Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5280 0 пікір 28 Сәуір, 2016 сағат 10:30

«Ару қала – Алматы» мүшәйрасы жеңімпаздары марапатталды

Жақында Алматы қаласының мың жылдық мерейтойы аясында Алматы қаласының әкімдігі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп  «Ару қала – Алматы» атты ақындар мүшәйрасын өткізген болатын. Мүшәйраға барлығы 61 ақын қатысып, 190 өлең қаралды.

Мүшәйраның марапаттау кеші Әдебиетшілер үйінде өтті. Бауыржан Жақып бастаған Қазылар алқасының құрамына Бақыт Сарбалаұлы, Ұлықбек Есдәулет, Жанарбек Әшімжан және Маралтай Райымбекұлы кірді.

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша мына ақындар жүлдегер атанды:

 

Бас жүлде – Рафаэль Ниязбеков

Бірінші орын – Болат Үсенбаев

Екі екінші орын – Жәркен Бөдешұлы мен Мақпал Мыса.

Үш үшінші орын – Кәдірбек Құныпияұлы,  Алтыншапақ, Хаутай Мағиза Құнапияқызы.

Ынталандыру сыйлықтары – Әбдіқадыр Бөрібекұлы, Батырхан Сәрсенхан және Нұртас Тұрғанбек.  

 

Авторларды марапаттаудың кешіне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев қатысты.

Кешті Қазақстан жазушылар Одағының хатшысы Ғалым Жайлыбай құттықтау сөзімен ашты.

Мүшәйраның қазылар алқасының шешімімен ақын Болат Үсенбаев бірінші орын иегері деп танылды. Ақынның сыйлығын тапсырған Жазушылар одағының хатшысы, ақын Ғалым Жайлыбай өз сөзінде Болат Үсенбаевтың бұл жүлдеге әбден лайық екенін атап айтты. 

Сонымен, Алматы қаласының мың жылдығына арналған ақындар мүшәйрасының  Бас жүлдесі ақын Рафаэль Ниязбековке бұйырды. Сыйлықты қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев салтанатты түрде тапсырып, құттықтады.

Жүлде алған барлық ақындар сахнада Алматыға арналған өлеңдерін оқыды. Мүшәйраның барлық жеңімпаздары арнайы дипломдармен, гүл шоқтарымен қоса марапатталды.  

Мүшәйра қорытындылары бойынша өлеңдер жинағы алдағы уақытта кітап болып шығады.

Абай-ақпарат

0 пікір