Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Алашорда 19748 2 пікір 11 Сәуір, 2016 сағат 11:20

ДАЛАНЫҢ ДАРА ДІЛМАРЫ - ҚҰНАНБАЙ

                                                                             Меккеде уақып үй салып,

                                                                             Пәтер ғып, жаққан шырақты.

                                                                                                                (Абай)

Сөз басы

Қилы заманның қыспағында телмірген алмағайып-аласапыран кезеңде отарлаушы елдің боданына айналып, діңгегінен айырылуға шақ қалған михнатты дәуірде темірдей қатаң тәртіп орнатып, ғаділдікті ту еткен дара дана ұлттық рухани өркениетті асқақтатып, ел еңсесін аспандатқан, тарихи тілмен айтқанда, феодалдық кезеңде ғұмыр сүріп «қарадан шығып хан болған, айырдан шығып нар болған» ұлы даланың дара ділмары атанған Құнанбайға әдеби және тарихи тұлға ретінде берілген баға өз заманының арыстандай қайраткер екендігін айғақтайды.

Сынағы мен зауалы запыранға айналған заманда цензураның оғына ұшырап, шытырманның шырғалаңына айналып, образы барынша бұрмаланған кейіпкер екендігі тағы бар. 

Ол әділетсіздіктің кілті «Абай» роман-эпопеясының: «Қайтқанда»,  «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте»,  «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімінің аттарында жатыр. Біріне-бірі жалғап, бір саты өтсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысақ, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады... Бірі – көтерілу, бірі – түсу, төмендеу жолы» (Ғабит Мүсірепов), яғни, кейіпкер Құнанбайдың тағдыры әу баста шешіліп қойған.

Оған жалған да, жазмыш та, жазушы да кінәлі емес. [Т.Жұртбай «Құнанбай» 3-бет] Сайын даланың төсінде Алаштың арда аманатын мойнына арқалаған иманына берік тұлғаның, ескінің жамап жасқаушысы, жаңаға жау болып елге мүлде басқа қырынан келуі – тарихи танымның көркем әлемге құлаш ұрғанымен өлшенеді. Бұл заңдылыққа кінәлі Әуезов емес екендігін де жұртшылық білуі тиіс. «Отар елдің тарихын, отарлаушы ел жазады». (Жавахарлал Неру) Астарлы сөздің сырына Нерудің сөзімен емеурін білдіру арқылы ойымызды ұштай түселік ендеше. Арғы-тегі бабалардан бертін келе адалдықты ішкен асынан артық көріп, жанын арының садағасы еткен өресі биік Өскенбай би, одан әрмен қарай Кеңгірбайдан бері билік үзілмей шыншылдықты шамшырақ қылған тамыры мен танымы терең бабаларының көсегесін көгерткен ұлы сенімі мен сәуегейлігін мызғымас серігіне айналдырды. Тамыры терең танымнан өзіндік нәрін бүкіл адамзаттың дүниетанымына бойлаттырған ділмар дәнін дүниеге әкелдірді.  Ол дән – Абай еді. Ғаламға нұрын шашқан жаңа заман жолында ұлы әке арман тілегін Абайының жолында құрбан етті. Алайда Абай бар мақсат-мұратын адамзаттың пайым-парасаты арқылы әке аманаты деп ұғынғандай.

                           Жаңа жылдың басшысы – ол,

                           Мен ескінің арты едім,

деп, - Абай ұлы Әбдірахманға айтқан жоқтауында өзін әке орынбасары  етіп дәріптейді. Ал Мұхтар Әуезов өзінің қолжазбасында: «Мен өз жұмысымда, сөз жоқ өзіміздің совет жазушыларының тәжірибесін пайдаландым» деп оқырманға түсінік береді де «бұл ретте мен қоғамдағы ескі мен жаңаның күресі туралы айтқан И.В.Сталин пікірлеріне барымша зер салдым... Абай кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал, оның баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар»[12,108-б] Жазушының түпкі мақсаты – әке мен баланы бір-бірінен аластату емес-ті. Мұхаңның жоғарыдағы сөзі – социалистік реализм бағытында қолданған негізгі қаруы. Кеңес идеологиясының ырқынан шыға алмағандықтан алдағы екі жолдың бірін таңдау Мұхаңа ауыр тигені даусыз. Мұнымен Құнекемнің бейнесі түгелімен терістеліп кетпейді ғой. Асан қайғының сөзімен айтқанда: «таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатпайды». Ендігі міндетіміз қалған дүдамалдың түйінін қолымыздан келгенше өздеріңізге жеткізу.

 Қарадан шығып хан болған

«...Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының  сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетші. Бұл романдағы Құнанбай бейнесінің тамшыдай ғана парасы. Қажының өмірі мен ғұмырда жасаған сауабы мол игі істеріне саяхат жасауды жөн көрдік. 

Құнанбай қажы Өскенбайұлы 1804 жылы Шыңғыстаудың бөктеріндегі Ақшоқы қыстауындағы Өскенбай бидің отбасында дүниеге келген. Яғни тышқан жылы. Бір қызығы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің дерегіне сүйенсек қажы қой жылында туылған екен. Бізге жеткен мәліметтермен салыстырсақ, 1804 жылдан кері қарай қой жылы – 1799 ал, алға қарай санасақ – 1811 жылды мегзейді. Демек, дәлел мен дәйек нақты емес, қолдағы бары болжам ғана. Сонымен қажының Анасы – Зере. 1785 жылы жалғанның есігін ашқан. Өскенбай бидің бәйбішесі. Азан шақырып қойған есім – Тоқбала. Өскенбай би 5 әйелінен 10 бала сүйген екен. Зереден – Құттымұхамбет (жасында дүниеден озған), Құнанбай, Тайбала атты 3 сәби дүниеге келеді. Зере ананы Ырғызбай жұрты, барша ауыл адамдары «кәрі ана» деп атаған көрінеді. Көз көргендер: Зере ананы «өте сөзге шешен, қисса-дастандарды жатқа білетін, әңгіменің ажарын келтіретін жан еді» деп сипаттайды. 88 жасында дүние салған.

Әкесі – Өскенбай Ырғызбайұлы. Жастайынан зерек, есті болып өседі. Кеңгірбай би Ырғызбай жастай қайтыс болған соң, інісінің орнына осы  баласы Өскенбайды сүйеніш еткен-ді. Қартайған кезінде жол өз баласы Ералынікі болса да, батасын беріп, Өскенбайды би сайлайды. Ел аузында «Ісің адал болса, Өскенбайға бар» деген сөз текке айтылмаса керек. Адалдығымен, еліне деген сүйіспеншілігі арқасында бұқара халықтың қошеметіне бөленген. 1850 жылы 72 жасында қайтыс болады.

Құнанбай қажының бір бойында астасып жатқан өнері, қайраткерлігі, шешендігі, ақындығы, данышпандығы тектілер тұқымының жалғасы екендігін айқын аңғартады. Қажы жасынан жауырыны жерге тимеген балуан, найзагер болып өсті, қатал да әділдігімен ерекшеленіп, әкесі Өскенбай бидің ел билеу ісіне араласады. 1834 жылы әкесінің орнына Күшік-Тобықты болысының старшындығына сайланады, осыдан бастап 1856 жылға дейін билік тізгінін қолынан  шығармаған. Халықтың игі істері үшін жанын аямай қызмет етеді, иман жолында, Алла жолында көптеген сауабты істердің басын қайырады. Әсіресе, аға сұлтандыққа сайланған соң, ойлаған ұлы армандарын жүзеге асыра бастайды. Ол қазақ балаларын жаппай сауаттандыру еді. Аға сұлтандыққа дейін 1845 жылы Құнанбай шекара басқармасына хат жазады. Өз хатында қазақ балаларын сауаттандыру үшін училище ашуды сұрайды. Шекара басқармасы өз рұқсатын бергенімен, 2 тілді бірдей меңгерген ұстаз таба алмайды. Сөйтіп, арада біраз уақыт өткеннен кейін, 1851 жылы Тобықты елінің ішіндегі «Есентайдың қызылы» деген жерден медресе ашады. Қазіргі таңда бұл медесенің орны ғана сақталған. Құнекем медресе салумен шектеліп қана қоймайды. Мұнан соң елді иманға шақыратын орын, яғни Алланың жердегі үйі, мешіт салуды көксейді. 1849-1852 жылдары Қарқаралыда аға сұлтандық қызметте жүріп, тағы да шекара басқармасына хат жазады. Соның негізінде мешіттің құрылысы 1850 жылы 7 қаңтарда басталып, 1851 жылы 11 тамызда аяқталады. Бұл мешіт қазіргі таңда да иманның ұлы ордасына айналып келе жатыр десек артық айтқандық емес.

Ел еңсесін керегедей керіп, халыққа әкесіндей қамқор бола білген, Аллаға адалдықтан таймаймын деп серт берген Құнанбай бұл фәниде ажалмен де бетпе-бет келген тұстары да аз болмаған, бір емес екі рет. Халқы басшысын сүйсе, басшысы халқын сүйсе нағыз рухани болмыс-бітімнің қайнар көзі сода жатыр деп ұғарымыз сөзсіз. Сол сияқты Құнанбай да халқының сүйіспеншілігіне бөленген жан еді. Екі рет ажал алқымына тақалғанда елінің Тәңірге жалбарынып тілеген тілектері қабыл болып аманат жаны аман қалған деседі. Оның бірін көрнекті филолог, Абайтанушы ғалым Тұрсын Құдагелдіұлы «Құнанбай» атты кітабында былай баяндайды: «Құнанбайдың денесіне көкшешек қаптап шығып, екі көзін аштырмай, кірпігі қимылдаумен өлім аузында жатады. Аранын ашқан ажал оны буындырып, жанын алқымына әкеледі. Құнанбайды оңаша үйге салып, ата-анасы бағып отырады. Ол жатқан үйді халық қоршап, ажалға қарсы тұрады. Кемпірлер күндіктерін, шалдар кіселерін мойындарына салып, еркек-әйелдер еңіреп, Құдайдан Құнанбайдың жанын қалдыруды сұрап тілек тілейді. Айтылмаған көк қасқа, Ақсарбас қалмайды».[53-бет] Міне, осындай ел тілегі бірнеше күнге созылып, Құнанбай тәуір болады.

Ал екінші ажалдан қалуы былай болса керек: Құнанбайдың қайын атасынан қолқалап алған «Торшолақ» атты тұлпары болыпты. Бірде ел шетіне жау тиіп, Құнанбай ауылының жылқысы барымтаға түседі. Торшолағына мініп, барымташылардың соңына түскен жалғыз қуғыншы – Құнанбайдың  кеудесіне жау найза қадаса да атынан аударып түсіре алмапты. Соңынан жеткен халқы найзаның орнынан судай сорғалап, шапшып жатқан қанды тоқтатып жарасын таңады. Құнанбай немересі «Шаһкәрімге» бұл оқиғаны былай баяндап берген екен: «Күн жоғары көтеріліп, сәске болған кезде көзімді ашсам, қаным кеуіп барады екен. Бір аяқ айран шалапты дем алмай бірақ жұтып, аз демалып  айналама қарасам төңірегім толған адам. Бәрінің  көзінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салған, Алладан тілек тілеп, менің жанымды аман қалдыруын сұрап тұр екен. Егер елдің сол тілегі болмағанда, мен өлген адам едім. Көп тілегі көп болып, көптің тілегін Құдай қабыл етіп, аман қалдым. Мені теңге салып, Шыңғыстаудың сыртындағы Қарабатыр, Әнет ауылдарына алып келгенде, алдымнан кәрі аталар, қарт-аналар, қатын-балалар шулап, «а, құдайлап» шыққандағы олардың маған деген  кіршіксіз жүректерінің, ақ ниеттерінің, адал тілектерінің ауғанын ауызбен айтып жеткізу қиын шығар».[58-бет]

Әйтседе, Құнанбай ажалдан аман қалуын, халқының махаббатына бөленгендігінен, жасаған игі жақсылықтары мен ел тілеген тілектері һәм ыстық ықыластарынан деп түйген екен.      

Әділ жаза                     

Алла-Тағала айтады: «Сендерден арсыздық істеген екеуін де жазаға тартыңдар. Егер екеуі де тәубе етіп, түзелсе, олардан бет бұрыңдар. Негізінен Алла, тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді.» 

Жаратушының разылығы үшін адамгершілік жолында мал сарып қылған, әділетсіздік атаулының тамырына балта шауып, иманын құрметтеп, насыбай атуға тыйым салған қажы халықтың пайдасы мен қамы үшін, рухани болмысы бөлек тұлғаға айналғанына сеніміміз кәміл. Алайда көшпелі қазақ қоғамының тыныш өмірін бұзған, Абай туардан ілгерірек және қазақ сахарасында болған, елдің жағасын ұстатарлық тарихи трагедия болған-ды. Бұл жағдай кейіннен басқалай бұрмаланып, қалың оқырманға көркемдік шындық тұрғысында берілді. («Абай» романы арқылы) Ол – «Қамқа мен Қодар» оқиғасы. Ел аузы: «Қамқа мен Қодар» зинақорлыққа барған деседі. Қамқа – келіні, Қодар – атасы. Қодардың Құтжан атты ұлы болған, күндердің күнінде бұл баласы ауыр індетке ұшырап о дүниелік болады да кейіннен халық арасында: «келіні мен атасы қосылып жүр» деген сыбыстың оты ұшқындайды. Құнанбай Қодардың қыстауына астыртын жорға Жұмабай секілді шабармандарын жіберіп бүгінгінің тілімен айтқанда барлау жүргізеді. Мәселенің ақ-қарасы ашылғаннан кейін Құнекем Ахмет Ризаның фәтуасын алады. Бір ойландыратыны жазушы эпопеяда екі кейіпкерге жағылған қараны ақтамайды. «Тегі, жиын ішінде бүгін екі сөз ауыздан-ауызға көшкен тәрізді. Екеуі де Қодар сөзі деп айтылған. Біреуі бұрып алған сөз де, біреуі дәл өз сөзі. Соның алғашқысы Қодарды кінәлаушы сөз. Бүгінгі қатал жазаның дәлелі, тірегі. Ол: «Құдай маған қылса, мен Құдайға қылам!» депті деп, өлтірушілердің қайта-қайта айтатын сөзі.»[1,42-бет] Романдағы күрмеулі ойды Шәкерімнің «Қодардың өлімі» дастаны да қуаттайды:

                        Арғы атамыз Олжайдан үш болар,

                        Айдос, Қайдос, Жігітек – міне осылар.

                        Қайдостың бір баласы Борсақ деген,

                        Соның  бір тұқымы еді батыр Қодар.

 

                        Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,

                        Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.

                        Жесір қалған келінін Қодар алып,

                        Қылмайтын істі қылған Құдай құлы.

 

                        Жасырмай айта берсем, сөздің шыны –

                        Құдайға ерегісіп қылды мұны.

                      «Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,

                        Қане, ата ғой деп қылдым» - дейді осыны, -

деген жолдар келтірілген. Бұл оқиғаның негізі романда былай басталады: «Бірақ әнеугіні Құнекең мына Сыбан ішіне топқа барса,сонда Солтабай төре осыны бетіне салық қыпты. Мына кісі төреге насыбайды тастасаңшы дегенде, анау: «Мен насыбайымды тастайын, бірақ Шыңғыстың бөктеріндегі шашты сайтаныңды сенде тыйсаңшы!» деп, бетінен алыпты дейді. Соған намысы келіп, Құнекеңнің қатуланып отырғаны әлгі ғой, - деді.»[1,26-бет]

Кітапта «Қодар мен Қамқаның» жақындығы төмендегідей суреттелген: «Өзінің әкелік жүрегі өзіне мәлім. Балалық жақындығы Қамқаның да өзіне мәлім – берік. Сол қайғы үстінде күндегі бір-біріне мұң айту, күрсіне отырып зарларын шағу, екеуін әбден келін мен ата халінен кетіріп, ортақ қайғыдағы ене менен келіндей немесе әке мен баладай жақындатқан. Адам мен адам боп танысып, табысқан-ды.»[1,31-бет] Аталмыш кейіпкерлерді кеңестік кезең бейшара, әділетсіздіктің бейкүнә құрбандары етіп бейнелеген. Құнанбайды қатыгез, шариғат үкімдерін жамылып алып, жазықсыз жандардың жанын қиған зұлым етіп көрсеткен. Ал бұл оқиға романда Абай қаладан Шыңғысқа қайтып келген уақытта 13 жасар бала кейпінде куә болады. Түптеп келгенде бұл оқиға Абайдан ілгерірек заманда болған екен, шамамен 1834-1840 жылдары. Романды оқып отырсақ, бұл деректердің тарихи шындықпен жанаспайтындығын көреміз. Тағы бір айта кетерлігі,  жазалау үстінде Қамқа елдің көзінше: «Қодарды бір сүйгіз» деген арсыздыққа барған деседі. Бұл тұрғыда Шаһкәрімнің де айтқаны да  бар: 

                           Анау жартасқа апарды елден таса,

                           Терең құз Хан өзенге құйған аша,

                           Қатын сонда Қиялға жалыныпты:

                         «Қодарды бір сүйгіз, - деп тым болмаса»,- деп

Қамқаның арсыздығын осы арада жырлап өткен. Сүйекке таңба, ұрпақтың бетіне салық болмасын деп, – Құнанбай  әділ шешімімен жаза кесіп, ықылым заманнан қаны таза қазақты жамандық пен жиіркенішті дүниелерден ада етуді көздегенінде кәдік жоқ. Сондай-ақ романдағы «Әмір мен Үмітей» атты  екі жастың махаббаты да баса назарда айтылады. Эпопеядағы  бұл оқиғаның түбіне үңіліп қарар болсақ, жүрек жарасының қанын судай сорғалатар көргенсіз махаббат бұл. Біржан сал Абай ауылында қонақ болған тұста осы екі кейіпкер бір-біріне ынтық болып, жүректеріне махаббат ұшқынын ұялатқан сезім ұшқыны «Әмір мен Үмітей арасында пайда болады. Осы жағдайды естіген Құнанбайды романда қалай бейнелеген? Ызаның ырқына жіпсіз байланған буындарын ашу байлап, қатыгездіктің апанына еніп барып, қос қолын құбылаға бұрып теріс батасын береді. «Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда... Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бәдбәхіт нәсілдерім мынау екеуі. Жаратқан ием, я кәрім Алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім, ақ тілегім со болсын. Ал мынау екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда жой көздерін, жоғалғырлардың!» Осынау сөздердің астарына үңілсеңіз, Құнанбай сөзінің дұрыстығына бір қадам жақындай түсесіз. Мысалға: «Бәдбәхіт нәсілдерім» бұл өзімнің «қаным» деген ұғымға саяды. Яки Әмір – Құдайбердінің баласы, Ал Үмітей – Ысқақтың қызы, екеуі де Құнанбайдың нәсілдері. Бұл уақиға туралы Әуезовтің қолжазбасы не деп сыр шашар екен?! «Құнанбай Меккеден келген соң дүние әрекетінен бойын аулақ салып, жөніне жатқан сияқтанады. Бірақ ол қарап жатпайды. Ілгері басқанды өрмекшідей шырмап, керек кезінде алыс-жұлысқа қайта шығады. Енді ол мораль сақтағансып, Әмірді, оны сүйген Үмітейді сол ниетіне құрбан етпек болады. Абай оның бұл әрекетіне ызамен күйіп келіп, «дәуірің өтті, тек жат» дегендей қатал байлауын ескертеді. Бұл арадағы әке мен бала тартысы -  ірі қоғамдық сипаттағы әлеуметтік тарихи күрес.» Әуезов бұл жерде тарихи тұлға «Құнанбай» емес, әдеби кейіпкер «Құнанбай» туралы сөз қозғап отыр.

 Құнанбай өмір сүріп жатқан тұста Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс бүкіл Алаш баласының басына түскен ауыртпалық еді. Сол қозғалысқа Құнанбайдың ықпалы:

1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс басталады. Бұл кезде Құнанбай «старшын» лауазымына ие болған-ды. Бүлікші Кенесарыны тоқтату мақсатымен арнайы экспедициялық отрядтар құрылады. Бұл экспедицияға орыс отряды Құнанбайды 150 кісімен ертіп алады. Кенесарының қарамағында екі жарым мыңдай әскер болса керек. Балқашқа таяп қалғанда, бесін кезінде Кенесарының қолы намаз оқып тұр екен. Орыс отрядтарының қолдарында снарядтар және зеңбіректері мен мұздай қаруланып келсе керек, Кенесарының қолына оқ атайын деп жатқан сәтте Құнанбай: «Егер Кенесары тобына қарай оқ атар болсаңдар, біз сендерге қосылмаймыз, сапарымызды осы жеден тоқтатамыз, намаз оқып тұрғанда оқ ату дінімізге жат қылық» дейді. Осы сөзден кейін, қазақтарға оқ атылмаған деседі. Сол жағдайдан кейін Құнанбай өзімен еріп келген адамдарды жиып жиын құрады: «Біз өз дінімізге қарсы шықпаймыз, біреуің Кенесарының отрядына тиіспейсің, оқ атпайсың» деп тоқтау салған екен. Құнанбай Кенесарыға қарсы экспедицияға қатысқаны үшін, патша үкіметінен марапаттаулар да алған. Солардың бірі: 1852 жылы 24 желтоқсанда бүлікші Кенесары Қасымовқа бағытталған қызметте Құнанбайға патша үкіметі «хорунжий» атағын берді деп жазады. Ол жағы тарихқа аян. Қажының  парасаттылығы мен көрегенділігі арқасында, кейінгіге үлгі боларлықтай зор қасиеттерімен ерекшелініп, халқын сүйген перзент болып, мұсылманда аты өлмейтін ұлы тұлғаға айналғаны сөзсіз-ақ.

 Иманмен ұйыған өмір

(Тектілер тұқымының жалғасы)

Бақара сүресі (260): Алла жолында мал сарып қылғандардың мысалы: Әр сабағында, жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. (261) Сондай хайыр істегендер, бергендеріне міндетсу, ренжіту араластырмаса, (беріп, алып, бұлданбаса, кейітпесе) оларға Раббыларының хұзырында сыйлық бар. (244) Кім Аллаға көркем қарыз берсе, (Алла жолында ықыласпен мал жұмсаса) сонда Алла (Т). Ол үшін көптеген есе арттырып береді.

Шежіреші Бекен Исабайдың айтуынша: Құнанбайдың Мұхтардың арғы атасы Бердіқожаға айтқаны бар: «Менің ұлтым надан. Арам өлген мал көрсе, сенің өлгенің жаңа, менің көргенім жаңа деп жей береді» деген тағылымға толы тәмсілінің астарында ұлттық рухани дүние жатқанын аңғаруға болады. Ұлттық діңгегтің тамырына үңілсек онда ұлы ғибрат бар. Алланың хатқа түскен кітабын дәріптейтін, имандылық деген байлықтың түйінделіп жатқанын көреміз. Имандылық барша ізгі қасиеттердің бірегей шыңы болып саналады. Қажы өмірінің соңында Аллаға бет бұрып, пайғамбардың ізімен тауап қылып, ораза тұтып, Жаратушының бес парызын орындау мақсұтымен, Құнанбай 71 жасында мұсылмандардың қасиетті ордасы – Меккеге сапар шегуді ниет етеді. Қасына өзінің асырап алған, іні есебінде қадірлеп-сыйлаған жанашыр бауыры  Ізғұттыны ертіп, жолдан Қаракесек Байбөрі руынан шыққан, бұрындары меккеге бірнеше рет барып қайтқан қажы Өндірбай халфеге айтып, сол кісіні жолбастаушы ретінде ертіп кетеді. Абай меккеге барар жолдың картасын сызып, жүретін жолды ұқтырып, қағазға бар қажеттіліктерді жазып берген екен. Ол күнде жол қатынасы өте қиын, Семейден ат арбамен шығып Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып, поезға мініп,  Қара теңізден пароходқа отырып, көп еждиһат көріп, бір айдан асқанда Меккеге жетеді. Құнанбай барған уақытта қажы болуға барған қазақ аз екен. Барлық үш жүздің баласынан барушылар саны 7-8 ғана адам болған деседі. Бұлар барғанда, бұрын барған қажылар орналасып қойғандықтан, қазақтарға жататын орын табылмаған соң, Құнанбай арабша білетін бір тілмәшті жалдап алып, қаланың басшысына барып, хал-жайын айтып, жатар орын сұраса: 

- Басшы: «Сіздер қандай халықсыздар»? - дейді.

- Біз қазақ деген халықпыз десе,

- Басшы: «бізге жер үстіндегі мұсылман халқы жылда келіп Қағбаны тауап қып қайтады. Қазақ деген мұсылман ел бар деп бұл бірінші естігеніміз», - дейді.

- Құнанбай қайтып жолдастарына қатты қапаланып келеді. Мәнісін сұрағанда, манағы басшының сөзін айтады.

- Жер жүзінде біздің қазақтан қор халық жоқ екен. Барлық мұсылманның ұйытқысы болған Мекке бастығы аты-жөнімізді білмеді, – дейді. Сол қазақтан барған қажылардың ішінде кіші жүз Мырқы деген адам бар екен.  Сол кісі:

- «Құнанбай, сен босқа налыма, қазақ елінің атын шығарам десең кейінгі қазақ тұқымына мұра болып қаларлық бір қонақ үй салғыз, не дайын үй сатып ал, пұл менен болсын, еңбек сенен болсын», - депті. Соған уәде байласып, өзге қажылар еліне қайтқанда, қазақ тәкиесі, яғни қонақ үйін салғызбақшы болып Құнанбай Мекке қаласында қалады. Оған Мырқы бір мың сом қаражат береді. Өзге қажылар да шамасынша көмек көмек беріседі. Қоштасарда Құнанбай Мырқыға қарап былай деп үн қатады.:

- «мен тірі болсам, бұл жұмысты орындамай қайтпаймын, осы қонақ үйді сіздің атыңызға жаздырамын» десе, Мырқы:

- «олай емес, мен мал бердім, сен жаныңды қиып салдырдың, сондықтан  малдың атына жаздырма, жан қиған өз атыңа жаздыр» дейді. Сөйтіп Құнанбай бірнеше айлар жатып 100 адам сиятындай, (бір деректерде 12 бөлмеден тұратын) қонақ үй салдырады. Тарихта бұл «Құнанбайдың тәкиесі» деген атпен қалады.  Осындай танымдық тектілікпен, Жаратқанның нұрын алып, ел разылығын жүрегіне сіңірген Құнанбай адалдығы мен ғаділеттілігі арқасында тарих пен әдебиет сахнасында өшпестей ізін қалдырды.

                                                     ***

                                   Мұсылманға қоймаған

                                   Орынсыз жанжал шатақты,

                                   Ерегіскен жауларын

                                   Кісен салып матапты.

                                   Зекет жиып, егін сап,

                                   Тойдырған ғаріп, жатақты.

                                   Ескендір, Темір, Шыңғыстай

                                   Мұсылманда атақты.

Әлбетте Құнекем туралы не айтсақта Ибраһимнен асырып айта алмасымыз анық. Шындығына көшсек, Ибраһим Құнанбайдың салған тағылымның арқасында ұлттық болмыс бітім мен рухани жаңашылдықтың негізін қалады. Бала Телғараның, Дана Абай болып қалыптасуына Құнанбайдың сара жолы мен дара даңғылы, мейірім-шафқаты орасан. Құнанбайдың дариядай ғылымының өзі бала Абайдың жанында «аспанға мінбелеп тұрған таудай» еді. Биікке мықтап, мінбелеп тұрған сол тау әманда баурайындағыларды өзіне тартып тұрады емес пе?! Сол биік шыңға қарап, биіктеп бірте-бірте дамылдап бой түзейтіні тағы бар.

Ғалымның хаты өлмейді

Заман өткен сайын қазақтың «төрт құбыласы» мәңгі жасара бермек. Құнанбай, Ибраһим, Шаһкәрім, Мұхтар. Бұл төрт құбыла қазақы ұлттық танымның ұлы символы. Бәрі де ұлт үшін тер төккен алаш баласының маңдай алды перзенттері, біздің дана бабаларымыз. Елін ұлықтаған ерді, елі де ұлықтайды. Ақиқаттың алдаспаны Бауыржан атамыз Мұхаңа «Сені әдебиеттің полковнигі» деп атаймын десе, І.Омаров 1958 жылғы 15 тамызда жазған «Халықтық эпопея»  атты мақаласында «...Әуезов өз эпопеясында Абай өнерлілігінің (творчествосының) терең мәнін дәл сондай ұғынған. Осы мағынада Абайды Әуезов сол шамшырақты қолына ұстап, көшпелі феодализмнің не бір меңіреу түкпірлері мен қараңғы қапастарын аралап кетеді де, зорлық-зомбылық, қатал-жауыздық, әділетсіздік, сияқты қара күштердің ойнағы болған неше түрлі бұралаң шатқалдарын көз алдыңа жарқыратып әкеледі.» Ілекең Әуезов пен қатар романдағы оқиғалар мен кейіпкерлерді осылайша ұлықтайды. Тәмсіл Құнанбай хақында болғандықтан оның ғұмыры тартыс пен күреске толы кездерін Аллаға құлшылық ету арқылы саналандырды. Сондай-ақ Құнанбайдың да шешендігі өзгеден оқ бойы озық тұрмаса кем түспейтін. Ендеше жауһар жырды жіпке тізелік.

                               Пұт болдым деп мақтанба,

                               Пұттан ауыр батпан бар.

                               Биікпін деп мақтанба,

                               Асқар-асқар таулар бар.

                               Ар жағында аспан бар.

                               Басыңа бақыт қонды деп,

                               Тосылмаймын енді деп

                               Алдаушы жалған дүниеге,

                               Ғапыл болып озбаңдар.

                               Қарсы келген дұшпаның,

                               Басын келіп изесе,

                               Оған да қыл бостандық.

                               Аяққа салып баспаңдар,-

деген қанатты афоризмдердің авторы Құнекем ғой. Тіпті арамызда айтылып жүрген мақалдар мен біршама нақылдар қажының қаламынан туған дүниелер: «Арымнан жаным садаға, Жанымнан малым садаға», «Мықты болсаң, бопсаға шыда», «Адамның не нәрсе қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады», «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын» деген, - ой-толғауларын осылайша тізбектейді. Сөзімізді қаңтара келе айтарымыз мынау: Тамыр болмаса, ағаш жемісін бермейді. Әрбір астарды ажарлағыңыз келсе, Әуезовтің сөзімен айтқанда, «бетін қана қалқып қоймаңыз, түбіне сүңгіңіз». Сонда ғана еккен егініңіздің жемісін жейтініңіз ақиқат. Маған салса Құнанбай Абайдан асып түсетін қасиетке ие қайраткер. Құнанбайдың таным-парасаты Абайдан әлдеқайда жоғары. Керек десеңіз, Құнанбай Абайдан өткен ұлы дана. Әттең, қадіріне жете білсек. Өйткені Құнекем дүниені тереңнен сезіне алатын қабілетке ие еді? Ақиқаттан адастыратын түлкілерді тазы боп шалды, арамдарға арыстанша айбаттанып, панасызға қорған болды. Ендеше бір ғана айтарымыз: «төрт құбыламыз сай, танымымыз бай болсын» демекпіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Құран Кәрім» аударған Халифа Алтай

2.Мұхтар Әуезов «Абай жолы» 1-2 том Алматы «Жазушы» 2002

3.Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» Алматы «Алаш» 2004

4.«Әуезов және Архив» Алматы «Атамұра» 1997

5.«Жүрегімнің түбіне терең бойла» Алматы «Жазушы» 1995

6.Мұхтар Әуезов «Он екінші том» Алматы «Жазушы» 1969

 

 Әзімхан Үсенұлы ИСАБЕК, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенті

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1439
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1280
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1037
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1091