Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Арылу 4584 1 пікір 10 Мамыр, 2016 сағат 13:50

АСТАНАДА АУЗЫ БОС АДАМ ЖОҚ

 

Бұл 1 пікіріме кемінде 10 пікір «жау жеттілеп» қарсы шығып, арсыл-гүрсіл боларын сеземін.  Олардың «аттаны» былай басталар:

 

- Өй! Сен не деп отырсың, ә?!. Сонау Қытай тұрғай, мынау Ресейден де ешқашан қаймығып көрмеген, и көрмейтін біздің мүлдем тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласында тұратын 300 мыңнан астам адамның ешқайсысының аузы бос емесі қалай?  Сен, немене, сол 300 мыңнан астам кәрі-жастың аузын қашаннан және қалай бақылап жүрсің? «Бос емес» дегенің қырқынан шықпаған бала сақылдап күлетін сөз ғой?! Әгәрәки, ол естісе: «Біз тәулігіне 12 сағат ұйықтап, қалған 12 сағат бойы  жабысып еміп жата ма екенбіз?!.  Жалған сөз жазған аташкамыз ішіп жүретіннен сау ма?» дер. Оның солай дегенін  папа-мамасы, апашка-аташкасы  дереу қолдап:  

- Өйдә! Сонда қалай, тамақ ішкеннен басқа уақытта аузымызға су құйып қоямыз ба?! Күлейін-ай! - десер.

Ал келесісінің:

- И-иә-ә-ә, бұл не сөз?  Бүгінгі тәуелсіздігінің төтеден келгеніне ғасырдың төрттен бірі толарын  тырағайлап тойлауға толайым-түгел дайындалып жатқан Астанамыздағы ауыз атаулыны санап, олардың оймақтайы да бар, итаяқтайы да бар, бәрінің  бос  емесін білген мынау ғасыр ғұламасы кім және қайдан шықты?  Бұл адасып және әдейі адастырып көйітіп отырған мәселенің мән-жайына екі көзіңді бірдей жеткізу үшін... әй, әркімнің аузы өзінікі заманда бүйтіп есеп-қисаппен айналысу ауыз иелерінің құқын аяқасты ету емес пе?! Әрине, солай!.. Әй, өйтіп еріккенше, қоғамға пайдалы бірдеңені айтпай ма? Мысалы, «Астанада  бос қол жоқ» деп. Иә, солай десе, оның солайын да, солай емесін де кімнің шаруасы бар? Өткен аптада бір газет жазды ғой, «ресми дерек бойынша, біздің республикадағы жұмыссыздардың саны 500 мыңның о жақ, бұ жағы» деп. Е, соның не  «о жағындағысы», не «бұ  жағындағысы» Астанада шығар, соны айтпай ма, әне?! Да, егер ауызы өзінікі болса?!  Әлде Астанада пәтер үлесіне жазылып, қарызданып-қауғаланумен алғашқы пайызын - 200-300 мың теңгені қосып, 10-15 жыл бойы үмітін үкілеп тосып,  содан соң пәтер де жоқ, ақша да жоқ сорлап қалған жүздеген жұрт ләм-мим демеске ант беріп жүр ме екен?! – дейтіні даусыз.

Одан кейінгісі...

Жә, маған сұрақ қоюдан аузы босамастарды – Астанада аузы бос адам жоғын өздері-ақ дәлелдеп беретіндерді әскерге шақыратындай тізімдемейін де, олар жаратар-жаратпас жауабымды орталарына салайын:

- Ардақты астаналықтар! Сіздердің жекеменшік ауыздарыңызға қатысы бар пікіріме, кәнеки, бәріміз жұмыла жүгінейікші!.. Мәселенки, «Жығылсаң, жығыл нардан...» ғой, президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты кәрі-жастарыңыз,  үйінде болмасаңыздар да, көшеде, кеңсесінде, көгілдір экранда күнде көріп жүрсіздер, ал ол кісінің аузын тарс жауып, тымырайып алған сәтін байқадыңыздар ма? Азанда аузын анау бір жылы өзі «бардак» деп айдар таққан, сол бардагы «баянды» болып келе жатқан үкіметтің мұрттылары мен мұртсыздарынан кеше не тындырғандары туралы есеп алумен, ертең не істеу керектерін түсіндірумен ашады да, содан  ақшамға дейін жаппайды. Жапқысы келетін-ақ шығар, бірақ, әгәрәки өйтсе, бар шаруа тоқтап қалады ғой?!. Біздің елде бүгін-ертең реттеу қажет проблема шілденің қара шыбынынан да көп. Оны азайту үшін шыбынұрғыш қалақша емес, сонау көмейден сарқырап шығар сөз керек: анау министрдің құлағына мынау мәселені, мынау әкімнің құлағына анау мәселені құйып беру қажет. Пәлен компанияның президенті, түглен бірлестіктің төрағасы, жоғары-төменді оқу орындарының ректорлары мен директорлары, ауруханалардың бас дәрігерлері, супермаркеттердің жас перілері, әлгі генералдар, академиктер, мәдениет пен өнердің, ғылым мен спорттың қайраткерлері, халық жазушылары, халық жазушысы еместер... көп қой, көп-ақ, әне, солармен ерінбей-жалықпай сөйлесіп, проблемаларын «все в порядке» етіп беру қажет. Оларға: өзінің қыздары мен күйеубалаларының, інілері мен келіндерінің, құда-құдағиларының, нағашы-жиендерінің, жеңге-жезделері мен балдыздарының, дос-жолдастарының, көрші-қолаңдарының... олар да нөпір ғой, нөпір, - солардың да бәрінің  есеп-қисабын тәртіптеу.., Құрметті оқырман,  Құдай  Сіз бен менің басымызға салмасын, ол дегенің он саусақпен окоп қазғаннан да қиямет шығар!.. «Окоп» демекші, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы былтыр Астанада ерекше күшті тойланды, ал сондағы күшті шаруаның ең күштісі сол соғыс ардагерлерінің әлі тірі оншақтысының үшеу-төртеуіне 1-2 бөлмелі су жаңа пәтердің кілттерін тапсыру болды! Ғажап, ә?! Облысына жеңіспен оралғандарына 70 жыл өткеннен кейін, жастары 90-нан асып кеткендеріне қарамай тауып алып, қамқорлық жасау дегенің... айтар жоқ қой, айтар жоқ!.. Қалғандарына қамқорлық биыл, Жеңістің 71 жылдығында, одан соң 72-73... жылдығында  жасалады. Ал қалай?  Бұл проблемалар бос ауызбен шешіле ме?!.  Әйтеуір, президенттен жоғарыда құдайдан басқа ешкім жоқ, ал егер алда-жалда біреу-міреу болып, ертеңді-кеш төбеңе төніп қарап отырса... мәселенки, сіз бен біз аузымыздың қайда қалғанын білмей сорлар едік!

Астанадағы: министр, әкім, төраға, тағы басқалардың да ауыздары солайша бос емесі өзінен өзі түсінікті. Олар да – өздерінің иелігіндегі жайлау-қыстаулардың  президенттері! Алды-арттарындағы көпшілікке  көздерін алакеуімде әупірімдеп ашқаннан қызыліңірде  әреңдеп қайтадан  жапқанға дейін ағылтып ақыл айтады: анаусына былай, мынаусына алай жол сілтейді, нұсқайды, түсіндіреді, сұрақ қояды, пысықтайды, мақтайды, боқтайды және министрліксіз, әкімшіліксіз мипалау болмайтын мәселе аз, пәленшекең мен түгленшекеңдерге кейде есінеп, кейде жымыңдап, кейде кіжініп  отырып звондайды, бірде ашуға булыға бақырады, тепсіне қорқытады, бірде жайма-шуақтана жарамсақтанады, жалынады, алдайды, ақырында, қайсысымен болсын, қаншаны алу мен соншаны беруді келіседі.

Апырым-ай десеңші, қолында биліктің жұғыны барларға дейін кекіріп, жөткірініп, сіресіп, сайқалданып, бұ дүниеге халықтың байлығын өзінің шайлығына айналдыру үшін келгендей сөйлейтін сухит атаңа нәлеттердің  құжынап бара жатқандарын қайтерсің!

Міне, жарты ай болды, жер дауы дуылдап, Астанада ғана ма, бүкіл Қазақстандағы ауыз қатты қимылдап тұр... Анау жылы ғой, биліктің ымымен қазақ жері мәселе болып, сату, жалға беру қолға алынып, әрине, әу баста халыққа айтпай-ақ, талқылатып шаршатпай-ақ, ләппәй парламент  өзіне сызып берілген жобаны сенат пен мәжілістегі жүздеген ауызға салып беріп, онсыз да бос емес  сол жүздеген ауыз оны екі күн ертеңді-кеш екі ұртына құрттың малтасынша кезек-кезек жүгіртіп, езіп бітіріп, жұтып, зуылдасып заң шығарып, президент дереу бекітіп, сонсоң, ол заң биылғы жыл туа, сірә, күндіз-түні бос болмайтын «уәлі» ауыздардың бірі: «Бүйту керек!» деген шығар, парламенттің түйе-күйе қазанына қайта салынып, қайнатылып, заңшылдарға тәтті, халыққа ащы  болып тағы қабылданып, тағы қол қойылып, әне, көзі ашық көпшіліктің қарсылығына ұшырап, президент, иә, Нұрсұлтан Назарбаев мырза «түн ұйқысын төрт бөліп», «мараторий!» деп сөйлеп кетті. Е, кімге мараторий, кімге санаторий боларын кім білсін!

Астанада басекеңдердің ғана ма, бағыныштылардың да ауыздары бос емес. Бейбақтар бірі үйінде не ыстық судың, не суық судың күнара тамбай қалатынын, бірі жылудың жетпей жатқанын, енді біреулері: электр бағасының еліріп кеткенін; ауласын қоқыс басқанын; айлық жалақысының азайтылғанын; зейнетақысын уақтылы ала алмай жүргенін; көпбалалы отбасына берілер жәрдемнен жұрдай болғанын, жалпы тұрмыс қымбатшылығы қылқындыра  бастағанын, көшелерінде күзде жаңбырдың, көктемде еріген қардың лай суы көлкіп тұратын үйлерінен шыға алмайтын болғандарын, өртке тап болғанда үйінен қашып-пысып жүріп мертіккенін... е-е-е... көп қой, көп, - сол азабына құлақ қоюға тиіс шенеуніктерге айта-айта ауыздары уылған соң, «ақиқаттың ауылы» деп парламентті іздеп барып, өздері сайлаған депутаттарға хал-жағдайларын қалжырағанша айтқылары келсе де, сұлу ғимараттың сұсты күзетшілері ішке бас сұққызбайды, ал мұңлы мағлұматтарын айтуға атап-атап шақырған депутат мырзалары сыртқа аттап шықпайды, өздерін халық емес, көкесі сайлағандай есінеп-құсынап отырады. Сөйтіп, көңілдерін көң басқан тұрғындар  жан ашуын сөзден алып, сөйлей-сөйлей тарайды.

Күнде жиын, күнде той, Астанада күнде осындай ахуал. Ендеше, мұнда үндеместердің бәйгесін жариялап, бас жүлдеге «Байтеректі» тіксе де, бос ауыз табылуы мүмкін емес!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1849
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1880
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1581
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1451