Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 4934 1 пікір 24 Наурыз, 2016 сағат 13:00

БЕЛЬГИЯДАҒЫ БОМБАНЫ РЕСЕЙ ЛАҢКЕСТЕРІ ЖАРҒАН БА?

Жақында Ресей Думасының деліқұлы депутаты Владимир Жириновский Бельгияда болған террактіге қатысты агрессивті мәлімдеме жасады. Бельгиядағы лаңкестік шабуылдан кейін ресейлік телеарналардың бірінде сөзжарыс өткен еді.

«Вечер с Владимером Соловьевым» деп аталатын телешоуда РФ Думасының спикері, РЛДП-ның лидері Владимир Жириновский Белгия астанасында болған лаңкестік оқиғаға қатысты пікірін білдірген.

Онда ресейлік депутат былай дейді:

«Сирия – Еуропа емес. Қазір террактілер Еуропада болып жатыр. Және бұл бізге тиімді. Дұрыс! Солар террактіге тұншыға берсін, солар құрып кетсін.(Жириновский сөзі жұмсартылып алынды-ред.) Сендер бәрің нені күтіп отырсыңдар?!Жетер енді. Енді олар бізге келсін. Неге сендер өздеріңді төмендетесіңдер?!».

Ал әншейінде әртіс болып, мәнсіз мәлімдемелерімен жұрттың назарын өзіне аудартуға бейім депутаттың бейсаяси әм анти-кәсіби сөздерін айналасындағылар мұқят тыңдап тұрған.

Тек бағдарлама жүргізушісі ғана Жириновскийдің жиіркенішті сөздерінің арасында «Құдай сақтасын», «не дейді?!», деген қыстырма сөздерімен, шошынған кейіп танытады.

Жириновскийдің салақұлаш сөздерінен кейін бағдармала жүргізушісі депутатты студиядан қуып шыққан.

-Жириновский мырза, дереу студияны босатыңыз! Мен осы бағдарламаның жүргізушісі ретінде вице-спикердің дөрекі сөздері үшін Еуропа халқынан кешірім сұраймын. Ресей халқы атынан сіздердің қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын,-деді жүргізуші Соловьев.

Жүргізуші сөзін қостай жөнелген Думаның тағы бір депутаты Сергей Нарышкин мырза болды.

«Бельгия халқы, Еуропа тұрғындары, біз ресейліктер сіздермен біргеміз. Қайғыларыңызға ортақпыз. Біздің Мемлекеттік Думадағы әріптесіміз бізді ұятқа қалдырды. Дәл ертең, Жириновский мәселесі майшам мен қаралатынына еш күмәндарыңыз болмасын. Дума қабырғасында Жириновский мырзаны мандатынан айыру мәселесі бірнеше мәрте қаралған»,-деді Сергей Нарышкин.

Ал журналист, «Power Vertical» бағдарламасының жүргізушісі Брайн Уитмон Жириновскийдің аузына сөз салып беріп отырған Кремль қожайыны деп есептейді.

«Жириновскийді жұрт саяси сайқымазақ ретінде таниды. Дәлірек айтсақ, ол ойына не келсе, соны айта салатын әумесер іспетті. Негізінде олай емес. Жириновский арнайы осындай оспадар мәлімдемелерді бейресми ауызбен айтушы Кремльдің құралы ғана. Ресейдің Бельгиядағы қайғылы жағдайға іш-бауыры езіліп отырғаны шамалы. Жириновский Мемлекеттік Дума атынан сөйлеп отыр. Демек, бұл Ресейдің позициясы дегенді білдіреді»,-дейді.

Сондай-ақ, РФ Думасының Халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Алексей Пушков өзінің «Твиттердегі» жеке парақшасында Бельгияда болған лаңкестік оқиғаға қатысты пікірін білдіріп: «Әзірге Стольтенберг  (НАТО-ред.) ресейлік қауіп деген оймен күресіп, Латвияға әскерін төгіп жатқанда, Брюссельде бомба жарылып жатыр», деп жазған.

Сондай-ақ, Бельгиядағы жарылыстарға Ресейдің қатысы болуы мүмкін деген болжамдар да жасалған.

Брюссельдегі «Le Soir» басылымының жазуынша, Бельгияның полициясы мен арнайы қызмет мамандары ел аумағы бойынша антитеррорлық операция жүргізген. Нәтижесінде террорлық ұйымдармен байланысы бар деген 16 ресейлік азамат ұсталған.

Great job Belgium police, in less then 24hours,16 terrorist has been arrested all Russian citizens!

Еске салайық, 22 наурызда таңғы уақытта Брюссель әуежайында екі жарылыс болды. Бельгия билігі жарылғыш заттардың бірін өлімші лаңкес іске қосқан болуы мүмкін деп есептейді. Үшінші жарылыс Мальбек метро станциясындағы вагонда болды. Салдарынан кем дегенде 34 адам қаза тапты, 300-ге жуық адам зардап шекті. Брюссельдегі терактіге Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ лаңкес ұйымы жауапкершілік алды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы 

Abai.kz

1 пікір