Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Ұждан 6069 0 пікір 22 Желтоқсан, 2015 сағат 13:15

«ҚАЗАҚФИЛЬМНІҢ» «КИЕСІМЕН» ӘҢГІМЕ-ДИАЛОГ

Бірақ бүтін кірпіш сыймай қалатын, қиюына келмей қалатын аралық пайда болады бір сәттерде. Сонда қайтесіз? Сөз жоқ, жалтақтап, әлгінде ғана өзіңіз керек еместей аулаққа лақтырып жіберген жеріңізден жарты кірпіштерге қарайлай бастайсыз. Сол лақтырып жіберген жеріңізден бір жарты кірпішті мәпелей көтеріп алып келіп, мәпелей әлгі кетігіне келтіресіз. Сосын, біткен жұмысыңызға рахаттана, тоғая қарайсыз. Жарты кірпіштің орнын ешқандай да бүтін кірпіш ала алмайды! Жарты кірпішті ешқандай бүтін кірпіш алмастыра алмайды…

Кинода да ешқандай да «халық әртісі» толтыра алмайтын кетіктер болады. Оларды толтыратын адамдар болады. Ардақ Әмірқұловтың «Хош бол, Гүлсары» фильмінде колхозбастылықты ойнайды ол кісі. Сонда Сталиннің портретінің астында тұрып: «Біз Сталин десек, санамызда Ленин тұрады» деген «асқақ» сөзін одан басқа әртіс айтады деп елестете алмаймын.

Ол кісінің қалпы маңғаз, жүрісі сырбаз. Адамға шалқалай амандасып, паң қарайды. Сосын… сосын, жасыңыз кіші ғой, бүгежектей сəлем бересіз:

– Ассалаумағалейкум…

– Уағалейкумассалам…. Танауың таныс, қай елсің-ей?

– Ұлы жүзбін ғой.

– Оның ішінде кімсің?

– Дулатпын…

– Дулат?

Ол кісі енді сізге шекелей қарап, қасын кереді. Басында сіздің ата-тегіңіз турасында сан түрлі ойлар қағысып жатыр-ау деп ойлайсыз бірден. Ол кісі байламын айтуға асықпайды бірақ:

– Е, Дулат де… Оның ішінде?

– Жаныспын.

– Жаныс? «Жаныс көп пе, қамыс көп пе» деген… Осында сенің ағаң бар…

– Кім? – Елеңдеп-ақ қаласыз енді.

– Сатыбалды Текеев деген…. Сосын Ардақ бар… Сосын…

– Ары қарай тізбелеп ала жөнеледі. Кейбірінің атын ілтипатпен атаса, кейбіріне зəрін төгіп тастайды:

– Ой, əкең… адам ба сол. «Бай байыған сайын қалтырауық» деген, қусаң – құмалақ түспейді… Сен маған нағашы болдың онда.

– Мен… сізге нағашымын ба?

– Иə, нағашысың… «Қырық серкешім» бар сенде алынбаған… жігіт болсаң, ептеп төлей бер… бітірерсің əйтеуір, бір жылдары…

– Сонда… қаншадан төлейін?

– Əзірше, елу теңгесін беріп қой (ол кезде автобустың жол жүру бағасы елу теңге болатын), одан көп ақша жоқ-ау сенде, танауың солай дейді.

Өз сөзіне өзі риза болған ол кісі мол денесімен селкілдей, кішкене томпақ көздері жұмыла күледі. Сіз құнжыңдап қалтаңыздың түбін қазып кетесіз. Ол кісі енді даусына мейірім араластырады:

– «Кең болсаң, кем болмайсың» деген… Ешқашан тарынба… Сенің ана Ардақ, Тұңғышбай, Сəкен ағаларың мəлəдес қой… Мəлəдес олар. Солардан үлгі ал сен.

– «Қырық серкешін» өтеді ме олар?

– Өтегенде қандай? Енді екінші айналымға кетті.

Ол кісі сіз қалта түбін қазып жатқанда бос тұрмайды, сіздің серігіңізді қажай тұрады:

– Əй, сенің сүмпиіп тұрысың жаман, қырық үйді қырық минөтте қырқыстырар қу болармысың… Қай елсің?

– Кіші жүз… Төртқара…

– Төртқара? «Шитири шорние кидалшики» десеңші… Ол кісі тағы да томпақ көздері жұмыла, селкілдей күледі…

Кейін жақын болып кеттік. Сырттай естиміз ғой, ол кісіні Сатыбалды (Нарымбетов) аға «бойтұмарым» дейді екен. Мен «Қазақфильмнің киесі» деймін өзімше. Шынымен де солай көрінеді. «Қазақфильмнің» берекелі кезі болған бір жылдары. Сол кезде күнде көретінмін. Бүгінде сирек көрінеді… кинодан да əл кете бастағандай…


Студияда ол кісі құйрық басар белгілі кабинет жоқ болатын. Көбіне дəлізде жүретін. Сапырылысқан жұрттың ішінен өзіне ілтипатпен амандасқанының қолынан шап беріп, ұстап, арқандап қойып қажап тұрғаны сол.

Бұл кісіден қашқалақтайтындар көп. Бірақ жақын тартып жүретіндер де баршылық. Сатыбалды Текеев қолтықтап барға бет алып бара жататын. Асханада алдына үйме табақ тамағын қойып, Ерік Жолжақсынов «əңгімесіне ұйып» отыратын. Нұрлыбай Есімғалиев ағамыз ертіп бара жататын əлдеқайда томпаңдатып… Сценарлық-редакциялық алқаның кабинетіне кіргізіп алып, Болат Жетекбай шаймен суарып жататын. «Шаймен суарып» дегенді ерсі көрмеңіз, ол кісі шынымен де шайды көп ішетін. «Мен үйде сапаркесемен шай ішем» дейтін

мақтанып. Ол кісіге шай құйып үлгеру үлкен жұмыс. Оны өзі де жақсы біледі, сізді мазаламай шай қамына өзі жүгіріп кететін соңында.

Ол кісінің паң келбетіне кесек турайтын сөздері үйлесіп жататын. Таяуда кездестік екеуіміз. «Қазақфильмнің» барында. Сол баяғыша сөздері кесек-кесек, төңкеріліп түсіп жатыр:

– Бұл актер дегеніміз – əруақты, қасиетті, қастерлі, киелі өнер иелері. Актерлікті оқымайды, туады. Актердің ішкі əлемі ойдан тұрады. Мысалға, мен тойға баратын актерлерді актер деп есептемеймін. Олар актер емес. Олар – нағыз халтурщиктер мен натурщиктер. Нағыз жасандылар – солар. Актер ойнамау керек, актер ойлау керек. Ой арқылы мүсіндеу керек. Ойланған актер оқыстан соны образ жасайды…

– Сіз тойға барасыз ба?

– Мен тойға бармаймын… Тойға да бармаймын, қойға да бармаймын… Актер өзінің профессиясына (осы сөзді сүйірлеп, əуездеп əдемі айтады), мамандығына адал болуы керек… Актер өзінің мамандығын сүюі керек.

– Тойға барған адамнан ештеңе күтпейсіз ғой?

– Ештеңе күтпеймін! Əуезов театрын «театр трактористов» деймін. Оталып тұрған «касемсот» шеттерінен. Актерларының бəрі тойда. Қатыны да, қызы да солай…

– Меніңше, күнкөріс деген бар…

Ол кісі мырс ете қалады:

– Не, күнкөріске жүз қырық мың теңге жетпей ме?

– Олардың жалақысы солай ма екен?

– Əрине! Мен де жүрмін ғой қырық мың теңге алып… Тойға барған актер жасандылыққа, жалбақайлыққа үйренеді. Тойға емес, ойға ыңғайлану керек адам…

– Айтпақшы, сіз қайда жұмыс істеп жүрсіз қазір?

– Мемлекеттік кино сақтау қорында…

– Кім болып істейсіз?

– Сақтаушы… «Кино сақтаушы» дейді бізді.

– Сіз «Қазақфильмнің» киесі» ғана емес, сақтаушысы да болдыңыз ғой, – деймін мен өзімше тауып айтқандай мəз болып. – Жақсы актер болсаңыз, неге кедейсіз?

Ол кісі ойланып қалды. Сосын ыржиып, жайылып сап отырған бейнесінен арылып, қайта маңғаз қалыпқа түсе қойды:

– Бұл заманда шын өнер, шынайы өнер тақтан түсіп, жалбақайлар атқа қонған заман… Бағалау жоқ. Түсіну жоқ. Түйсіну жоқ. Шын талант бағаланбайды. Мен біреуге жағынуды білмеймін, жалбақтауды білмеймін, қалбақтауды білмеймін. Тік сөйлеймін. Бетің бар, жүзің бар демеймін. Сосын мені ешкім шақырмайды. Кино жоқ. Кино жоқ болған соң, ақша жоқ. Ақша жоқ болған соң, кедеймін да…

– Сіз киноға түспегелі қанша болды?

– Сегіз жыл болды….

– Ешкім шақырмай ма?

– Ешкім шақырмайды!

– Неге?

– Өздерінен сұра…

Режиссерсымақтар шын таланттарды бағаламайды. Кино өлген бүгін. Басқа актерлер бар. Актерлер негізі бірнеше топқа бөлінеді.

– Қандай?

– «Ходовой актер» жəне «серый поток» дейді.

– Сонда екі топқа бөлінетін болып тұр ғой?

– Екеуге бөлінеді.

– «Ходовойы» қайсы?

– Ол – таланттың орнын алып жүрген, өтіп кететін, дежурный, аларын алып, желіп кететін пысықайлар. Олар жағымпаздануды да біледі, жағынуды да біледі. Жел жаққа шықпай, таланттың ығында жүріп, өзін ықтырып жіберетін қулар.

– Ал «серый потогы» кім?

– Олар ана көшеден келген жандар. Көшеден келіп, білім жоқ, білік жоқ, есіктен кіріп, төр менікі дейтін сабаздар.

– Сіз қайсысына жатасыз?

– Мен «ходовойға» да, «серый потокка» да жатпаймын. Мен шама-шарқым жеткенше, əл-қуатымша кəсіби актерға жатам.

– Онда актерлар үш топқа бөлінетін болғаны ғой? Егер сіз секілді кəсібилер болса?

– Үшке бөлінеді… Айттым ғой көп топқа деп… Өйткені, мен өзімді сыйлаймын, өнерді сыйлаймын…

Мысалға, маған сценарий ұнамаса, режиссерға қайтарып берем. Кешіріңіз, мынау менің рөлім емес, ақшасы жақсы екен, дұрыс, ақшаңа да, басқаңа да рахмет деймін. Өнердің киесінің назасына қалғым келмейді. Мен басқа үшін жауап бермеймін. Басқа не істейді, онда шаруам жоқ…

– Сəл сеніңкіремей тұрғаным…

– Неге?

– Ойбай-оу, мұның бəрі ақша емес пе? Ақшадан қалай бас тартасыз? Ақша сізге қажет емес пе?

– Ақша болғанда… Ақша қажет қой, бірақ маған абырой керек…

– Ақша болса, абырой да болмай ма?

– Ой, ол саған миллиондап береді дейсің бе? Берсе, бір-екі айға жететін қайыршының ақшасын береді бізде. Ал, мына шет елдерде, Америкада киноға түссең, он бес жыл аяғыңды аспанға асып қойып, шырт түкіріп, қимылсыз жатуыңа болады.

– Ақшасыз адамда абырой бар ма?

– Абырой болады. Ақшасыз адамдар – өзіне, өмірге сын көзбен қарайтын адамдар. Мен мысалға, қу болсам, жағымпаз болсам, байымасам да, шөпке «кəк» ететіндердің қатарында жүретін едім… Бірақ оған менің арым, ұятым, тегім жібермейді…

– Яғни, сіз жағымпаз емессіз?

– Жағымпаз емеспін!

– Бірақ мен сіздің біраз адамды көпірте мақтағаныңызды көрдім…

– Мақтағанда… жай…

– ….бір отырыстарда… Нұржұман (Ықтымбаев) кіріп келсе, оны мақтайсыз…

– Мақтағанда….

– Сатыбалды Текеев кіріп келсе, оны мақтайсыз…

– Өйткені…

– Сатыбалды Нарымбетов кіріп келсе, оны мақтайсыз….

– Өйткені, Нұржұман Ықтымбаев – самародок сары алтын. Тракторшыдан Халық əртісі дəрежесіне жету кім болса соның қолынан келмес еді. Талант бар, бірақ мектеп көрмеген.

– Яғни, «жақсының жақсылығын айт» дейсіз ғой?

– Жақсының жақсылығын айту керек, Нұржұманның бойында табиғи талант бар… Ізденеді…

– Басқасы ше?

– Басқасын білмедім…

– Ойбай-оу, басқасын көрсеңіз де мақтай жөнелесіз ғой?

– Кімді?

– Текеевті мысалға?

– Ол кісі енді режиссер ғой… Ол кісінің жолы басқа… Мен өз коллегаларымды айтып отырмын… Коллегаларымды…. Осы сөзді тағы да əндете, соза айтып, менің қамауымнан жалтарғаны ма, сөзінің соңын қиқылдаған, қыстыққан күлкімен көркемдеп жіберді. Мен енді сөзді басқаға бұруға мəжбүрмін:

– Ақшалы емес екеніңізді білем, үйге ақша апармайтын адамның үйде қадірі болмайтын еді…

– Алла Тағаланың маған берген үлкен сыйы мен бағы – мына жеңгең. Менің уайымсыз, қайғысыз жүргенім сол кісінің арқасы… Сөздің адамымын ғой, қыңыр сөйлеп, қыжыртып, жүйкесіне ойнап, жүрегін ұстатып, мыжып отырып миына қан құйып жіберу мен үшін түк емес, – деді ол кісі рахаттана күліп, заты тауып сөйлегеніне өзі риза болып кетті-ау. – Соның бəріне көнеді ол кісі.

– Жеңгеміздің аты кім?

– Саудабаева Алмагүл. Ол кісі өнер адамы болмаса да, өнер адамын жақсы түсінеді.

– Ол кісінің сіздің қайда кетіп, қайдан келгеніңізде, бірдеңе тауып келдіңіз де, бекер айналып шауып келдіңіз бе, шаруасы жоқ па сонда?

– Шаруасы жоқ. Ол кісінің ұраны: «Сен аман бол!»

– Кейде сіз өзіңіз қиналмайсыз ба, «əй, мен ештеңе таппаймын-ау, үміттерін ақтамадым-ау» деп…

– Үйреніп кеттім…

– Үйреніп кеттімі қалай?

Бұл жолы мен күлдім. Күліп отырып бетіне бажайлай қараймын, шын айтып отыр ма, өзіне шаң жуытпай отырған адам аяқ астынан неге сылқ ете түсті деймін. Ол кісі де рахаттана селкілдейді:

– Табыс таппауға үйреніп кеттім… Мен үйде шеге қақпаймын ғой жəне…

– Жəне шеге қақпайсыз… Сонда сіз неге керексіз, қуып жібермей ме?

– Бір қасиетім бар шығар… Бала-шаға жақсы көретін болар… Жаман адамның бір жақсылығын тапқан болар. Бұл жеңгеңнің ақыл-парасаты.

– Сіз туралы аңыз бар…

– Қандай?

– Бір өзі бір қойдың етін жейді деген. Ана Сəбит Құрманбековтің «Əурелең» фильмінде сіз сомдаған кейіпкердің əрекетіне қарап айтылған сөз бе əлде?

– Одан емес. Шынымен де бір қойдың етін болмаса да, бір марқааны бір отырғанда құрсағыма аттандырып тұрып кете берем.

– Бəрекелді!

Біз шай іше отырып біраз əңгіме айттық. Ол кісі екі шəйнек шай алдырған.

Бірі – сүтпен. Екіншісі – жай, ақсу. Ол еселеп отыру үшін керек екен, бірінен біріне қотара отырып, ұзақ шай тартты. Ұзақ əңгіме айттық. Ұтымды оралымдарға кезіктім. Талай адамның аты аталды, адамгершілігі жіктелді. Ардақ Əмірқұловты асыра, тоқтаусыз мақтады. Қазақ киносының біраз беткеұстарлары «жарамсыз» болып қалды. Бірақ… оларды бұл жазбаға кіргізбедім. Кім біледі, көпшілік жерде жүретін адам, сондағы жүздесулерінде бетіне шіркеу бола ма…

Ұзын санын шұбатып жіберсек, түскен фильмдері өзінің айтуы бойынша, алпыстан асатын ол кісі осы жылы өзі де алпысқа келмек. Құтты болсын! Алпысыншы белесіне шығып, артына көз жіберген ағамыздың айтарының бір парасын ұсындық, міне.

Қысқы уақыт қой, ертерек қас қарайтып, «Қазақфильмнің» барынан шықтық. Жұмыс уақыты аяқталмаса да, баяғыдай сапырылысып жатқан ешкім жоқ дəлізде. Ол кісі сол… баяғыша, қалпы маңғаз, жүрісі сырбаз… Ал, сөзінен біраз нəрсе аңғарсаңыздар, өзін таныстырар уақыт келді, ол кісінің аты-жөні – Есболған Өтеулинов. Актер. «Қазақфильмде» А.Əмірқұловтың «Отырардың күйреуі» (Жендет), «Жас Абай» (Əділбек), Ш.Айтматов повесінің негізінде түсірілген «Қош бол, Гүлсары» (Колхоз бастығы), С.Апрымовтың «Сергелдең» (милиционер), С.Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» (Есболған), С.Құрманбековтың «Əурелең» (Сушы) фильмдерінде үлкенді-кішілі образдар сомдады. «Мосфильмде» В.Краснопольский, В. Уськовтың «Ермак» (Көпес) жəне тағы басқа жиырма шақты фильмде, «Өзбекфильмде» Ə.Хамраевтың «Киіктер» (Охотанадзор), Польшада Р.Ярузельскийдің «Түп тамырына балта шабу» (Азиялық), «Қырғызфильмде» Ж.Сооданбектің «Түстіктегі жылқылар» (Болтағай) фильмдеріне түскен.

P.S. Осынша киноға түскен Есболған қандай актер? Ол неге үсті-үстіне киноға түспейді? Шынымен де неге байып кетпеген? Ондай типаж күнде келе ме қазақ киносына? Əлде режиссерлар қажетсінбей ме? Қарап отырсаңыз, осының бəрі Есболғанның ғана басындағы жағдай емес. Бұл, шынын айтқанда, қазақ киносының басындағы жағдай!

Данияр Саламат

(«Ақ желкен», №11. 2015 жыл)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2150
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2557
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2387
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661