Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Қоғам 4231 0 пікір 9 Наурыз, 2016 сағат 15:36

ҚАЗАҚСТАНДЫ ОЛАР ОРЫСТІЛДІ ЕЛ ДЕП БІЛЕ МЕ?

Сыртқы істер министрлігінің назарына!

 

Қазақстандағы шет мемлекеттер елшіліктерінің көпшілігінің ресми веб-сайттары орыс тілінде екен. Мәселен, Англия, Ресей, Қытай, Германия, Қырғызстан, Түркия, Бельгия қатарлы елдердің Қазақстандағы елшіліктерінің веб-сайттары орыс тілінде сөйлеп тұр. Демек, аталған елшіліктерге Қазақстанда өз елдерінің мүддесін қорғап, екі елдің ынтымағы мен түрлі саладағы байланыстарын арттыру үшін қазақ тілі – мемлекеттік тілдің түкке де керегі жоқ болғаны. Елшіліктер ең әуелі Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздігі нышандарының бір белгісі болып табылатын мемлекеттік тілге құрметпен қарап, елдің тілін веб-сайттарына енгізуі керек еді. Алысқа бармай-ақ, өз әріпестері АҚШ, Литва, Франция елдерінің елшіліктерінен үлгі алып, қазақ тілін енгізгені құба-құп болар еді.

Әлбетте, Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі 25 жылдан бері шешілмей келеді. Ресми билік тарапынан да мемлекеттік тілге қатысты қиғаш пікірлерге тиым болмай  тұр. Десе де, бұл Қазақстанның ішкі мәселесі. Бұл өзге мемлекеттердің елшіліктері Қазақстандағы  мемлекеттік тілді құрметтемесін, оны ресми веб-сайттарында енгізбесін деген сөз емес. Әлде олар Қазақстанды орыстілді мемлекет деп біле ме? Әйтсе де, біз Тілге қатысты кемшіліктер елшіліктер тарапынан тез арада жойылады деп үміттенеміз! Өз тарапымыздан бұл мәселені тұрақты түрде қадағалап отыратынымызды  және айтқымыз келеді.

Abai.kz

0 пікір