Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Билік 7570 0 пікір 13 Мамыр, 2016 сағат 13:12

ЖЕР ЖӘНЕ КОМИССИЯ

Кеше 75 адамнан жасақталған жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамына Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер, азаматтық белсенділер кірген. Кешелі бері комиссия құрамы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік комиссия жұмысына үміт артып отыр. Және комиссия құрамына билік тарапының және оның мүддесін қорғайтын адамдардың саны көптігіне қарап, жер мәселесі оң шешім табатынына күмәнданып отырғандар да бар. Ертең комиссияның алғашқы отырысы өтеді.

Айдос Сарым, саясаттанушы, жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі:

- Менің ойымша, бірінші отырыста қалай жұмыс істеу керектігі мен талқылаудың тәртібін анықтап алу керек. Содан кейін ненің қалай болатыны белгілі болады. Әдетте, ұйымдастырудың алғашқы отырысы көп нәрсенің басын ашып береді.( sayasat.org)

Рас, алғашқы отырыс көп нәрсенің айқындаушысы болатыны сөзсіз. Мәселен, комиссия мүшелерінің қай бағытта, қандай ұстанымда екенін де ертеңгі отырыстан байқала бастайды.

Мәселен, саясаттанушы Берік Әбдіғали sayasat.org сайтына жер реформасы жөніндегі комсиия туралы пікір айта келіп былай дейді: «Бұл жағдайда үкімет барлық тараптың пікірін тыңдауы тиіс. Ал, комиссия мүшелері бір ғана ұстанымда қалмау керек. Өйткені, бұл жерде қоғам игілігі болатын нақты мақсатта ымыраға келуіміз шарт». Бұл да ертең басталар комиссия жұмысының оңай болмайтынынан хабар береді. Алайда, жұрт комиссия құрамына енген қоғамның мүддесін барынша қорғайды деген саясаттанушылар мен азаматтық белсенділерге көп үміт артып отыр. Саясаткер Әміржан Қосанов комиссия құрамы мен оның жұмысы жайлы бізге берген пікірінде үміт пен күдік итжығыс болып отырған жер мәселесінде комиссия жұмысына үмітпен қарайтынын жасырмайды.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

-  Мораторий – дұрыс. Комиссия да – дұрыс. Оның құрамына өз басым ерекше сыйлайтын, елге танымал әрі халықтық ұстанымымен көзге түсіп жүрген бірнеше азаматтың енгені – өте дұрыс. Жалпы мұндай құбылыс – біздің сіресіп, семіп қалған саяси жүйе үшін өте-мөте сирек құбылыс. Сондықтан да осы бастама баянды болсын деп тілейік, қолдан келсе, қолдау көрсетейік! Бірақ, «үмітсіз шайтан» деген сенімнің артында белгілі бір күдік пен күмән да тұрғаны рас. Ол алаңдаушылықтың бірнеше себебі бар. Біріншіден, о бастан, комиссия туралы сөз қозғағанда елбасы «төрт бапты қайта қарау керек» деген сыңайда пікір айтты. Ал жер-жерде өткен жиындарда «жер ешкімге де сталымасын, шетелге жалға берілмесін!» деген талаптар ашық айтылды. Әрине, нарықтық экономикада жер де тауар болатыны хақ. Бірақ соған қазір жұрт дайын ба? Мүмкін, қалың жұртта қаржы пайда болғанша, әзірше қазақстандықтарға жерді сатпай, тек жалға беру механизмін пайдалану керек болар? Міне, осы екі түрлі позиция комиссия жұмысының ең басты кедергісі болатыны сезіліп тұр. Екінші жайт, Қытайға байланысты. Мораторий жарияланса да, кейбір облыстарға қытай компаниялары келіп, ресми келіссөздер жүргізіліп, тиісті құжаттарға қол қойылып жатыр. Яғни, басыт шешімдер о баста қабылданып қойған ба? Үшінші жайт, комиссияның құрамына байланысты. 75 адамның 90 пайызы – билікке бір табан жақын адамдар. Олар біз үміт артып отырған бірнеше азаматтың ұсыныстарын қабылдай қояр ма екен? Жеме жемге келіп, дауысқа салғанда не болмақ? Бірақ, «көш жүре түзеледі» дейді атам қазақ. Өз басым комиссия жұмысы жемісті болады-ау деп сенгім келеді. Өйтпеген жағдайда жер дүмпулері жалғасып, жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін!

Ендігі мәселе - комиссия жұмысының ақпараттық мәселесі. Отырыс тікелей эфирден берілсе, құба-құп болар еді. Және де мемлекеттік және өзгеде БАҚ барлық тарапты сөйлетіп, мәселенің мәнін қоғамға жете түсіндіруді мақсат етсе, бұл билікке де, қоғамға да ұтымды әдіс болары сөзсіз.

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1643
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1573
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1313
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1263