені бірқатар ойларға жетеледі. Титулдық ұлттың өкілі ретінде ол ойларымды айтып кету парызым деп есептеймін. "Тырнақшаларды" қойған және ықшамдап отырып қазақшаға аударған автор.

Мынау әлгі қарардың тармақтары мен оларға қатысты менің ойларым:
1. "Орыс тілінің" Конституциялық мәртебесі "шын мәнінде" қамтамасыз етілуі керек. Бұл талапты бұзғандарға ықпал ету шаралары қарастырылып жұмыстан шығаруға дейінгі шаралар қолданылуы керек.

Бұл тармаққа қатысты туындаған ойым: 

Мен ешқандай да орыс тілінің мәртебесі түсіп кеткенін көріп тұрғаным жоқ. Керісінше, қазақ тілінің мәртебесін "мәртебе" деп айтуға тұрмайды.
2. Биліктің барлық саласындағы өкілдік "ұлттар" санына пропорционал жүргізілуі керек және бұл заңды түрде бекітілсін.

Бұл тармаққа қатысты туындаған ойым:

Сонда не өзге ұлттардың бәрін "пропорционалды" түрде билікке қойып, әншейін 130 ұлттың бірі болып қалу керек пе ҚАЗАҚ ұлты да? Онда мемлекет атауындағы "қазақ" сөзін алып тастасақ қайтеді!

3. Облыс, қала, аудандардағы Орыс драма театрлары (шығармашылық ұжымдары т.б.) "бюджеттік қаржыландыру" сақтала отырып мәдени орталықтар ретінде Үйлестіру Кеңесінің балансына берілсін. 

Бұл тармаққа қатысты ойым:

Бұл нысандағы ұйымдар мемлекеттің, аумақтық әкімдіктердің балансында емес пе? Үйлестіру Кеңесінің балансында болса, онда бюджеттік қаржыландырудан гөрі, өздерінің қайырмалдықтарымен қаржыланғаны дұрыс болар еді ғой.

4. Мемлекеттік телеарналарда және облыстық арналарда Үйлестіру Кеңесіне, елдің "барлық" диаспораларына арнайы уақыт берілсін және ол уақыт қай өңірде қандай ұлттар тұратын болса, солай айқындалсын.
Бұл тармаққа қатысты ойым:

Онсыз да қазақша тек жалғыз арнамыз бар. Оның өзі толық 100 пайыз қазақша деп айта алмаймыз. Барлық ұлтты жарылқаған әлемде жалғыз біздің елде ғана Ассамблея бар. Осы сый аз ба? Неге өзге ұлттың "еркі", өзге ұлттың "қалауы" жергілікті ұлттан басым тұруы керек? 

5. Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Халықтары Ассамблеясының рөлін күшейту туралы "бірнеше" мәрте айтқан тілегін орындау үшін Ассамблеядан сайланатын депутаттардың санына бөлінетін квотаны 30 "орынға" ұлғайту керек, ал Президентпен Сенатқа тағайндалатын жағдайға келсек 5 орын бөлінуі керек.

Бұл тармаққа қатысты ойым:

Бұл ашық Конституция нормаларына қайшы тармақ емес пе. Ассамблеядан 30 орын бөлінсе, жалпы тәртіпте партиялық тізім бойынша да өзге ұлттар сайланатын болса, сонда біздің неміз қалады? Ондай болса, елдің қамын, мемлекеттің өзекті мәселесін емес, тек өзді өзінің ұлтының ғана қамын ойлайтын Ассамблея дегеннің керегі не. Жойып жіберсе де болады ғой. Ондай ұйым жоқ болса, өзгеге бүйрегі бұрған мәселе де жоқ болмай ма...
Елбасының ойларын теріс айналдырып, елбасы атынан сөйлегені қалай. Елбасы Ассамблея ролін күшейту керек десе, депутаттардың санын "30" қылу керек деген жоқ қой!

6. Казактарды ресми түрде Республика халқы деп тану қажет. Казачество коммунистік билік тарапынан геноцидке ұшыраған халық. Казачество қазір қайта түлеуде және қоғамдық бірлестік түріндегі халық ретінде өмір сүруде. 
Бұл тармаққа қатысты ойым:

Ресми түрде халық ретінде тану деген мәселе көтерілсе, демек казактар бізде бұрын да болмаған, танылмаған деген қорытынды туады. Бұрын неге ресми танылмаған екен. Бұрынғылардың бір білгені бар болса керек. Егер коммунистер оларды геноцидке ұшыратқан болса, онда неге тоқсаншы жылдары Ленин секілді көсемдердің ескерткіштерін алуға мейлінше қарсы болды казактар? 

7. Қазақстан Халықтары Ассамблеясы хатшылығының ұйымдық-құқықтық құрылымына сайланбалы орынбасарлырдың тікелей Ассамблея Төрағасы - Президентке бағынысты және есепті болуы жолымен өзгерістер енгізілсін.
Бұл тармаққа қатысты ойым;

Өйтсін, бүйтсін, енгізілсін т.б. бұйрық раймен қарарлар қабылданбауы тиіс. Барлық қарар деген дүние тек "ұсыныстық" сипатта болады. Әлемдік тәжірибеде солай. 

Туындайтын заңды сұрақ: Неге Үйлестіру Кеңесіндегі казактардың айтқаны негізге алынуы керек. Өзге де 130 ұлттың казактарға қатысы жоқ қой. Сонда казактардың съезі әзірбайжан, молдован, тәжік, бурят, түрік, ингуш, латыш, түкімен, армян, неміс секілді басқа да диаспоралар атынан сөйлеп тұр ма?
Әрине, тармақтарға қатысты және жалпы алғанда көптеген ойларым бар. Оның бәрін тізіп жазу шарт емес. Айтылмаса сөз атасы өледі. Айтқаныңмен де қазір жұртшылық мұндай мәселеге бас ауыртпай жеңіл, әзіл постылар айналасынан шықпайды. 
Қысқарта айтқанда бұл жағдайға үндемей қалуға болмайды. Бұл жазғаным оқылсын, оқылмасын мейлі бұны жазу менің азаматтық парызым еді.
Қосымша туындаған ойларым мынау болатын:

Съезд неге екі тілде жүргізілмеген!? (Әдейілеп осы сауалды тастайын). Мұндай қоғамдық бірлестіктерді тіркемей қойса қайтеді. Мақсаттары Мемлекеттің Гүлденуіне үлес қосу болса бір сәрі. 

Союз казаков Семиречья дегені несі. Жетісу деп неге айтпайды екен...
Неге бас басына казак ұйымдары өзінше "герб" жасап алған! Біздің елтаңба оларға қажет емес пе?!

Гербтерінде ең болмағанда Қазақ елінің бір де бір атрибуты неге жоқ екен! Олардың гербтеріне өзге елге тән "екі басты" бүркіттің басын қойып алғаны қаншалықты заңды екен?!

Гербтерін Георгий лентасымен әрлегенде жергілікті халықтың намысына тиіп кетеді деп ойламады ма екен?! (Гербтің суретін қойғым келмеді). Айта берсе алаңдатарлық ойлар көп, ағайын! Осымен қысқарттым.

Ерболат Қошқарбаев

Abai.kz

0 пікір