Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Қоғам 6742 0 пікір 7 Сәуір, 2016 сағат 16:53

ҚАРАҒҰСОВА ХАНЫМ НЕ ДЕЙДІ?

немесе АШ БАЛА - ТОҚ БАЛАМЕН ОЙНАМАЙДЫ...

Мәжілістің жап-жаңа құрамында өңірлерден келген, Астанада тұратын жерлері әм үйлері жоқ депутаттардың аз емес екендігі белгілі. Ондайлар бар. Мемлекеттік резервтен оларға берілетін тегін баспаналарды ескі шақырылымдағы экс-депутаттар әлі толық босатып бермегендіктен, Парламенттің Шаруашылық басқармасы үйсіз жүрген мәжілісмендерге жағдай жасапты.

Астананың қақ ортасынан 5 жұлдызды қонақ үй жалдап, үйсіз депутаттарды сонда уақытша жайғастырған екен.

Бұл ақпарат әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу-талқыға түсіп, бұқараның дүйімі депутаттардың дарақылығын сынға алды.

Сорақысы сол болғанда, әлгі қонақ үй Қытайдың ірі мұнай компаниясына тиесілі екен. Атауы да айқайлап тұр. Пекин Палас. Депутаттар мемлекеттік баспаналарына кіргенге дейін осында жатады енді. Мемлекет оларға жамбас пұл ретінде қонақ үйдің ақысын қазынадағы қаржыдан өтеп береді.  Кейбір деректерге сүйенсек, тәулігіне тұп-тура 120 мың теңгеге тұратын бұл қонақ үйде түскі астың өзі 5-15 мың теңгенің аралығын құрайды екен.

Еліміз экономикалық дағдарыстың дөп шенінде тұрған, осынау алағай да, бұлағай кезеңде мемлекеттің жап-жаңа депутаттарға даңғазадай қонақ үйде дарақы жағдай жасауы қаншалықты әділетті? БАҚ-тың да, бұқара топтың да түсінбейтіні осы.

Ал «Фейсбук» желісінің қолданушысы Иван Тулинов (Ivan Tulinov) атты азамат өзінің жеке парақшасында депутат Гүлжан Қарағұсова ханымның қонақ үй мәселесіне қатысты БАҚ-қа берген эмоционалды әм таңданысқа толы түрдегі жауабын жариялаған.
(https://www.facebook.com/kleckinmontana/videos/1297679183595077/)
Сонымен Қарағұсова ханым не нейді?  

Әлеужелідегі бейне жазбадағы депутат ханымның айтқандарын сөзбе-сөз аударып бергенді жөн көрдік.

«Заң бұзылған жоқ. Олардың онда тұруына себеп бар. Парламент туралы Заңда бәрі нақты айтылған. Халық қалаулыларын Мемлеке баспанамен қамтамасыз етеді делінген. Және бір секунд... Оларға әзірге сол баспаналар берілмегендіктен олар сол жерлерде жатыр. Себебі, өткен шақырылымдағы депуттаттар баспаналарды босатып берген жоқ әлі.  Одан кейін егер сіздің үйден бұрынғы адамдар көшіп кеткен соң, сіз ол үйге бірден көшіп келіп алмайсыз ғой. Әуелі жөндеу жүргізу керек болады. Ол үйлерді әлі жөндейтін жерлерін реттеп, тазалау керек. Кәдімгідей адам тұратын хәлге келтіру керек. Так вот, осы қысқа ғана уақыттың ішінде, қайталап айтам, ешқандай Заңды, ережені бұзбай, нарықтағы бағалармен салыстырып қарағанда бөлшек бағамен есептелген  келісімдер бойынша бар болғаны 30 депутат қана сол жерде тұрып жатырмыз»,-дейді депутат ханым.

Ал тілшінің «неге дәл осы Пекин Палас қонақ үйі? Астанада оджан арзанырақ қонақ үйлер де бар емес пе?», деген сұрағына Қарағұсова ханым қатқыл жауап қатты. Шамбайына батып кетсе керек:

«Қандай арзан...Қандай... Сіз осындай деңгейдегі депутаттар (мемлекеттік құпияларды сақтаушы, қол сұғылмаушы әм ерекше мандат иесі) арзан-құрзан квартираларда тұрсын дейсіз бе? Сізден соны қалайсыздар ма? Ол үшін бюджетте ақша қарастырылған. Әлемнің барлық елдерінде әр деңгейдегі депутаттар мен шенеуніктерге қарастырылатын жағдай болады. Сондықтан бұл жерде жұрт дабыра қылатындай еш жаман нәрсе жоқ... Осыған қарап, әне депутаттар қаржыны оңды-солды шашып жатыр деудің керегі жоқ. Бұл әлемдік тәжиірбеде бар, қалыпты жағдай...»

Ал депутат ханымның мына бір сөзін еш аудармастан назарларыңызға ұсынамыз.

«Ребята, Кто как содержится, тот так и работает»

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1404
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1235
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 991
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1066