Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 6344 0 пікір 25 Наурыз, 2016 сағат 09:04

Кәсіпкерлер сенімінің артқаны – Палата қызметінің жанданғаны

 Бүгінгі күні  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның өңірдегі бөлімдері шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасауға белсенді кірісті. Бұл жұмыс Қостанай облысында да қызу жүріп жатыр. Наурыз айының ортасында облыстық әкімдік, ҰКП, Еуразиялық топ (ERG) арасында әріптестік туралы ортақ, үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл құжат не береді және өңірде кәсіпкерлерді қолдау үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр деген сұрақтарға Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов жауап берді.

 Мұрат Телғараұлы, аталған меморандумға қол қоюдың басты мақсаты не?

- Біз ең бастысы, жаңа бизнес-жобаларды несиелендіру үшін шағын қаржылық ұйымдар құруды көздейміз. Осы үшін Еуразиялық топ Ұлттық палатаға 300 миллион теңге бөлді. Шағын несиелендіруде басымдық Рудный, Лисаковск, Арқалық және Қашар сияқты моноқалалардың тұрғындарына беріледі, осылайша, облыстың тау-кен өндірісіне экономикалық тәуелділігін азайтпақпыз. Тағы 300 миллион теңгені облыс әкімдігі өңірдің барлық тұрғындарына шағын несие беру үшін бөледі. Мұнда басты талаптарға сай келсе болды. Шарттар өте тиімді – 15 миллион теңгеге дейін әрі жылдық үстеме 7 пайызға дейін.

Кепіл ретінде жылжымайтын мүлік, автотранспорт, сондай-ақ мал мен үшінші жақтың кепілдігі қарастырылады. Яғни, кепілдік ретінде адамгершілік жауапкершілік  жүреді.  Егер бұрындары алыстағы елді мекен тұрғындары несие алғысы келсе, мүліктері кепілге өтпей қалатын, бұдан былай мұндай кедергілер болмайды.

-         Палата жаңа жобалардың тағдырын қадағалап отыра ма, әлде қаржылық қамтамасыз етумен шектеле ме?

-  Біз о баста әкімдікпен бірлесе отырып, кәсіпкерлерге тұрақты әрі

барынша толық қолдау көрсетеміз деп мәлімдеген едік. Яғни, өтініш беруден бастап, жобаның ашылуына дейін қолдау көрсетеміз. Бұл үшін барлық жағдай бар. Аудандар мен моноқалалардың барлығында біздің бөлімшелеріміз жұмыс істейді, барлық жерде құзырлы мамандар отыр, сондықтан кез келген сұрақ бойынша білікті жауап алуға болады.  

Негізінде, Ұлттық палата құрған шағын қаржылық ұйымдардың мақсаты – ірі бизнес есебінен шағын бизнестерге көмек беру. Өңірлік палаталар өз кезегінде кәсіп ашқандарға  кеңес береді, жаңа жобаларды қадағалап отырады, сервистік қолдау көрсетеді.  Кез келген кәсіпкер, кез келген тұрғын біздің Қолдау көрсету орталықтарымызға келіп, қажет кеңесін алуына болады. Ісін жаңа бастаушыларға мұнда бизнестің субъектісі ретінде тіркелуге жәрдем беріледі, одан соң сауатты бизнес-жоспар, бухгалтерлік есеп құруға, бағдарламалық қамтамасыз етуге, мемлекеттік сатып алулар порталымен жұмыс жасауға көмек көрсетіледі. Мұның барлығы тегін жасалады. Өткен жылы 14 мыңдай адам кеңес алып, 2 мыңнан астам адамға сервистік қызмет көрсетілді.

Дегенмен, Кәсіпкерлер палатасы көрсететін қолдау мұнымен шектелмейтін шығар?

- Дұрыс айтасыз, біздің басты артықшылығымыз – кәсіпкерлердің құқығы мен олардың заңды мүддесін қорғау. Мәселен, өткен жылы 6 мыңнан астам бизнес субъектілеріне құқықтық және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Сарапшылар кәсіпкерлерден келген 360-тай жазбаша өтініштерді қарады, оның 160-ы құқығын қорғау туралы нақты өтініштер. Талдау нәтижесі бойынша, өтініштердің басым бөлігі салық салу, мемлекеттік сатып алулар, жер қатынастары мәселесіне қатысты болған. Жүргізілген жұмыстың нәтижелері айқын. 111 мәселенің оң шешімін тапсақ, соның ішінде 14-ін сот арқылы шештік. Бизнеске келтірілетін 2 миллиардтан астам теңге көлеміндегі зиянның алдын алдық.

Қомақты қаржы екен...

- Мұның барлығы айыппұлдар, өсімпұлдар және т.б. Өткен жылы сотта автоматтандырылған жүйелдерден ақау шығып, көрсеткіштерді дұрыс белгілемегендіктен, тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің айыппұл төлеуден босатылатындығын дәлелдедік. Ал бұл 2 миллион теңгедей қаражат. Биылғы жылдың ақпан айында Қостанайдағы жарнамамен айналысатын компаниялардың бұрыннан келе жатқан проблемасын шешуге мүмкіндік туды. Олар екі жылдан бері ұзақ мерзімге билбордқа арналған жер телімін ала алмай келген еді. Жер телімін қысқа мерзімге алу кәсіпкер үшін тиімсіз, көп қаржы жоғалтады. Мұндай мысалдар жеткілікті, бастысы кәсіпкерлер бізге сенеді, оның дәлелі – көмекке мұқтаж өтініштер саны көбейіп жатыр.

Түрлі кедергілерге кезікпеген, түрлі себептермен заңды мүддесі

 қорғауды қажет етпейтін кәсіпкерлер қолдауға ие бола ала ма?

- Палата тарапынан қолдау барлығына дерлік көрсетіледі, өйткені, ҰКП бизнес-ортаның тұрақты дамуы үшін жұмыс жасауда. Нормативті актілердің тікелей сараптамасын жүзеге асырады. Егер қандай да бір заңның, қаулы немесе бұйрықтың жобасында бизнес үшін әлеуетті кедергілер болса, біз оларды көрсетіп, ескерту жасаймыз. Өткен жылы біздің сарапшылар үш мыңнан астам нормативтік- құқықтық актілерді қарап, заң жобаларына салық салу, медициналық сақтандыру, еңбек қатынастыры мәселелеріне және т.б. қатысты ондаған ұсыныстар енгізілді. Кәсіпкер Палатаға өтінішпен келмегеннің өзінде, оларға жасалып отырған жағдайлар – тікелей біздің жұмысымыздың нәтижесі. Көптеген кәсіпкерлер біздің әрекет ету тетіктеріміз бен мүмкіндіктерімізді бағалап үлгерді және өздері белсенділік танытып, жұмысты жақсарту бойынша өз ұсыныстарын да енгізуде.

Палатаның адам капиталын дамытуға қосатын үлесі қандай?

-  Иә, жұмысшыларсыз, білікті мамандарсыз ешқандай бизнес болмайды. Осыны ұғына отырып, Палата мамандар даярлау процесіне қатыса бастады. Практикалық білімге басымдық берілетін, дуальды оқыту жүйесі қолға алынды. Яғни, өндіріс пен оқыту үдерісі тікелей байланыста болады. Бұл жұмыс барысында кәсіпкерлер белсенді түрде білім беру процесіне тартыла бастады, өйткені болашаққа кадр дайындамаса, проблемалар туындайтынын жақсы түсінеді.  Бизнестің қатысуымен біздің облысымызда нақты кәсіпорындардың қажеттілігіне сай 28 оқу бағдарламасы жасалды. 18 колледж бен екі жоғары оқу орнында студенттерді дуальды жүйе бойынша оқытады, оған 84 кәсіпорын мен мыңнан астам студент қатысуда. Осы цифрларға қарап-ақ, мәселенің мәнісін білуге болады.

Ең бастысы, нәтиже оң болып, оқу парталарынан кәсіпорындарға қажет мамандардың шығуы. Өйткені, істің тетігі – кадрлардың қолында. Біздің экономикамыз да соған сәйкес дамитын болады.  

 Abai.kz

0 пікір